«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)


-дәріс. ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ АЙТЫС ӨНЕРІ



бет37/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   43
Айтыс-УМК

15-дәріс. ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ АЙТЫС ӨНЕРІ
Мақсаты: Қазіргі кезеңдегі айтыс өнері, жариялануы, зерттелуі, жекпе-жек айтыстардың ерекшелігі. туралы түсінік беру.
Сұрақтар:
1. Қазіргі кезеңдегі (ХХІ ғ.) айтыс өнері, зерттелуі, жариялануы.
2. С.Қирабаев, Т.Кәкішевтердің зерттеу еңбектері мен мақалалары.
3. М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали, М.Серғалиевтің зерттеу еңбектері мен мақалалары.
4.М.Жармұхамедұлы, Б.Имашев, И.Нұрахметұлы, т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мақалалары
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: жекпе-жек айтыс, ассонанс, алитрация, эстетика.
Дәріс мәтіні (тезис)
Қазақ халқының айтыс өнері – ертеден келе жатқан асыл қазынамыздың бірі. Біржан-Сара, Жамбыл-Ақжүніс, Әсет-Ырысжан айтыстарының жалғасы бүгінгі күні ерекше екпінмен дамып келе жатқан жанр.
Айтыс – көне дәуірдегі көшпенді тайпаларда кеңінен тараған. Араб, Еуропа жиһангездері айтыс туралы жазып қалдырған. Айтыстың бәдік айтыс, түре айтыс, сүре айтыс, қыз бен жігіт айтысы т.б. түрлерінің бүгінгі күні көптеген элементтері араласып жетіп отыр. 60-жылдары Болман, Көкен т.б. ақындар айтыс өнерінің үзіліп кетпеуіне күш салды. 70-80 жылдары айтыс өзінің біршама тоқырау дәуірін бастан өткерді деп айтуға болады. Жүрсін Ермановтың айтуынша 70-ші жылдар соңында кішігірім айтыстарды жазып, дайындап қою аз болмаған. 80-ші жылдардың соңы 90-шы жылдар басы – айтыс өнерінің қайта жаңғыру дәуірі болды. Жүрсін Ерманов бастаған жанашыр топ жан-жақтан айтысқа бейім ақындарды жиып, республикалық дәрежеде, халықаралық деңгейде өткізе бастады. Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Айтақын Бұлғақов, Шорабек Айдаров, Баянғали Әлімжанов сынды ақындар осы лекте көрінді. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдары айтыс өзіндік жаңа сипатпен дами бастады. Айтыстың тақырып аясы, көтерілетін мәселелер көркемдік деңгейі, қойылатын талаптар жаңа деңгейге көтерілді. Айтыс ақындарының беделі халық арасында күрт өсті. Абай, Жамбыл тағы басқа ұлы тұлғалар тойларында аламан айтыстар өткізіп, қомақты сыйлықтар тігіле бастады. Мұхамеджан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Айнұр Тұрсынбаева, Әбілқайыр Сыздықов, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Жібек Болтанова, Мэлс Қосымбаев тағы басқа бір-бірімен деңгейлес, тамаша толқын келді.
Қай өнер болмасын оның жалғастырушылары табылса ғана өміршеңдік таныта алады. Дәстүрді дамыту қажет жай ғана емес, заманына сай түрлендіріп, жаңарту, жаңғырту, еселеу, көркейту керек. Құдайға шүкір, бұл істе қазақ ақындарының еңбегі ұшан-теңіз. Соның нәтижесінде айтыс өнері бүкілхалықтық дәрежеге ие болып отыр.
Айтыс арнайы телебағдарламаға айналып, Жүрсін Ермановтың бастауымен ақындар қауымдастығы құрылды. Тұрақты демеушілері қалыптасты. Бұл айтыстың дамуына игі әсерін тигізіп отыр.
Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде оның ректоры болған, белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтың басшылығымен 2003 жылы кең көлеидегі халықаралық ақындар айтысы мәселесіне арналған үлкен ғылыми конференция және ақындар айтысы өтті. Бұл еліміздегі елеулі оқиға болды. Әлемге танымал ғалымдар, айтыс ақындары алуан түрлі пікірлерін ортаға салып, сырласты, бұл өнердің келешегін белгіледі.
Шетелдік ғалымдар ақындар айтысы туралы әңгіме қозғағанда бұл дәстүрдің қазаққа ғана тән екенін тілге тиек етеді. Рас, қырғыз ақындары да айтысқан, олар қазақ дүлдүлдерімен де күш сынасқан. Бұл сонау Сүйімбай, Құлмамбет, Жамбыл заманынан бізге белгілі. Қырғыз жыршылары да бұл дәстүрді сақтап, жалғастырып келеді. Дегенмен, екі елдің баспасөзіне шолу жасасақ, қазақ ақындарының алда, әлі де озық екеніне көзіміз жетеді. Сондықтан да бұл өнерді шетелдік зерттеушілер бізге телитін болуы керек. Әрине, мұны мақтаныш тұтуға тиіспіз. Ақындар айтысы қазақ қазақ аталғалы мәдениетіміздің төрінен орын алған. Оның тарихи қойнауына үңілсек, көп мәселелердің көзін ашқан болар едік. Бірақ шағын мақалада сонау Қотаң, Қазтуған жыраулардан бермен қарай әңгіме қозғау мүмкін емес. Қилы-қилы замандарды басынан өткізген қазақ халқы ұлттық өнерінің қай-қайсысын болмасын сақтап қала алады. Еліміз тәуелсіздік тұғырына қонғаннан кейін айтыс өнерінің келешегіне кең даңғыл ашылды. Оған жоғарыда біраз дәлел келтірдік. Қазіргі айтыс ақындары ешқандай идеологияның жетегінде емес. Қағазға жазып алып “айтыспайды”. Еркін елдің ұл-қыздары еркін сілтеуге дағдыланып келеді. Жеңіліп қалғандығы үшін басшылардан қысым көрмейді. Жеңілгендігіне мойып, қайғырмайды. Жеңіске жеткен қарсыласының қуанышын бірге бөліседі. Осындай адал пиғыл ақындар айтысының болашағын баянды ететіні ақиқат халқымыздың ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтай алған ұлы өнерінің келешегі мол. Оны алға апарушылар тобы талантты жастармен толыға түсуде.
1986 жылғы санадағы сілкіністен кейін іштей буырқанған айтыс жаңаша өрлеу, өзгеше сипат ала бастағаны жасырын емес. Қойының төлі мен жиналған шөбінің есебін жырлап отыратын айтыс ақындары ұлттық, әлеуметтік мәселелерді арқау етуге ойыса бастады. Міне, осы тұста айтыстың өркендеуі мен өсуіне ерекше үлес қосқан халық ақындары: Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілевтердің айтыстағы еңбектерін баса айтқым келеді. Үшеуі де өз жаңалықтарымен, өздеріне тән өлең өрнегімен келді. Үш бірдей айтыс ақынына “халық ақыны” деген құрметті атақтың берілуі де айтыс жанашырлары мен көзқарақты көрерменнің сол кездегі шынайы бағасы ризашылық сезімі болса керек. Үшеуінің осындай мәртебеге ие болуына бойларындағы хас таланттары дау тудырмаса да, сол қоғамдағы түрлі жағдайларға қарамастан, киелі өнер үшін дауға да жауға да қарсы тұра алатын кең жүректі, үлкен парасат иесі Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың тікелей атсалысып, қамқорлық жасағанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Айтыс сахнасындағы таптауырын болған, елдің құлағын мезі еткен кезекші ұйқастарды қайталамай тың ұйқас, ұтымды ой, жаңа әуендерімен келген үш ақын айтыс көшінің үнемі басында тұрды. Әрине бұл ретте айтыстың қайтадан жаңаша қалыптасуына үлес қсоқан Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаев, Шынболат Ділдебаев сынды ағалар, бүгінде ортамызда жүрген Надежда Лушникова, Тәушен Әбуова, Шолпан Қыдырниязова, Жадыра Құтжанова, Есенқұл Жақыпбеков, Сембай Жансақов, Ерік Асқаров, Абаш Кәкенов, Баянғали Әлімжанов, Айтақын Бұлғақов, Қатимолла Бердіғалиев секілді елдің ілтипатына бөленген айтыскерлердің еңбегі ерекше.
Айтыс барысында ішкі динамика мен ақындық қуатын тоғыстыра білген дарын иелері өздерін сахнадағы еркін ұстауларымен, сөз саптауларымен қарсыластарын мысы басып отырды. Кім қалай десе де айтыстың соңғы ширек ғасырын Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркеновасыз елестете алмаймыз. Дәстүр жалғастығы, сахна мәдениеті, ақындық мінез үш ақында да бар. Әселхан Қалыбекова мен Қонысбай Әбіловтың туған еліндегі ұлы тұлғаларды ауызға алып, құрмет тұтуы, біріншіден бұрынғы ақындардан қалыптасқан нәзирашылық дәстүр жалғастығы, екінші олардың есімдерін ұрпақ санасында жаңғыру. Қонысбай Әбілов пен Әсия Беркенова 11 буынды қара өлең үлгісімен әр шумақты төрт тағандап қайырып отырса, Әселхан Қалыбекованың айтысындағы өлең ұйқасы 10-12 жолдан асып отырған. Кейде егіз ұйқас пен аралас ұйқасты қолданған. Ақындардың ішкі ойы мен идеясын өлең мазмұны аша түседі.
Жезқазған жезің де бар, мысың да бар,
Жез шамдар жұлдыздай лапыл қағар,
Жез мұртты жігіттері желдей есіп,
Жез етек сұлулары мысыңды алар, -
деп шабыттана жырлаған Қалыбекованың әдепкі қайталаулар арқылы яғни (анафора) “Жез” сөзіне “екпін” түсіре отырып, тыңдаушы назарын аударады. Айтыс барысында дыбыс үндестігі, ассонанс, алитрация сияқты көркемдік тәсіл ізденістерін көп кездестіруге болады.
Дәрменсіз балықшыдай кейбір ақын,
Жыртығын жамап аудың ілмелеген.
Жүрегің айниды ғой кей өлеңге,
Қарындай қоя салған бүрлемеген.
Ақын ба ел-жұртына ұсынарда,
Әр сөзін жылқы етіндей сүрлемеген.
Құр ұйқас өлең болып жорыта ма,
Киіз де көз тартпайды түрлемеген, -
деп өнер мен өлең тазалығына деген ойын халықтың тұрмыс-тіршілігіне жақын теңеулер арқылы жеткізсе,
Қоспасыз, темір де емес, көмір де емес,
Іздесең нағыз алтын ізде менен, -
деп өзіне биік талап қоя біледі. Қонысбай Әбілов пен Шынболат Ділдебаевтың айтысы, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбековалармен айтысы киелі өнердің мазмұн мен идея, әуен мен мақамы жағынан қайта түлеген айтыстардың бірі болды. Айтыстың негізгі қағидасы суырыпсалмалық дәстүрді жаңғыртты. Эстетикалық жағынан деңгейін көтеруге үлес қосты. Айтыс арқылы елдегі әлеуметтік тілге, дінге, жерге қатысты мәселелерді жеткізуді бастады. Қонысбайдың Шынболатпен айтысындағы:
Бәрін де адамдардың бауыр көріп,
Сәбидің көзіменен қарағанмын,
Бір ауыз жылы сөзге қанаттанып,
Бір ауыз салқын сөзге жараландым.
деп ақындық ақ көңілмен аңқылдай білетін Қонысбай Әбіловтің, кейінгі жастарға аналық мейірімнен, ақындық пейілімен қарай біоетін Әсия Беркенованың, сондай-ақ Әселхан Қалыбекованың:
Несіне туған жерді сүйем деймін,
Қыз болып жарамасам бір қараға,
Зайсанға жіберейік арғымақты,
Қанатты көлік болсын бір балаға, -
деп алған жүлдесін Зайсан еліне тарту ғып тастап кеткен кең жүректілігі кейінгі ақындарға үлгі боларлық. Жүлде қорлары ауқымды боп келетін соңғы айтыстарда алған жүлдесінің біреуін жетімдер үйіне, қарттар үйіне қалдырған еш ақынды көрген де, естіген де емеспін.
Бүгінгі айтыс ақындары ел аралық саяси жағдайларды тілге тиек еткенде көбіне саяси сауатсыздығы, ақпарат дәйексіздігі көрініп тұрады. “Үй артында кісі отыр” демесек те халықтың құлағы мен көзіне айналған айтыс сахнасына шығып алып, мұхиттың арғы-бергі жағын шарлап кететін айтыскерлерге бұл жағынан абайлап бару қажет-ақ. Айта білген адамға өз еліміз бен жеріміздің мәселелері де аздық ете қоймас. Кезінде сары майдан қыл тартқандай, астарлап айта білген Әселхан, Әсия, Қонысбай сияқты ақындардың жеткізу тәсілдерінен, айтыстың озық үлгілерінен кейінгі толқындар өнеге алып, үйреніп отырса еш сөгеттігі жоқ.
Қазіргі ақындар айтысы бұл өнердің болашағына негіз салып отыр. Қазіргі ақындар Б.Имашев, А.Қалиев, С.Дүйсенғазин, А.Тұрсынбаева, Б.Қалиолла, Б.Шойбеков, Ж.Бұлғақов, т.б. дәстүр жалғасын қамтамасыз етті. Сонымен қатар көптеген көкейкесті мәселелерді алға тартуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет