ә. Аватара-инкарнация (хулул)
Аватара – тәңір Вишнудың адам кейпіндегі бейнесін сипаттау үшін қолданылған санскритше сөз. Ол «түсу, көріну, ену» деген мағынаны білдіреді.
Индуизм тәңірдің бір ғана кейіпте көрінетіндігі туралы көзқарасқа қарсы. Үнділерде тәңір тарихтың әр кезеңдерінде түрлі тұлғалардың кейпіне ене отырып, өзін паш еткен деген сенім бар. Осылайша тәңір жамандықтың бетін аулақ қылып, адамдарға қажетті міндеттерді және заңдарды әмір етіп отырған. Пайғамбар мәселесін де осылайша түсіндіреді. Бірақ индуизмде ешбір пайғамбардың немесе діннің жолдауының ақыры жоқ. Инкарнация жолымен мәңгілікке жалғасып кете береді.
Индуизмде Вишнудың кей уақыттарда құтқарушы тәңір сипатымен дүниеге келетіндігіне және уақыттың қажеттілігіне қарай түрлі бейнеде өзін көрсететіндіне сенеді. Вишнудың түрлі инкарнациялары (аватара) бар. Бұлардан екі маңызды аватарасы Рама және Кришна.
Инкарнация сенімі тәңірлердің немесе ұлы әруақтардың жаратылыс әлемімен тәңірлік байланысын айқындайды. Гитада айтылғандай, адамзаттың ішіне құдайлық ұлы болмыстың енуі арқылы инкарнация жамандық атаулыны жоқ етіп, Кришнаның аузымен адамзатқа қажетті міндеттер мен заңдарды үйрету үшін жүзеге асады. Және Гитада мынадай сөз кездеседі: «Мен түрлі кезеңдерде әр түрлі бейнелерде көрінемін».
б. Карма
Карма – себеп-салдар заңы. Сондықтан адам баласы өткен өмірінде не істеген болса, болашақта соны көретін болады. Бүгіннің жемісі – ертеңнің азығы. Қысқасы, әрбір әрекет нәтижеде өз жемісін береді. Жақсыдан – жақсы, жаманнан – жаман шығады.
Карма заңы бойынша бұл өмірде атқарылған амалдар, іс-әрекеттер жанды заттардың, адамдардың, жануарлардың тағдырына елеулі әсер етеді және олардың қайта денеге айналуында маңызды рөл атқарады. Яғни адам баласы өз жағдайларын өз амал-әрекеттері арқылы жасайды. Жақсы адамның әрекеттері жамандыққа ойысып бара жатса – бұл бұрынғы өмірінде істеп кеткен жаманшылығының нәтижесі, ал егер жақсылыққа қарай бет алса – онда ол адам бұдан бұрынғы өмірінде істеген игі амалдарына байланысты жақсылық істейді. Адам бұрынғы өткен өмірінде не ексе – келесі өмірде соны орады.
Карма әр шешімнің дұрыс және қате нәтиже беретіндігін белгілейтін нәрсе. Әрбір әрекет ақыр аяғында жемісін береді. Карма бананды улы жеміс беретін ағаштан күтпеу керектігін баяндайды. Карма сонымен қатар нәтижесін күтпеу әрекет ету мағынасына да келеді. Осылайша нәтиже күту үмітіне тоқтау қойылады. Бхагавад-Гитада Раб Кришна былай дейді: «Сіз тек қана міндетіңізді атқарумен міндеттісіз. Егер бір нәтиже шығар болса, маған қалдырыңыз».
Индуизм бойынша адам тоқтаусыз бір тәнәсух (ренкарнация) шеңберімен жалғасып жатыр. Бұл бойынша өлім, қорқынышты нәрсе немесе жоқ болу емес, бір жағдайдан екіншісіне өту. Олардың пайымдауынша карма доктринасы адамның қалауларын шынайы мағынада өлімсіздікке жеткізеді. Сол үшін әр үнді, қайта дүниеге келгенде жақсы амалдармен келешектегі өмірін қамтамасыз етуге күш жұмсайды. Жасаған күнәларының салдарынан өсімдік немесе хайуан болып дүниеге келуден қорқады. Олардың түсінігінде қай кастада туылған болса, бұл істеген амалдарының нәтижесі.
Достарыңызбен бөлісу: |