4. Діни құлшылықтар, мерекелер және салт-дәстүрлер
Индуизмде құлшылық кез келген жерде жасала береді. Ғибадатханалары болса да, жамағатпен құлшылық ету үрдісі жоқ. Құлшылық негізінде жеке орындалады. Құлшылықтың белгілі бір түрі жоқ. Сенімдері бойынша Тәңір кез келген жердегі құлшылықты көріп тұрады. Сондықтан құлшылық әр жерде, әр уақытта қилы-қилы орындала береді.
Индуист адам өзі табынып жатқан тәңірмен зейінін, санасын өзара байланыстыратын бір амал іздейді. Сол себептен Үндістанда тәңірді сансыз сипаттау, бейнелеу түрлері көп. Алайда адам бір хикметке қол жеткізгеннен кейін, ендігі жерде бұл амалдарға қажеттілігі қалмайды деп есептеледі.
Үнділерде ортақ бір құлшылық символы – Ом. Ом сөзі «бісміллә» сияқты ас жеуден бұрын ведаларды, дұғаларды оқымай тұрып, қандай да бір істі бастамас бұрын айтылады. Ом – тәңірлік күш-қуатқа толы, қасиетті, құпия сырға толы сөз деп есептеледі. Терең әрі ерекше бір дем алып тұрып айтылады. Бұл сөздің әріптері Брахманы немесе Брахма-Вишну-Шива үштігін баяндайды.
Үнділер, таң шапағынан бұрын тұрып, үйде немесе өзен жағасында жасай алатын құлшылығына дайындалады, тәңірінің атын еске алып, жуынады. Гаятри өлеңін айтады. Таңғы құлшылықта жүзін шығысқа қаратып отырады. Денесінің айналасына су сеуіп, демін бақылап отырады. Тәңірінің пұтына жалбарынады. Түсте және кешке осыны қайталайды. Пұтқа сый ұсынады.
Үйлерде жалпы, пұтқа арналған бөлме болады. Бұл жерде Вишнудың серіппелі спиралы немесе Шиваның түп-түзу ұстынға ұқсаған пұты бар. Пұт қасиетті кітап оқылып тұрып майланады. Оның алдында адам терең ойға шомып, бұтақтарды түтетеді. Қасиетті бөлмеге шырақтар, гүлдер мен тағамдар қойылады. Пұттарға су төгіліп, оларға жаңа піскен жемістер ұсыналады.
Басқа тәңірлерге, аталарға, қонақтарға, қасиетті сиыр секілді жануарларға, кедейлерге жейтін нәрсе ұсынылады. Сиырлар, жер, аспан және кеңістік әлемінің анасы ретінде саналады. Сиыр және өгіздер, көшелерде, сауда және жұмыс орындарында еркін аралап жүреді. Жолда жатса көліктер соған қарай тәртіпке келтіріледі. Оларды соймайды, жемейді. 1981 жылы Үндістанның батысында Копаргоах қаласында мұсылмандар төрт қасиетті сиырды бауыздады деген сөз тарап, үлкен қақтығыстар болып, мұсылман ауылдары отқа оранып және өлкеде көшеге шығуға тыйым салынған (206). Ет жейтін немесе вегетериан (ет жемейтін, көбінесе өсімдіктен жасалған тамақпен қоректенетін адам) үнділермен қатар нәпсінің қалауларын орындамайтын, қатаң сопылық өмірді ұстанатын Үнділер де бар. Үндістанда өсімдіктермен тамақтанатындардың саны ¼ шамасында. Сондай-ақ мұсылман емес үнділер арасында да доңыз етін жемеу әдеті бар.
Индуизмде ғибадатханаларда жасалған құлшылық – үйдегі құлшылықтың жетілген түрі. Брахмандар түннің соңғы сегізінші сағатында қасиетті жазбаларды оқи отырып, пұттарды оятады және керней шалып, ұйқыда жатқан жұртқа құлшылықтың басталғанын жариялайды. Оянған жұрт құлшылық рәсімдерін тамашалауға жиналады. Пұт жуылып, майланады. Алдында шырақтар жағылып, гүлдер, түстік және кештік ас ұсынылады. Пұт күндіз демалып, түнде ұйқыға кетеді.
Үндістанда ғибадатханасыз ауыл жоқ деуге болады. Ауылдар мен қалаларда үлкен ғибадатханалар орналасқан. Олар кең дуалмен қоршалған және қасында жуынуға ыңғайлы қасиетті қауыздар бар.
Ғибадатханаларда жылдық мерекелік ойын-сауықтары болып тұрады. Мереке қарсаңында пұттар көліктермен әкелініп, өзенге шомылдырылады. Одан басқа, көткемде күзде және жаңа жылда болып тұратын мерекелік ойын-сауықтар да бар.
Индуизмнің кей тармақтарында, басшыларын ұлы деп санап оған тағзым етеді. Өмірден өткен қаһармандарға және ұлы адамдарға жәрдем тілеп дұға етіледі. Ауыл тұрғындары жалпы айналасына ықпал ететіндігіне сенген ұлыларға арнап құрбан шалады. Жындардың бар екендігіне сенеді және олардан қорқады.
Үндістанның дінге бет алысына қарағанда, адам үш бөлек жол арқылы табысқа жетеді. Бұлардың бірі амалдар (яғни құрбандармен), екіншісі білім мен таным (яғни құдайлық ақиқатты тану арқылы), үшіншісі адамның тұлға ретінде бейнеленген бір тәңірді жақсы көріп өзін оған тәслім етуі арқылы құтыла алады. Құрбандық индуизмде өте маңызды орынға ие. Ведалар бұйырған діни өмір құрбандармен ұштасып жатыр. Тәңірлер де құдіретін құрбандар арқылы көрсете алады. Тәңірлердің ұсынған құрбандары жер бетіндегілерге үлгі болған. Адамдарды тәңірлермен жақсы қарым-қатынаста ұстайтын құрбан шалулар болып саналады. Тәңірлерге аталған әрбір нәрсе құрбан. Сонымен қатар жаз және қыс маусымына байланысты қанды құрбандар шалынған. Ерекше үлкен дайындық және рәсімдердің атқарылуы керек болған құрбан «сома» құрбаны. Соманың дайындығы уақытында ешкі, сиыр сияқты жануарлар қанды құрбан ретінде ұсынылады. Тәңірлердің ренішін басу үшін шалынған құрбандармен қатар арнайы сыйлар да құрбан ретінде ұсынылған. Ежелгі замандарда үйдің иесі кейде әйелінің жәрдемімен, тәңірлерге құрбан шалған. Бірақ әр құрбанның барған сайын дайындықтары қиындай түседі. Әр рәсімнен бұрын және кейін де тақуалық (зуһд) және разылық (барлық жағдайда шүкір ету) қажет болып саналады. Уақыт өте келе құрбан шалу немесе құрбан шалу рәсімдеріндегі міндеттерді орындау және Ведаларды оқу үшін бір монах тобы пайда болған. Бұларды брахман деп атады. Брахмандардың жұмысы тек қана құрбан рәсімін өткізу ғана емес, сонымен қатар сиқыр және дуа жасау, адам мен тәңірлерді билігінде ұстауы болды.
Үндістандағы жеті қасиетті зиярат орнын атап көрсетуге болады. Бұлардың ең әйгілісі – Бенарес. Осы қасиетті жерлердегі зияраттар, қажылық сапарлары үнділердің өмірінде маңызды рөл ойнайды. Үндістандықтар қайтыс болған адамды өртеп, оның күлін Ганга өзеніне төгеді. Ілгеріректе әйел заты өлген күйеулерімен қоса өртелетін, қазіргі кезде бұл әдет жойылып кетті. Құлшылық, қасиетті кітап тек еркектер мен касталық жүйенің алғашқы үш сыныбына тән болып келген болатын. Гандиден кейін шамалы өзгерістер болғанымен, әлі күнге дейін алғашқы үш сынып иықтарынан белдеріне шейін жіптен өрілген өзгеше бір белгі тағынып жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |