№5
дәріс
|
№5 дәріс: Сюжет пен фабула мәселесі. Композиция
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
Қаламгер повестеріндегі уақыт шындығы.
Жазушы повестерінің идеялық, көркемдік ерекшеліктері
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Сюжет, сюжеттегі оқиғалар өмір шындығын танытуға тиіс. Әрбір толыққанды көркем туынды өзіне тән сюжет ерекшелігімен танылады. Сюжеттің көркем шығармада атқаратын қызметі алуан түрлі. 1) Сюжет өмір қайшылықтарын танытады. 2) Сюжеттегі оқиғалар кейіпкерлер бір-бірімен қарым-қатынасқа түсетін әрекет алаңын құрайды. 3) Сюжет автордың кейіпкерлер қарым-қатынасын (тартысқа түсуі немесе түсінісулерін) жан-жақты көрсете отырып, олардың характерін танытуына мол мүмкіндік береді. Горькийдің сюжетті «адамдардың (яғни, кейіпкерлердің – С.М.) өзара байланыстары, қарама-қайшылықтары, ұнатуы, жек көруі, жалпы алғанда олардың қайшылықтарының, белгілі бір характердің, типтің қалыптасу, өсу тарихы» деп түсіндіруі тегін емес. Автор сюжет желісіндегі оқиғалар барысында кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды, қайшылықтарды бейнелеу арқылы өмір егесі – адамның характерін танытуға күш салады. Сюжеттің ең басты қызметі де осы.
Сюжеттің қозғаушы күші – тартыс, өмір қайшылықтары екені белгілі. Өнер туындысында бейнеленетін тартыс көркем тартыс аталады. Өмір бар жерде қайшылық бар, тартыс бар. Өмірде тартыс неден туындайды? Ол адамдар арасындағы мінез, мұрат, көзқарас алшақтығынан, келіспеушіліктен, жаулықтан т.б.туындайды. Бұл өмір ақиқаты десек, осындай көзқарас, мұрат кереғарлығынан пайда болатын тартыс – өнер туындысы сюжетінің арқауы болады, оны мәнді, тартымды етеді.
Сюжет жалпы алғанда тақырып пен идеяға сай көркем баяндалған оқиғалар жүйесі болғандықтан, оның дамуының басталу, өрістеу (яғни, орта шені) және аяқталуы секілді кезеңдері әдеби термин тілімен айтқанда экспозиция, сюжеттік байланыс, шиеленісу, шарықтау шегі, шешімі болу заңдылық. Сюжеттік бұл элементтер оқиғаның, адамдар арасындағы қарым – қатынастың (тартыстың) дамуының түйінді кезеңдерін танытады. Мәселен, экспозицияны (түсіндіру) алайық. Бұл туындыдағы негізгі оқиға мен тартыс басталмай тұрып оұырманды алда оқиға өрістейтін ортамен таныстыру, тартысты, оның қандай жағдайда өтетінін алдын ала аңғарту мақсатын көздейді.
Сұрақтар:
Сюжет қызметін анықтаңыз.
Сюжеттің сақиналы т.б. түрлерін сипаттаңыз.
Көркем шығарманы құрудың негізгі заңдылықтарын сипаттаңыздар.
|