Дәрістің қысқаша мазмұны: Лирикалық бейнелеу тәсілі алуан түрлі өмір құбылыстары, адамның тіршілігі туралы ақынның сезім күйлерін, ой-толғаныстарын, түсінік-ұғымын танытуды бірінші кезекке қояды. Сөйтіп, лириканың предметі эпостағыдай сыртқы дүние, объективті шындық, оқиға емес, ақынның жекелік көңіл күйі, толғаныс-тебіренісі, қуаныш-мұңы, Гегель айтқандай “ішкі әлемнің сыры” болып табылады. Ақын қандай тақырыпты, нендей қоғамдық, адамдық мәселелерді жырласа да ол туралы ең алдымен өз түйсік-сезімін, көзқарасын айқын білдіруі шарт. Сондықтан да Гегель де, Белинский де лирикалық поэзияны ақынның алдымен өзінің ішкі әлемін баса танытатын, көбінше ақынның өзі айтатын субъективті поэзия деп атаған. Лириканың эпикадан тағы бір принципті айырмашылығы Гегель сөзімен айтқанда, оның “ықшамдылығы, шымырлығы. Жалпы лирика “далиған ұзақ-сонар баяндауымен немесе сыртқы жайларды кеңінен ашып беруімен емес, ішкі тереңдігімен әсер етуге тиісті”. Мұндай тұрлаулы түсінікті Белинскийдің де айтқаны белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы да “Толғау (лирика) қысқа болуға тиіс... Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды” деп лирикалық өлең табиғатына тән басты ерекшеліктердің бірін орынды атаған. Ал лирикалық текті толғау деген терминмен атай отырып А.Байтұрсынұлы “толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы (автор) тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды” деп түсіндірген. Белинскийдің де, Байтұрсынұлының да келтірілген пікірлері Гегельдің лириканы ішкі әлемнің пішіні деген нұсқалы толғамымен тығыз үндесіп жатқанын көреміз. Аристотель де кезінде “еліктеуші өз болмысын жасырмай, өзімен өзі жеке қалады” деген еді ғой. Ішкі ғалам адамның (автордың) жан дүниесі, көңіл күйі, сезімдері, толғаныстары.