Ақ түйе кенжесi Жанай қаза тапқан жоңғар жорығынан қайтысымен пайда болған. Қайғыдан әлi сейіле қоймаған Абылай сол күні ерте тұрып, Ақ Ордадан шыққан. Күздің қара суығы келіп қалған екен. Бiр-екi күннен кейiн аулы қысқы қонысы Көкшенiң қойнауына көшпек. Қысты қалай өткiзудiң қамын ойлап тұрған Абылай кенет ауыл сыртындағы ақ түйеге көзi түсті. Мүше бiтiсi өзгеше, ipі, жүні сүттей аппақ, шудалары шұбатылып жерге түскен. Жұрт бұл түйенi Абылайдың ырысы, киесi деп жорысты. Бұл ақ түйенiң шын ғажап қасиетi кейін байқалды. Абылай жаз шыға күнгейi мен күншығысынан мазасын ала берген жоңғар әскepiнe тағы қарсы аттанбақ болды. Сұлтан кеңесі Eртіс жағасының торғауытына ма, әлде Іле бойының ойратына ма, қайсысына жорыққа шығуды шеше алмай тарасты. Абылайдың таңертең өзгеден ерте тұратын ежелгi әдетi. Далаға шықса, ақ түйе орда сыртында жатыр екен, басы күншығысқа қараған. Түйенiң бұрын үнемі күнбатысқа қарап жататынын бiлетiн Абылай кенет бiр ойға келдi. «Жұрт бұл түйенi мeнің кием деп босқа айтпайтын тәріздi ғой, осы жолы ақ бураның көрсеткен жағына аттанайын». Ол осы айтқанын орындады. Жолы болып қайтты. Сол күннен бастап ақ бураның жорыққа аттанса, өзiмен бiрге ала шығатын болған. Ақ бура ертең ұрыс деген күні басын қай жаққа салып жатса, Абылай сол жақтағы жауына аттанатын және үнемі жеңiп қайтатын (І. Есенберлин).
Мәтіндегі тірек сөздің мәтінтүзушілік қызметі үлкен. Берілген мәтіндік үзіндідегі ең көп қолданылған сөздердің бірі – ақ түйе. Осы негізгі тірек сөздің үзіндіде 7 рет қолданылған. Ал осы сөздің негізінде пайда болған ақ бура сөзі үш рет кездеседі. Мәтінде Абылай есімі де 7 рет қайталанады. Осы негізгі тірек сөздердің негізінде тақырыптық тізбектер түзіледі:
Абылайдың ырысы, киесi; ақ түйенiң шын ғажап қасиетi; ақ бураның көрсеткен жағы. Мәтіндегі тақырыптық тізбектер мен тірек сөздерге талдау жасау арқылы мәтін мазмұнын анықтауға болады. Тірек сөздер ең алдымен ақпараттағы негізгі ойды таныту қызметін атқарады. Сонымен қатар осы мәтіндік үзіндіде тірек сөз қызметін атқарып тұрған түйе сөзі символдық мәнге ие. Оның символдық мағынасы өз бойына мәтіннің астарлы мағынасын жасырып тұрады.
Абылай хан жорықтарының жебеушiсi болған ақ түйе, оның жорықтарда жеңіске жетуіне себепші болады, қай жаққа жорыққа шығуын нұсқап отырады. Абылай ханның ақ түйесі әрқашан жақсылықтың, сәттiлiктiң белгiсi болып саналды. Мұның өзi – халық танымындағы түйе түлiгiнiң бiр көpiнici. Қазақ халқы әлдебiр қуанышты жағдайларда, бақытты сәттерде ақ түйенің қарны жарылды деп айтады. Демек, түйе қашан да жақсылықтың, бүтiндiктiң, қуаныштың белгiсi саналады. Осылайша тірек сөздерге талдау жасау, оның астарлы мағынасына үңілу арқылы автордың идеялық көзқарасын тани аламыз. Бұдан шығатын қорытынды – кей жағдайда мәтіндегі тірек сөздер мәтіннің астарлы мағынасын беруге қызмет етеді. Сол арқылы автордың мәтін астары арқылы айтқысы келген ойын танытады.
Мәтін түзуде автор тілдік құралдарды сұрыптап қолдану арқылы мәтіннің композициялық-мағыналық құрылымын түзеді. Мәтіннің композициялық құрылымын түзуде ең алдымен тақырыптық тізбек ерекше қызмет атқарады. Мәтіндегі негізгі тірек сөздер тақырыптық тізбек құрып, мәтіннің композициялық тұрғыдан ұйымдасуына негіз болады. Мәтіннің композициялық-мағыналық құрылымы мәтін мазмұнын беруге қызмет етеді.
Мәтіндегі тірек сөздер мәтін деңгейінде көрініс тауып, оның бірліктерін бір байламда ұстап тұруда ерекше қызмет атқарады. Сондықтан олардың мәтін бойында орналасу тәртібі де кездейсоқ құбылыс емес. Олар мәтіннің мазмұны тереңірек, мағыналық тұсы басымырақ жерлерінде орналасып, айтылған ойды интонациялық тұрғыдан әрлеп ұсынуға септігін тигізеді. Сонымен қатар мәтіндегі тірек сөздер мәтінде әр түрлі коммунивативті, эмоциялық мазмұн білдіреді. Мәтін құрылымындағы басқа тілдік бірліктермен өзара әр түрлі қарым-қатынастарға түсіп, мәтіннің көркемдік ерекшелігін арттыруға да ықпал етеді. Тірек сөз көркем шығармадағы дара көркем бейнені шынайы түрде бейнелеуге көмектеседі. Сонымен қатар автордың дүниетанымдық көзқарасын, идеялық бағытын танытады, яғни мазмұнды-фактілі, мазмұнды-концептуалды ақпарат береді.
Достарыңызбен бөлісу: |