Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс.Алтыншы міндеттің де қазақстандық қоғамда тұрақтылық пентыныштықтың, өсіп-өркендеуді қамтамасыз етудегі маңызы зор.
Осы алтыншы міндет төңірегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында», – дей келіп, әзірге әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінгенімен, жұмыстың жүйелі еместігін, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығатындығын да анық айтты.
Жасыратыны жоқ, біздің қоғам отыз жыл бойы «бізде бәрі де керемет, бәрі де тамаша» деп жалған сөйлеуді, қоғамда қалыптасып отырған нақтылы жағдайды, кейбір келеңсіз жағдайларды бүркемелепкөрсетуді үйретті. Былайша айтқанда жалғандыққа бой алдырдық.
«Жалпы, талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды», – дей келіп Мемлекет басшысы «құзырлы органдардың отандық «ақыл-ой орталықтарымен» және консалтинг компанияларымен қарым-қатынасының тиімділігі төмен. Олардың қызметіне қажет болғанда ғана жүгінетіндігін және де «Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейтіндігін» де жасырмай айтып отырғандағы себебі, «Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар» екендігін ұғынуға тиістіміз.
***
Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту.Жетінші міндетте Президентіміздің шекаралар аймағындағы елді мекендер тарап кетіп, ел шеті жалаңаштанып қалды деген халықтың ұзақ уақыттан бері алаңдаушылығына мән беріп, нақтылы шаралар қабылдағаны елдің үлкен ризашылығын тудырып, қуанышқа бөлеп тастады.
Осы орайда «Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым», –деп Қасым-Жомарт Тоқаев мұның аса маңызды қадам екендігін «Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды» деген тарихи сөзімен қуаттады да, халқын қуанта білді.
«Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек, – деген Президентіміздің осы бір айтқанына сенетін кез әлдеқашан болғаны да анық.
Достарыңызбен бөлісу: |