Зерттеудің әдістері. Магистрлік диссертацияда іскерлік басылымдарда жарық көрген мақалаларды жинақтау, қорыту, тарихи-салыстырмалы талдау секілді зерттеу әдістері қолданылды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Іскерлік басылымдарды зерттеу барысында қазақ журналистикасының тарихы, теориясы мен практикасы туралы ғылыми еңбектер жазған белгілі ғалымдар Б. Кенжебаев, Х. Бекхожин, Т. Амандосов, Д. Салқынбек т.б. еңбектері негізге алынды. Баспасөз тарихы жөнінде 1990 жылдардың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Отан тарихы, тарихнама, деректану, тарихи зерттеу әдістері және филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін Л. Нұрғалиева, З. Сағымбай, М. Мұқашева, Д. Баялиева, Р. Молдашевалар кандидаттық диссертация қорғап, зерттеулерінде Қазақстанда шыққан кейбір басылымдардың ерекшеліктерін айқындағаны белгілі.
Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының бағыттары мен міндеттері жайлы «Журналистің шығармашылық шеберлігі» атты ғалым Т. Бекниязовтың еңбегін атауға болады.
Диссертацияны жазу барысында А. В. Вырковский, А. Караулова, К. Нургожина, Ш. Койккалай, Е. Прохоров, Л. Реснянская, Л. Кройчик т.б. орыс ғалымдарының зерттеу еңбектеріне сүйендік. Алайда, іскерлік басылымдар – қазақ баспасөзі тарихында толық зерттелмеген тың тақырыптардың бірі болғандықтан осы тақырыпты алуды жөн санадық.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қазақ баспасөзіндегі іскерлік басылымдар жеке зерттеу нысаны ретінде алғаш рет алынып отыр:
- іскерлік басылымдардың қалыптасуы, дамуы зерделенді;
іскерлік басылымдардың функциясы мен жанрлық, тақырыптық ерекшеліктері айқындалды;
бизнес, қаржы, банк, құнды қағаздар саласындағы басылымдардың тақырыптық мазмұны тізбектелді;
қазіргі ғаламтордағы іскерлік журналистиканың ерекшеліктері сарапталды;
іскерлік басылымдарда жарияланған мақалалар жан-жақты талданды;
«БизнесLife», «Деловой Казахстан», «Партнер. Бизнес справочник», «Kazakhstan Business Magazine», «Бизнес&Власть», «National Business», «Эксперт Казахстан», «Бизнес спектр Казахстана», «Forbes Казахстан», «PR-Партнер» т.б. басылымдарының құрылымдық ерекшеліктері зерделенді;
іскерлік басылымдарындағы проблемалық мақалалардың көтерген жүгі, атқарып отырған қызметі зерттелді;
инфографика заманауи іскерлік баспасөздің негізгі пішіні екені зерделенді.
Достарыңызбен бөлісу: |