2.Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары да бар. Олар – текстология, историография және библиография.
Текстология — әдеби туындылардың тексін зерттеп, танудың қағидалары мен тәсілдерін жинақтайтын арнаулы ғылыми пән. Текстология — көркем шығарманың тұрақты түп нұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жасалған соңғы редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын өзара салыстырады, әр басылымын автографпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді, түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен емле қателері болса да ұқыппен түзеп отырады. Бұл ретте, «текстологияның ең негізгі өзекті мәселесі екеу; бірі – ғылыми мақсатпен, екіншісі практикалық мақсатпен байланысты.
Историография — әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы, мұның өзі көбіне бірыңғай ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиеттің теориясына, тарихына не сынына қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.
Библиография – көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Бұл да көбіне ғылыми мақсат үшін керек. Әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың – текстер мен тексерулердің, сын мақалалар мен зерттеу еңбектерінің бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.
3. Әдебиет тарихының негізгі зерттеу нысаны – өткен дәуірлердің көркем әдебиеті, сол әдебиетті жасаушылар. Әдебиет тарихында белгілі бір дәуірдің ғылыми негізді әдеби көрінісі жасалуы тиіс. Ал әдебиеттің өткен жолдарына көз жіберсек, тарихтың терең тылсымдарынан мен мұндалаған не бір ұлылар үн қатады. Олардың кейбіреулері Алатаудың биік шыңдарындай, алыстан мұнартып, тарихтың биік жоталарына, асуларына айналса, енді біреулері арқаның жосылып жатқан таусылмайтын жота-шоқыларындай, қасына жақындамасаң, сырын аша бермейді.
Біз әдетте әдебиеттің өткені жайлы сөз болғанда, Абайға дейінгі әдебиет, Абайдан кейінгі әдебиет деген сияқты межелеуді жиі қолданамыз. Жетпісінші жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тарихы «Бұқар жыраудан басталады» деп келгеніміз бар. Оның қай кез екені он сегізінші ғасыр делініп, осы тіркестің соңынан анықталып отырды. Мұндай жағдай әдебиет тарихтарында жиі кездеседі. Мысалы, орыс әдебиетін зерттеушілер оны Пушкинге дейінгі және кейінгі деп, үлкен екі кезеңге бөледі.
Әдебиетті жасаушы өнер иелері болғандықтан да тарихты жазғанда, олардың әрқайсысының көркемдік дамуға қосқан үлесі барынша әділ бағалануы аса маңызды. Әдебиет тарихын жазу дегеніміз, іс жүзінде сол кездерде жасаған үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың шығармаларын жан-жақты қарастырып, ғылыми тұрғыдан талдап, тарихтың таразысына салып таразылануы, әрқайсысының өзіне лайықты орнының анықталуы да деген сөз.
Белгілі бір дәуір әдебиетін тұтастай көруге әдетте шолу көмектеседі. Әдебиет тарихшысы ең алдымен, өзі зерттеп отырған дәуірдің әдеби, мәдени, әлеуметтік панорамасын жасап алып, содан кейін барып, сол кездің әдебиетін шолып, оның үлкенді-кішілі өкілдерін көркемдік дамуға қосқан үлестеріне қарай орын орнына қояды; әдебиеттің аса ірі өкілдерінің шығармашылық жетістіктерін жан-жақты көрсету мақсатымен оларға жеке шығармашылық портреттер арнайды.
Әдебиет тарихын жазғанда, көбіне ақын-жазушылардың өмірбаяндық деректері мен шығармаларының мазмұнын таныстырумен шектеліп жүргендей. Дұрыс. Әсіресе, көне дәуірлерде жасалынған әдебиет жайлы деректердің аздығы, олардың бізге жеткен әдеби мұраларының бүгінгі көркемдік талдауларға көне бермейтіндігі де амалсыздан осылай етуге мәжбүр етеді. Десек те әрбір зерттеуші өзінің әдебиет жайлы жазып отырғанын әрдәйім есте ұстап отырғаны жөн.
Әдебиет қайраткерлеріне арналған шығармашылық портреттерде сол кездің қоғамдық-тарихи жағдайы, мәдени, әдеби өмірде болып жатқан өзгерістері аясында дарын иесінің өзіндік шығармашылық қолтаңбасы, әдеби дамуға қосқан үлесі, қоғамдық өмірде алатын орны, бағалануы сияқты сауалдарға жауаптар берілуі қажет. Ғылыми негізді әдебиет тарихы бұларға қоса оның шығармашылығына, көркемдік танымына айтарлықтай әсер еткен өмірбаяндық оқиғаларға да мән беріп, қоғамның, өмірдің жазушылық болмысқа әсерін анықтайды; сөйтіп, суреткердің көркемдік әлемінің табиғатын бар болмысымен аша түсуді басты назарда ұстайды.
Достарыңызбен бөлісу: |