«Арлы адам әділетсіздік жасамайды!..» Мемлекет басшысының осы сөзін тереңдете тарата айтар болсақ, барша адам баласының арлы болмағы керек!
Біз үшін, нақтырақ айтар болсақ, қазақстандық қоғам үшін Арлы адамның көбірек болғаны және де ендігі арада өз ұрпағымызды арлы етіп тәрбиелеу мәселесін алдыңғы орынға шығарғанымыз абзал. Арлы халық және арлы ұрпақ қана өз елін көгерте алады, бақытты бола алады.
Бұл арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымындағы мына бір: «Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – дегені Ұлттық болмысымызға сіңісуі қажет.
Әділетті Қазақстан мен Адал азамат ұғымдарының қазіргі кезде бәсі бар құндылықтардан биік тұрмаса, төмен тұруы мүмкін емес. Өйткені, бізең әуелі елдегі жемқорлықты жоюға және ел мүддесіне сай шешімдер қабылдап отыруға барынша мүдделіміз. Бұл екеуі тек Адал азаматтың ғана қолдарынан келері анық. Әділетті Қазақстан үшін күрес ең әуелі жемқорлық пен заңсыздыққа қарсы күреспен басталып жатқаны да, осы бағытта саяси жаңа реформалар жасалып жатқаны да сол!
«Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек,-дей отырып Президенттің Ұлттық Құрылтайда осы айтқаны қазақстандық қоғамдаұлттық құндылықтардың бірі тіпті бірегейі болып тұруы қажет.
Ұлттық бірегейлікті нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін алда жүйелі түрде жасалуға тиісті жұмыстардың сегіз бағытын Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылап берді.
***
Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет! Бұл Президентіміздің алға қойып отырған бірінші міндеті. Осы орайда, Президентіміздің «Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі»,–дегені өте орынды. Өйткені, кей жағдайда Қазақстанның кей қалаларының таңбасында тіпті патшалық Ресей геральдикасының кей элементтері байқалып қалады.
Тәуелсіздік жылдары айтып-айтпай не керек, біз өзіміздің Ұлы Даламыздың киелі жерлерін мүмкіндігінше тани түстік, еліміз бен жеріміздің қасиетін терең ұғына да бастағанымыз анық. Міне, ендігі нышандарымыз бен таңбаларымызда осы киелі де қасиетті жеріміз анық айқындалып тұруға тиісті ғой деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының «әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет»,– дегеніне қосыла отырып, «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырғаны және де келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендердің табысталатындығы халқымыздың айбынын асқақтатын, мемлекеттің мерейін асыра түсетін болары анық.
Кезінде, Сенат депутаты ретінде, 2013 жылы хан Абылайдың атындағы орден тағайындауды ұсынып, Үкіметке депутаттық сауал да жасағаныммен, Үкімет бұл ұсынысымды үнсіз қабылдап, жауап та бермеген еді. Ендігі Үкімет осыны ескерсе де болар еді.
Және де тағы бір мәселе бар! Ол осы күндері ерінбеген және қаржысы бар кез-келген адам, соның ішінде түрлі қоғамдық қорлар мен ұйымдар өз «ордендері мен медальдарын, төсбелгілерін» оп-оңай жасатып ала қоятын болды. Бәлкім дұрыс та шығар?!
Бірақ құнын түсіріп алып жүрген жоқпыз ба? Және де осыларды жасатуға келісім де рұқсат беретін, тіркеп, есебін жүргізіп отыратын мемлекеттік бір орган бар ма осы?! Тіпті үйленіп жатқан жастарға да, мерейтойын өткізіп жатқандарға да әлдебір төсбелгіні той үстінде тапсыра салу үрдісін көріп, налып қалатынымыз да бар. Даңққұмарлыққа бой алдырып бара жатқан жоқпыз ба?!.
Президентіміз осы наградалар мәселесін айта келіп, «Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады», – деді. Міне, сол жұмыс барысында біз қозғап отырған мәселе де назардан қағыс қалмаса екен.
***
Достарыңызбен бөлісу: |