7-сурет. Румбалар
Кез-келген пункттегі, белгілі бір мерзім ішінде (ай, маусым, жыл), соғатын жел бағыттарын көрнекі түрде көрсететін диаграмма жел өрнегі деп аталады (8-сурет).
8-сурет. Жел өрнегі
Жер бетіндегі желдер алуан түрлі болып келеді. Олар пайда болу жағдайларына қарай үш топқа: жергілікті желдер, циклон және антициклон желдері, атмосфера жалпы циркуляциясының желдері болып бөлінеді.
Жергілікті желдер. Бриз желі (фр. brіse - жеңіл жел) – теңіз, көл жағалауларында, соғу бағытын тәулік ішінде өзгертетін жел (9-сурет) түрі.
9-сурет. Бриз желі
Жел күндіз теңізден, құрлыққа қарай соғады, оны күндізгі бриз деп атайды. Себебі, күндіз құрлық беті, суға қарағанда қатты қызады. Жылынған ауа жеңіл болғандықтан, жоғары көтеріледі де, оның орнына су бетінен, салқын ауа ауысып келеді.
Түнде құрлық суға қарағанда тез суынады да, соған байланысты жел күндізгіге қарсы бағытта - құрлықтан суға қарай соғады. Ол түнгі бриз деп аталады.
Тау аңғар желі. Тау аңғар желдері де, бриз желдері сияқты, соғу бағытын тәулік ішінде екі рет өзгертеді. Күндіз тау аңғарларындағы ауа, тау қырқасына қарағанда көбірек қызады. Қызған ауа кеңейіп, тау беткейімен жоғары көтеріледі. Түнде керісінше құбылыс жүреді.
Муссон желі (арабша маусым). Соғу бағытын жыл ішінде екі рет өзгертетін желдер. Құрлық пен мұхит бетінің жыл мезгілдеріне қарай, әртүрлі қызып, суынуы нәтижесінде пайда болады. Жазда құрлық беті қатты қызады да, ауа температурасы жоғарлап, оның үстінде төменгі қысым орнайды. Бұл кезде мұхит үстінде ауа температурасы төмен, қысым жоғары болады. Жел қысымы жоғары (мұхиттан) аймақтан, қысымы төмен (құрлыққа) аймаққа қарай соғады. Оны жазғы муссон деп атайды.
Қыста керісінше, жағдай болып, оны қысқы муссон деп атайды. Муссон желдері биіктігі 3-4 км-ге жетіп, үлкен аумақты қамтиды, материкті ішкерлей 1000 км дейін енеді. Муссон желі теңіз жағалауында орналасқан елдер климатына, әсіресе, Азияның оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігі (Үндістан, Үндіқытай және Қиыр Шығыс) климатына ерекше әсер етеді.
Фён желі (нем. Fohn – жылы жел) - таудың басынан, төмен қарай соғатын құрғақ, жылы, күшті жел. Таудың бір беткейінде, жоғарғы қысымды облыс, қарсы беткейінде төменгі қысымды облыс қалыптасқан жағдайда, пайда болады. Мұндай жағдайда, ауа массасы тау жотасын асып, екінші жақ беткейімен төмен қарай түседі. Ауа алғашында тау жотасы беткейімен жоғары көтеріледі де, салқындайды. Салқындаған ауа конденсацияланады. Ал, төмен қарай түскенде ауа температурасы жоғарылап, құрғайды. Фён желдері Кавказ, Орта Азия, Алтай тауларында байқалады.
Бора желі (гр. boreas – солтүстік жел). Биіктігі 1000 м-ден аспайтын, тау беткейімен төмен қарай, дауыл түрінде соғатын суық жел. Қыста теңіз бен құрлық үстіндегі қысымның, бір-бірінен үлкен айырма жасауына байланысты пайда болады. Кей кездерде бора желі өте қатты екпінмен соғып, боранға айналады. Ол кезде тастарды домалатып, ғимарат шатырларын жұлып әкетеді, теңіз беттерінде алапат толқындар көтереді. Төмен температурада толқын шашырандылары кемеге қатады да, көп жағдайларда кемені мұзбен құрсап тастайды. Қара теңізде жиі соғатын Новороссийск борасы жақсы зерттелінген. Варда жотасында материк жақтан Қара теңізге қарай, Мархот асуынан (450м) асып, жылдамдығы 40 м/сек, кей жағдайларда 60 м/сек-қа дейін жететін, суық ауа массасы жылжиды. Соған байланысты теңіз жағалауындағы ауа температурасы 20-250С-қа дейін төмендейді. Сұрапыл жел әрекетінен көтерілген, теңіз толқындарынан шашыраған су тамшылары, жағалауды бойлай қатып, жағалауды қалыңдығы 4 м дейін мұз қабаты құрсайды. Қалың мұз жағалауды бойлай тұрған, түрлі заттар мен кемелерді де құрсайды. Бора теңіз жағалауының 3-5 шақырымдай аумағын қамтитындықтан, бора желі соққанда, теңізшілер кемені жағалауға көп жақындатпайды.
Бора желі жер шарының көптеген аймақтарында соғып, жергілікті атаумен аталады, мысалы, Байкал көлінің батыс жағалауында (Сарма), Жаңа Жер аралдарында (Таулық), Далмат жағалауында (Далмат борасы), Францияның Прованста (Мистраль), АҚШ, Мексика және Орталық Америка жағалауында (Норзер), Антарктида және тағы да басқа жерлерде байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |