Тоғызқұмалақ ойынының басты ерекшеліктері
Тоғызқұмалақ ойынының өзіне тән басты ерекшелігі –ол аса күрделі жабдықты қажет етпейді. Сондықтан да ертеректе ойыншылар кездескен бетте жерден кішкентай шұңқырлар қазып, ойын тақтасын дайындай қойған.Барлық құмалақты салатын шұңқырды-қазан,тоғыз-тоғыздан құмалақ салатын шұңқырды-отау деп атаған [15, 16, 17].
Тоғызқұмалақ ойынында қарама-қарсы 2 қатар орналасқан барлығы 18 отау бар. Отаулар екі жаққа тоғыз-тоғыздан бөлінген. Алғашқы кезде әрбір отау «а» әрпінен бастап тоғыз отаудан солдан оңға қарай а, б, в, г, д, е, ж, з, и әріптерімен белгіленген. Бұл отауларға әріптік белгілер қойған Ш. Ыбыраев болатын. Алайда ойынды бұлай белгілеп жазу кезінде қиындық туғызғандықтан, 1974 жылдан бастап әріптік белгіден сандық белгіге көшірілген. Оның авторы – С. Тілеубаев. Ойыншының бірінің тоғыз отауына берілген атау екінші жақтың да отауларының аты болып табылады. Калах ойынында отауларға реттік нөмірлеу қойылса, ұлттық ойындағы отау аттары ұзақ жылдар ойнаған шебер ойыншылардың тәжірибесіне сүйеніп қойылған. Әрбір отау атын ойлап тапқан ойыншының аты белгісіз болғанымен, бабаларымыздың бұл қойған аттарынан ойынды терең меңгергені байқалады [18].
Тоғызқұмалақ ойынындағы отау аттары қазіргі кезде төмендегіше аталады (1 кесте):
Мұндағы қырғызша аталуының екі нұсқасы да қырғызстандық зерттеушілер Т. Орозобаков пен А. Чылымовтың көрсетуі бойынша беріліп отыр. Белгілі түркітанушы С. Аманжолов отау атаулары және олардың ойын барысындағы қызметі туралы мынадай деректер келтіреді:
«1-отауды «Құйрық» я «Арт» дейді. Себебі, ондағы құмалақтар көпке дейін өзгермей, түгел қалып отырады.
2-отауды «Тектұрмас» дейді. Себебі жүріс көбінесе осы отаудан басталады.
3-отауды «Атөтпес» дейді. Оның себебі, қарсы жақтың аты бұған түспей кете алмайды.
4-отауды «Жаман үй» дейді. Себебі қарсы жақтың адамы бұл жерден үнемі жеп отырады.
1 кесте – Тоғызқұмалақтағы отау атаулары
Отау нөмірлері
|
Қазақша атауы
|
Қырғызша атауы
|
Қарақалпақша атауы
|
№ 9 отау
|
маңдай
|
ооз
|
куу моюн
|
маңлай
|
№ 8 отау
|
көкмойын
|
көк моюн
|
Көк моюн
|
Көк мойын
|
№ 7 отау
|
қандықақпан
|
эки тишти
|
эки тишти
|
қаңлы қақпан
|
№ 6 отау
|
белбасар
|
ак колтук
|
ак далы
|
бел басар
|
№ 5 отау
|
бел
|
бел
|
бел
|
бел
|
№ 4 отау
|
атсыратар
|
далы
|
белдин алды
|
атсыратар
|
№ 3 отау
|
атөтпес
|
текилдек уй
|
жаман үй
|
ат өтпес
|
№ 2 отау
|
тектұрмас
|
ат өтпес
|
ат өтпес
|
тектурмас
|
№ 1 отау
|
Арт
|
куйрук
|
куйрук
|
арт немесе таңлық
|
5-отауды «Бел» дейді. Бұл екі орталық аса қауіпті емес.
6-отауды «Сары дала» дейді. Себебі бұл жүріске де, «тұздық» алуға да ыңғайлы жер.
7-отауды «Қосан жылаған» дейді. Оның себебі – бұрынғы заманда Қосан деген ойыншыны тағы бір ойыншы дәл осы 7-отауда әлденеше рет «тұздыққа» отырғызыпты, соған ыза болып жылапты-мыс.
8-отауды «Көкмойын» дейді. Себебі мұнда да көптен-көп «тұздық» алынатын көрінеді және бұл жерге көп құмалақ жиналып қала береді.
9-отауды «Аққасқа» дейді. Себебі, бұл шұңқырда құмалақ көп жатады. Ойыншы бұл отаудан өз құмалағын шығарса-ақ, қарсы жақтың отауына түседі, бірден оған аттап түсу ойыншыға пайдалы болмайды. Өзін жауып кетіп барып жүрсе, әрине, тиімді болады» , – дейді.
Ал ұлттық ойындарды зерттеуші Т. Сұлтанбеков: «Отау аттары кездейсоқ қойылмаған. Мәселен, ойынның алды және арты болады. Алды тоғызыншы отау – Маңдай, Арты – бірінші отау.
Екінші отаудың Тектұрмас аталуының себебі – онда құмалақ көп жатпайды. Бұл отау – қарсы жақтың шабуыл объектісінің бірі. Оған көбінесе «тұздық» жасалу қаупі туып отырады (тұздық дегеніміз – отау беру, яғни сол отаудан айырылып қалу).
Үшінші отау – Ат өтпес. Бұлай аталу себебі бұл отаудан – ат, яғни құмалақ ешқашан айырылмайды.
Төртінші отау – Атсыратар (жүрістің, құмалақтың таусылуы). Бұл отаудың атсыратар болып аталуының себебі – ойын аяғы осы отаудан басталғанда, құмалақ тез таусылады. Сол сияқты ойын басында осы алғашқы үш отаудан ойын бастаған ойыншы да жүрісі тарылып, тез атсырауға түседі.
Бесінші отау – Бел. Нағыз орта болғандықтан, бел деп аталады.
Алтыншы отау – Белбасар. Белбасар аталуының себебі – ойын басында бұл отаудың құмалағы қарсы жақтың беліне дәл жетіп жатады.
Жетінші отау – Қандықақпан. Көбінесе есептен жаңылдыратын қауіпті отау. Бұл отаудың «тұздығы» позицияда үлкен осалдық тудырады.
Сегізінші отау – Көкмойын. Қандықақпаннан кейінгі осал жер. Бұдан да «тұздық» беру аса қауіпті. Кейбір ойыншылар бұл отауды алқым деп атайды.
Тоғызыншы отау – Маңдай. Бұл отаудың өзіндік қасиеті басқа отаулардан ерекше, яғни бұдан «тұздық» алынбайды» – дейді .
Қытайдағы зерттеуші Е. Әбілқасымұлы «Асық, бестас, дойбы, тоғыз құмалақ» атты еңбегінде тоғызқұмалақ отауы аттарына мынадай түсінік береді және бұл алдыңғы зерттеушілердің мәліметтермен сәйкес келеді: «Сонымен солдан оңға қарай әр екі жақтың 1-отауы «құйрық» немесе «арт» деп аталады.
Мұның себебі ойын барысында 1-отаудағы аттардың саны көп өзгермей баяғы қалпын сақтап отырады. 2-отау жүріс көбірек басталатындықтан, «тектұрмас» деп аталады. 3-отау қарсы жақтың жүрген аты көбірек түсетіндіктен «ат өтпес» деп аталады. 4-отау әр екі жаққа да тиімсіз деп, аттардың көбірек желінетін жері болғандықтан «жаман үй» немесе «атсыратар» деп аталады. 5-отау тоғыз отаудың дәл ортасы әрі басқа отаулармен салыстырғанда біршама қауіпсіздеу болғандықтан «бел» деп аталады. 6-отау жүріске де әрі ұтысқа да қолайлырақ болғандықтан «сары дала» деп, кейде 5-отау – «белдің» қасында болғандықтан «белбасар» деп те аталады. 7-отау әр екі жақтың да жүрген аттары көбірек келіп түсетіндіктен «қанды қақпан» деп аталады. Кей аңыздарда Қосын атты бір ойыншы басқа бір ойыншымен сайысып, дәл осы «қанды қақпан» аталатын 7-отауда қатарынан бірнеше рет ұтылып, соңында жеңілгеніне намыстанып жылаған екен-міс. Сол себепті 7-отауды кейде «Қосын жылаған» деп те атайды. 8-отау ойын барысында ат көбірек жиналып, ұтысқа тиімдірек келетіндіктен «көкмойын» деп аталады. 9-отау аттары шықпай көбірек сақталатындықтан «көкқасқа» немесе «маңдай» деп аталады» [19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26].
Сонымен қатар түркі халықтарының зияткерлік ойындарын зерттеуші ғалым М.Шотаев «Таңғажайып тоғызқұмалақ» еңбегінде төмендегідей мәліметтерді ұсынады: «Кентаулық шебер Т.Құдияров тоғызқұмалақты әскери ойынға жатқызып, осы отаулардың орналасу ретіне өзгеше көзқарас ұстанады. Яғни ойындағы 9 отау – белгілі бір мемлекеттің, көшпенділер үшін қағанаттың құрылымы. Мәселен,
№ 1 отау – жаяу әскер. Бұл отаудағы құмалақ бірден жойылып отырады.
№ 2 отау – шекара. Бұл отаудағы құмалақ үнемі шабуылға ұшырайды.
№ 3 отау – қорған. Бұл отаудан аттап өту үшін қосымша күштер /құмалақтар/ керек. Алдындағы қос отауда құмалақ бір-бірден жатса, қорғаннан аттай алмайды.
№ 4 отау – штаб. Артқы және алдыңғы шепті байланыстырады.
№ 5 отау – уәзір орны.
№ 6 отау – мұрагер (ханзада) орны.
№ 7 отау – ханның сарайы.
№ 8 отау – қор-қазына. Барлық дүние-мүлік, байлық осы орында сақталады.
№ 9 отау – халық мекендейтін орын. Бұл отаудан тұздық алынбайды» .
Негізінен отау аттарының мағынасын түсіну үшін ойынның ерекшелігіне мән беруіміз керек. Бұл ерекшеліктер ойын бастамаларына, тұздыққа және атсырауға тікелей байланысты [27].
Жоғарыда көрсетілгендей зерттеушілердің көрсеткен отау атаулары негізінен ұқсас болып келеді. Алайда осы отауларға түсінік бергенде ішінара қарама-қарсы пікірлер де кездеседі. Мысалы № 1 отауды С. Аманжолов пен Е. Әбілқасымұлы «арт» немесе «құйрық» деп аталады, себебі мұндағы құмалақтар көпке дейін таратылмай сақталып отырылады деп көрсетсе, тоғызқұмалақ шебері Т. Құдияров «бұл отаудағы құмалақ бірден жойылып отырады» - дейді. Қазіргі тәжірибе көрсетіп отырғанындай № 1 отаудағы құмалақтар тез таратылып кетеді, себебі бұл қарсыластың кез келген уақытта шабуылға ұшырауы мүмкін бірден-бір отау. Бұл әрине тиісінше ойыншының өз жоспарын еркінен тыс өзгертуіне әкеп соқтырады. Егер ойынды түркілердің әскери танымдық ойыны ретінде қарастырсақ, онда бірінші отауды «сол қанат», тоғызыншы отауды «оң қанат» деп атауға да болады. Бір қызығы, бұл отауды қарақалпақ халқы «таңдық» немесе «таңлық» деп атайды екен. Сөздің түбірі «таң» болғандықтан, бұл жерде уақыт категориясы көрініп тұр. Алғашқы отауды күннің шығуымен, яғни алғашқы уақыт мерзімімен атауы түсінікті [28, 29].
№ 2 отау тектұрмас деп аталады. Бұл отау да, бірінші отаудағы сияқты, қарсыластың шабуыл обьектісіне тез ұшырайтын болғандықтан, құмалақтар ұзақ уақытқа жинала бермейді. Отаудың бұлай аталуы, біздің ойымызша, тектұрмас отауынан тұздық алынса, бұл отаудың алдындағы бірінші отауда жатқан құмалақтар текке тұрмайды: не қарсыластың шабуылына ұшырап меншігіне айналады, не тұздыққа еріксіз тасталады [30].
№ 3 атөтпес отауының бұлай аталу себебін зерттеушілер «қарсы жақтың аты бұған түспей кете алмайды» (С. Аманжолов), «бұл отаудан ат, яғни құмалақ ешқашан айырылмайды» (Т. Сұлтанбеков) деп түсіндіреді. Бірақ бұл пайымдауларға қарағанда Т. Құдияровтың «бұл отаудан аттап өту үшін қосымша күштер/құмалақтар керек, алдындағы қос отауда құмалақ бір-бірден жатса, «қорғаннан» аттай алмайды» деген тұжырымы әлдеқайда дәлелдірек. Себебі отау атауының өзі айтып тұрғандай жеткілікті мөлшерде аттар болмаса бұл отаудан ат өтпейді. Сондықтан отауды «атжетпес» деп атауға да болады.
№ 8 отау - көкмойын. Көкмойын сөзін С. Аманжолов асау жылқының мойнына құрық салғанда ол шапшып көкке ұмтылып, мойын тұсы тіптен көгеріп ісініп кетеді деп түсіндіреді. Кейбір зерттеушілер тұздықты көкмойын oтауынан алу өте тиімді, себебі құмалақ көп жиналады деп есептеген. Мұндай мәліметтер қытайлық ғалым Е. Әбілқасымұлының еңбегінде де кездеседі. Мойнынан қысылып қылқынған ойыншыны жеңу өте оңай болады деп ойлаған. Отаудың «алқым» деген атауы да бар. Халқымызда «алқымынан алды» деп жатады. Мағынасы – жанын қысты, қыспаққа салды. Сондай-ақ «жаны мұрнының ұшына келді» деген түсінік бар. Ал мұрынның ұшына келместен бұрын «жан алқымға тақалады». Демек көшпенді халықтардың № 8 отауды және ол отаудан алынатын тұздықты маңызды деп есептеуі заңды [31, 32].
Тоғызқұмалақ ойынындағы ерекше отаулардың бірі № 9 маңдай отауы. Отаудың ерекшелігі бұдан тұздық алынбайды. Бұл туралы зерттеуші М. Шотаев: «Қазақы дүниетанымда маңдайың ашық болсын деген ұғым бар. Міне осы түсінік тоғызқұмалақтағы № 9 отаудан тұздық алмау ережесіне жақын келеді. Көнедегі тәжірибелі ойыншылар маңдайдан тұздық алу, ойында ұтылумен пара-пар деп есептеген» – дейді . Отаудың сонымен бірге «аққасқа», «көкқасқа» деген аттары да бар. Мұны екі түрлі пайымдауға болады. Термин адамға да, малға да қатысты қолданылады. «Қасқа» – малдың маңдайында болатын ұзынша келген ақ түсті жолақ. Мал атаулының дене мүшелерінің ең бірінші көрінетін алды маңдайындағы қасқасы болса, отаулардың ең алды маңдай. Сондай-ақ «қасқа бас» деген сөз бар, маңдай шашы жоқ адамға айтылады. Қарапайым түсінік – маңдай шашы жоқ адам қасқа бас болса, тұздығы жоқ отау маңдай деп аталады [33].
Қайсыбір ойын түрінде болмасын кездесетін терминдер мен ережелерін сараптау арқылы сол халықтың дүниетанымын, болмыс-бітімін, қоршаған әлем туралы таным-түйсігін, ең бастысы олардың күнделікті тіршілігін бағамдауға болады. Олай болса біз қарастырып өткен тоғызқұмалақ ойынының бір қырының өзі ертедегі түркі халықтарының тарихына, әдет-ғұрпына бойлай енуімізге мүмкіндік береді. Жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Қауымдастығының www.9kumalak.com ресми сайты жұмыс жасай бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |