12. Атмосфералық ауа ластануының гигиеналық маңызы.
Атмосфералық ауаның ластануы қазіргі замандағы ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Халық санының өсуі мен адамның өндірістік және шаруашылық-тұрмыстық әрекеттерінің қарқынды жүруі ауаның қауіпті масштабта ластана бастауына және күтілмеген салдары дамуына әкеп соқты.
Табиғи (шаңды құйындар, вулкандардың атқылауы, өрттер, борандар, өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарының ыдырауы және т.б.) көздеріне қарағанда, жасанды ластаушы көздерінің айырықша қауіптілігі тек ластану көлемінің үдемелі өсуіне ғана емес, сонымен бірге, ластануының сипатына да байланысты. Қазіргі уақытта, адамға әсер ететін химиялық ластаушылардың жалпы саны 500000 дейін жетіп қалды. Бірақ, табиғи текті заттарға ұқсас ластаушылардан басқа, жасанды көздерден атмосфераға бұрын табиғатта болмаған, синтетикалық жолмен алынған, жаңа қосылыстар да түсіп жатады. Қазір бұндай қосылыстардың 65 мыңға жуығы бар, оның ішінде, 2000 асатын қосылыстар канцерогенді және мутагенді әсер береді. Атмосфералық ластаушылардың мемлекеттердің шекарасынан кедергісіз өтуі, олардың жаһандық таралуына жағдай жасайды және тіпті өндірістері жоқ аумақтардың да ауасының сапасын нашарлатады. Ауаға түскен химиялық заттар басқа заттармен әсерлеспей қалмайды, олар әр түрлі реакцияларға түсіп, адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келітретін әсеріне өз үлесін қосатын өнімдер түзеді.
Атмосфераны негізгі ластаушы көздеріне өндіріс орындары, автокөлік, жылуэнергетика өндірісі, ауыл шаруашылығы жатады. Атмосфералық ауаны ластайтын заттардың 90% газ және бу түрінде болады, ал 10% жуығы қатты және сұйық агрегатты күйде болады. Ауаның ең кең таралған және қауіпті ластаушылардың санатына көміртегі, азот, күкірт тотықтары, қорғасын, кадмий, мышьяк, никель, сынап, галоген қосылыстары, бензол, көпциклді ароматты көмірсутектер (КАК), белсенді газдар және аэрозольдер, күл, күйе, шаңдар және т.б. жатады. Ірі қалаларда ауаны негізінен ластайтын көзі автокөлік болып табылады. Газтәрізді ластаушылардың жалпы көлемінің 60- 90% дейінгі бөлігі осы автокөліктерден шығады. Ауаның ластануындағы негізгі жауапкершілік қазіргі кездегі әлемдік автокөлік паркінің 83-85 % құрайтын жеңіл автокөліктерге тиесілі. Автокөліктерден ауаға шығарылатын пайдаланылған жанармай газдарының құрамына 200-ден аса химиялық қосылыстар кіреді, соның ішінде: иіс газы (0,5-10%) және көмірқышқыл газы (1-12%), азот тотығы (0,8% дейін), реакцияға түспеген көмірсутектер (0,2-3,0 %), 3,4-бенз (а)-пирен (20 мкг/м3 ), альдегидтер, күйе (1,0 г/м3 ). Орташа алғанда, жылына атмосфераға бір жеңіл автокөлік есебінен 700 кг дейін СО, 40 кг азот тотығы, 230 кг көмірсутектер, 2-5 кг қатты бөлшектер түседі. Автокөліктің шығарынды газдарының құрамы көбінесе жанармайлардың сапасына байланысты. Дихлорэтан қосылған этилденген бензинмен жүретін автокөліктердің шығарынды газдарының құрамында қауіпті супер токсиканттар - тетрахлорбензо-диоксиндер(ПХДД) және полихлорланған дибензофурандар (ПХДФ) кездеседі. Құрамында детонацияға қарсы қоспалары бар бензиннің жануы, ауаға қорғасынның әр түрлі қосылыстарының шығарылуына, ал бензинге тек 3,0-3,8 % бензол қосқанда, ауада оның концентрациясының едәуір жоғарылауына әкеп соғады.
Өнеркәсіп кәсіпорындарынын, ең әуелі, қара және түсті металлургияның, химия және мұнайхимия өнеркәсіптерінің, құрылыс индустриясының және целлюлоза-қағаз өнеркәсіптерінің шығарындылары атмосфералық ауаға елеулі әсер етеді. Бұл кәсіпорындардан ауға шығарылатын ластаушы заттардың спектрі автокөліктер мен отындарды жағу кезіндегі бөлінетін ластаушылардың спектрінен едәуір үлкен. Қара металлургия кәсіпорындарында шойынды еріту мен оны болатқа айналдырып өңдеу үрдістері атмосфералық ауаға қатты заттар (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 15,5%), көміртек тотығын (67,5 %), күкірттің қос тотығын (10,8%) және азот тотықтарын (5,4%) шығарумен жүреді. Қайта балқытылған шойынның әрбір тоннасына шаққанда, ауаға 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкірт газ, 0,6-0,1 кг марганец шығарылады. Сонымен қатар, домен пешінен шығатын газдың құрамында атмосфераға аздаған мөлшерде күшән (мышьяк), фосфор, сурме (сурьма), қорғасын, сынап булары, сирек металдар, цианды сутек және шайырлы заттар түседі. Күкіртті газдың едәуір ауға шығарылуы - 1 тонна кенге 190 кг дейін, кенді агломерациялау кезінде байқалады.
Түсті металлургия кәсіпорындары атмосфералық ауаны күкіртті газбен (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 75%), иіс газымен (10,5%), ПХДД және ПХДФ, қорғасын, мырыш, кадмий, күшән, мыс, сынап тотықтарымен ластайды. Алюминий өндірісі; сонымен қатар, ауаға фторлы қосылыстарды, кен шаңдарын және жоғары канцерогенді қасиеті бар полиароматтық көмірсүтектерді (ПАК) - бенз(а)пиренді, бенз(а)антраценді және т.б. бөліп шығарады.
Мұнай шығаратын өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары көмірсутектердің, күкіртті сутектің, күкірттің, азоттың қос тотығының, көміртек тотықтарының жоғары мөлшерлерімен ерекшеленеді. Ал, химиялық және мұнай химиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына өндіріс ерекшелігіне байланысты ингредиенттерінің құрамы одан да кең болуы тән. Бұл күкірттің, азоттың, көміртектің тотықтары мен қос тотықтары, альдегидттер, кетондар, спирттер, галоген өнімдері, күкіртті сутек, фосфор, аммиак, олефиндер, мұнай өнімдері, қышқылдар, ПАК, N-нитрозоқосылыстар және т.б. болуы мүмкін.
Атмосфералық ауаны ластайтын қауіпті көздеріне цемент және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің кәсіпорындары да жатады. Целлюлоза өндірісінен ауаға көп мөлшерде күкіртті газ, күкіртсутек, диметилсульфид, хлор және оның қосылыстары, ұшқыш органикалық еріткіштер шығарылады. Бірақ, ең маңыздысы, бұл өндіріс, технологиялық үрдістің әр түрлі кезеңдерінде түзілетін, ПХДД және ПХД-ң 22 изомерлері мен гомологтарының көзі болып табылады.
Құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар көбінесе құрамында асбест, гипс, цемент, кварц бар шаңдарды шығаратын көздер болып табылады. Бұдан басқа, шығарындылардың құрамында көміртек тотығы (атмосфераға түсетін шығарындылар жиынтығының 23,3%), фтор, қорғасын, күшән, сынап қосылыстары да бар. Атмосфералық ауаның қарқынды ластануы тұрғындардың денсаулығына тікелей де және оның тіршілік ортасына басқа орта арқылы да қолайсыз әсер етеді.
Ластаушылардың адам ағзасына атмосфера арқылы түсуі негізгі түсетін жолы болып табылады, себебі тыныс алу - үзіліссіз үрдіс, осыған байланысты тәулік ішінде өкпе арқылы ауаның өте үлкен, 10-12 м3 дейінгі, көлемі өтіп отырады. Альвеолалар бетінің үлкен ауданы ауаның ғана емес, сонымен бірге, оның құрамындағы ластаушылардың да еш кедіргісіз қанга тез өтуіне жағдай жасайды. Осы жолмен түскен ластаушылардың қолайсыз әсерлері, басқа жолдармен түсуіне қарағанда, тез және айқын білінеді, себебі зиянды заттар улануды жоятын табиғи тосқауыл – бауыр арқылы өтпей, қанмен бүкіл ағзаға тарайды.
Атмосфераны ластаушылар адам ағзасына жедел және созылмалы әсер етуі мүмкін. Жедел әсері ластаушылардың бір рет өте жоғары концентрациясында әсер етуі кезінде байқалады, ал созылмалы әсері – ұзақ уақыт, бірақ аз концентрацияларында, әсер еткенде білінеді. Ауа массаларының табиғи қозғалу және араласу үрдістері әдетте ластаушылардың көп жиналуына кедергі жасайды, сондықтан олардың жедел әсер ететін үлкен концентрациялары тек белгілі бір жағдайларда орын алады: өздігінен тазаруына қолайсыз ауа райы кезінде, нашар желдетілетін жерлерде, ластаушы шығарындылар атмосфераға өте көп мөлшерде түскенде, авария жағдайларында және т.б.
Атмосфераны ластауышалардың жедел әсерінің классикалық мысалына адам ағзасына улы әсер ететін тұмандардың – смогтардың (смог - түтінмен араласқан тұман) әсерін жатқызуға болады. Тұмандардың 2 түрін ажыратады: бұлтты, тұманды және желсіз ауа райы кезінде пайда болатын, лондондық типті (қысқы) және ашық ауа райы кезінде болатын лос-анджелестік типті тұмандарды. Олар өзінің атын 20 ғасырдың ортасында тұмандардың жоятын әсері ерекше байқалған қалалардың аталуы бойынша алған. Лондондық типті тұмандар 1930 жылының өзінде ақ Бельгияда, Маас өзенінің алқабында, ал 1931 жылы – Англияда Манчестер мен Солфорд аудандарында, 1948 жылы АҚШ Донор қаласында байқалған. Олар тұрғындардың жаппай ауруларына әкеліп, ондаған, жүздеген адамдардың өмірін алып кетті.
Тұманның дамуында температуралық инверсия ерекше рөл атқарды. соның салдарынан ауаның қалыпты айналымы бұзылып, барлық улы шығарындылар, жоғары көтеріле алмай, тікелей жердің үстінде жиналды. Температуралық инверсия қыс уақытында, қатты аяз кезінде ғана емес, сонымен бірге, ауаның температурасы жоғарылау болған кезде де байқалады. Ол түнде жер салқындағандықтан (түнгі инверсия) және тау алқаптарындағы таудан соққан суық ауа алқаптағы ауаның жылы қабаттарының астына ығысуы нәтижесінде пайда болады.
Фотохимиялық тұмандардың негізгі құрам бөліктері азот және көміртек тотықтары мен қос тотықтары, көмірсутектер, фенолдар және т.б., сонымен қатар, күн радиациясының әсерінен фотохимиялық реакциялар нәтижесінде түзілген, фотооксиданттар деп аталатын, қосылыстар болып табылады. Ультракүлгін сәулелері азоттың қос тотығымен өзара әсерлесіп, оның ыдырауына және соның нәтижесінде азот тотығы мен атомарлы оттегінің түзілуіне әкеледі. Атомарлы оттегі молекулярлы оттегімен қосылып, негізгі фотооксиданттардың бірін – озонды түзеді, ол ауадағы көмірсутектерді және басқа да органикалық ластаушыларды тотықтырып, басқа да фотооксиданттардың: пероксиацетилнитрат, пероксибензолнитрат, бос радикалдар, альдегидтер, кетондар және т.б. түзілуіне әкеп соғатын, тізбектік химиялық реакцияларға бастама береді.
Фотооксиданттар көздің және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарына айқын тітіркендіргіш әсер етеді, тұншығу ұстамаларына, бронх демікпесі дамуына және бронхөкпелік аппараттың қабыну-дистрофиялық зақымдануына әкеп соғады. Уланудан болған эффектілерінің де білінуі, сонымен қатар, тыныс мүшелірінің және басқа мүшелер мен жүйелердің созылмалы ауруларының қозуы байқалуы мүмкін. Фотохимиялық тұмандар кезіндегі озонның концентрациясы ауаның тазалығын емес, керісінше, оның ластану дәрежесін сипаттайды. Оның концентрациясы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым тұман айқын және ұзақ болады.
Атмосфераны ластаушылардың адам ағзасына созылмалы әсері, жедел әсеріне қарағанда, жиі кездеседі, себебі, созылмалы әсері, жедел әсері білінетін экстремалды жағдайларда емес, ауаның ластану деңгейі өте жоғары мөлшерге жетпейтін жағдайларда жүреді. Алайда, тіпті қарқындылығы аз, бірақ, рұқсат етілген деңгейінен асатын әсері, белгілі бір уақыттан кейін спецификалық және бейспецификалық эффектілерінің дамуына әкеп соғады. Спецификалық әсері әрбір ластаушының түріне тән симптомдардың кешендері дамуымен байқалады. Бейспецификалық әсеріне жалпы аурушаңдылықтың өсуін, ағзаның сенсибилизациясын, балалардың дамуы мен өсу көрсеткіштерінің төмендеуін, қоршаған ортаның түрлі факторларына ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуін жатқызады. Ауа ортасын негізгі ластаушылардың (поллютанттар) бірі қазіргі уақытта күкірт, көміртек, азот тотықтары, қорғасын, сынап, кадмий, галогенді қосылыстар және ПАК болып табылады. Олардың ішінде атмосфераға тусетін шығарындылардың көлемі бойынша (жылына 6000 млн/т) көмірқышқыл газы бірінші орын алады. Бұл қосылыс ұзақ өмір сүретін заттардың қатарына жатады, бірақ, ауада болатын концентрациясында оның химиялық агрессивтілігі мен ағзаға әсері үлкен емес. Алайда, ол атмосферадағы СО2 мен басқа да парниктік газдардың концентрацияларының біртіндеп жоғарылауына байланысты парниктік эффектінің дамуында негізгі рөл атқарады. Иіс газының шығарылу көлемі едәуір көп, оның, көмірқышқыл газына қарағанда, агрессивтілігі жоғарылау, бірақ, тұрақты емес, көмірқышқыл газына және басқа қосылыстарға тез айналады.
Қазақстанның көптеген өнеркәсіп орталықтары мен ірі қалаларының ауасы шаңмен, күкірт және азоттың қос тотықтарымен, көміртегі тотығымен, бенз-а-пирен, қорғасын, формальдегид, фенол, көмірсутектермен жоғары деңгейде ластануымен ерекшеленеді.
Ластану деңгейі бойынша бірінші орынды Алматы қаласы алады, мұнда 5 зат бойынша есептелген ластанудың кешенді индексі (АЛИ5) 12,1 құрайды, ал ауада, ең жоғары концентрациялары ШРЕК –тен 1,5-13,6 есе жоғары болатын, араласқан қатты бөлшектер, көміртегі тотығы, азоттың қос тотығы, фенол, формальдегид кездеседі. Алматыда ауаны ластайтын негізгі көздер автокөлік және жылу электростанциялары болып табылады.
Адам ағзасына тек химиялық қана емес, сонымен қатар, биологиялық ластаушылар да әсер етеді. Ауа ортасының құрамында биологиялық нысандардың өте көптеген түрлері: бактериялар, вирустар, микроскопиялық саңырауқұлақтардың споралары, қарапайымдалардың цисталары, кенелер және т.б. бар. Алайда, ауа ортасының өзіне тән микрофлораны бөліп көрсету мүмкін емес, себебі, микроағзалардың өсіп-өнуі үшін ауа қолайлы орта болып табылмайды.
Сонымен бірге, биологиялық агенттер, тіпті кепкен күйінде де өмірсүруге қаблеттілігін ұзақ уақыт сақтап қала алады. Ауа көптеген инфекциялардың: туберкулез, дифтерия, қызылша, көкжөтел, скарлатина, тұмау, сібір жарасы, туляремия, обаның және басқалардың негізгі берілетін жолы болып табылады. Ауа массасының үнемі айналымда болуы биологиялық аэрозольдердың едәір қашықтыққа таралуына ықпал етеді, бұл эпидемия дамуы қауіпін туғызады. Соңғы жылдары «қолдан жасалған» немесе қоздырғыштардың табиғи жолмен мутациялануымен (құс, доңыз тұмауы) байланысты инфекцияларды жұқтыру қаупі шұғыл өсті.
Достарыңызбен бөлісу: |