6. 1905-1911 жж. Иран революциясы.
XX ғасырдың басында Иран орыс-ағылшын бәсекелестігінің аренасына айналды. Иранды басып қалған әлеуметтік-экономикалық, саяси дағдарыс, шет елдердің елдің ішкі жағдайына аса көп араласуы халықтың наразылығын тудырды. 1905 жылдан бастап, ел аумағында түрлі көтерілістер белең ала бастады. Діни топтар панисламизм идеясын уағыздап, барлық мұсылмандарды халиф билейтін бір күшті империяға біріктіру қажет деген ұран тастады. Сондай-ақ Иранда бұл кезеңде әр түрлі жасырын ұйымдар құрылды. Мысалы, 1905 жылы «Энджумене махфи» (Жасырын энджумен) атты үкіметке наразы ұйым құрылды. Бұл ұйымдар да халық арасындағы көтерілістердің белсенді болуына ықпал етті. Осы кезеңде елдегі негізгі оқиғалар Тегеранда, Исфаханда, Тебризде болып жатты. Халық конституция қабылдануын және парламент (меджлис) шақырылуын талап етті. Сонымен қатар, үкімет қызметіне ие болып отырған шетелдік азаматтардың қызметтен кетуін, «әділетхана» құруды, яғни халықтың арыз-шағымын, талап-тілегін қарайтын ұйым, мекеме құрылуы туралы шарт қойды. 1906 жылы шах халықпен келісіп, конституция қабылдап, парламент жасақтауға мәжбүр болды. Осы жылы қазанның 7-сінде Тегеранда алғашқы мәжіліс шақырылды. Көтерілісшілер наразылығының арқасында шах қол қойған заңда, адамдардың заң алдында тең құқықты болуы, сөз бен ой еркіндігі орын алды. Бұл оқиғалар орын алған кезеңді иран революциясының бірінші кезеңі деп белгілеуге болады. 1907 жылдан бастап революция өзінің жаңа екінші кезеңіне аяқ басты. Халықтың демократиялық талаптар қоюшы тобы күресті әрі қарай жалғастырды. 1908-1909 жылдары Иран революциясының ірі ошағы Тебриз қаласы болды.
Тебриздегі халықтың бас көтеруін басып-жаншуға шах әскерінің күші жетпей, шетелдіктерді көмекке шақырды. Ағылшындар мен орыс әскерлерінің күшімен Тебриз көтерілісі қанға боялды. Бұған қарамастан, Ирандағы революциялық шерулер 1911 жылға дейін тоқтаған жоқ. Көтерілістің барысында шах билігі едәуір әлсіреп, оның беделі төмендеді. Шах үкіметі халық алдында дәрменсіздігін мойындап, шетел әскери күштеріне арқа сүйеп, империалистерге тәуелділігін арттыра түсті. 1911 жылы шах Ресей мен Англияның әскери көмегін пайдалана отырып революцияға қарсы төңкеріс жасады. Бұл революция Иран халқының өміріндегі
ірі оқиғалардың бірі болды. Революцияның басып-жаншылуы еуропалық елдер-
дің Иранның ішкі мемлекеттік істеріне одан әрі терең араласуына жол ашты. Үкі-
мет олардың қойған талап-шарттарын толықтай орындап отырудан басқа амалы
болмады.
Революцияның қорытындысы бойынша парламент таратылып, құрылған демократиялық ұйымдар жабылды. Конституциялық төңкерістің жаншылғанынан кейін, еркін ойлаушыларға қарсы террорлық әрекеттер белең ала бастады. Иран осы уақытта артта қалған жартылай отар ел ретінде өмір сүріп жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |