Ж. Мунэн – танымал француз тілтанушысы. Оның “Аударманың теориялық мәселелері” деген (1963 ж.) іргелі еңбегі, 1965 жылғы жарық көрген “Аударманың тарихы мен теориясы” деген кітабы аударматануда аса маңызды, ықпалды шығармалар болып табылады.
Ж. Мунэн жоғары ғылыми-теориялық деңгейде тіл туралы заманауи тұжырымдамаларға тоқтала келе, олардың аударма мүмкіндігін жоққа шығаратындығын баяндайды. Аудармаға тосқауыл болатын мәселелерді ол үш топқа біріктіреді:
1. Тілдік белгілердің семантикасының өзіндік ерекшелігінің бар екендігіне байланысты мәселелер.
2. Тілден тысқары шындықты көрсетудегі тіл құрайтын “әлем картиналарының” бір-біріне сәйкес келмейтіндігіне қатысты мәселелер.
3. Түрлі тіл иегерлерінің мәдениеті мен өркениетінде кездесетін нақты айырмашылықтардың болуынан туындап жатқан мәселелер.
Аударманың қиындықтары экология ерекшеліктеріне, материалдық мәдениеттің айырмашылықтарына, діни және лингвистикалық өзгешеліктерге барып тіреледі дейді Ж. Мунэн. Осы ғалымның айтқан ойларының аударманың мәдениеттанулық концепциясын қалыптастыруға қосары көп. Өйткені Ж. Мунэн аударманы тек қана тілдік эквивалент іздеу айла-шарғысынан жоғарылатып, тәржімалау барысында мәдениеттердің өзара кірігу, түсінісу-түсініспеу процесі жүріп отыратындығын топшылайды. Расында, өмірі қар түспеген Африка континентінің тұрғынына оның әсемдігін қалай жеткізерсің, тропикалық ну орман ішінен шыққан жанға құлазыған шөл даланы түсіндіру де қиын болар. Ал діни рәсімдер мен бұрын көріп-білмеген салт-дәстүрлер мәнін қалай жеткізуге болады? Эскимостардың біршама қар атауларының барлығын, қазақтардың жылқыны сипаттайтын рең түрлерінің нәзік айырмашылығын басқаларға қалай танытарсың?
Ж. Мунэн өз еңбектерінде “аударылатын/аударылмайтын” деген ұғымдардың салыстырмалылық сипатына да назар аударады. Ол аудармаға қатысты айтылған ойлардың оңын да, терісін де қарастыра келе, аударманың көмегімен өтетін коммуникацияның абсолютті түрде, толығымен жүзеге аса алмайтындығы туралы айтады. Дегенмен, ақыр аяғында ол қашанда мүмкін коммуникация түрі екендігі туралы қорытындыға келеді [7, 206-208 бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |