Экономикаға ықпалы
Кей Африка елдеріндегі өмір сүру ұзақтығының өзгеруі, 1960–2012
АИВ/ЖИТС тек жеке тұлғалардың емес, мемлекеттердің де экономикасына әсер етуде.[214] Ең көп зардап шеккен елдердің жалпы ішкі өнімі адами капитал жетіспеуіне байланысты төмендеді.[214][248] Дұрыс тамақтанудың және медицина мен дәрі дәрімектердің жетіспеушілігінен көптеген адамдар ЖИТС асқынауынан көз жұмады. Өлім алдында, олар жұмыс істеуге қабілетсіз, әрі айтарлықтай медициналық көмекті қажет етеді. 2007 жылға қарай ЖИТС салдарынан 12 миллион адам жетім қалған (ЖИТС жетімдері).[214] Олардың көбі қарт ата-әжелерінің қолында өседі.[249]
АИВ/ЖИТС емін бастағаннан кейін жұмысқа қайтып оралу қиын және науқастар көп жағдайда басқа жұмысшыларға қарағанда азырақ жұмыс істейді. АИВ/ЖИТСі бар жұмыссыз адамдардың көбінде суицид жасау ойы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, қоғамнан шеттетілу секілді психикалық ауытқулар болады. Жұмыспен қамтылу АИВ/ЖИТСке шалдыққан адамдардың өзін-өзі бағалауын, ар-намысын, сенімділігі мен тұрмыс сапасын арттырады. Антиретровирусты терапия да АИВ/ЖИТСпен ауыратын адамдардың көбірек жұмыс істеуіне септесіп, олардың жұмысқа тұру ықтималдығын арттырады (дәлелділік деңгейі төмен).[250]
ЖИТСке негізінен жас ересектер шалдығатындықтан, салық төлейтін халық саны кемиді, бұл өз кезегінде ЖИТСқа қатысы жоқ білім және денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік шығынды өтейтін ресурстың азаюына алып келеді. Осылайша мемлекет қаржысына қысым күшейіп, экономика өсімі баяулайды. Бұл салық базасының өсуінің баяулауына әкеліп соғады, ал науқас еміне, жаңа жұмыскерлерді үйретуге (науқастардың орнына алу үшін), сырқат төлемақысына және ЖИТС жетімдерін асырауға кететін шығындардың өсуі – бұл әсерді одан әрі күшейтеді. Бұл әсіресе ересектер өлімі күрт артып, жетім балалар үкімет қамқорлығына алынғанда айқын көрінеді.[249]
Бір үй ішінде де ЖИТС табыстың азаюына және емге кететін шығынның өсуіне әкеледі. Кот-д'Ивуардағы зерттеу көрсеткендей, АИВ/ЖИТСке шалдыққан науқасы бар отбасылар басқа отбасылармен салыстырғанда дәрі-дәрімекке екі есе көп ақша жұмсайды. Бұл шығын білім алуға және басқа да жеке немесе отбасылық инвестицияларға жұмсалатын қаржы мөлшерін азайтады.[251]
Дін мен ЖИТС
Соңғы жиырма жыл ішінде дін мен ЖИТС тақырыбы өте даулы мәселеге айналды, бұның басты себебі — кей діни бірлестіктердің қорғану үшін мүшеқап қолдануға қарсы екенін ашық айтуында.[252][253] Америкалық денсаулық сақтау саласының маманы Мэтью Хэнлидің «Католик шіркеуі мен ЖИТСтің жаһандық дағдарысы» атты баяндамасында діндегі ЖИТСке қарсы күрестің басты тәсілі — мәдениет пен қоғам санасын өзгерту, әсіресе неке мен жыныстық қатынастағы адалдыққа баса назар аудару.[253]
Кейбір діни ұйымдар құдайға сиынып, дұға қылу АИВ/ЖИТСті емдей алады деп мәлімдеген. 2011 жылы BBC Лондондағы кейбір шіркеулердің дұға ЖИТСті емдейді деген мәлімдемесін жариялаған, ал Хакниде орналасқан Жыныстық денсаулық пен АИВ зерттеу орталығы бірнеше адамның пастор кеңесіне еріп, дәрі-дәрмек ішуден бас тартқанын, салдарынан бірнеше адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.[254] «Күллі Ұлттың Шіркеуі – Синагога» деп аталатын ұйым құдайдан келген емді насихаттау үшін «сылауға арналған суды» жарнамалады. Дегенмен бұл ұйым адамдарға дәрі-дәрмек ішуді доғаруға кеңес бермегенін айтады.[254]
Достарыңызбен бөлісу: |