Шауғар-Шойтөбе қаласы туралы баяндаңыз
Түркістан қаласының оңтүстігінде 7 шақырым жерде орналасқан. Координаттары: 43˚14.451΄, 068˚17.622΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 220м. Шойтөбе қазіргі ғалымдардың зерттеуінде Шауғар-Шавгар-Шафигар есімді ерте ортағасырлық Шауғар өлкесінің астанасы болған қала орны. Төбе 400х275м көлемінде батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Ең биік жері шығыс жағы, биіктігі 5м. Цитаделі шахарістанның шығыс бөлігінде орналасқан көлемі 170х150м. Шахарістанның солтүстік және солтүстік-шығыс жақтарында құрылыс алаңдары жанасып жатыр. Бұл қаланың рабады. Қалашықтың рабадымен қосқандағы жалпы ауданы 8,1га, цитаделі – 2,7га. 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев), 1986ж Қазақ ССР Ғылым академиясының ескерткіштер шежіресінің эскпедициясы (К.М.Байпақов) зерттеулер жүргізген. 1990 жылы цитаделінде (Ерзакович Л.Б.) жетекшілігімен жүргізілген зерттеулер барысында 700м2 археологиялық қазба орны ашылды. 1996 жылы ТАЭ (Е.А.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев) ескерткішті зерттеуді бастады. 1996-1997жж. цитаделі мен шахарістанына стратиграфиялық шурфтар түсірілді. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына № 604 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Жалпы жер көлемі 15,2 га.
Түркістан қаласының төрт қақпасын атаңыз
1994 ж. шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының ескерткіштер шежіресінде «Дарбаза қақпа, Мүсәллә қақпа, Жеті ата қақпа, Ишан қақпа» деп беріледі
Халил Абдулқасимовтан алған сұхбатында Ишан қақпаның екінші атауы «Тәкиә» немесе «Тәкиә ата» екендігі жайлы айтылады [3]. Ал, қаланың бесінші қақпасы жайлы қаланың рабад бөлігінде туып өскен Өтегенов Наушарбай ақсақалдың айтуынан дерек алдық. Бұл қақпа Күлтөбе Ясы қаласының шығыс бұрышында орналасқан болып шықты. Алайда, қақпаның екі жанында қорғаныс мұнаралары болмаған, жай ғана қала қорғанын ойып екі жақтаулы үлкен есік-дарбаза орнатқан. Тап осы жерде үш бағытқа кететін жолдар, көшелер түйісетін болған. Олардың іздері әлі күнге дейін сақталған. Бір бағыт қазіргі Алматы алаңы арқылы Шобанақ, Оранғай, Құшата, Дәуленбай, Ойық бағытымен Тұрлан асуы арқылы Шолаққорған, Созақ, Құмкентке өтетін, екіншісі — қазіргі Рабия сұлтан Бегім көшесі арқылы Әбд әл-Мәлік, Иқанға кететін, ал, үшіншісі — терең де кең арық түрінде әлі күнге дейін сақталған Гаухар ана, Арыстан баб, Отырар бағытындағы жол. Қақпа «Иқан қақпа» деген атпен белгілі. Бұл қақпалардың орынын қаланың орыс әскери инженер-картографтары 1864 жылы түсірген планынан да көреміз. Құжатта негізінен кесене орналасқан қала цитаделі мен қаланы қоршаған ұзындығы 3,5 шақырымдық қорған қамал, оның 11 мұнарасы, қақпалары көрсетілген
Жеті ата мазаратына байланысты шыққан (8-сурет, сары түспен боялған). Бұл мазаратта Қожа Ахмет Ясауидің бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі болған, оларды халық «Жеті ата» деп атап кеткен. Қақпадан қалаға енген соң Ахмет Ясауидің кесенесіне дейін баратын Жеті ата магистралді көшесі басталады. Қақпа алдындағы ор үстіне Бабырат ата көпірі салынған, № 3 суреттен (1910 ж. түсірілген) осы көпір мен қақпаның оңтүстік мұнарасының қалдығын және оның солтүстік бетіндегі төбесі тегіс етіліп жабылған Үндемес ата мен Баба Ғаріб кесенелерін (ту байланған), олардың арғы бетіндегі Баб Араб мешітінің күмбезін көреміз. Бұл аталған ескерткіштердің барлығы 2009-2011 жж. аралығында зерттеліп, эскиздік және сәулеттік жобалары дайындалған.
Екінші қақпа – Тәкиәда да археологиялық қазба 2009 ж. сәуір-мамыр айларында қатар жүргізілді. Оның ерекшелігі – мұнаралары төрт бұрышты болып келеді, тек бұрыштары тік емес, иіліп, дөңгеленіп келген. Мұндай қақпаның біреуі Бұқарада сақталған және ХVІІІ ғасырмен мерзімделеді. Осыған қарап, Түркістан қаласын ұзындығы 3,5 шақырымдық қорғанмен қоршаған кезде Қоқан әмірлігі жан-жақтан ұсталар жалдаған болуы керек деп жобалаймыз. Себебі, Бұқарадан басқа өзбек қалаларында төрт бұрыштанып келген мұнаралы қақпалар кездесе қоймайды. Қақпа іргесі өте жақсы сақталған, ішкі бетіне жапсырыла салынған қосымша бөлмелері де, екі жағынан келіп түйісетін қорған қабырғалары да (ені – 2,5 м, биіктігі – 6 м) аршылып зерттелді
Үшінші қақпа «Мүсәллә» деп Әзірет Сұлтан кесенесі алдындағы жұма намазын оқитын алаңның атымен аталған. Арабша – «мүсәллә» — аллаға табыну, намаз оқу, ал «мүсаллә ал-ид» — мейрамдарда намаз оқитын жер дегенді білдіреді [8]. 1864 ж, планда (1-сурет) Мүсаллә қақпасы сыртынан ормен қоршалған екі мұнаралы қақпа түрінде берілген, ал, 1865 ж. қаланың осы шығыс бұрышын түсірген планда (7-сурет) бұл жерде диаметрі 15 метрлік алып мұнара ғана бейнеленген және цитаделдің оңтүстік мұнарасы мен осы мұнара арасын қалың дуалмен қосқаны көрінеді. Мұндай дуал цитаделдің солтүстік мұнарасы мен қаланың шығыс беттегі қорған қамалы арасын да қосып, орыс әскери гарнизоны қаладан оқшауланғаны байқалады. Мүсәллә қақпасы қиратылып оның шығыс мұнарасы барынша үлкейтілгені көрініп тұр. Сірә, бұл оқ атқан кезде артқа қарай сырғып кететін (откат) үлкен зеңбіректер қою үшін жасалған әрекет сияқты. 2009 ж. жүргізілген қазба жұмыстары қақпаның шығыс мұнарасы астынан 170-220 см тереңдікте орналасқан, қалың лай қабатынан тұратын іргетас бар екендігін көрсетті.
Төртінші Дарбаза қақпасы жоғарыда айтқанымыздай «Ясы» қонақ үйі мен жатақхана арасындағы асфальт жолдың астында қалғандықтан 1885 ж. «Живописная Россия» атты кітапта жарияланған литографиялық сурет негізінде қалпына келтірілді (5-сурет). Литографияның өзі фотосуреттен дәлме-дәл көшіріліп жасалғандықтан оның өлшемдерін табу қиындық туғызған жоқ. Алайда өзінің тарихи орнына (қонақ үймен жатақхана арасы) орналастыру мүмкін болмағандықтан және қаладан оқшау, көрінбейтін жерге тұрғызу туристік нысан ретіндегі мәнін жою қаупін туғызатыны ескеріліп, 200-250 метрдей шығысқа қарай жылжытылды. «Дарбаза» атауы осы тұстан қала орына су құю үшін Жіңішке каналынан тартылған үлкен арықтың атынан шыққан. «Дарбаза» сөзінің өзі де «қақпа» деген мағына береді.
Достарыңызбен бөлісу: |