Тікқанаттылар қатары – Orthoptera
54 (53)
|
Артқы аяғының саны (ортан жілігі) жуандап іріленбеген.
|
55 (64)
|
Мұртшасының ұзындығы басынан қысқа.
|
56 (59)
|
Ауыз аппараты кеміргіш ауызды түзеді: күйсеуіштері (мандибула) жақсы дамыған (10 - сурет, 5-6).
|
57 (58)
|
Тері жамылғысының түсі ақшыл немесе түссіз мөлдір. Басы үлкен, көзі кішкене және дөңес (тостақ) емес (10-сурет, 46).
Аққұмырысқа немесе термиттер қатары – Isoptera
|
58 (57)
|
Терісінің өңі баран. Айқын көрінетін дөңестеу (тостақ) көздері бар басы онша үлкен емес (10-сурет, 47).
Қаттықанаттылар немесе қоңыздар қатары – Coleoptera
|
59 (56)
|
Ауыз аппараты кеміргіш емес, күйсеуіштері (мандибулалары) дамымаған, кейбірінің ауыз аппараты шала дамыған.
|
60 (61)
|
Денесінің сырты қабыршақ түктермен және бітік қылшықтармен қапталған (10-сурет, 48). Ауыз аппараты ширатылып оралған бунақсыз түтік тәріздес тұмсықты құрайды немесе ауыз аппараты мүлдем жоқ болуы мүмкін.
Қабыршаққанаттылар қатары – Lepidoptera
|
61 (60)
|
Денесі қабыршақпен қапталмаған, ауыз аппараты басқаша түрде дамыған.
|
62 (63)
|
Ауыз аппараты бунақты ұзын тұмсықты түзеді (10-сурет, 32).
Теңқанаттылар – Homoptera
|
63 (62)
|
Ауыз аппараты бунақталған тұмсық түзбейді. Денесі 0,5-2мм болып келген өте ұсақ жәндіктер (10-сурет, 49).
Шашаққанаттылар немесе трипстер қатары – Thysanoptera
|
64 (55)
|
Мұртшалары денесінің ұзындығына тең келіп, кейде одан да ұзын болуы ықтимал.
|
65 (66)
|
Дене мөлшері орташа немесе ірі. Денесінің ұзындығы 5 мм-ден ұзын. Құрсағының ұшында қысқалау өскіні бар.
Тарақандар қатары –Blattoptera
|
66 (65)
|
Денесінің ұзындығы 5 мм-ден кіші болатын ұсақ жәндіктер. Құрсағының ұшында өскіні болмайды (10-сурет, 50).
Шөпжегілер қатары – Psocoptera
|
ЖӘНДІКТЕРДІҢ ДЕНЕСІНІҢ СЫРТҚЫ ҚҰРЫЛЫСЫ
ДЕНЕСІНІҢ БУНАҚТАНУЫ, ОНЫҢ БӨЛІМДЕРГЕ БӨЛІНУІ
Материал: Спиртте сақталған заузақоңыз немесе оның орнына қара тарақан немесе шекшек, шегірткені алуға болады.
Құрал-жабдықтар: Петри табақшасы, пинцет, препараттық инелер, 10 есе ұлғайтқыш лупалар, фильтрлік қағаз.
Тапсырманы орындау барысы:
-
Заузақоңызды мұқият қарап, денесінің негізгі бөліктерін басы мен кеудесінің қосалқы мүшелерінің бекітілетін жерлерін белгілеу.
-
Заузақоңыздың дене бөліктерінің арасындағы қоспасын тапқаннан кейін пинцет және препараттық инелердің көмегімен оларды бөлшектеу.
-
Заузақоңыз денесінің бөліктерін фильтрлік қағазға жайып қойып, оның құрылысының сұлба суретін сызу (11-сурет).
-
Денесінің кеуде бөлігінің құрылысындағы ерекшеліктерді анықтау.
-
Құрсағының құрылысына мұқият зер салып, бунақтарының арасын анықтау және демтесіктерінің орналасқан орнын белгілеу.
11 - сурет. Заузақоңыздың денесінің бөліктері.
1 – басы, 2 – кеуденің алдыңғы буыны, 3 – кеуденің ортаңғы буыны, 4 – кеуденің артқы буыны, 5 – құрсақ бөлігі
Тапсырмаға түсініктеме.
Жәндіктердің денесі үш бөлімнен тұрады: бас, кеуде және құрсақ. Жәндіктердің денесінің кутикулдың қабығы тығыз, қатты, денесінің көп бөлігі хитинмен қапталған және ауыз бөліктері бар.
Кеуде бөлігі үш бунақтан тұрады: алдыңғы кеуде, ортаңғы көкірек, артқы кеуде бөліктері. Олардың әрбіреуінде бір қос аяғы бар. Ортаңғы және артқы кеуде бунағының үстіңгі жағына бекінген бір немесе екі жұп қанаты болады.
Құрсағы бірнеше бунақтан тұрады (5, 11 максимум 12).
Кейбір жәндіктердің құрсағының соңғы бунақтарында қосымша мүшелері бар (жұмыртқасалғы, құйрық жіптер, және т.б. ).
Дене сегментінің қаңқалық негізі болып кутикулдың сақинасы табылады. Мұндай сақинаның әрбіреуі дене сегментін құрайды. Олар 4 жеке склеритке бөлінеді: арқа, жоғарғы немесе дорсальды жарты сақина – тергит; бауыр жағының немесе вентральдық жарты сақина – стернит және бүйіршесінің жарты сақинасы плеирит деп аталады (12-сурет).
12 - сурет. Жәндік денесінің сегменттерінің құрылыс сұлбасы.
Т – тергит, ст – стернит, пл – плейриттері.
Зауза қоңызды мүшелеуде ең алдымен препараттық инелердің көмегімен басын бөліп алады. Кейін жүйелі түрде алдыңғы көкіректі бірінші аяқ жұбымен бірге, ортаңғы көкірек екінші аяқ жұбымен және бірінші қанат жұбымен, артқы көкірек үшінші аяқ жұбымен және екінші қанат жұбымен бірге бөліп алынады. Ең күрделі операция – ортаңғы көкіректің тар сақинасын және оған қосылатын аяқтары мен қанаттарын бөліп алу. Ол үшін алғашқыда заузақоңыздың тығыз жоғарғы қанаттарын жан-жаққа айыру керек. Кейін ортаңғы көкіректің қалқаншасының астына препараттық инені абайлап тығып, оны екі жақтан жайлап теңселту керек. Дәл осындай операцияны дененің құрсақ жағынан да жүргізеді, ортаңғы және артқы көкірек аралығындағы шекарада екінші жұп аяғының негізінің астында инені тығады. Осыдан кейін егер ортаңғы көкірек сақинасын оның денесінен инені бір бүйірінен екінші бүйіріне қарай жылжыту арқылы бөлсе, онда сақина оңай бөлінеді.
13 - сурет. Жәндіктің кеуде бөлігінің құрылыс схемасы (кеуде склериттеріне бөлінген).
Псп – алдыңғы арқа, эпс – алдыңғы, ортаңғы, артқы көкірек эпистерні, эпм – олардың эпимерлері, грд – олардың көкірекшесі, пш – олардың плейральді жігі, пщ – ортаңғы және артқы арқасының қалқан алды, ш – олардың қалқаны, щк – қалқаншасы, зсп – арқа арты, плс – плейральді бағана, тз – алдыңғы, ортаңғы, артқы аяқтарының жамбасшалары, вер – олардың вертлуг (ұршық), бед – олардың саны (жаясы), 1, 2, 3, индекстері алдыңғы, ортаңғы, артқы көкірекке жататынын білдіреді.
Дене бөлімдерін қарастырғанда көкірек құрылысының күрделілігіне және қанаттары мен аяқтарының бекітілуі ерекшеліктеріне көңіл аударады. Көкірегінің алдыңғы, ортаңғы және артқы тергиттері сәйкесінше алдыңғы, ортаңғы және артқы арқа деп айтылады. Стерниттері алдыңғы, ортаңғы және артқы көкірек деп аталады. Алдыңғы көкірек құрылысы қарапайым, ортаңғы және артқы арқада оларды екіншілік бөлімшелерге бөлетін жіктер жүйесі бар (13-сурет). Олардың негізі – қалқан, оның алдында қалқан алды жатыр. Арқаның сыртқы бөлігі жіңішкеленіп, жарғақ-белдеушеге айналады. Ал оның артында жатқан арқаның жіңішке шеттік жолақша арқа артына жекешеленеді. Осының арқасында барлық арқа бөлімдері өзіне қажетті ептілікке ие болады. Көкірек плейриттері де едәуір қатайған. Әрбір аяғының денеге бекінген түбінде айқын плейральді жігі бар. Ол плейральді айдардың, яғни кутикулдың (көкіректің эндоқаңқасының бөліктері) терең ішкі қабатының сыртқы бөлігі болып табылады. Плейральді жік плейритті екі қасаңқапқа (склеритке) бөледі: алдыңғы – эпистерм және артқы – эпимер. Әрбір плейриттің жоғарғы шетінде кішкене без – бағана орналасқан, оның үстінде қанаттың негізі бекінеді (13-сурет).
Жәндіктің өмір сүру дағдысы оның көкірек бөлігінің құрылысына әсерін тигізеді. Тарақанның, саяқ шегірткенің құрылысын салыстырыңдар.
Жәндіктердің құрсақ бөлігі құрылысы жағынан ұқсас бірнеше бунақтан тұрады. Құрсақтың соңғы бунақтары әрқашанда қатты өзгеріске ұшыраған немесе жойылу бағытымен дамыған болуы ықтимал. Құрсақтың тергиттері мен стерниттері әдетте хитинмен қапталған, плейриттер – жұмсақ болады және жарғақпен қапталған.
Құрсақтың бүйірлерінде және көкірегінде демтесіктер немесе стигмалар орналасқан. Олар ауаның келуіне және трахейлік жүйе үшін ашық болады.
Заузақоңыздың құрсағын пинцеттің ұшымен созып, бунақтар мен олардың бөліктерін қарайды (құрсақты құрайтын сақинаның тергиттері, стерниттері және плейриттері). Плейриттердегі демтесіктер қара дақ түрінде айқын көрінеді.
ЖӘНДІКТЕРДІҢ БАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Материал: Заузақоңыздың (тарақанның, шегірткенің) спиртте сақталған мүшеленген басы, пенопласт табақшаға қадалып қойылған ызылдақ қоңыз, шегіртке немесе саяқ шегіртке, цикада.
Құрал-жабдықтар: бинокльдік микроскоп, 10 есе үлкейткіш лупалар, Петри табақшалары, шымтезекті және пенопласты тақтайшаға орнатылған жәндіктер, препараттық инелер, қабырға кестелер.
Тапсырманы орындау барысы:
-
Заузақоңыздың басының құрылысын қарау, бас бөліктерін және олардың арасындағы шекаралар мен мұртшалар және ауыз мүшелерінің бекітілетін жерлерін белгілеу.
-
Заузақоңыздың басының құрылысын салу.
-
Пластинкалардағы құрастырылған жәндіктердің басының орналасу типтерін анықтау.
Тапсырмаға түсініктеме.
Жәндіктердің басы бір-бірімен тығыз біріккен және бірнеше бөлікке (склериттерге) көрінер-көрінбес жіктермен бөлінген тұтас бас қаңқасы болып құралған. Басының алдында маңдай, көзаралық бөліктері бар. Маңдайдың төменгі шекарасы маңдайшаға ұласады, яғни бас немесе ауызүсті қалқанымен жалғасқан. Оның алдыңғы сыртқы шетіне жоғарғы ерні бекітіледі. Көз үстімен жалғасқан маңдай біртіндеп төбеге жалғасып жатыр. Оның артқы жағы артқа қарай көлбеуленген, оны шүйде деп атайды. Бастың бүйір бөліктері көз үстіндегі самайларға және көз астындағы беттерге бөлінеді. Беттеріне жоғарғы жақ сүйектері бекітілген. Бастың бүкіл төменгі бөлігі мойын деп аталады (14-сурет).
14 - сурет. Қоңыздың басының құрылысы.
м – маңдай, т – төбе, к – көз, мұ – мұрты, мш – маңдайша, үе – үстіңгі ерні, үжж – үстіңгі жақ сүйегі, б – беті, етсм – еріннің төменгі сезгіш мұртшасы.
Заузақоңыздың басын жоғарыда сипатталған тәсілдің көмегімен 10 есе үлкейтіп көрсететін лупамен немесе бинокльдік микроскоптың көмегімен қарауға болады. Бинокльдік микроскоп жәндіктермен жұмыс істеуге ең қолайлысы болып табылады. Ол объектінің стереоскоптық тура бейнесін көрсетеді. Онымен күннің жарығын, үстел лампасы немесе мөлдір емес объектілерді көруге арналған реостатты қолдану арқылы жұмыс істеуге болады. Бинокльдік микроскоп объектіні 3-8 есе ұлғайтып көрсете алады. Бинокльдік микроскоппен жұмыс істеу тәртібі оған арналған нұсқауларда көрсетілген.
Ең алдымен қоңыздың басының жоғарғы бөлігін қарастырады. Мұнда маңдайша, маңдай, төбе және шүйде, кейін бүйірлеріндегі бөліктерін, соңында төменгі бөлігі, яғни мойнын қарастырады. Бұл мақсатпен, яғни ыңғайлы болу үшін қоңыздың басын препараттық инемен қадап, оны айналдыра отырып қарайды.
Заузақоңыздың маңдайшасы, маңдайы немесе беттері түкті болып келген, ал төбесі, шүйдесі мен мойны таза, жылтыр болып келген. Басы мойын бөлігіндегі жұқа жарғақ арқылы кеудесіне қосылады.
Бастың алдыңғы бетіндегі (сыртында) шұңқырда мұртшалар орналасқан. Ал бүйір жақтарында көздері орналасқан, Маңдайшасы мен беттеріне ауыз мүшелері қосылған. Заузақоңыздың мұртшаларын, көздерін және ауыз бөліктерін бас бөліктерін қарастырғанда бірге қарастырады.
Жәндіктердің басының кеуде бөліктеріне қарай орналасуына байланысты олардың аузы а) алға қарай бағытталған; б) төмен қарай тік бағытталған және в) артына қарай бағытталған деп үш топқа бөлінеді. Мысалы, ызылдақ қоңыздың аузы алға қарай, шегірткенің аузы төмен қарай, шиланның аузы денесінің артына қарай бағытталған екеніне осы жәндіктерді зерттегенде назар аудару қажет.
МҰРТШАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ӘРТҮРЛІЛІГІ
Материал: Инемен түйреп фенопласт тақтаға монтаждап дайындаған заузақоңыздың ұрғашысы мен еркегі, жұпсыз жібеккөбелек (еркегі мен ұрғашысы), ызылдақ қоңыз, шегіртке, қысқа мұртты қарағай сүгені, ақ көбелек немесе нимфалид тұқымдасының көбелектері, ала көбелек, айдарлы шыртылдақ, сона, шилан және тағы басқа да жәндіктердің жинағы.
Сонымен қатар әртүрлі жәндіктердің заттық шыныға жабыстырылып құрастырылған мұртшаларының препараттарын дайындауға болады.
Құрал-жабдықтар: 10 есе үлкейтіп көрсететін лупа, фенопласт тақташалар, қабырға кестелері.
Тапсырманы орындау барысы.
-
Жәндік мұртшаларының түрлі типтерін қарастыру.
-
Арнайы дайындаған әртүрлі жәндіктердің мұртшаларының құрылысын мұқият қарап, мұртшаның қай топқа жататынын анықтау.
-
Заузақоңыз және жұпсыз жібеккөбелекті үлгі ретінде ала отырып, еркегі мен ұрғашыларының мұртшаларының айырмашылығын анықтау.
Тапсырмаға түсініктеме.
Жәндіктердің мұртшалары (антенналары) негізінде сипап сезу мүшелерінің қызметін атқарады. Олар көз және маңдайша аралығында арнайы мұрт шұңқырында бекітілген. Мұртшалар көптеген буындардан (үштен бірнеше ондаған буынға дейін) тұрады. Бірінші негізгі буын көбінесе ең ірі болады. Екіншісі, кейбір жәндікте белгілі бір деңгейде өзгерген болады, ол сағақ деп аталады, қалғандары бірігіп талшықты құрайды.
Еркегінің және ұрғашысының мұртшалары көбінесе пішіні мен үлкендігімен ерекшеленеді. Еркегінің мұртшалары әдетте үлкенірек болады.
Шартылдақ қоңыздың еркегі мен ұрғашысының мұртшаларының құрылысын қарастыра отырып, олардың үлкендігі мен тақташалы шоқпарбас буындардың санына назар аудару керек.
Жәндіктердің мұртшаларының алуан-түрлі пішіндері болады. Олардың пішіндері мен ұзындығындағы айырмашылық жәндіктерді систематикалық топтарға бөліп жіктеуде кеңінен қолданылады. Жәндіктерде кездесетін мұртшалардың ең маңызды типтерінің құрылысы 15 - суретте көрсетілген. Мұнда олардың атаулары да жазылған. Дәптерге мұртшалардың негізгі типтерін салу керек.
15 - сурет. Мұртшалардың құрылысы мен әртүрлілігі.
1 – тікен тәріздес мұртша, 2 – жіпше тәріздес, 3 – таспих тәріздес, 4 – ара тәріздес, 5 – тарақ тәріздес, 6, 7 - шоқпар тәріздес, 8 – ұршық тәріздес, 9 – тақталанған шоқпарлы, 10 – имек тәріздес, 12 – қауырсын тәріздес, 13 – тікенді мұртша.
АУЫЗ АППАРАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘРТҮРЛІЛІГІ.
Материал: Түрлі типке жататын ауыз аппараттарының мүшеленген препараттар жиынтығы, фенопласт тақтаға монтаждап дайындаған түрлі жәндіктер жинағы; саяқ шегіртке, ызылдақ қоңыз, қалқаншалы қандала, цикада, ақ көбелек, қара шыбын, сона, балара немесе түкті ара, бұғықоңыз.
Құрал-жабдықтар: бинокльдік микроскоп, 10 есе үлкейтіп көрсететін лупа.
Тапсырманы орындау барысы.
-
Негізгі типтердің мүшеленген ауыз аппараттарын қарастыру және суретін салу.
-
Фенопласт тақтаға монтаждап дайындалып, орналастырылған жәндіктердің ауыз аппараттарының типін анықтау.
-
Бұғы қоңызды мысалға алып, жоғарғы жақ сүйектерінің түрлік өзгеруін, жыныстық сипатын қарастыру.
Тапсырмаға түсініктеме.
Жәндіктің басындағы ауыз аппаратын құрайтын бөліктері көп жағдайда жұпты және жұпсыз құрылыс сипатында болады. Шығу тегінің алғашқы негізі бойынша олар ауыз мүшелерінің үш жұбынан тұрады: буынсыз үстіңгі жақтарының жұптары, әрбіреуі бірнеше буыннан құралған астыңғы жақтарының жұптары және жұпсыз, бунақталған астыңғы ерін. Ауыз мүшелері үстінен жылжымалы пластинкамен қапталған – жоғарғы ерін, ол тері қатпары болып табылады.
Жәндіктердің ауыз мүшелері қорегін ұстап алуға, тістеуге және шайнауға немесе соруға бейімделген. Атқаратын қызметіне сәйкес олардың құрылысы әртүрлі болады және келесі негізгі типтерге бөлінеді: кеміргіш, кеміре-жалағыш, шаншып сорғыш, кесіп жалағыш, сорғыш және жалағыш болып келеді.
Кеміргіш немесе ортоптероидты тип жәндіктердің ауыз аппаратының бастапқы формасы болып есептеледі. Ол қатты қорекпен қоректенетін жәндіктерге, оның ішінде көптеген төменгі сатыдағы жәндіктерге, сонымен қатар қоңыздарға, жарғаққанаттыларға, көбелектердің дернәсілдеріне, қиғыларға және кейбір қосқанаттыларға тән. Орман зиянкестерінің көбінің кеміргіш ауыз типіне жатады. Нағыз кеміргіш ауыздың құрылымын тікқанаттылар қатарына жататын жәндіктерден көруге болады. Мысалы, шегіртке, шекшек, тарақандардың аузының құрылысы нағыз кеміргіш ауыздың мысалы бола алады. Нағыз кеміргіш ауыздың халықаралық атауы – ортоптероидты ауыз. Ол ortho – тік, ptera – қанат (немесе тік қанаттылардың аузы тәріздес) деген сөзден шығады.
Нағыз кеміргіш ауызбен танысу үшін тарақанның аузының құрылысын мүшелеп алып көрейік (16-сурет).
16 – сурет. Қара тарақанның ауыз аппараты.
І – үстіңгі ерін, ІІ – күйсеуіш, яғни үстіңгі жақ жақтары ІІІ – астыңғы жақтары, нб – негізгі буынша, б – бағанша, ажм – астыңғы жақ мұртшалары, сшқ – сыртқы шайнау қалақтары, ішқ – ішкі шайнау қалақтары, IV – астыңғы ерін, иа – иек асты, и – иек, тем – төменгі ерін мұртшасы, қт – қосалқы тілшелер, т – тілшелер.
Суретте ауыз аппаратының барлық бөліктерін белгілейді. Бұғы қоңызды үлгі етіп алып, жәндіктердің кеміргіш ауыз аппаратын үстіңгі жағын түрлік өзгеріске түсетініне назар аударыңдар. Ызылдақ қоңыз бен саяқ шегірткенің мүшеленбеген түрдегі кеміргіш ауыз аппаратының бүтін қалыптағы сыртқы бейнесіне зер салып қараңдар. Кеміргіш-жалағыш ауыз аппараты балараға тән. Оның үстіңгі ерні мен үстіңгі жақтары (челюсти) әдеттегі кеміргіш ауыз аппаратының үстіңгі ерні мен жағына өте ұқсайды. Астыңғы жақтары мен астыңғы ерні, керісінше, қатты өзгеріске ұшыраудың салдарынан жалап ішетін ерекше аппаратқа айналған (16-сурет).
17 – сурет. Араның кеміріп жалағыш ауыз аппараты.
Баларалардың ауыз аппараты жартылай сұйық қоректі, яғни гүлдердің шірнесін қабылдауға бейімделген. Баларалардың үстіңгі жағы ұя салу, және тағы да басқа алуан-түрлі құрылыс жұмыстарын атқаруға бейімделген құрал болып табылады.
Түкті ара мен балараның ауыз аппараттарының құрылысымен танысыңдар.
Шаншып-сорғыш ауыз аппараты сұйық қорекпен қоректенетін жәндіктерге (өсімдіктер шырынымен, жануарлардың қанымен қоректенетін), қандалаға, теңқанатты – еттұмсықтыларға, кейбір қосқанаттыларға тән.
Қоректік затқа тұмсығын қадап шаншымаған, жай тыныштық кезде қандаланың ауыз аппараты ерекше буыннан құралатын тұмсық болып келеді. Тұмсығының сыртқы қабығының ішінде бірнеше жіңішке қылтанақтар бар. Ол қандаланың аяғының түбіне таяу көкірек стерниттерінде жатады.
Қандаланың ауыз аппаратын алдымен бөлшектелмеген күйінде көріп зерттейді. Тұмсықтың денеге түйреліп қадалмаған жай тыныштық күйдегі орналасуын мұқият тексеріп, зерттегеннен кейін қандаланың ауыз аппаратының құрам бөліктерге мүшеленген суретін салады, оны препараттық лупа немесе бинокльдік микроскоптың көмегімен қарап, зерттеу арқылы суретін салады (18-сурет).
18 - сурет. Қандаланың шаншып сорғыш ауыз аппараты.
үж – үстіңгі жақ, аж – астыңғы жақ, ае – астыңғы ерні, үе – үстіңгі ерні, к – көздері, м – мұртшалары.
Кесіп-жалағыш ауыз аппараты қансорғыш жәндіктерге тән. Сонаның астыңғы ернінен басқа барлық ауыз бөліктері жіңішкеріп үшкірейген және кескіш органды қалыптастырады. Ауыз аппаратының бұл типі жануарлардың қатты терісін кесуге және қанды соруға бейімделген. Сонымен қатар масаның ауыз аппараттының суретін де қарастырып кетейік:
19 - сурет. Масаның ауыз аппараты (жанынан қарағандағы көрініс)
1 – мұртшалары; 2 – ішінде қоректік түтігі бар үстіңгі ерні; 3 – мандибула (үстіңгі жақ); 4 – максилла (астыңғы жақ); 5 – жұтқыншақ асты; 6, 7 – астыңғы ерні мен қармалауыштары; 8 – астыңғы жақтың қармалауышы.
Масаның ауыз аппаратын 19 – суреттен қарастырып, оның құрамдас бөліктерін атау.
Сорғыш ауыз аппараты көбелекке тән. Ол жоғарыда сипатталған ауыз аппараттарының типтерімен салыстырғанда төтенше өзгеріске ұшыраған. Оның көптеген бөліктері жойылған және жойылуға бағытталып кішірейген. Бұл редуциялану деп аталады. Өсімдік гүліне терең бойлап кіруіне және сұйық шірнемен қоректенуге бейімделген. Тыныштық күйде сорғыш типті ауыз аппараты тығыз оратылған және көбелектің басының астына шиыршықталып бекітілген еттұмсық тәрізді, оның алға тікірейген көбінесе түкпен қапталған сезгіш мұртшалары болады (20-сурет).
20 - сурет. Көбелектің сорғыш ауыз аппараты және
шыбынның жалағыш ауыз аппараты.
т – тұмсық (түр өзгеріске ұшыраған сыртқы бөліктері), есм – еріннің сезгіш мұртшасы, бп – бетперде, м – маңдай, к – көздері, кш – көзшелері, м – мұртшалары.
Көбелектің ауыз аппаратының мүшелеп бекітілген суреттерін салып, түсініктемесін жазып алуды ұмытпаңдар.
Қара шыбынның жалағыш ауыз аппаратының ұшында жұмсақ қалақшатәріздес тұмсық болады (20-сурет).
21 – сурет. Шыбынның жалағыш ауыз аппараты
22 - сурет. Шыбынның ауыз аппаратының толық көрінісі.
1 – астыңғы ернінің қармалауышы
2 – үстіңгі ерін
3 – «жастықша» - астыңғы еріннің түрөзгеріске түскен бөліктері
Шыбынның жұмсақ еттұмсығы өте қозғалмалы. Ол тізе тәріздес иіліп жиналады, басына жылдам жиырылып, тез созылып түйіледі де, тез созылып жазылады. Бұл тірі шыбында жақсы көрінеді.
Қара шыбынның ауыз аппаратын қарастырып, суретін салып алыңыздар. Жәндіктердің мүшеленбеген тұтас ауыз аппаратын қарастырғанда әдетте олардың тек жеке бөліктері (сезгіш мұртшалар, күйсеуіштер, астыңғы немесе үстіңгі еріндер, т.с.с.) бойынша ауыз аппаратының типін анықтауды үйрену керек.
Жәндіктердің ауыз аппараттарының типтері жоғарыда көрсетілгеннен де алуан-түрлі бола алады. Жыртқыш жәндіктердің ауыз аппаратының құрылысының өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, сүңгуір қоңыз, құмырысқа арыстаны, инелік, көптеген қосқанаттылардың дернәсілі.
Ауыз бөліктерінің құрылысының ерекшеліктері жәндіктерді қатарға (отряд) және тұқымдасқа бөліп жіктегенде кең қолданылады.
ЖӘНДІКТЕРДІҢ АЯҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ӘРТҮРЛІЛІГІ
Материал: фенопласт тақтаға монтаждап дайындаған жәндіктер жинағы: ызылдақ қоңыз, қаяз, су қоңыз, шегіртке немесе көк шегіртке, балара, сасық қоңыз, дәуіт, бұзаубас.
Құрал-жабдықтар: 10 есе үлкейтіп көрсететін лупа.
Тапсырманы орындау барысы:
-
23 және 24 суреттердің көмегімен жәндіктердің аяқтарының құрылысы мен типін зерттеп, қандай типке жататындығын анықтаңыз.
-
Коллекцияда берілген жәндіктердің аяқтарының типін анықтау.
Достарыңызбен бөлісу: |