Тапсырма: «Мемлекет типтері және әртүрлі басқару формасындағы елдерге мысал»
Қолданылатын әдебиеттер тізімі.
1.Ихданов М.С Мемлекеттік басқару теориясы. Алматы, 2007
2. Атаманчук. Г.В. Теория государственного управления. Москва: 2007
3. Жоламанов Қ.Д. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы. 2008
Дәріс №6. Мемлекеттік басқарудың ұйымдастырушылық-функционалдық құрылымы
-
Еліміздегі мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағыттары
-
Мемлекеттік басқаруды демократияландыру оның қарқынды дамуының кепілі
. Еліміздегі мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағыттары
Мемлекеттік басқару жүйесі қоғам дамуының «іргетасы» - экономика мен әлеуметтік өмірімізде ұдайы болып жататын өзгерістерге «құлақ түріп» отыруы керек. Өйткені жаңағы тынымсыз өзгерістер уақытында еленбейтін, сондықтан да есепке алынбайтын болса, онда олар бұрынырақ қалыптасқан басқару жүйесіне қайшы келіп, оны әрі қарай жетілдіре өзгертуге мәжбүр етеді. Мұны қоғам дамуының ғасырлар ғана емес, өткен мыңжылдықтар тәжірибесі айқын дәлелдеп отыр. Ол дәлелдер марксизм ілімдерінің маңызды тармақтарының бірі — қоғамның өндіргіш күш-куатында болатын жан-жақты өзгерістер өндірістік-экономикалық қатынастардың да сәйкесті өзгеруіне алып келетіндігі жөніндегі ғылыми тұжырымды толығымен растап отыр. Осындай қатынастар жүйесіне мемлекеттік басқарудан туындайтын қарым-қатынастарды да жатқызуға болар еді. Өйткені мемлекеттің даму негізі экономика болса, онда аталмыш қарым-қатынастар да ең алдымен әлеуметтік-шаруашылық сипатта болып, осы бағыттағы заңнамалық шешімдерге сүйенеді.
Осы тұрғыдан келгенде еліміз тәуелсіздік алған кезден (1991 жылдың желтоқсаны) бастап мемлекеттілігімізді жаңадан құру барысында оны басқару жүйесі өзгермелілік жағдайға жиірек ұшырағаны өзінен-өзі түсінікті. Оның басты себебі — экономикалық тоқырау жағдайынан тезірек шығып, шаруашылық жүргізудің жаңа, нарықтық үлгісін орныктыру, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық өсу қарқынының тұрактылығына қол жеткізу проблемаларын шешу барысында мемлекеттік басқару органдары жүйесі мен міндеттерін ұдайы жетілдіріп отыру керек болды. Сондыктан да Елбасының жарлықтары мен Парламент қабылдаған зандар арқылы мемлекеттік басқару органдарының құрылымын әлденеше рет қайта қарастырып, олардың міндеттері мен құқықтарын барған сайын «таразыға салып» отыруға тура келді. Осы үрдіс әлі күнге жалғасып келеді.
Бұл жерде тарихи шолу жасап жатудың қажеті шамалы, өйткені ол біріншіден, бөлек және арнайы зерттеуді талап ететін мәселе, ал екіншіден — өткенді сөз еткеннен гөрі алда тұрған міндеттер жөнінде көбірек айтылғаны оқырманға пайдалырақ болар еді. Сондыктан да мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдірудің негізгі бағыттарына кеңірек тоқталған жөн болар еді.
Ең алдымен мемлекеттік басқаруды жаңарту мақсатында іске асырылып жатқан кең ауқымды шаралар жөнінде айтуымыз қажет. Олардың алдыңғы қатарында бюджет жүйесі мен ұлттық қордың жаңа ереже негізінде жұмыс істеуін атап көрсету ләзім. Ол ереже бойынша бюджеттік қаржыларды бюджетаралық қатынастарды жетілдіре отырып тиімді пайдалану қарастырылса, Ұлттық қордың инвестициялық рөлін көтеру көзделген. Бұл орайда корпоративтік басқарудың ұйымдастырушылық және әдіснамалық негіздерін қалыптастырудың маңызы зор. Ұйымдастырушылық жағынан келгенде бірінші кезекте шешетін мәселенің қатарына мемлекеттік активтер көлемі мен құрылымын анықтап, оларды корпоративтік басқару жүйесіне көшіру жатады. Бұл жолда жасалған маңызды іс-шараның алғашқысы ретінде «Самұрық» қазақстандық холдингі» мен «Қазына» тұракты даму қорын» құруды атап өтуіміз керек. Жақын арада «ҚазАгро» холдингісі мен 7—8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылуға тиісті.
Енді әдіснамалық жағынан келетін болсақ, онда ең алдымен корпоративтік басқарудың тұжырымдамасы мен іргелі қағидаларын анықтап, оларға ғылыми сипаттама беруіміз керек. Тұжырымдамаға ең ықшамдалған тұжырымдама түрінде анықтама берсек, ол мына төмендегідей болар еді: корпоративтік басқару тұжырымдамасын ұстану - ол жалпы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре және жаңарта беру үрдісінде шешуші рөл атқара отырып шаруашылыктың тиімділігі мен жоғары әлеуметтік стандартты әрдайым ұштастырып отыру болып табылады. Басқаша сөзбен айтқанда, корпоративтік басқарудың мәні мен маңызы - пайдалы еңбек нәтижелерінің тиімділігіне қол жеткізу болса, оның мақсаты - әлеуметтік стандарттың жоғары деңгейіне қол жеткізу екенін баса көрсету ләзім. Сондыктан да әлгіндей басқарудың мәнін түсінбей маңызын айқындай алмас едік, ал оның маңызына терең бойламай тұрып мақсатын айқындай алмас едік. Енді осы үшеуін логикалық жағынан тығыз байланыста қарастырмасақ, онда корноративтік басқарудың жалпы мемлекеттік басқару (жергілікті басқару) жүйесіндегі орны мен рөлін де дұрыс анықтай алмас едік.
Осындай тұжырымдамадан туындайтын қағидаттарға да тоқталу керек. Олардың негізгілерін сөз ететін болсақ, мына төмендегілерді атап өткен дұрыс болар еді. Ең алдымен, корпоративті басқарудың маңызды қағидаты ретінде оның сапасын жоғарылату жағдайында басқару объектісін тиімді пайдалануға әрдайым қол жеткізіп отыруды келтіргеніміз жөн. Өйткені бұл жерде басқару сапасы жоғары болмайынша оның нәтижесінің тиімділігі жөнінде сөз қозғауға болмас еді, ал оның тиімсіздігі әлгіндей басқару жүйесінің сапасыздығын дәлелдер еді.
Екіншіден, корпоративті түрде басқарудың маңызды қағидаты оның күнделікті болып тұратын өзгермелі жағдайларға бейімделгіштігімен түсіндіріледі. Яғни, басқару мақсаты ішкі мүмкіндіктер мен сыртқы жағдайларды (конъюнктураны) ескеретін болса, онда сол басқару жүйесі әлгі жағдайларға сәйкестендірілуі керек. Керісінше болса, аталмыш жүйе сапасыз деңгейде қызмет етеді деген сөз.
Келесі үлкен мәселе - ол корпоративті басқару үрдісінің қарапайым халық үшін ашықтығы мен жалпы мемлекеттік басқару жүйесімен үндестігі болып табылады. Бүл қағидатты ұстанудың маңызы мынада: корпоративті басқару түптеп келгенде халық пен мемлекет мүддесін өнебойы алдыңғы кезекке қойып, сол арқылы мемлекеттік басқарудың біраз «жүгін» өз мойнына алып отыруға тиіс. Бұл жағынан келгенде корпоративті басқару жергілікті мемлекеттік және жергілікті өзін өзі басқару жүйесі мен тетіктерін жетілдіре беруде де үлкен рөл атқарады. Бұган қазіргі өмірге келіп жатқан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметі жеткілікті дәлел бола алады.
Корпоративті басқару жүйесінде және оның қызметін үйлестіруде қолданылатын әдістер мен әкімшілік-экономикалық тетіктер де өз алдына зерттеуді талап ететін күрделі мәселе болып табылады. Бұл жерде айтарымыз - әдістер жүйесін қолдану жаңағыдай басқару үрдісінде қабылданатын шешімдерді дайындауға «жақынырақ тұратын» болса, тетіктер жүйесі әлгі шешімдерді іске асыру барысында кеңінен қолданылады. Орындалмайтын (іске асырылмайтын) шешімдерді қабылдау басқару жүйесі мен қызметінің сапасыздығын сипаттайтынын ескерсек, онда олардың сапасын жақсарту мәселесі жаңағы әдістер мен тетіктерді логикалық тығыз байланыста қарастырып, оларды қолдануды біртұтас үрдіс ретінде түсінуіміз қажет.
Мемлекеттік басқаруды жетілдірудің келесі, екінші маңызды бағыты ретінде орталыктандырылған, аймақтық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функцияларды сәйкесінше аныктап, олардьщ аталған басқару деңгейлерінде қайталанбауын қадағалау негізінде мемлекеттік басқару органдарының құрылымын өмір талабына сай өзгертіп отыруды атап көрсетуіміз керек. Бұл өзгерістер ғылыми-ұйымдастырушылық және жаңаша ақпараттық технологияға сүйене отырып жүргізілетін болғандықтан функциялық маңызы жағынан керексіз буындарды жоюға және сол арқылы салалық (аймақтық) биліктегі лауазымдық сатыларды қысқартуға алып келуі керек. Бұл үрдіс бара-бара «Электронды үкімет» тұжырымдамасын іске асыруға себепкер болады. Бұл орайда керексіз буындар мен лауазымдық сатыларды айқындау және қысқарту үрдісі науқаншылдықпен емес, тұракты жалдау негізінде жүргізіліп, орталыктандырылған және аймақтық (жергілікті) басқару органдарының «...басқарушылық шешімдер қабылдаудағы өкілеттіктері мен дербестігі күшейтілуге тиіс».
Үшіншіден, мемлекеттік басқаруды жетілдіру үшін іске асырылуға тиісті маңызды шара - мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Ол үшін, Президентіміз атап көрсеткендей, әлгіндей қызмет көрсетуді енгізілетін салалық стандарттарға сай жүргізу талап етіледі. Ал, бұл талаптың орындалу деңгейін қадағалап отыру мақсатында әлеуметтік сауалдама мен рейтингілік бағалау жүйесін күнделікті тәжірибеге енгізудің маңызы зор. Аталмыш стандарттарды дайындау мен енгізу жөнінде сөз болғанда алдымен іске асырылатын шараның бірі мен бірегейі - ол әрбір мемлекеттік басқару органының стратегиялық жоспарын жасактау болып табылады. Сол жоспарда тиісті негіздемеге сүйенген мақсаттар мен міндеттердің орындалу деңгейі орталыктандырылған және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін рейтингілік бағалау көрсеткішіне тікелей әсер етуі керек.Осыдан барып жоғарыда аталған органдардың бірінші басшыларының басыңқылықты міндеттері туындайды. Ол — салалық және аумактық шаруашылыкты дамыту саясаты мен стратегиясын айқындап отыру және оларды іске асыру мүмкіндіктерін алдын ала ыңғайлап, қойылған мақсаттарға сөзсіз қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады.
Қазіргі кезде еліміздің интеллектуалдық ресурстары мен адами даму индексінің күрт өсуі мемлекеттік басқару қызметінің технологиялық әдістерін кеңінен пайдалануға жағдай жасап отыр. Басқару үрдісінде орындалатын көптеген қарапайым жұмыстың ауыр жүгі барған сайын техника «иығына» көшірілетін болғандықтан мемлекеттік басқарудың ұйымдастырушылық астары өнебойы назарда болып, объективті өзгерістерге сәйкестендіру мақсатында қайта қарастырылып отыруы керек. Бұны мемлекеттік басқаруды жетілдірудің тағы да бір маңызды бағыты ретінде қабылдаған жөн.
Жалпы алғанда еліміздегі саяси ахуал мен әлеуметтік-экономикалық өсудің тұрақтылығы, қоғамдық өмір сүрудің демократиялық негіздерін нығайту шаралары, жаһандану жағдайына орай бейімделу мәселелерін ұтымды шешуде және т.б. жағдайлар мемлекеттік басқарудың пісіп-жетілген проблемаларын уақытында аныктап, оны одан әрі жетілдіре беруге толыкканды негіз бола алады.
2 Мемлекеттік басқаруды демократияландыру оның қарқынды дамуының кепілі
Елімізде мемлекеттік басқаруды жетілдірудің саяси астарына да үлкен көңіл бөлу қажет. Өйткені қоғамның экономикалық, әлеуметтік және интеллектуалдық әлеуеті өркендеген сайын оны басқару жүйесінің саяси негізі де сәйкесінше өзгеріп отырады. Ол осындай өзгерістерге ұшырамаған жағдайда аталмыш әлеуеттің өркендеуі жолында жасанды кедергілер кездесуі әбден мүмкін — бұл адамзат тарихында талай рет дәлелденген ақиқат. Сондыктан да еліміз "әуелі экономика, содан соң — саясат" қағидасын ұстана отырып, әлеуметтік-шаруашылық бағытта ірі табыстарға қол жеткізгесін ғана саяси реформа мәселелерін күн тәртібіне қойып, олардың негізгі арқауы — мемлекеттік басқаруды демократияландырудың ағымдағы өзекті істерін жүзеге асырып келеді. Осындай саяси да, тәжірибелік те маңызы зор ауқымды істің бастамасы Ел Басшысы 2007 жылғы мамыр айының 16-шы жұлдызындағы ҚР Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде жасаған баяндама болып табылады. Бұл баянадамадан туындайтын шаралар тәуелсіз Отанымыздың саяси тарихының жаңа беттерін ашуға заңнамалық негіз құрастыратын болады. Олардың маңызын айқындай түсу үшін осы уақытқа дейін экономикалық дамуымыз бен саяси тұрақтылығымыздың іргетасы болып келген Атазаңымыздың (1995ж.) біраз негізгі ұстанымдарына токтала кеткен жөн. Әңгіме, ең алдымен, Президент, Парламент және Үкімет арасындағы конституциялық және биліктік байланыстар мен олардың мемлекет басқарудағы орны жайында болғаны ләзім.
Еліміздегі мемлекеттік билік жүйесі Конституциямыздьщ 3-ші бабына сәйкес құрылып, оның үш тармағының (заң шығарушы, атқарушы органдар мен сот жүйесі) күнделікті қызметі өзара үйлесімділік пен бірін-бірі тежемелілік жағдайда іске асырылып келеді. Бұл жерде мемлекеттік басқарудың құрылымы мен кәсіби деңгейін жақсарта беру талабы "Қазақстан —2030" Стратегиясын іске асыру міндеттерінен де туындайды. Осы міндеттердің бірі -орталықтандырылған басқарушы органдар (Үкіметті қоса есептегенде) өздеріне онша тән емес қызметтерді орталыктан аймақтарға және мемлекеттен жекеше секторга беру, сөйтіп олардан арылу арқасында мемлекеттік басқаруды жетілдіре беру болып табылады. Дегенмен, осындай түбегейлі міндеттерді жүзеге асыру үшін еліміздің Атазаңына да өзгерістер енгізу өмір талабынан туындап отыр.
Осы уақытқа дейін әлгі заңға сәйкес құрылған мемлекеттік басқару жүйесінің қағидалық сызбасы төмендегідей еді (122-бетті қараңыз). Жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде ел Президенті лауазымына ие болған адам Парламент келісімін ала отырып Премьер-Министрді, соңғысының ұсынысымен Министрлер мен облыс және Астана, Алматы қалаларының әкімдерін тағайындайды.
Бес жылдық мерзімге сайланған 77 депуттаттан (67-сі бір мандатты аумактық округтан,10 адам саяси партиялар тізімі бойынша) тұратын Мәжіліс Үкімет енгізген заң мәтіндерін талқылап, қажет деп есептеген жағдайда оларды Сенаттың назарына ұсынады. Ал, қажет деп есептемеген жағдайда ол мәтіндерді Сенат Мәжіліске, Мәжіліс - Үкіметке қайтаруға құқылы. Бұл - жаңағы заң мәтіндері әлі де жетілдіруді талап етеді деген сөз.
Қазіргі Конституциядағы ұстанымдарға байланысты мемлекеттік басқару органдары арасындағы тежемелік және тепе-тендік жүйесін пайдаланудың да біраз тәжірибесі жинақталды. Оған сүйенетін болсақ, кезінде Президенттік билікті күшейтудің бірден-бір дұрыс бағыт болғанына көз жеткіземіз. Сонау Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік биліктің сызбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында (1991-1993жж.) оны күшейтудің көптеген объективті себептерін ескеру керек болды. Олардың негізгілері ретінде мыналарды атап көрсеткеніміз жөн:
— тарихи масштабпен алғанда қасқағым сәтте құлап түскен алып империяның бір "пұшпағында" республикамыздың мемлекеттілігін қамтамасыз етіп, оны тәуелсіз ел ретінде қалыптастыру керек болды;
- республикалар одағынан тұратын мемлекет ыдырағанда болмай тұрмайтын экономикалық дағдарысты бастан кешіріп, одан тезірек шығу жолдарын қарастыру, ол жолда еліміз халықтарының менталитетін, табиғи - экономикалық және интеллектуалдық ресурстарды, ішкі және сыртқы саяси ахуалды және т.б. айтарлыктай ақиқаттарды ескеру керек болды;
- қол жеткен тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту мақсатында ішкі саяси жағдайды ушықтырмау ісін еліміздің қорғаныс күштерін жаңадан жасақтау жұмысымен ұштастыру керек болды;
- көрші және алыстағы елдермен дипломатиялық, саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды орна-тып, оларды жан-жакты дамыту керек болды;
- отанымыздың ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын шекарасын дәлірек анықтап, "іргемізді" бекітіп алу мақсатында көптеген және кезек күттірмейтін саяси-экономикалық мәселелерді шешу керек болды;
- мемлекеттің унитарлық болмысын ескере отырып, оның әлеуметтік-шаруашылық жүйесін тікелей (вертикаль) және көлденең (горизонталь) басқару жүйесін қалыптасқан жағдайға сәйкес шапшаңырақ жетілдіріп отыру керек болды;
- еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы бағыттары мен стратегиясын негіздеп, оларды сатылап іске асырудың түбегейлі мәселелерін өзара логикалық байланыста шешіп отыру керек болды.
Әрине, осы жоғарыда аталған проблемаларды ойластырып шешуде парламенттің рөлі айтарлықтай екені белгілі. Мемлекеттік құрылыс пен экономикалық құрылым түрі мен бағыттарының заңнамалық негізін қалыптастырудагы оның рөлі тіпті бөлекше. Дей тұрғанмен тал сол кезеңде қоғамдың өмір талабынан туындаған күрделі мәселелерді жедел шешу мүддесіне тек парламенттік көзқараспен келу уақыт жағынан ұтылысқа алып келер еді.Осыны өз уақытында түсінуге экономикалық, саяси-әлеуметтік және қоғамдық дамуымызға жанашыр болып жүрген алдыңғы қатарлы қайраткерлер мен саясаткерлердің интеллектуалдық деңгейінің жеткені де еліміздің бақыты болып есептелуге тиіс. Осындай түсіністіктің арқасында ғана Парламент Президенттік билікті күшейту жөнінде шешім қабылдауы және соңғы 15 жылдық тарихымыз сол шешімнің дұрыс болғандығын дәлелдеп берді.
Ал, Қазақстандағы ендігі жағдай мүлдем басқаша. Еліміз экономикасының іргетасы қаланып, "кабырғасы" қатайды. Оның жылма-жылғы өсу қарқыны жоғары (8-10%) және тұрақты болып отыр. Шаруашылыктағы жетістіктер әлеуметтік мәселелерді де түбегейлі шешуге мүмкіндік беріп отыр. Еңбекші халыктың табысы көбейді, кедейшілікпен күрес те жемісін беріп келеді, кызмет жасауға мүмкіндігі жоқ адамдарды мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау күшейтілді. Соңғы 5 жылда халықтың табиғи өсімі әрбір 1000 адамға шаққанда 3,09-ға көбейіп, 2005 жылы 8,05—ке жетті. Жан басына есептегендегі кіріс пен әрбір жұмыскердің орташа еңбекақысы да осы мерзім ішінде 2 еседей өсті. Тағайындалған зейнетақы жөнінде де осыны айтуға болады. Еліміздегі банктік-несиелік құрылымдар мен қаржылық нарық жүйесі бұрынғы кеңестік республикалармен салыстырғанда алдыңғы қатарға шығып, бүкіләлемдік деңгейде таныла бастады. Қазақстанның осы деңгейдегі экономикалық және саяси орны да барған сайын айқындала түсуде. Оның мемлекеттілік нысандары, қорғаныстық және интеллектуалдық әлеуеті күшейтілді, соның арқасында халықаралық беделі бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге көтерілді. Осының барлығы уақытында, бірақ эволюциялық қағидамен жүргізілген экономикалық реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп отырудың нәтижесі ретінде бағаланғаны ләзім.
Ендігі жерде мемлекетіміз бен экономикамыздың бәсекелестілігін арттыру, сөйтіп алдыңғы қатарлы елдер санатына қосылу мақсатында саяси реформаларды іске асыруды қолға алуға әбден болады. Өйткені ол үшін керекті факторлар, алғышарттар, экономикалық мүмкіндіктер, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар жасалды. Сондыктан да Ел Басшысы биылғы халқымызға арнаған "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақастан" атты Жолдауында да, Қазақстанды демократияландыруды жаңа сатыға көтеру жөніндегі Парламент мәжілісінде (16.05.2007ж.) жасаған баяндамасында да тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ғана емес, саяси өмірімізге енгізілетін өзгерістерді негіздеп берді. Олардың көпшілігі алдымыздагы 10 жыл аясында жүзеге асырылуы керек.
Ең әуелі аталмыш Жолдаудың негізгі қағидаларына токталуымыз дұрыс болар еді. Қысқаша айтқанда, олардың мән-мағынасын төмендегіше топтауға болады:
- халықтың табысы мен әл-ауқатын өсіру, сөйтін оның өмір сүру деңгейін көтеру мақсатын іске асыруға саннан гөрі сапалық сипат беру; Бұл маңызды интегралдық көрсеткіш - адами даму индексін (адамдар өмірінің орташа ұзактығы, денсаулық пен білімділік деңгейі, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі) едәуір жоғарылауга мүмкіндік туғызады;
- қоғамдық және экономикалық өмірімізді жан-жакты жаңғырту және осы мақсатта іске асырылатын шаралардың басыңқылыктарын анықтай отырып, оларды жеделдету;
- әлемдік экономиканың дамуы мен жаһандану үрдісі заңдылықтарын теориялық-әдіснамалық негізде нақтылай отырып және өзіміздің бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалана отырып бәсекеге неғұрлым қабілетті елу елдің қауымдастығына кіру бағытына қарай жедел қарқынмен жылжуымызды қамтамасыз ету;
- Қазақстанның жаңа кезендегі негізгі міндеттерін (экономикалық өсуді басқару, өңірлік экономиканың сапалы дамуы, өндеуші секторды тиімді дамыту, өндірістің шикізаттық емес секторын әртараптандыра дамыту, осы заманғы инфрақұрылымды дамыту, "парасатты экономика" негіздерін қалыптастыра отырып оны инновациялық экономика дамуымен ұштастыру, әлеуметтік саланы нарық қағидаттары негізінде дамыта отырып, оны атаулы әлеуметтік қолдаумен сәйкестендіру, саяси жүйемізді жаңартуды әлеуметтік-шаруашылық өміріміздегі жағдаяттармен сәй-кестендіру, халықаралық тәжірибенің біз үшін оңтайлы жақтарын ескере отырып әкімшілік реформаны сатылап іске асыру және еліміздің Орталық Азия өңірі мен әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктерін алға апара беру) орындауға барлық әкімшілік-экономикалық тетіктер мен интеллектуалдық ресурстарымызды тиімді пайдалану;
- жана Қазақстанды кұру үшін халықтың патриотизмі мен саяси еріктілігін шешуші факторлар ретінде пайдалану.
Бұған қоса осы жолдаудың ІІ-ші бөлімінді Ел Басшысы "Ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 серпінді бағытын айқындап берді. Олар төмендегідей атаулармен 6 топқа бөліп қарастырылған:
1. Қазакстанды қазір қолымызда бар мүмкіндіктерді айқындау мен пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестік артықшылықтар қалыптастыру арқылы әлемдік экономикаға ойдағыдай кіріктіруге бағытталған мемлекеттік саясат.
2. Әртараптандыру, инфрақүрылымдық дамыту және жоғары технологиялық одан әрі индустрияандыру негіздерін жасау арқылы Қазақстан экономикасының өсуі мен тұрлаулылығын басқаруға бағытталған мемлекеттік саясат.
3. Еңбек нарығы дамуының серпіні мен келешегіне сәйкес келетін білім беру және кәсіптік қайта даярлаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуте бағытталған мемлекеттік саясат.
4. Осы заманғы әлеуметгік саясат: басты назарда—адамдардың сұранысы мен қажеттіліктері және жұмыс орындарын жасақтау.
5. Жаңа кезеңнің ығытына қарай саяси және әкімшілік даму.
6. Қазақстанның жаңа өңірлік және геосаяси жауапкершілігі. Бұл топтамаларда көрсетілген бағыттар "Қазақстан-2030"
Стратегиясы аясында алдағы 10-шақты жылда іске асырылуға тиісті стратегиялық мәні бар шаралар жүйесі болып табылады. Олардың саяси - ұйымдастырушылық жағы Президенттің жоғарыда көрсетілген Парламент мәжілісіндегі сөзінде айқынырақ көрініс тапты. Әңгіме, ең алдымен, елімізде іске асырылатын саяси реформалардың негізін қалау үшін Атазаңымызға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жөнінде болып отыр. Олар жөнінде Ел Басшысы үстіміздегі жылғы мамыр айының 16-ші жұлдызында Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде арнайы сөз сөйлеп, жаңағы өзгертулер мен толыктырулардың 2 жыл бойы жүргізілген дайындық жұмыстарының қорытындысы ретіндегі мәні мен мағынасын ашып берді және экономика мен әлеуметтік жағдаятымыз жақсарғаннан кейін енді саяси реформаларға қадам басатын күн туғанын дәлелдеп, олардың негізгі астарлары мен бағыттарына тоқталды.
Қысқаша қайырып айтқанда, ол бағыттардың мәнін төиендегіше көрсетуге болады:
- Президент пен парламент арасындағы біраз биліктік өкілеттілік пен жауапкершілікті қайта бөліп, сол арқылы Парламенттің рөлін күшейту; ол үшін Мәжіліс депутаттарын сайлағанда пропорционалды сайлау жүйесіне көшіп, сол тетік арқылы саяси паргиялардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру;
- жаңадан сайланған Президенттің басқару мерзімін 7 жыл-дан 5 жылға дейін қысқарту арқылы оны басқа билік субъектілерінің сайлануы мерзімімен сәйкестендіру және еліміздегі демократияландыру үрдісін тұрақтандыру мен өрбіте беру;
- Сенат пен Мәжіліс депутаттарының санын көбейту (сәйкесінше, 8 және 30 адамға) арқылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының саяси рөлін жоғарылату;
- Үкіметтің тек Президент алдында ғана емес, сондай-ақ ендігі жерде Парламент алдындағы жауапкершілігін жоғарылату арқылы мемлекеттік басқару қызметінің тиімділігіне, жоғары сапасына және ашықтығына қол жеткізу;
- оларға қол жеткізу бағытындағы маңызды шара ретінде Парламент пен оның палаталары тарапынан Үкіметке сенімсіздік білдіру үрдісін жеңілдету және ол үшін бұрынғыдай депутаттардың дауыс беруінің үштен екісін емес, жәй көпшілік дауыс беруді есепке алу;
- ендігі жерде Премьер-Министрді Президенттің тиісті жарлығымен тағайындауды Мәжілістің партиялық фрак-цияларымен ақылдасқаннан кейін Мәжіліс депутаттарының көпшілігінің келісімімен ғана іске асыру;
- қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қызметін мемлекет тарапынан қаржыландыру және сол арқылы олардың саяси өміріміздегі рөлін жоғарылату;
- жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшу және оның алғышарты ретінде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананың әкімдерін сәйкес маслихаттардың келісімімен тағайындау;
- сот жүйесін және оның жұмысын жетілдіру;
- халықаралық келісім мен Қазақстан халқы Ассамблеясын нығайта беру;
- азаматтық қоғам институттарьш қолдап отыру мақсатында жүйелі шараларды іске асыру;
- азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін нығайту және т.б.
Осындай көлемді өзгерістер мен толықтыруларды Атазаңымызға енгізу (бұл жөнінде Парламент толыққанды шешім қабылдады) еліміз тарихындағы және оның саяси өміріндегі айтулы уақиға болды және бұны тек қана отандық емес, дүние жүзіне танымал шетелдік саяси қайраткерлер де растап отыр. Ендігі жерде қазақстандыктар Парламент пен саяси партиялардың қоғам дамуындағы рөлі күшейтілген жағдайда, бірақ Президенттік басқару аясьінда өмір сүретін болады.
Әрине, әрбір тарихи кезенде өмір талабынан туындайтын проблемаларды шешіп отыру барысында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіре беру міндетін атқаруға тура келеді. Ол - болашақтың ісі.
Дәріс №6. Студенттердің өзін өзі тексеру тест сұрақтары
1.Мемлекеттік билік жүйесіндегі жағымсыз танымдарды көрсетіңіз.
A. Бюрократизм;
B. Жемқорлық;
C. Қызмет бабын дұрыс пайдаланбау;
D. Мемлекеттік аппараттардың субординацияларын бұзуы;
E. Жоғарыдағының барлығы.
2.Мемлекеттік билік жүйесіндегі жағымсыз нәрселерді жою мақсатымен қоғам тарапынан мемлекетке әсер ететін тәсілдерді таңдаңыз:
A. Мемлекет пен бизнес арасындағы тұрақты диалог;
B. Конкурстық негізде мемлекеттік қызметке кадрларды таңдау;
C. Кәсіби және шығармашылық одақтардың іс әрекеті;
D. Лауазымдық қылмыстарды жазалауды күшейту;
E. Шенеуніктердің жоғары еңбек ақысы.
3.Мемлекеттік билік жүйесіндегі жағымсыз нәрселерді жою мақсатымен мемлекеттің өз тарапынан мемлекетке әсер ететін тәсілдерді таңдаңыз:
A. Қоғамдық пікірлер;
B. Құқыққорғау институттарының іс әрекеті;
C. Абырой соты;
D. Биліктің оптимальды қатынасы;
E. Жалпы ақпараттың тәуелсіз құралдары
4.Мемлекетті басқаруды ұйымдастырудың бұл құрылымы саяси және мемлекеттік басқару арасындағы шекарасы болып табылады, онда жалпы саясат анықталады және оны жүзеге асырудың баста тапсырмалары анықталады:
A. Әкімшіліктік;
B. Институционалды;
C. Технологиялық;
D. Басқарушылық;
E. Құрылымдық.
5.Мемлекетті реттеудің бұл формасы салық жеңілдігін енгізу, салықтан босату, салық мөлшерлемесін теңестіру және тағайындау салық салу обьектілерін анықтауды жүзеге асырады:
А. Салықтық реттеу;
В. Ақша – несиелік реттеу;
С. Бюджетті реттеу;
D.Тікелей мемлекеттік реттеу;
Е. Әлеуметтік реттеу.
Достарыңызбен бөлісу: |