Өсіп-өнуі. Қарын үлкен бөгелегінің ұрғашылары жұмыртқаларын бір-бірден, жылқының аяқ, иық, кеуде түктеріне желімдейді. Ал, қызыл құйрық бөгелек жұмыртқаларын жылқының ерніндегі түкке салады. Шығыс бөгелегі жұмыртқаларын шөптің сабағына, жапырағына жəне атқазыққа салады. Олар жем-шөп арқылы жылқының аузына түседі. Жылқының əр жеріне салынған жұмыртқалардан 4-10 тəуліктен соң І сатыдағы балаң құрттар өсіп шығады. Олар теріні қышытқандықтан, жылқы ернімен жəне тісімен қасынып, тері үстінде жыбырлап жүрген балапан-құрттарды тіліне жəне еріндеріне жұқтырып алады. Ауызға енген балаң құрттар тілдің, ұрттың жəне қызыл иектің кілегей қабығына еніп кетеді. Ауыз ішінде олар 3 аптадай болып, стоматит немесе ауыз уылу ауруын қоздырады. 3-4 аптадан соң балапан-құрттар түлеп, азықпен бірге жұтылып, өздерінің негізгі орнықарынға жəне ішекке барып орналасады. Сонда олар түлеп 9-10 ай тіршілік етеді. Келесі жылы жазғытұрым күн жылынғанда ІІІ сатыдағы балаң құрттар жылқының тезегімен жерге түсіп, топырақтың үстіңгі қабатына еніп қуыршақ сатысына айналады. Қуыршақ ішінде 20-50 тəулікте бөгелектің ересек, яғни имаго сатысы дамып өседі. Сонымен, жылқы бөгелегінің жұмыртқадан ересек сатысына дейін өсіп дамуына 1 жыл уақыт керек.
Эпизоотологиялық деректер. Жылқы гастрофилезін таратушы осы ауруға шалдыққан мал. Инвазия жылқыға, есекке, қашырға жаз айларының ыстық күндерінде жұғады. Əсіресе қуаңшылық жылдары 201 гастрофилез көптеп кездеседі. Жауын - шашынды жылдары ылғалдың молдығымен жерге түскен балаңқұрттар саңырау-құлақшалармен зақымдалып, бір қатары қуыршақ сатысына көшпей-ақ қырылып қалады. Gastrophіlus іntestіnalіs- қарынның үлкен бөгелегі жəне G. haemorroіdalіs қызыл құйрық бөгелек Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Ал G. pecorum шөп бөгелегі еліміздің Оңтүстік пен Оңтүстік шығыс аймақтарында мекендейді. Ауру белгілері. Аурудың клиникалық белгілері жылқының асқазанындағы балаң құрттардың санына байланысты. Егер олардың саны бірен-саран болса, ауру астыртын байқаусыз өтеді. Бөгелек балапан-құрттармен көптеп зақымдалған жылқы бірте-бірте арықтайды, түгі үрпиіп, жылтырын жоғалтады. Кілегей қабықтары бозарыңқы, тəбеті төмендеп, созылмалы гастроэнтерит белгілері байқалады. Азықтың қарыннан он екі елі ішекке өтуі қиындайды. Жылқының ішегі түйнеп, шығынға ұшырауы мүмкін. Бөгелек балаң құрттары көмей немесе жұмсақ таңдайда болған кезінде, жылқы жөтеледі, суарғанда мұрыннан су қайта ағады, жем шайнауы жəне жұтуы қиындайды. Қызыл құйрық бөгелектің балаң құрттары көктемде тік ішекке көп жиналып, оның айналып түсуіне себеп болады. Тік ішекке жиналып, оның кілегей қабығына жабысып тұрған балаң құрттар мал күшенгенде, қызарып көрініп тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |