9. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Қытайдың саяси-экономикалық жағдайы. 1925-1927 ж.ж. революция және азамат соғысы.
Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін Қытай экономикасы дамуы жағынан басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қала берді. Қытай мемлекетінің саяси құрылымы сипаты жағынан жартылай феодалдық және жартылай отар ел болды. Соғыс аяқталған соң Қытайдағы шетел капиталының экспансиясы мен империалистер арасындағы күрес одан сайын шеленісе түсті. Қытай сол кездегі әлемнің жетекші елдерінің мүдделері түйіскен аймаққа айналды. Жапония, АҚШ және Ұлыбритания сияқты мемлекеттердің Қытайдағы мүдделері қақтығысқа түсті. Қытайдың «ашық порттары» деп жарияланған қалаларда шетел кварталдары қалыптасты. Бұндай порттарға қуатты мемлекеттердің флоты мен әскери бөлімдері кіргізілді. Сетльменттер деп аталатын бұндай кварталдарда тұратын шетелдіктер Қытай заңдарына бағынудан босатылды. Атап айтқанда, шетелдіктер жасаған қылмыстары үшін қытай заңымен жазаланбады. Қытай үкіметі олардың кәсіпкерлері мен саудагерлеріне салатын салықты тауар бағасының 5%-нан асыра алмады. Сонымен қатар Қытайдағы экономикалық, саяси билікті қолдана отырып, ірі державалар азаматтық билікті өзіне тартып алды немесе оған ықпал жасады. Қытайдың кейбір провинцияларында шетелдік мемлекеттер азаматтық билікті өздерінің қолдарына алып, кедендік салықтар мен алымдарды жинап, Қытай үкіметіне бағынбай өздері ақша шығарып отырды. Кедейленіп қалған қытай шаруалары шетелдік азаматтардың Қытайдағы кәсіпорындарында жалданып жұмыс істеуі кеңінен етек ала бастады.
Қытай ауылдарында ірі байлармен ауқатты шаруалар үстемдік құрды. Жердің барлығы олардың меншігі деп жарияланып, шаруалар бұл жерлерді жалға алуға мәжбүр болды. Жалға алу мөлшері - жиналған өнімнің 50% (кейде одан да көп) құрады. Салықтардың түрлері көбейіп, шаруалардың жағдайы нашарлады: бай шаруалар кедейленген шаруалардың жерлерін тартып алып отырды және олардың балаларын құлдыққа сатуға құқылары болды. Мүлдем кедейленген шаруалар қарақшы тобырларға қосылды немесе қалаға барып, жұмыс іздеді (бірақ қалада жұмыс табу қиын болды. Себебі өнеркәсіп өте баяу дамыды). Бұл өз кезегінде Қытайдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына өз әсерін тигізді. Қытайда әлі де болса бекініп қалған ескі феодалдық жүйе техниканың, қоғамдық қатынастардың, өнеркәсіптің дамуына үлкен кедергі келтірді. Сонымен қатар Қытайдың ірі державалардың ықпалында болуы, бұл елдің ауылшаруашылығының артта қалуына және ауылшаруашылығы өнімдері бағасының әлемдік нарықтағы бағаның ауытқуына тәуелділігін арттырды. Әдетте шетелдіктер Қытайдан жібек, темекі, соя бұршағын, шайды импорттады. Бірақ соғыстан кейін қытайлық шайдың экспорты, әлемдік нарықта ағылшын және голланд шайымен бәсекелесе
алмауынан құлдырап кетті. Қытайдың өнеркәсібі мен сыртқы саудасында шетелдік компаниялар импортының экспорттан асып түсуі, Қытайдың өз ұлттық өнеркәсібін дамытуына кедергі жасады. Мысалы, Шанхайда, Тяньцзиньде, Циндаода, Гуанчжоуда (Кантон), Ханькоуда орналасқан зауыт-фабрикалар Қытай экономикасының кішкене ғана бөлігін құрады. Қазба байлықтарды игерумен айналысатын кәсіпорындардан басқа ауыр өнеркәсіптердің саны жоқтың қасы болды. Қытай өнеркәсібіне қажетті-жабдықтар сырттан әкелінді. Үш жақтан қысым көрген Қытай еңбекшілерінің жағдайы тым ауырлап кетті. Олар шетел империалистерінің, қытай капиталистерінің және феодалдық мемлекет тарапынан әлеуметтік-экономикалық езгіге түсті. Шетелдік кәсіпорындар мен ұлттық кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың құрамында жас балалар мен әйелдердің саны арта түсті. Сонымен қатар олардың ешқандай да құқығы болған жоқ. Жұмыс уақыты 11-14 сағатқа дейін созылды, демалыс күндері өте аз болды, ал жалақысы американдық немесе суропалық жұмысшылармен салыстырғанда әлдекайда төмен болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты куатты мемлекеттер арасында Қытай үшін бәсекелестік күрес жүрді. Бұл күрес- тің нәтижесінде Қытай жартылай отар ел ретінде қала берді. Алпауыт мемлекеттер өздерінің Қытайдағы мүдделерін анықтап, оны заңдастыру үшін халықаралық конференцияларда талқылап, шешімдер қабылдап отырды. Қытайдың империалистік экспансия алдындағы әлсіздігі көп жағдайда оның бытыраңқылығына байланысты болды. Сондықтан Қытайды біріктіруді мақсат тұтқан жаңа революциялық күштер пайда бола бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |