Абдиева Н. А. МӘтін және мәтінтүзу ұҒымдары


Қазақ көркем мәтініндегі мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдар



бет20/24
Дата10.05.2023
өлшемі242.01 Kb.
#473464
түріДиссертация
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
абдиева нураш

2.4 Қазақ көркем мәтініндегі мәтінтүзуші лексика-семантикалық құралдар

Мәтіннің негізгі сипаттарының бірі – мағыналық тұтастығы. Мәтінді тұтастай алғанда бір ғана мазмұнға ие, өзара логикалық және грамматикалық байланыстағы әр түрлі тілдік бірліктерден құралған көп деңгейлі құрылым деп тануға болады. Мәтіннің мағыналық тұтастығын сақтауда мәтін құрылымында кездесетін тірек сөздердің орны ерекше. Мәтін құрылымындағы мұндай сөздер орыс тіл білімінде опорные слова, дескрипторы т.б. деп аталып жүр. Мәтін абзацтары жалпы мәтін мазмұнына қатысты негізгі тірек сөздер мен қосалқы тірек сөздерден құралады. Зерттеушілердің пікірінше, мәтін ішіндегі тірек сөздерді мынадай белгілеріне қарап анықтауға болады: сөздің мәтін ішінде ең көп қолданылуы және сол сөздердің ең көп абзацта кездесуі.


Тірек сөз мәтіндегі айтылатын ойдың ең негізгі мазмұнын білдіретін сөздер ретінде автордың идеялық көзқарас жүйесі, пікірін танытады. Мәтіндегі тірек сөздер құрылымында белгілі бір иерархия болады. Мәтіндегі негізгі тірек сөздерді мәтінде көзделген ойдың ықшам түрі деп тануға болады.
Р.А. Будагов мәтіндегі тірек сөздердің мынадай үш түрін көрсетеді:
1) мәтіндегі тірек сөз бірден көзге түспейді;
2) тірек сөз тұтас мәтіннің бір бөлігінде ғана басым болуы мүмкін;
3) тірек сөз бүкіл мәтін бойында кездеседі. Тірек сөздің әдеби бағыттың идеялық-эстетикалық концепциясын білдіретін ерекше типі болады. Мұндай тірек сөздер жазушының дүниетанымдық бағытын білдіреді. Ғалымның пікірінше, мәтіннен мұндай тірек сөздерді табу жолдары мынадай:
- мәтіннен тірек сөзді табу көркем шығарманың мазмұынын терең зерттеу барысында ең негізгі идеяны анықтауда іске асады;
- негізгі тірек сөз мәтін бойында өзінің айналасына бағыныңқы сөздерді шоғырландырады;
- тірек сөз функционалды-семантикалық ұғымдарды береді, олардан тұтас құрылымды мағыналы элементтен әр бағытта семантикалық байланыс тарайды;
- сөздер контексте өздеріне қосымша мағына үстеп, өздерінің негізгі мағынасын тұтас эстетикалық мазмұнға қарай бағыттайды;
- автор көптеген лексика-семантикалық жаңа пайда болған элементтерді пайдалана отырып, өзінің жеке дара бейнелі тәсілдерден тұратын сөздік көркемдік жүйесін қалыптастырады. Мұнда тірек сөздер маңызды орын алады. Олар контекстің идеялық-көркемдік бірлігін қалыптастыруға қатысады [110,26]. Мәтіндегі тірек сөздер мәтіннің қоюланған мазмұнын білдіреді. Мәтін бойындағы тірек сөздер ондағы ойдың негізгі мағынасын білдіре отырып мәтіннің композициялық құрылымын түзуге қызмет етеді. Кез келген күрделі синтаксистік тұтастық сияқты мәтіннің де атауы, бастауы және аяғы бар. Тірек сөздердің мәтін бойындағы көріністерін талдау үшін төмендегі мәтін үзіндісіне назар аударайық:
Күн сәулесіне шомылған көштің беті күнгей тұс. Көш басында тең үстінде қызыл ала масаты кілем жабылған күлсары атан жетектеген, солғын реңді кәрі шал. Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйежүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік. Оның соңынан тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен. Кейбір қомды түйелерде ағараңдаған әйелдер кимешектері көрінеді. Шаңырақ доңғалақты екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға... Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде. Бірақ бұлар әдеттегідей ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды. Үн-түнсіз тұнжырап қалған. Көштің оң жағында қалың жылқы. Қырқаны бүйірлей тасыр-тұсыр жіті басып келе жатыр. Көш соңында қара мал, одан әрі жүре жайылған қотан-қотан қой-ешкі.
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ (І. Есенберлин).
І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан алынған бұл үзіндіде көштің бейнесі беріледі. Мәтін ішіндегі тірек сөздер қайталану жиілігімен көзге түседі. Берілген мәтіндік үзіндіде ең жиі қолданылған көш сөзі. Алдыңғы абзацтың соңғы сөйлемі мен соңғы абзацтың басқы сөйлемі осы тірек сөзден басталады. Мәтіндегі тірек өз мәтіннің негізгі мағыналық ойын танытуымен қатар, мәтіннің мағыналық тұтастығын қамтамасыз етеді, мәтін бөліктерін байланыстырушылық қызмет те атқарады. Көш сөзі мәтін бойынша көштің беті, көштің басында, көштің оң жағында, көштің соңында, көш жүрісі сияқты синтагмалар құрады. Бұл тірек синтагмалар хабарлаудың негізгі тақырыбын анықтайтын, «мәтіннің мағыналық өзегін» білдіретін ең негізгі тірек сөз көш сөзінің негізінде құрылған. Бұл тірек сөздер мәтіндегі негізгі ойды анықтайтын тақырыптық тізбектерді құруға негіз болады:
...тізбектелген аттылы, түйелі қалың керуен; қомды түйелерде ағараңдаған әйелдер кимешектері; екі аяқ шиқылдақ арбаларда кемпір-шал, бала-шаға; қыз-келіншек, бозбала ат үстінде; ән шырқап, әзілдесе сөз қағысып, бірін-бірі қуып жарыспайды; үн-түнсіз тұнжырап қалған.
Бұл тақырыптық тізбектер арқылы мәтіндік үзіндінің жалпы мазмұнын аңғаруға болады. Көштің толық сипатын, көшіп келе жатқан адамдардың жалпы келбеті, көңіл-күйі анық байқалады.
Мәтіндегі тірек синтагмалар Ж.Кеншінбаеваның еңбегінде қарастырылады. Ғалым тірек синтагмаларды семантикалық-интонациялық үзігі деп есептейді. Тірек синтагмалардың мәтін көлеміндегі, күрделі фразалық тұтастық, абзац, сөйлем деңгейлеріндегі интонациялық көріністері сол синтагма орналасқан контекст мазмұнына тәуелді болып, өзінің айтылым бойында орналасу позициясына және маңайындағы басқа синтагмалардың айтылу сазына байланысты болатынын айтады [70,76].
Мәтіндегі тірек сөз мәтіндегі ақиқат шындықтың бір үзігін, фрагментін бейнелейді. Кейінгі зерттеулерде «кілт фраза», «өзектер» (ядро), «мағыналық шыңдар», «коммуникативтік-прагматикалық тақырыптық орталық» деген атаулар қолданылып жүр. Бұлардың басты ерекшеліктері - өздері қолданылған тілдік деңгейдің мағыналық бірлігін, мағыналық тұтастығын сақтауға қызмет етеді. Мәтіндегі ой желісі бір-бірімен ұласа байланысып жатады. Мәтіндегі тірек сөздер осы байланысты сақтауға ықпал жасайды. Тірек сөздер мәтіннің өзі орналасқан бөлігін мазмұндық жақтан өзектілендіріп, салмағын ауырлатып тұрады. Тірек сөздер мәтіннің бүкіл мазмұнының ең басты, маңызды деген тұстарында қолданылады.
«Мәтін бірліктерін мағыналық бір байламда ұстап тұратын ең маңызды шағын өлшем, көрсеткіш синтагма болып саналса, онда оның да белгілі бір жағдайларда мәтіндік деңгейдің «тілдік тұлғасы» болары сөзсіз» [71,73]. Мәтін бойындағы мәнділігі жоғары бірліктердің жиілігін анықтауда А. Жұбанов олардың мәтін ішінде ең жиі кездесуін және құрамында осы тірек сөздер орналасқан абзацтардың да көп болуы керектігін айтады [72,28].
Мәтіннің біртұтас мағыналық бірлігін қамтамасыз етуде оның бүкіл бойында көрініс табатын тірек сөздердің мәтін ішіндегі орналасу ретінің де маңызы бар. Сонымен қатар тірек синтагмалар мәтінде әртүрлі коммуникативті, эмоциялық мазмұнға ие болып, мәтін құрылымындағы өзге тілдік бірліктермен байланысқа түсіп, сөйлеудің жалпы мазмұны мен реңкін түрлендіруде айрықша қызмет атқарады.
Г. Әзімжанованың пікірінше: «тірек сөз бүкіл контекстегі тұтас шоғырланған өзекті сөздер ретінде, тіпті кең мағынада - автордың идеялық-эстетикалық концепциясы (көзқарас жүйесі, пікірі) [73, 30].
Көркем мәтіндегі тірек сөз мәтіннің көркемдік – тілдік құрылымын қалыптастыратын тәсілдердің бірі болып табылады. Мәтіндегі тірек сөздер мәтінде айтылатын ойдың ең негізгісін, маңыздысын көрсете отырып, мәтіндегі ой тұтастығын қамтамасыз етеді. Тірек сөздерді мәтінде қолданылу жиілігіне қарап анықтаймыз. Мәтіндегі тірек сөздер арқылы мәтіннің тақырыбын және негізгі идеясын танып білуге болады.
Тірек сөздер кез келген мәтін типіне тән болып келеді. Көркем мәтіннен басқа ғылыми және публицистикалық мәтіндегі тірек сөздер де мәтін құрылымын түзуде, мәтін тұтастығын қамтамасыз етуде маңызды қызмет атқарады.
Тірек сөздермен қоса мәтінде қосалқы тірек сөздер болады. Негізгі ұғымның арқасында онымен байланысты басқа да көптеген ұғымдар пайда болып, тақырыптық тізбек жасайды. Тірек сөздер мәтін мазмұнының өрбуі барысында қалыптасқан тақырыптық тізбектердің мағыналық орталығы болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет