Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы аив/житс



бет2/20
Дата26.10.2022
өлшемі368.12 Kb.
#463434
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
аитв 1

Белгілері мен симптомдары
АИВ инфекцияның үш негізгі сатысы бар:

  1. жіті инфекция

  2. жасырын саты

  3. ЖИТС.[21][22]

Жіті инфекция
Жіті АИВ инфекциясының негізгі симптомдары
АИВ жұқтырғаннан кейінгі алғашқы кезең — жіті АИВ, бастапқы АИВ немесе жедел ретровирустық синдром деп аталады.[22][23] Көбіне жұқтырғаннан 2-4 апта өткеннен кейін адамда тұмау тәрізді не мононуклеоз тәрізді синдром дамуы мүмкін, ал кейбірінде еш симптом байқалмайды.[24][25] Барлық жағдайдың тек 40–90% симптомдар көрініс беруі мүмкін. Жиі кездесетіндері: қызба, лимфа түйіндерінің ұлғайып, ауырсынуы, тамақ қабынуы, бөртпелер, бас ауырсынуы, шаршағыштық және/не ауыз бен жыныс мүшелеріндегі жаралар.[23][25] Бөртпе 20–50% жағдайда кездесуі мүмкін, ол, әдетте, кеудеге дақ не көпіршікше түрінде шығады.[26] Кей адамдарда осы сатының өзінде оппортунис инфекциялар (иммунитеті қалыпты жұмыс істейтін адамдарда ауру туғызбайтын шартты патогенді флора қоздыратын инфекциялар) дамиды.[23] Бұдан бөлек лоқсу не диарея сынды асқазан-ішек белгілері көрініс беруі мүмкін.[25] Жүйке жүйесі тарапынан шеткері нейропатиялар мен Гийен–Барре синдромы дамуы мүмкін.[25] Симптомдардың ұзақтығы әр түрлі болады, бірақ, әдетте, бір не екі аптаға созылады.[25]
Аталған симптомдар тек осы ауруға тән болмағандықтан (бейспецификалық симптомдар), көп жағдайда АИВ инфекциясының белгілері деп қарастырылмайды. Отбасы дәрігері не аурухана дәрігері аталған симптомдарды көрсе де, көбіне жиі кездесетін инфекциялық аурулардың бірін диагноз ретінде қате қойып жатады. Сондықтан инфекция жұқтыру қаупі бар адамда себебі белгісіз қызба анықталса, АИВ инфекциясын да ескерген дұрыс.[25]
Жасырын саты
Бастапқы симптомдар көрініс бергеннен кейін жасырын саты, симптомсыз АИВ не созылмалы АИВ деп аталатын кезең басталады.[21] Ем жүргізілмесе аталған саты АИВ инфекциясына тән ағыммен 3 жылдан[27] 20 жылға[28] дейін созылуы мүмкін (орта есеппен, 8 жыл).[29] Әдетте, бастапқы кезде симптомдар аз не мүлдем болмағанымен, осы сатының соңында көбі қызбаға, жүдеуге, асқазан-ішек аурулары мен бұлшықет аурысынуына шағынады.[21] АИВ жұқтырған адамдардың 50–70% бірнеше топ лимфа түйіндерінің себебі белгісіз, ауырсынусыз ұлғаюымен сипатталатын тұрақты генерализацияланған лимфаденопатиясы дамиды.[22] Әдетте ол үш айдан алты айға дейін созылуы мүмкін.
Вирус титрі жоғары әрі ем қабылдамайтын АИВ-1 жұқтырған адамдарда көбіне ЖИТС дамығанмен, кей бөлігінде (шамамен 5%) антиретровирусты терапия жүргізбегеннің өзінде CD4+ T жасушаларының (Т-хелперлер) қалыпты деңгейі бес жылдан да көп сақталуы мүмкін.[25][30] Бұндай адамдарды "АИВ бақылаушылары" не ұзақ мерзімді нонпрогессорлар деп атайды (ағылш. Long-term nonprogressor, LTPN).[30] Ал антиретровирусты терапия жүргізбегеннің өзінде вирус титрі төмен не мүлде анықталмайтын адамдар тобын "дегдар бақылаушылар" не "дегдар супрессорлар" деп атайды. Шамамен АИВ жұқтырған 300 адамның біреуі осы топқа жатады.[31]


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет