Анадан балаға
АИВ жүктілік, босану, емізу кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін.[6][77] 2008 жылғы мәлімет бойынша тікесінен берілу (анадан балаға) балалардағы АИВ инфекциясының 90% себеп болған.[78] Егер емдеу жүргізілмесе, босану не жүктілік кезінде вирустың берілу қаупі – 20% шамасында, ал емізу арқылы берілу қаупі – 35%. Емдеу бұл қауіпті 5%-дан төмен көрсеткішке дейін төмендетеді.[79]
Антиретровирусты препараттарды ананың не баланың қабылдауы емізу кезіндегі берілу қаупін төмендетеді.[80] Балаға тамақты шайнап беру кезінде тамаққа қан түсетін болса, вирус балаға жұғуы мүмкін.[75] Әйел адам емделмесе, екі жыл емізу АИВ/ЖИТСтың нәрестеге жұғу қаупін 17%-ға жоғарлатады.[81] Дамушы елдердің көптеген аймақтарында ана сүтін ембегендер өлімінің жоғарылауына байланысты дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестеге тек ана сүтін не құрамы қауіпсіз қоспалар беруді ұсынады.[81] Сондықтан, бала сүйгісі келетін әрбір АИВ–оң әйел өмір бойы антиретровирусты препараттар қабылдауы тиіс.[81]
Вирусология
Толық мақаласы: АИВ
АИВ вирионының құрылысы Дақылдандырылған лимфоциттен алынып, жасыл түске боялған АИВ-1 микросуреті
Адамның иммунтапшылық вирусы АИВ/ЖИТС деп аталатын дертті жағдайды қоздырады. АИВ CD4+ T жасушалары, макрофагтар мен дендрит жасушалары секілді иммунды жүйе компоненттерін зақымдайтын ретровирус. Ол CD4+ T жасушаларын тікелей және жанама түрде зақымдап, жояды.[82]
АИВ Retroviridae[83] тұқымдасының Lentivirus[84] тегіне жатады. Лентивирустардың бірнеше морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері бар. Әдетте олар көптеген сүтқоректілерде ұзаққа созылатын және инкубация кезеңі ұзақ болатын инфекция тудырады[85] Лентивирустар бір жіпшелі, оң–мәнді, РНҚ құрамды вирус түрінде таралады. Нысана жасушаға енгеннен кейін РНҚ геномы вирион құрамында болатын, вирустың өзі кодтайтын кері транскриптаза көмегімен қос жіпшелі ДНҚға айналады (кері транскрипция). Нәтижесінде жаңа түзілген вирусты ДНҚ жасуша ядросына еніп, вирустың өзі кодтайтын интеграза ферменті және ко-фактор көмегімен қожайын ДНҚсына интеграцияланады.[86] Интеграцияланған вирус жасырынып қала алады, осылайша оны иммунды жүйе жасушалары анықтай алмайды.[87] Не болмаса вирус бірден транскрипцияланып, жаңа РНҚ геномы мен вирус нәруызы синтезделіп шығады. Олар өз кезегінде топтасып, жаңа вирион түрінде жасушадан шығып, репликация айналымын жаңадан бастайды.[88]
АИВ CD4+ T жасушасынан келесісіне екі түрлі жолмен беріледі: жасушасыз берілу және жасушааралық берілу, яғни олар аралас берілу механизмін қолданады.[89] Жасушасыз берілу түрінде вирион жұқпаланған Т жасушадан қанға не жасушадан тыс сұйықтыққа шығып, келесі Т жасушамен кездейсоқ соқтығысқанда беріледі.[89] АИВ сонымен қатар бір жасушадан екінші жасушаға жасушааралық берілу арқылы да таралуы мүмкін.[90][91] Аралас берілу механизмі вирустың әрдайым репликацияланып отыруына септігін тигізеді, сол себепті антиретровирусты терапия өмір бойы жүргізіледі.[89][92]
Әзірге АИВтің екі түрі сипаталған: АИВ-1 және АИВ-2. Алғашқы болып АИВ-1 сипатталған (бастапқыда лимфаденопатия тудыратын вирус (LAV) және адамның Т-лимфотропты вирусының III түрі (HTLV-III) деп аталған). Бұл вирустың вируленттігі мен жұқпалығы жоғары,[93] сондай-ақ әлемдегі анықталған АИВ жұқпасының көбін дәл осы вирус қоздырған. Қоздырғышы АИВ-2 деп расталған жағдайлар саны аз болуына байланысты АИВ-2 жұқпалығы АИВ-1-ден төмен деп саналады, сол себепті ол тек Батыс Африка аймағында ғана таралған[94]
Достарыңызбен бөлісу: |