Жүре пайда болған иммунтапшылық синдромы
ЖИТСтің негізгі симптомдары Капоши саркомасы
Жүре пайда болған иммунтапшылық синдромы (ЖИТС) деп бір микролитр қандағы CD4+ T жасушаларының саны 200-ден төмен болуынан немесе АИВ инфекциясына тән аурулардың дамуынан пайда болған жағдайды айтамыз.[25] Ем жүргізілмесе, АИВ жұқтырған адамдардың жартысына жуығы он жыл ішінде ЖИТСке шалдығады.[25] Адамда ЖИТС бар екенін айқындайтын ең жиі кездесетін жағдайлар: пневмоцист қоздырған пневмония (40%), АИВ кезіндегі жүдеу синдромы түріндегі кахексия (20%) және өңеш кандидозы.[25] Сондай-ақ тыныс алу жолдарының инфекциясы да күдік туғызуға негіз бола алады.[25]
Оппортунис инфекциялар — қалыпты жағдайда иммунды жүйе тарапынан бақыланатын бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар мен паразиттер қоздыратын жұқпалы аурулар тобы.[32] Дамуы мүмкін инфекция түрі адамның қоршаған ортасында кездесетін қоздырғышқа байланысты[25] Бұл жұқпалар кез келген мүшелер жүйесін зақымдауы мүмкін.[33]
ЖИТСке шалдыққан адамда Капоши саркомасы, Бөркит лимфомасы, орталық жүйке жүйесінің біріншілік лимфомасы және жатыр мойны обыры секілді вирусты обыр ауруларының даму қаупі артады.[26] Капоши саркомасы АИВ жұқтырған адамдардың 10-20%-да дамитын, ең жиі кездесетін обыр түрі.[34] Ең жиі кездесетін екінші обыр түрі — лимфома; ЖИТСке шалдыққандардың 16% осы обырдан қайтыс болған, сондай-ақ ол 3-4% жағдайда ЖИТСтің алғашқы көрінісі болады.[34] Аталған екі обыр да адам герпесвирусының 8-түрімен (HHV-8) бірлесе дамиды.[34] Жатыр мойны обыры да адам папиломавирусымен бірлесе дамуына байланысты ЖИТСі бар адамдар осы дертке жиі шалдығады.[34] Бұл адамдарда конъюнктива обыры да айтарлықтай жиі кездеседі.[35]
Сондай-ақ ЖИТСі бар адамдарда қызба, тершеңдік (әсіресе түнде), лимфа түйіндерінің ұлғаюы, қалтырау, әлсіздік және еріксіз салмақ жоғалту секілді жүйелі симптомдар да анықталады.[36] ЖИТСтің келесі жиі кездесетін симптомы – диарея, ол 90% жағдайда көрініс береді.[37] Бұдан бөлек бұл адамдарда оппортунис инфекциялар мен обырға қатысы жоқ психикалық және неврологиялық белгілер де анықталуы мүмкін[38]
Трансмиссия
Достарыңызбен бөлісу: |