Білімділіктің адам өміріндегі маңызы, жастарға арналған білім беру бағдарламалары, бәсекелестікке қабілетті ұрпақ туралы мағлұмат. Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Ел тірегі – жастар екенін естен шығармаған дұрыс. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Жастар – Қазақстанның он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтар. Осы санаттағы жастар қазіргі уақытта ел халқының 30 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Білім – қоғамдық құндылықтардың аса маңыздысы. Көптеген елдердің Ата заңы бойынша әрбір адам білім алуға құқылы. Білім мен ғылым, экономика, бизнес, жалпы, бәсекелестік қарыштап дамып отырған жаһандану кезеңінде Елбасы үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Үш тілді меңгеру – заман талабы. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда негізгі мақсат – жастардың рухани, мәдени толысып, білім алып, кәсіби дамуы үшін жағдай жасау деп көрсетілген. Мемлекеттік жастар саясаты рухани-мәдени құндылықтарға, еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке, ұрпақтар сабақтастығына, отбасылық тәрбиеге негізделген. Білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, еліміздің оңтүстігіндегі жастарды кадр тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру мақсатындағы «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтады. Бұған қоса, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бар. Ал «StartapBolashak» бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жас қазақстандықтарға жақсы мүмкіндік. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |