6. Заңға сәйкес сыртқы мемлекеттік аудит органдары үшін республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне, жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкін қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің жекелеген қаржылық есептілігіне қатысты аудит жүргізу бойынша құзырет көзделген.
7. Республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігі (бұдан әрі – РБ ШҚЕ) – бұл республикалық бюджетті атқару және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету саласындағы функцияларды жүзеге асыратын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ведомствосының және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бірыңғай ұйымның қаржылық есептілігі ретінде ұсынылған қаржылық есептілігі.
8. РБ ШҚЕ республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің (оған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің) шоғырландырылған қаржылық есептілігі (бұдан әрі – ББӘ ШҚЕ) және бюджет түсімдері бойынша қаржылық есептіліктің негізінде жасалады.
9. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның шоғырландырылған қаржылық есептілігі – бұл бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның, төмен тұрған бюджеттерді атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бірыңғай ұйымның қаржылық есептілігі ретінде ұсынылған қаржылық есептілігі
10. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі (бұдан әрі – ББӘ ШҚЕ) – бұл бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және оның ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерінің бірыңғай ұйымның қаржылық есептілігі ретінде ұсынылған қаржылық есептілігі.
11. Мемлекеттік мекеменің қаржылық есептілігі – бұл мемлекеттік мекеменің есепті күнге қаржылық жағдайы, оның қызметінің қаржылық нәтижесі және есепті кезеңдегі ақша қаражатының қозғалысы туралы, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жүйелендірілген ақпарат.
12. Жекелеген және шоғырланған қаржылық есептілік мынадай нысандарды қамтиды:
1) Бухгалтерлік баланс;
2) Қаржылық қызмет нәтижелері туралы есеп;
3) Ақша қозғалысы туралы есеп;
4) Таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы есеп;
5) Түсіндірме хат.
13. Мемлекеттік секторда қаржылық есептілікті ұсынудың қолданылатын негізі ретінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған, қоғамдық сектордың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына негізделген нормативтік-құқықтық актілер бекітілген.
14. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының кез келген деңгейдегі қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезіндегі жалпы міндеті қаржылық есептіліктің өз жиынтығында жосықсыз әрекеттердің немесе қателіктердің себебінен жол берілген ақпараттың елеулі бұрмаланушылығын қамтуын-қамтымауына орынды сенімділік алуды білдіреді, бұл өз кезегінде қаржылық есептіліктің барлық елеулі аспектілерде Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп саласындағы заңнамасына сәйкес дайындалуы не дайындалмауы туралы қорытынды беруге мүмкіндік береді.
15. Қаржылық есептілік аудитінің түпкілікті мақсаты – пайдаланушылардың қаржылық есептілікке сенім дәрежесін арттыру. Бұл қаржылық есептіліктің анықтығы, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы пікір қалыптастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
16. Қаржылық есептілік онда ұсынылған ақпараттың ықтимал пайдаланушылар үшін құндылығын қамтамасыз етуі керек, атап айтқанда:
- өзектілік: қаржылық есептілікте ұсынылған ақпарат аудит объектісінің сипатына және қаржылық есептіліктің мақсатына тікелей қатысы бар;
- толықтық: қаржылық есептілікте барлық мәмілелер, оқиғалар, шоттар бойынша қалдықтар және қаржылық есептілікке негізделген қорытындыларға әсер етуі мүмкін ақпарат көрсетілген;
- анықтық: қаржылық есептілікте ұсынылған ақпарат:
а) оқиғалар мен мәмілелердің заңды нысанын ғана емес, ал олардың экономикалық мәнін көрсетеді;
б) бағалау жүргізуге, ақпаратты өлшеуге, ұсыну мен ашып көрсетуге мүмкіндік береді;
- бейтараптылық және объективтілік: қаржылық есептілікте ұсынылған ақпарат риясыз болып табылады;
- түсініктілік: қаржылық есептілікте ұсынылған ақпарат айқын, түсінікті болып табылады және едәуір ерекшеленетін түсіндірмелерді көздемейді.
Достарыңызбен бөлісу: |