КӨЗДІҢ ЕКІНШІ РЕТТІК АУРУЛАРЫ
Көздің екінші реттік ауруларына инфекциялық, инвазиялық және жұқпалы емес ауруларда байқалатын жануарлардың көздерінің зақымдалулары жатады. Кейбір ауруларда көздің зақымдалуы міндетті түрде және белгілі бір көз құрылымының сол ауруға тән өзгерістерге ұшыраумен қоса жүреді. Мүйізді ірі қараның катаральді қызбасында, обасында, ит обасында, айналмада, құстың Марек ауруында көздің зақымдалуы осы ауруларға тән. Кейбір ауруларда көздегі мұндай өзгерістер тұрақты емес. Бірде бір көз құрылымы, келесіде мүлде басқа көз құрылымы зақымдалуы және оның сипаты да өзгеше болуы мүмкін (жылқы сақауы, инфекциялық анемиясы). Ветеринариялық және медициналық офтальмология зерттеулерінде көз ауруларының көптеген аурулармен байланысы бар екенін және бұл байланыс екі жақты болатынын дәлелденген. Бірде көз ауруларының себебі инфекциялық, инвазиялық және жұқпалы емес аурулар болса, екінші бір жағдайда көз ауруы бүкіл организмнің ауруына айналады. Соңғысына көз құрылымдарының іріңді қабынуларын, панофтальмитті атауға болады. Бұл аурулардың салдарынан сепсис дамып, малдың өлуі мүмкін. Осыған байланысты көз ауруларын зерттегенде, диагноз қойғанда, емдегенде оның бірінші реттік көз аурулары немесе екінші реттік көз аурулары екенін ажырату үлкен тәжірибелік маңызға ие.
Жұқпалы емес аурулардан болатын көздің екінші реттік аурулары. Көз ауруларының кейбіреуі жұқпалы емес аурулардың салдарынын пайда болатынын айттық. Мысалы қант диабетінде көздің торлы қабығының қан тамырлары жарылып, торлы қабыққа және шыны тәрізді денеге қан құйылады. Торлы қабық ажырайды. Ретро- интрабульбарлық неврит дамып, көз көрмей қалады. Ал иод жетімсіздігінен (базедов ауруы, гипертиреоз) экзофтальм (көздің шарасынан шығуы) дамып, осыдан көз қиығы керіліп, қабақтар сирек қағылады. Қабақ ісініп, қарашық кеңейеді.
Гипо және авитаминоз салдарынан да көз аурулары дамиды.
А – витамині жетіспесе көзде алғашында гипералопия дамиды, яғни көз кешқұрым нашар көреді. Ол халық арасында «тауық соқыр» деген атпен белгілі. Оның себебі А витамині жетіспеуінен торлы қабықтың таяқша тәрізді жүйке торшаларының жарықты қабылдағанда ыдырайтын родопсин пигментінің қалыптан аз болуы. Өйткені ыдыраған родопсиннің қалыпқа келуі үшін А витамині қажет. А витаминінің жетімсіздігі салдарынан көздің қасаң қабығы құрғап, жұмсарып, алғашында асептикалық қабыну (құста серозды - фибринозды кератит), одан іріңді қабыну (шошқада) дамиды.
В – витамині жетіспесе көздің көру жүйкесі невритке ұшырайды, семеді.
С – витамині жетіспесе конъюнктиваға және көздің ішкі орталарына қан құйылады, эгзофтальм дамиды.
Ішкі ағзалардың жұқпалы емес ауруларында да көз зақымдалады. Мысалы нефритте қабақтар ісінеді, конъюнктива сарғаяды. Ретинит, ретро – интробульбарлық неврит дамиды. Жүрек, өкпе ауруларында конъюнктива бозарады, көгереді. Қан қысымы көтерілгенде ақ қабықтың қан тамырлары жарылып, көздің ішкі орталарына қан құйылады. Ортаңғы құлақ қабынуы салдарынан да көзде жиі нистагм байқалады. Ал ішкі құлақтың іріңді қабынуында, гайморитте ретро – интробульбарлық неврит дамиды. Көздің көру жүйкесі семіп, көз көрмей қалуы мүмкін. Ми – жүйке жүйесінің аурулары да көзге және оның көруіне тікелей әсер етеді. Мидың механикалық жарақаттарында ондағы көру орталығының қызметі бұзылады. Соның салдарынан көздің көруі нашарлайды, тіпті толық көрмей қалады. Көзде осындай өзгерістер миға қан құйылғанда, мидың зілді ісіктерінде де байқалады. Қансыраудан және тағы басқа себептерден болған анемияда конъюнктива бозарып, торлы қабықтың қан тамырлары әрең байқалады. Көздің көру жүйкесінің бүртігі бозарған. Тіпті мес қарынның атониясы мен тимпаниясында да көзде өзгерістер байқалады. Бұл ауруларда көз қарашығы ұлғайып, жарыққа реакциясы тежеледі. Ал ол ауруларды емдеген соң бұл өзгерістер жылдам қалпына келеді.
Жануарлардың минералдық, химиялық улы заттармен және улы өсімдіктермен, зең саңырауқұлақтарымен улануы да көзге әсер етеді. Наркозға қолданылатын дәрілер (хлороформ, эфир) әсерінен және ас тұзымен уланғанда (әсіресе шошқа) көздің қарашығы кеңейеді. Салицил қышқылы, метил спиртінен улану көздің көру жүйкесінің солуына әкеледі. Малды аммиак, күкіртті сутегі мөлшері жоғары қорада ұстағанда көз ауруға шалдығып, жалпы көз ауруларының клиникасы дамиды. Олардың көзінен жас ағып, жарыққа қарай алмай, конъюнктивит, кератит пайда болады. Мал улы өсімдіктермен, зең саңырауқұлақтарымен уланғанда да көзде патологиялық өзгерістер дамиды. Меңдуанамен, қышамен, у қорғасынмен, кекіремен уланған малдың көзінің қарашығы кеңейіп, оның қозғалысы күрт баяулайды (мидраз).
Сыртқы қоршаған орта факторлары да көзге әсер етеді. Көп мөлшерде көзге түскен ультракүлгін сәуле әсерінен катаральді конъюнктивит, кератит, ретинит дамиды. Торлы қабыққа қан құйылуына да себеп болады. Сондықтан ультракүлгін сәулемен емдегенде дәрігер арнайы қорғаныш көзәйнек кию керек және емделетін жануарға да осындай арнайы көзәйнек кигізіледі. Рентген және радиация сәулелері көзде катаракта, ретинит туғызып, көздің көру жүйкесін семуге ұшыратып, көздің көрмей қалуына әкеледі.
Өте арықтау (көтерем, кахексия), аса кәрілік те көздің паталогиясын туғызады. Көзде кератит дамиды, көз алмасы семіп, көз шарасына түседі.
Жұқпалы емес аурулардан болатын көздің екінші реттік ауруларын емдеу. Емнің негізі жұқпалы емес ауруларды; гипо және авитаминозды, ас қорыту, тыныс алу тағы басқа жоғарыда қарастырылған ағзалардың ауруларын және анықталған көз ауруларын кешенді емдеу.
Инфекциялық аурулардан болатын көздің екінші реттік аурулары. Көптеген инфекциялық ауруларда көз аурулары дамитыны белгілі. Инфекциялық ауруларда көзде болатын патологиялық өзгерістердің түрі мен орналасуы сан алуан. Ол инфекциялық ауру түріне байланысты көздің сыртқы немесе ішкі құрылымдарында орналасады. Кейбір инфекциялық ауруларда көздің ішкі және сыртқы құрылымдары қоса зақымдалады. Көптеген инфекциялық ауруларда инфекция қоздырушылары көзге қанмен еніп, көзде ұқсас патологиялық өзгерістер туғызады. Мысалы ірі қара обасында, ринотрахейтте, аусылда, зілді катаральді қызбада, шошқа обасында, ит обасында, жануарлардың тұмауында, құстың Ньюкасл ауруында көзде жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер байқалады. Көзден жас ағу, жарыққа қарай алмау, катаральді конъюнктивит, блефарит, кератит дамиды. Ал аусылда, қой шешегінде көздің қасаң қабығында іріңді күлдіреуіктер пайда болады (пустула). Сіреспе ауруында көздің артқа тартқыш (ретрактор) түзу бұлшық еті дірілдеп, тартылып, нистагм байқалады. Жылқының Борн ауруында қабақтар салданып, көздің қарашықтары әртүрлі кеңейеді, яғни анизокорияға ұшырайды. Қарасанда көз бұлшық еттері біржақты тартылып, соның салдарынан көз қисаяды. Қарашық ұлғайып, беткейлі кератит дамиды. Туберкулезде қабыну онша байқалмайды. Конъюнктивада, ақ қабықта, түсті қабықта, көз түбінде ұсақ, көлемі тары дәніндей түйіндер пайда болады. Құстың Марек ауруының негізгі клиникалық белгісі көзде байқалады. Көздің түсті қабығы қабынады (ирит). Қалыптағы ашық қоңырқай немесе қызғылт түсін жоғалтады. Оның түсі көкшіл – сұрғылт балып өзгереді. Қарашық та қалыптағы домалақ пішінін жоғалтады. Жиегі тісті. Жарыққа реакциясы жоқ. Ауру асқына келе қарашық барынша кішірейіп, көздің алдынғы камерасына су жиналып, қасаң қабық томпайып, кератоконус байқалады. Көздің көру жүйкесі қабынып, интрабульбарлық неврит дамиды.
Риккетсиозды керато – конъюнктивит. Көбіне мүйізді ірі қара ауырады. Ауру қоздырушысы риккетсилер. Бұл паразит сан алуан тұрпатты, торшаның цитоплазмасында мен ядросында паразиттік тіршілік етеді. Оларды көз жасымен қоректенетін зоофильді шыбындар тарататыны белгілі. Жазда кейбір шаруашылықтардың малдарының 90% - на дейіні риккетсиозды керато – конъюнктивитке шалдығатыны белгілі.
Белгілері. Аурулың бірінші сатысында жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер байқалады. Катаральді конъюнктивит дамып, көзден жас ағады. Екінші сатысында қасаң қабық беткейлі зақымдалып, эрозияға ұшырайды. Ол біртіндеп бұлдырланады, тамырланады. Мал жарыққа қарай алмай, көзінен көп мөлшерде жас ағады. Үшінші сатысында да осы клиникалық белгілер сақталады, бірақ баяулайды. Көзден аққан жас мөлшері азаяды. Егер асқынбаса бұл сатының аяғына таман қасаң қабық мөлдірленіп, көз жазылады. Асқынса аурудың төртінші сатысы басталады. Көздің қасаң қабығы іріңді қабынуға ұшырайды. Қасаң қабықта терең өзгерістер болады. Көзден көп мөлшерде іріңді сұйық ағады. Бесінші сатысында қасаң қабықтағы іріңдіктер жарылып, терең іріңді жаралар пайда болады. Қасаң қабықтың жойылған жеріне (демаркация) дәнекер ұлпа өседі. Алтыншы сатысында қабыну біртіндеп басылып, қасаң қабық тыртықтанып жазылады. Көздің көруінің қаншалықты бұзылатыны осы тыртық көлеміне, тереңдігіне тікелей байланысты болады.
Инфекциялық аурулардан болатын көздің екінші реттік ауруларын емдеу. Емнің негізі аталған инфекциялық ауруларды және анықталған көз ауруларын кешенді емдеу. Инфекциялық ауруларға этиологиялық және симтоматикалық емдер қолданылады. Этиологиялық емге арнайы қан сарсулары, антибиотиктер, пробиотиктер қолданылады. Симтоматикалық емге ыстық түсіретін, іш тоқтататын, жүрек жұмысын жақсартатын дәрілер қолданылады. Көз аурулары көздегі патологиялық өзгерістерге сай емделеді. Көз ауруларын анықтау, емдеу алдағы тарауларда жан – жақты қарастырылды.
Паразиттік аурулардан болатын көздің екінші реттік аурулары. Паразиттік аурулардан да көз аурулары дамиды. Мұндай ауруларғаға сетариоз, телязиоз, айналма (ценуроз) сол сияқты пироплазмоз, нутталиоз және трипаносомоз жатады.
Сетариоз. Сиыр сетариозының қоздырғышы S. Labiata papillosa. Ол ұзындығы 48 – 103 мм болатын жұмыр құрт. Шошқаның және иттің сетариозының қоздырғышы Heamostrogulus vadorum. Жылқыда Settaria eguina. Бұл жұмыр құрттардың балаң құрттары қан арқылы көздің алдыңғы камерасына шығып, көз сұйығында еркін жүзіп жүреді (бір жылға дейін).
Емі. Көз камералары аурулары бөлімінде қарастырылған. Телязиозға (ноғала, телязиозды керато – конъюнктивит) негізінен мүйізді ірі қара шалдығады. Сирек жылқы ауырады. Телязиозды малдың конъюнктива қапшығы мен жас жолында тіршілік ететін ұсақ жұмыр құрттар туғызады. Олардың үш түрі бар: Біріншісі Thelasia rhodesi, екіншісі Th. Gulosa ал үшіншісі Th. Shrjabini. Алғашқысы конъюнктива қапшығында, соңғы екеуі жас жолында тіршілік етеді. Олар жаспен қоректенеді. Тірі балаң құрт туады. Осы балаң құрттарды жаспен қоректенетін шыбындар жұтып, олардың ағзасында дамып жетілген соң балаң құрт келесі малдың көзіне түседі де ересек сатысына өсіп жетіледі. Құрт тіршілігі барысында көздің қасаң қабығын, конъюнктива қапшығын, жас жолын жарақаттап, қабынуға ұшыратады. Соның салдарынан кератит және керато - конъюктивит дамиды.
Белгілері. Алғашында жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер байқалады. Соңынан алдыңғы тарауларда баяндалған кератит және керато - конъюктивит дамиды. Қорытынды диагноз паразитологиялық зерттеу жасап, ауру қоздырғышын анықтау арқылы қойылады.
Емі. Тиімді емі әлі толық ұсынылмаған. Ивамек дәрісін малдың 50 кг тірі салмағына 1 мл есептеп қолданылып дегельминтизация жасау, конъюнктива қапшығын және жас жолдарын натрий иод пен калий иод қоспасымен жуу ұсынылған. Соңғы ерітіндіні 2 литр дистилденген суға 1,0 гр. кристальді натрий иод және 1,5 гр. калий иод қосып дайындайды.
Айналма (ценуроз). Бұл ауруды иттің аш ішегінде паразиттік тіршілік ететін Multiceps multiceps таспа құрттың балаң құрты (жылауық) - Coenurus cerebralis туғызатыны белгілі. Айналма жылауығы миға механикалық қысым түсіріп, көру орталығының қызметін бұзады. Соның салдарынын көздің көру жүйкесі ісінеді. Жылауықтың мида орналасуына байланысты көздің көруі біржақты бұзылып, оң немесе сол жақ көзі көрмей қалады.
Емі. Оперативті. Операция жасап, мидағы жылауықты алады.
Пироплазмозда, нутталиозда, трипаносомозда конъюнктиваға қан құйылып, ол қызыл түске боялады.
Паразиттік аурулардан болатын көздің екінші реттік ауруларын емдеу. Паразиттік аурулардан болатын көздің екінші реттік ауруларын емдеу үшін алдымен паразитоздарды емдеу керек. Ол үшін антгельминтиктер, химиялық дәрілер және арнайы емдер (оның ішінде оперативті) қолданылады. Содан соң көз аурулары емделеді.
ЖАНУАРЛАРДЫҢ КӨЗІН ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІ.
Жануарлардың көзінің көретіндігін анықтау.
Көзін зерттеу үшін жануарлар бекітіліп байланады. Ірі малдарды тұрғызып станокқа немесе бағанаға байлайды. Ал ит – мысықты столға жатқызып бекіткен дұрыс. Зерттеу барысында техника қауіпсіздігін сақтау керек. Әсіресе сиырдың мүйізінен, иттің тісінен, ал мысықтың тырнағынан сақтану қажет. Малдың басын бекітіп байлайды. Итке арнайы тұмылдырық кигізеді немесе жағы ашылмайтындай бинтпен байлайды. Мысықтың аяғына қалың материалдан жасалған аяққап кигізіледі.
Жануарлардың көзінің ауруларын анықтау үшін көптеген әдіс - тәсілдер қолданылады. Жануарларды көз ауруларына зерттеуді белгілі жоспар бойынша және арнайы әдістерді қолданып жүргізсе ғана нәтижелі болады.
Жануарларды көз ауруларына зерттеудің жоспары:
-
Жануарға жалпы клиникалық зерттеу жүргізу,
-
Көзді клиникалық тәсілдермен зерттеу,
-
Көзді және оның қосымша мүшелерін арнайы әдістермен зерттеу.
Көзді клиникалық зерттеу тәсілдеріне қарау, сипау жатады. Сондай – ақ көзді арнайы клиникалық әдістермен, арнайы құралдармен, арнайы дәрілерді қолданып және зертханалық әдістермен зерттейді. Жануарға клиникалық зерттеу жалпы қабылданған клиникалық зерттеу жоспары бойынша жүргізіледі.
Клиникалық зерттеудің жоспары:
-
Жануарлармен алдын ала танысу (жануарларды тіркеу, анамнезі),
-
Жалпы зерттеу (Т;П;Д, габитусы, терісін, тері өсінділерін, тері асты борпылдақ ұлпасын, лимфа түйіндерін, кілегей қабықтарын),
-
Ағзалар мен жүйелерді зерттеу (жүйке, ас қорыту, тыныс алу, қан айналу, жыныс және зәр шығару),
-
Арнайы клиникалық зерттеулер (қанды, зәрді, нәжісті зертханалық зерттеу, ЭКГ, УЗИ, рентген, комьпютерлік томография).
Көзді зерттеудің арнайы клиникалық әдісінің бірі – жануарлардың көздерінің көретінін анықта. Онда бірнеше тәсіл қолданылады:
-
Малдың көз алдынан қолдың алақанын арлы – берлі жүргізіп бақылау. Көзі көретін мал жасқанады, қабағын қағады.
-
Кенеттен қатты дыбыстар шығарып бақылау. Көзі көрмейтін мал оқыс дыбыстан қатты шошынып үркеді.
-
Малды жүргізіп бақылау. Көздері көретін мал еш жасқанбай, еркін және айналасындағы заттарға, малдарға соғылмай қозғалады. Ал соқыр мал сақ, абайлап, құлағын тігіп, аяқтарын көтере басып жүреді.
-
Бөгет – кедергілер арқылы өткізіп бақылау. Ол үшін жетекке алынған малдың алдына бірнеше кедергілер қойылады. Көзі көретін мал кедергіге соғылмай оны айналып немесе аттап өтсе, соқыр мал шалынады, сүрінеді.
-
Малдың екі көзі де көретінін анықтау үшін көздерін кезек – кезек жауып, кедергілер арқылы өткізіп бақылау қажет.
Көзді және оның қосымшаларын қарау, сипау, жас жолын тексеру.
Ол үшін малды жарық жерге қойып, екі көзінде қарап, сипап салыстырып тексереді. Қабақтардың жағдайы (жарақаттары, экзема, зілді ісік т.б.), көз саңылауын байқау (тарылу, қабықтың жабылуы, флегмона т.б.). Көз шарасын, коньюнктивасын (түсі, қан тамырларының жағдайы), қарашығын (жақыннан жарық түсірсе сау көздің қарашығы кішірейеді, ал жарықты алыстатқан сайын қарашық кеңейеді) көз алмасын, жас бездері мен жас жолдарын қарау (үлкейткіш шыныны да пайдаланады), сипау арқылы зерттейді. Қабақтың қабынуына (блефарит), ісінген - ісінбегеніне, жарақатына, орналасуына (айналуы бар ма), айналасындағы терісіне (дерматиттер), жиегі мен кірпіктеріне көңіл аударады. Ісік болса қаты ма әлде бүлкілдей ме, температурасы қандай, ауыра ма. Көзден жас ағуы (эпифора), жарыққа қарауы – қарай алмауы (блефароспазм), анықталады.
29 – шы сурет. Кератоскоп - көздің қасаң қабығын зерттейтін құрал.
Кератоскопия - кератоскоп құралын пайдаланып көздің қасаң қабығын зерттеу әдісі. Қасаң қабықтың мөлдірлігін, тегістігін зерттейді. Малдың зерттелетін көзіне қарама – қарсы жақтан табиғи немесе электр жарығы түсіп тұруы қажет. Зерттеуші мал дәрігері оң қолына кератоскопты шеңбері бар жағын көзге қаратып, зерттелетін көз деңгейінде 10 – 15 см қашықтықта ұстап, жарықтан шағылысқан шеңбер суретін көздің қасаң қабығына түсіреді. Кератоскоптың ортасындағы тесік арқылы қарағанда шеңбер көздің қасаң қабығы аумағынан кіші болса кератоскоп көзден сәл алшақтатылады, ал үлкен болса керісінше жақындатылады. Сау малдың қасаң қабығы тегіс, жылтыр. Оған түскен кератоскоптың дөңгелек шеңберлерінің суреттері анық, бұзылмаған және дұрыс орналасқан. Ал көзінің қасаң қабығы бұрын жарақаттанған және орнында тыртық қалған болса немесе жаңа жарақаттар болса, қасаң қабық тағы басқа себептермен өз тегістігін жоғалтқан болса шеңберлер иректеліп тұтастай немесе оның белгілі бір бөлігі бұзылады. Бір немесе бірнеше шеңбер бұзылуы мүмкін.
30 - шы сурет. Кератоскопия техникасы (оригинал).
Офтальмоскопия - көздің ішкі құрылымдарын: көз камераларын, бұршақ денені, шыны тәрізді денені, торлы қабықты, көз түбін, көздің көру жүйкесін және көз қан тамырларын офтальмоскоп құралымен қарашық арқылы жарық түсіріп қарау арқылы зерттеу әдісі. Офтальмология ғылымының нағыз дамуы 18 ғасырдан басталған. Бұған үлкен себеп болған 1850 жылы Гемогольц деген ғалымның офтальмоскопты ойлап табуы болды. Офтальмоскопия жасағанда қарашық барынша кең ашылып тұру үшін зерттеуден 10 – 15 минут бұрын көзге 1% - ды атропин сульфат ерітіндісін тамызады. Малдың зерттелетін көзіне қарама – қарсы жақтан табиғи немесе электр жарығы түсіп тұруы қажет. Зерттеуді ашық күн көзінде жүргізуге болмайды, өйткені мал көзіне түскен аса жарықтан қатты тынышсызданады. Зерттеуші мал дәрігері зерттелетін көз деңгейінде 10 – 15 см қашықтықта оң қолына офтальмоскопты айна жағын көзге қаратып ұстап, одан шағылысқан сәулені қарашық арқылы көздің түбіне бағыттайды.
31 - шы сурет. Офтальмоскоп (көз айнасы) - көздің ішкі құрылымдарын жарық түсіріп зерттейтін құрал.
32- ші сурет. Офтальмоскопия техникасы (оригинал).
Офтальмоскоптың ортасындағы тесік арқылы қарағанда сау малдың көз түбінің өзіне тән суреті көрінеді (кітаптағы 5 – 6 – шы суреттерді қара). Көз ауруларында көз түбінің суреттерінің әртүрлі өзгерістері анықталады (27 – сурет).
Көзді арнайы клиникалық әдістермен зерттеу. Көзді жарық түсіріп зерттеуі. Бұл тәсіл көздің конъюнктивасындағы, ақ қабықтағы, қасаң қабықтағы, түсті қабықтағы және қарашықтағы өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін малды қараңғылау жерге қойып, көзіне жарық түсіріп (көз фонары) құралсыз немесе +5,+10 есе үлкейткіш шынымен қараймыз. Жарықты қарашыққа түсіріп, жақындатып – алыстатып оның жарыққа реакциясы анықталады.
33 - ші сурет. Көзді Пуркине – Самсонов бейнесімен зерттеу техникасы (оригинал).
Көзді Пуркине – Самсонов бейнесімен зерттеу. Қараңғылау жерде мал көзіне май шам білтесінің сәулесін жақындатса, сау көзден май шам білтесінің үш бейнесі көрінеді.
Бұл әдіспен қасаң қабықтың мөлдірлігін, көз бұршағының бар – жоғын, мөлдірлігін, көз камераларын зерттейді. Зерттеу техникасы: қараңғылау жерге қойылған малдың көзіне жанып тұрған май шамды 15 – 20 см жақындатады. Зерттеуші мал дәрігері малдың көзіне бір қырынан қарағанда сау көзден май шам білтесінің үш бейнесін көреді. Бірінші бейне дұрыс орналасқан, анық, орташа көлемде. Ол қасаң қабықтан шағылысқан бейне. Екінші бейне де үлкендеу, сәл көмескі. Ол бұршақ дене қабығының алдынғы жағынан шағылысқан бейне. Үшінші бейне алғашқы екі бейнеден ары таман орналасқан, көлемі кішкене, көмескі және төңкерілген. Бұл бұршақ дене қабығының артқы қабырғасынан шағылысқан бейне.
Қорытынды: Егер малдың көзі сау болса барлық үш бейне де анық көрінеді. Егер алғашқы екі бейне ғана көрінсе қасаң қабық мөлдір, көз камераларындағы сұйық тұнық, ал бұршақ дене күнгірттенген. Егер екінші және үшінші бейнелер көрінбесе көздің бұршақ денесінің болмағаны.
Инфекциялық және инвазиялық ауруларға зерттеу үшін көзден материалдар алу және зерттеу.
Көзден қырынды(сүртінді алу), жағында жасау және микроскоппен зерттеу техникасы. Көздің айналасын, қабақтардың жиегін 70% - ды спиртке шыланған бинтпен тазалап сүртіп, конъюнктиваға 2% - ды новокайын тамызылады. 10 – 15 минуттан соң қабақты ашып, арнайы бактериологиялық қырғышпен немесе басына стерильді мақта оралған таяқшамен екі көздің де қонъюнктивасы мен қасаң қабығынан беткейлі қырынды (сүртінді) алынып зат шыныға жағында жасалады. Жағынды бөлме температурасында немесе спиртовка жалынында кептіріліп, абсолюттік спиртпен немесе спирт – эфирмен 20 – 30 минут бекітіледі. Еегер метил спирті қолданылса 3 – 5 минут жеткілікті. Осыдан соң жағынды үстіне Романовский – Гимза бояуы құйылып 45 – 60 минут ұсталады. Бояу дистилденген сумен шайылып, жағынды кептірілген соң микроскоптың астында (90*) зерттеледі.
Қорытынды: Сау малдың көзінде бактериалар болмауы тиіс. Тек аздаған эпители торшалары мен лимфоциттер болады. Ал көзі ауру малда стрептококтар, стафилококтар, диплококтар, риккетсилар анықталады.
Көзді паразиттерге зерттеу. Көздің конъюнктива қапшығында, жас жолдарында телязиоз (ноғала) ауруын туғызатын ұсақ (20 – 21 мм), ақ - сұр жұмыр құрттар (Thelazia rhodesi, Th. Gulosa, Th. Shrjabini) паразиттік тіршілік етеді. Олар тірі балаңқұрттар туады. Телязилерді анықтау үшін жылы физиологиялық ерітіндіні инесіз шприцке толтырып алып, қысымен шапшыта конъюнктва қапшығына, үшінші қабақ астына жіберіп, шайындыны Петри табақшасына жинап алып паразиттерге зерттейді. Оң нәтижеде шайындыдан телязилер анықталады.
Көз алмасы мен оның қосымшаларына цитологиялық зерттеу жасау. Бұл офтальмологияның қосымша жылдам зерттеу әдісіне жатады. Онда алынған деректер диагноз қоюға көмектеседі. Мысалы сүртінді алып, жағында жасап зерттегенде қасаң қабық, конъюнктива сау болса, жағындыдан бірнеше лимфоциттер және полинуклеарлық нейтрофилдер ғана анықталады. Ал көз құрылымдары қабынған болса бұл торшалар күрт көбейеді, сондай ақ эозинофилдер мен базофилдер, эпителий торшалары тіпті бактериалар мен зең саңырауқұлақтары да анықталады (Ж. Гейер. 2008).
Мүйізді ірі қараға ретробульбарлық новокайн блокадасын жасау техникасы.
Көздің асептикалық және іріңді қабынуларында новокайн блокадасын қолдануды алғаш ұсынғандардың бірі В.Н. Авроров. Ол 0,5% новокайн ертіндісін көз алмасының артындағы ретробульбарлық кеңестікке егуді ұсынды. Біз тәжірибе жүзінде мүйізді ірі қараның көз ауруларын емдеуге ретробульбарлық новокайн блокадасын 0,5% новокайнға бициллин – 3 антибиотигін қосып қолданып, өте жақсы нәриже алып жүрміз. Оны жасау техникасы:
Алдымен мал станокқа бекітіледі. Содан соң көмекші малдың басын қозқалтпай ұстайды. Ол үшін блокада сол көзге жасалатын болса, көмекші оң жақтан тұрып, сол қолымен малдың сол жақ шекесінен (мүйізінен), ал оң қолымен астыңғы жағының тісі жоқ жиегінен ұстап, малдың мойны мен басын сол жақ жамбасына қыса қозғалтпай ұстайды. Ал оң жақ көзге блокада жасағанда керісінше көмекші сол жақтан тұрып, оң қолымен малдың оң жақ шекесінен (мүйізінен), ал сол қолымен астыңғы жағының тісі жоқ жиегінен ұстап, малдың мойны мен басын оң жақ жамбасына қыса қозғалтпай ұстайды. Мал дәрігері үстіңгі қабақтың терісін көз шарасына дейін 5% иод ертіндісімен өңдейеді. Блокаданы оң жақ көзге жасағанда, мал дәрігері малдың мойынына сүйене оң жағынан тұрып, сол қолының алақанын малдың маңдайыа қояды (сол жаққа жасағанда керісінше). Сонда бас бармағы көз шарасының жиегіне және көз алмасының жоғарғы жағына жанасуы тиіс. Осылай қабақ пен көз алмасын қозғалтпай ұстап тұрып, бір рет қана қолданылатын шприцтің инесін қабақ терісі арқылы көз шарасы сүйегі мен көз алмасы арасынан келесі жақтың құлағының сыртқы есту тесігіне бағыттап, тайыншаларға 5 – 6 см, ал ірі сиырларға 6 – 8 см тереңдікке енгізеді. Тайыншалардың көзінің ретробульбарлық кеңестігіне 10 мл, ірі сиырларға 20 мл 0,5% - ды новокайнға езілген бициллин -3 антибиотигінің ерітіндісі егіледі. Бициллин – 3 тайыншалардың бір көзіне 300 мың ӘБ, ал ірі сиырдың бір көзіне 600 мың ӘБ – нен есептеп қолданылады. Ішкі көз құрылымдарының асқынған, іріңді қабынуларында бициллин – 3 антибиотигінің қолдану мөлшері екі еселенеді. Ерітінді жылы болғаны дұрыс. Егер блокада малдың екі көзіне де жасалуы тиіс болса, екінші көзіне дәрі келесі күні егіледі. Дәрі еккеннен соң көз алмасының аздап көз шарасынан томпайып шыққаны, қарашықтың кеңейгені, жоғарғы және үшінші қабақтардың түскені, конъюнктива мен ақ қабықтың қызарғаны, ісінгені және қабақ пен көз алмасының қозғалысының шектелгені байқалады. Бұл құбылыстар 1,5 - 2 сағаттан соң басылады. Ем көрсетіліміне қарай арасына 3 – 5 күннен салып, 2 – 3 рет қайталанады.
Достарыңызбен бөлісу: |