Зерттеу барысында жасалған теориялық талдаулар барысы мен алынған тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар негізінде төмендегідей тұжырымдар жасауға болады:
Педагогикалық жоғары оқу орнының студенттерінің лидерлік әлеуетін дамыту мынадай әдіснамалық амалдыр негізінде жүзеге асты: тұлғалық амал, іс-әрекеттік амал, жүйелілік амал, аксиологиялық амал, акмеологиялық амал, синергетикалық амал, рефлексиялық амал.
Жоғарыда көрсетілген әдіснамалық амалдар негізінде біз, студенттердің лидерлік әлеуетін дамытуда мынадай қағидаларға сүйендік: жүйелілік, конструктивті өзара әрекеттесу, өз-өзін жүзеге асыру мен рефлексия.
Зерттеу барысында «әлеует», «лидерлік» ұғымдарына контент -талдау арқылы студенттердің лидерлік әлеуетінің мәні анықталды. «Студенттердің лидерлік әлеуеті - кәсіби және тұлғалық сапалар жиынтығымен сипатталатын, басқару саласындағы білім, біліктер жүйесі мен әмбебап құралдарын меңгерген, ізбасарларының өзін-өзі бекітуі мен командалық жұмысқа барынша дайындық деңгейін қамтамасыз ететін іргетасы» деп нақтыланды.
Диссертациялық зерттеу барысында педагогикалық жоғары оқу орындары студенттерінің лидерлік әлеуетін дамытудың моделі жасалды, модельдің құрамдас бөліктері ретінде мақсаттық (мақсат, міндеттер), әдіснамалық (әдіснамалық амалдар, қағидалар), мазмұндық (мазмұны, формалары, әдістері) және нәтижелік (компоненттер, көрсеткіштер, деңгейлер және нәтиже) блоктар қарастылып, оларға сәйкес әр блоктың мазмұны ашылды.
Педагогикалық жоғары оқу орнының студенттерінің лидерлік әлеуетін дамытудың әдістемесі дайындалып: «Лидерлік» атты элективті курс бағдарламасы; студенттерге арналған «Көшбасшылар» клубының ережесі, бағдарламасы; Абай атындағы ҚазҰПУ сайтындағы «Көшбасшылар» клубының электронды парақшасы (клуб ережесі, жоспары, әлем және Қазақстан көшбасшылары, бейне материалдар, хабарландырулар және т.б.) жұмысы ұйымдастырылып, тиімділігі эксперимент арқылы тексерілді.
Әзірленген диагностикалық құралдар эксперименттік топта студенттердің лидерлік әлеуетін дамытуда сапалы өзгерістерді байқатты.
Зерттеу нәтижелерін саралай келе, педагогикалық жоғары оқу орнының студенттерінің лидерлік әлеуетін дамытудың мақсатында төмендегідей ұсыныстар берілді:
Педагогикалық жоғары оқу орнының оқу жоспарына таңдау компоненті ретінде біз құрастырған «Лидерлік» атты элективті курсты, сонымен қатар зерттеу барысында жинақталған материалдарды пән мазмұнына енгізу;
-ЖОО-ның институт көлемінде студенттердің лидерлік әлеуетін дамыту мәселесі төңірегінде оқытушыларға арналған семинарлар мен дәрістер циклы ұйымдастырылса;
сонымен қатар, зерттеу нәтижесі ретінде баспадан шыққан «ЖОО студенттерінің лидерлік әлеуетін дамытудың ғылыми-теориялық негіздері» атты оқу –әдістемелік құралды жоғары оқу орнының біртұтас педагогикалық үрдісінде пайдалануға ұсыну.
Зерттеу жұмысымызда осы мәселелер толық шешімін тапты деуге болмайды. Келешекте зерттеу мәселесі техникалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің лидерлік әлеуетін дамытуды қарастыру болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |