Емі. Егер сынған көз шарасы сүйегі орнынан қозғалмаған болса, немесе шытынаса, жарақаттанған аумақ алдымен жоғарыда аталған дезинфекциялық дәрілердің бірімен залалсыздандырылады. Алғашқы күні суық, одан ары қарай жылулық емдер қолданылады. Егер сынған көз шарасы сүйегі орнынан қозғалса, оны орнына қойып, таңу керек. Ал орнынан қозғалған сүйекті қайта орнына қою, бекіту мүмкін болмаса операция арқылы сүйек сынығы алып тасталады. Ары қарай ашық асептикалық хирургиялық жарақат ретінде емделеді.
Көз шарасының флегмонасы – (phlegmona retrobulbaris) көз шарасы терісінің борпылдақ дәнекер ұлпасының (клетчатка) жайылған іріңді қабынуы. Оның пайда болу себптері: көзге сырттан болған механикалық әсерлерден көз шарасының терісінің, тері асты ұлпаларының жаншылуы, қан тамырларының бүлініп гематома пайда болуы және ол жерге инфекция түсіп шіруі. Кейде көз шарасы флегмонасы көздің ішкі құрылымдарының шірікті қабынуларының асқынуынан да пайда болады (панофтальмит). Сондай – ақ жалпы сепсисте және басқа ағзалардағы шірікті процестердің қан арқылы тарауынан да болуы мүмкін. Алдымен көз шарасының терісі мен борпылдақ ұлпасында дамыған флегмона, емдемесе оның терең қабаттары мен көз шарасының ішіне және көздің өзге құрылымдарына да ауысады. Малдың бір немесе екі көзі қоса зақымдалады.
Белгілері. Алғашында көз шарасы аумуғы, әсіресе қабақ қатты ісінеді. Ісік самай, құлақ аумағын да қамтиды. Жануар көзін сығырайтып әзер ашады. Көз шарасы аумағы аса аурушаң. Малдың дене қызуы көтерілуі мүмкін. Көздің көруі нашарлайды. Көз шарасы аумағы іріңдеп, жайылған іріңді ошақ - флегмона пайда болады. Одан әрі асқынса конъюнктива іріңді қабынуға ұшырап, көзден ірің ағады. Қасаң қабық іріңді қабынуға ұшырап, бұлдырланады. Онда эрозия, тіпті терең жарақат пайда болады. Көздің көру жүйкесі ісініп, соңынан семуге ұшырайды. Бірте – бірте көздің барлық құрылымдары іріңді қабынуға ұшырап, панофтальмит дамиды.
Емі. Ем флегмонаны жетілдіріп, іріңін шығарып тазалауға бағытталған. Ол үшін көз шарасын жылы орау, қыздыру компресстері жасалады (жылулық компресс, құрғақ қыздырғыш, Соллюкс шамымен қыздыру, булау т.б). Іріңдік пайда болған соң ол хирургиялық жолмен тілініп, ішіндегі іріңінен, өлі етінен тазаланып, дезинфекциялық ерітінділермен жуып – шайылады. Антибактериялық майлар (Вишневский майы, ихтиол, антисептикалық фармойдтық май) жағылып, дренаж қойылып, таңылады. Жара іріңнен, өліеттен тазарған соң антибиотик ұнтақтары (ақ стрептоцид) себіліп немесе септо – спрей, чеми – спрей аэрозолдарымен, монклавит – 1 ерітіндісімен өңдеу арқылы емделеді. Көз шарасы айналасына антибиотик қосып новокаин блокадасын жасау, бұлшық етке антибиотиктер (бициллин – 3 - 10 - 15 000 ӘБ\кг, Нитокс-200 - 1мл\10 кг), витаминдер егу емнің тиімділігін жоғарлатады. Көздің басқа құрылымдары ауруға шалдықса оларды да емдеу қажет.
Көз шарасының қатерлі ісіктері. Қатерлі ісік дегеніміз ағзада жаңадан пайда болған жат ұлпа екенін белгілі. Жануарлардың көз шарасында зілсіз ісіктер және зілді ісіктер кездеседі. Олар алғашында баяу дамып, онша байқалмайды. Көзге еш әсер етпейді. Уақыт өте келе өсіп, үлкейіп, көзге қатер туғызады. Көзді көз шарасынан шығарып (экзофтальм), қан айналымын, жүйке жүйесін бұзып, көздің көруінің күрт нашарлауына, көздің семуіне, тіпті толық соқырлыққа әкеледі.
Зілсіз ісіктерден шошқа мен иттің көз шарасында киста (іші қуыс, ішінде аздаған сұйығы бар өсінді), жылқы мен сиырда липома (май ұлпасынан пайда болған зілсіз ісік) жиі кездеседі.
Зілді ісіктерден жануарларда кездесетіндері карцинома мен саркома.
Анықтау. Киста – көз шарасы терісінің астынан өскен, қабақтан алға қарай шығып айқын көрінетін домалақ, кейде сопақ пішінді, сипағанда ауырмайтын, жұмсақ, аздап бүлкілдейтін өсінді.
Липома - сирек кездеседі. Кистаға клиникалық белгісі ұқсас. Бұл ісік көз шарасының тек сыртында ғана емес көздің ретробульбарлақ кеңестігінде де өседі. Бұл екеуі де баяу дамиды, қабыну болмайды. Көз шарасы терісімен жабысып өспеді, сондықтан оның үстіндегі тері қозғалғыштығын сақтайды.
Карцинома мен саркома – бұл ісіктердің клиникалық белгілері өте ұқсас. Ажырату биопсия жасап, гистологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде мүмкін болады. Тез өсіп, дамиды. Көз алмасы ішінен бастап оны қоршай өсіп, көзді жылдам экзофтальмға әкеледі. Конъюнктива мен қабақ арқылы тармақтала өсіп, көз қиығынан кедір - бұдыр жұмсақ өсінді түрінде байқалып тұрады. Жиі оның төбесі кепкен өлі ұлпамен жабылған. Механикалық әсерден оңай қанайды. Зілді ісіктің көлемі ұлғайып көзде экзофтальмға, қисық көзділікке (страбизм) ұшыратады. Ісіктің дамуымен қатар, көздің қанмен қамтамасыз етілуі азайып, көруі нашарлап, көз алмасы семіп, мал соқыр болып қалуы да мүмкін.
Қатерлі ісіктер клиникалық белгілері бойынша анықталып, оларды түпкілікті ажырату биопсия жасап, гистологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде мүмкін болады.
Емі. Қатерлі ісіктердің негізгі емі оларды операция арқылы сылып алып тастау. Көз шарасының терісінің астында орналасқан зілсіз ісіктерде орбитотомия жасалады. Ол үшін ісікті айналдыра жергілікті ауырсындырмау жасалып, көз шарасының қыры жағынан терісі, сірі қабығы тілініп, ісікті хирургиялық қысқышпен қысып ұстап, сыдырып (тілмей) алып тастайды. Жарақатқа хирургиялық тігіс салынады. Зілсіз ісіктер көз алмасы айналасында, ретробульбарлық кеңестікте орналасса және зілді ісіктерде көзге экзентерация жасалады. Яғни көз алмасы айналасындағы көз майымен, бұлшық еттерімен, қан және жүйке тамырларымен қоса көз шарасының қабына дейін толық сылынып алынып тасталады. Бұл операция наркозбен жасалады. Көз шарасын айналдыра зілді ісіктерді толық қамти тіліп, көзді жоғарыдағы барлық құрылымдарымен сылып алып тастайды. Қанын тоқтатып, жарақатқа антибиотиктер ұнтағын сеуіп, көз шарасы мақта - мәрлі тығынмен (тампон) толтырылып, тігіс салынады. Тігіс жібі шешілетіндей етіп байланады. Бір күннен соң тігісті шешіп, жарақатты қарап, ісіктер мен ірің қалдығынан тазалап, дәрілеп, қайта тартып байланады. Бесінші – жетінші күні тағы осылай тексеріледі. Операция жарақаты екі – үш аптада толық жазылады.
ҚАБАҚ АУРУЛАРЫ
Қабақтар көздің аса маңызды қорғаныш жабыны. Ол жоғарғы және төменгі қабақтардан тұрады. Қабақтың ішкі және сыртқы жиектері бар. Оларда кірпіктер, ал қабақ терісі астында кірпіктердің баданасын майлап тұратын мейбомиев безі орналасқан. Қабақтар жиі әртүрлі жарақаттанулар мен ауруларға ұшырайды. Қабақ көздің сыртында орналасқан қорғаныш жабыны болғандықтан механикалық, физикалық, химиялық әсерлерге бірінші болып ұшырайды. Қабаққа оны қоршаған ұлпалардың аурулары да ауысады. Қабақтың жиі кездесетін ауруларына оның жарақаттары, қабынуы, қабақтың дұрыс тұрмауы, қатерлі және қатерсіз зілді ісіктері жатады.
Қабақтың жарақаты – (vulnera) сыртқы ортаның әртүрлі механикалық әсерлерінен болады. Қабақты абайсызда неше түрлі үшкір заттар, ұшы қайрылмаған шегелер жаралауы, мүйіз тиюі мүмкін. Иттердің қабағы таласқанда тістеліп жарақаттанады. Жарақаттар беткейлі немесе терең болады.
Белгілері. Мұнда да барлық жарақаттардағы сияқты қабақтың терісі мен оның астындағы ұлпалардың бүтіндігі бұзылған, қан ағу, аурушаңдық, ісіну байқалады. Қабақтың жиегіне паралелл жарақаттар көбіне жеңіл, бірінші реттік тартылып бітумен жазылады. Өйткені ол қабақтың айналма бұлшық етіне паралелл болады да, оны аса көп жарақаттамайды. Ал қабақ жиегіне тік түскен жарақаттың жазылуы ұзағырақ. Жазылғаннан кейін оның орнында көбіне қалың тыртық қалады. Ол қабақ жиегіне таяу орналасса көздің конъюнктивасы мен қасаң қабығын үнемі тітіркендіріп, созылмалы қабынуға ұшыратады. Кейде осыған байланысты қабақтың көз қиығын дұрыс жаппайтын кемістігі пайда болады («қоян көз»).
Емі. Жарақаттарды емдегендей асептикалық тазалау жасап, иодты тампон басып қанын тоқтатады. Антибиотик ұнтақтарымен, антисептикалық фармойдтық маймен немесе септо – спрей, чеми - спрей аэрозодарының бірімен өңдеп (аэрозолдармен өңдегенде көзді жабады), клейлі таңғыш салу керек. Қаны тоқтаса таңғыш салмаса да болады. Ал жарақаттың көлемі үлкен және терең болса оған бірнеше жерден түйін тігіс салынады.
Қабақтың соғылуы – (contusiones) жабық механикалық жарақат. Соққы әсерінен қабақ терісінің анатомиялық бүтіндігі сақталып, оның жекелеген торшалары, қан – лимфа тамырлары зақымдалады. Ол қабаққа өткір емес заттармен жасалған соққылардан, соғылу – ұрылулардан болады. Малдардың қабағына жиі қамшымен, бишікпен, таяқпен соққы жасалса, жеккенде жылқының қабағына доға, өгіздің қабағына мойынтұрық тиеді. Қабақтың малды тиеу – түсіру кезінде көлік қорабына, малдәрігерлік – зоотехникалық шараларды жүргізу кезінде станокқа соғылуы да біршама жиі болып тұрады.
Белгілері. Соғылуды клиникалық зерттеу жүргізіп, анамнезі мен клиникалық белгісіне қарап анықтау қиындық туғызбайды. Соғылу көбіне бір жақ қабақта болады. Соғылған жер ісінген, аурушаң, жергілікті қызуы көтерілген. Қатты ісінген қабақ көз қиығын толық немесе жартылай жауып тұруы мүмкін. Егер дұрыс емдемесе ол жерде соңынан шектеулі (абсцесс) немесе жайылма (флегмона) іріңдік дамиды.
Емі. Алғашқы күні соғылған жерді дезинфекциялық дәрілермен (спиртті тампонмен, 1: 5000 фурацилинмен, септо - спреймен т.б) өңдеп тазартқан соң суық компресс қою тиімді. Екінші күннен бастап жылулық емдер жасалады. Қыздыратын қасиеті бар, бірақ көзді тітіркендіретін өткір иісті (скипидар, камфора майы) дәрілерді қолдануға болмайды.
Гематома - (haematoma) соғылған жердегі ұлпа арасында қан толған қуыстың пайда болуы.
Белгілері. Қабақта басқанда жұмсақ, ауырмайтын және басында бүлкілдейтін, соңынан қатаятын ісік анықталады. Оны соғылудан клиникалық белгісіне қарап және ине сұғып қанды анықтап ажыратады.
Емі. Соғылуды емдегендей. Тек алдымен ұйымаса ішіндегі қанды инемен сорып алып, қысып таңады. Ал қан ұйыған болса теріні тіліп, қуысты ашып, қанынан тазалап, ашық жарақатқа айналдырып емдейді.
Абсцесс – (absessus) соғылған жердің ұлпаларының өлі еттеніп іріңдеуінен пайда болған, аумағы шектеулі іріңді қалта.
Белгілері. Қабақта басқанда бүлкілдейтін ісінген жер анықталады. Оны гематомадан ине сұғып, ішіндегі іріңді анықтап ажыратады.
Емі. Оперативтік жолмен іріңдік ашылып, іріңін алып, жоғарыда берілген дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерінің бірімен жуып тазалаған соң антибактериялдық дәрілердің ұнтағын, майларын, аэрозолдарын қолданып емдейді.
Флегмона – (phlegmone) қабақ терісінің борпылдақ дәнекер ұлпасының жайылған іріңді қабынуы.
Белгілері. Алғашында жарақаттанған жердегі ұлпа сулы қабынуға ұшырап, соңынан ол жер тығыз ісікке ұласып, малдың дене қызуы көтеріледі. Соңынан іріңдеп, аумағы үлкен, жайылған іріңді ошақ пайда болады. Ол кейде сыртқа немесе конъюнктива қапшығына өздігінен жарылады. Асқынып, сепсис туғызуы да мүмкін.
Емі. Алғашында соғылуды емдегендей емдейді. Іріңді қалта пайда болған соң емі абсцесстегідей. Абсцесс пен флегмонаны емдегенде олардың асқынуын болдырмауға бағытталған кешенді ем жасалады. Ол үшін малдарға антибиотиктер егіліп, азықтандырылуы мен күтіміне көңіл бөледі.
Блефарит – (blephoritis) қабақтың қабынуы. Себебі сан алуан. Көбіне механикалық, химиялық, физикалық тітіркендіргіштер әсерінен пайда болады. Мысалы: мал, құс қора уақытылы тазаланбаса қора ауасында аммиак мөлшері күрт артып, көздің қабағының қабынуына себеп болады. Қабыну сондай – ақ қабақты қоршаған ұлпалардан ауысуы мүмкін. Жиі блефариттің себебі зат алмасудың бұзылуы, оның ішінде гиповитаминоз А және С. Блефарит беткейлі және терең деп бөлінеді. Беткейлі блефаритте қабақтың жиегі қабынады. Терең блефаритте қабынуға қабақтың терісінің борпылдақ дәнекер ұлпасы, бұлшық еттері мен терең жатқан борпылдақ дәнекер ұлпалары да ұшырайды. Беткейлі блефарит қабыршақты және іріңді жара түрінде болады. Ал терең блефаритке теріскені және халазион жатады.
Қабыршақты блефарит. Қабақтың көбіне созылмалы өтетін қабынуы.
Белгілері. Қабақтың жиегі қызарып, қышып, көздің ішкі бұрышына көпіршікті сұйық жиналады. Жануарлар қабынған қабағын әртүрлі заттарға, ал ит, мысық, терісі бағалы аңдар аяқтарына үйкелеп, қасиды. Сөйтіп оны асқындыра түседі. Қабақтың жиегі ісініп, қалыңдап, онда оңай сыдырылатын қабыршақ пайда болады. Көзден жас ағып, көздің қабақтары сығырайып әрең ашылады. Кірпіктердің біршамасы түсуі мүмкін. Асқынса қабақ пен көздің көптеген қабынумен өтетін (қабақтың терең қабынуы) зілді ауруларына ұласады. Сондықтан уақытылы емдеу қажет.
Емі. Алдымен аурудың себебін жою керек. Көздің қабағы, әсіресе оның жиектері жылы 3 % бор қышқылына, 1 % ас содасына немесе 1 :5000 фурацилин ерітіндісіне батырылған мақта – мәрлі тампонымен сүртіліп тазаланады. 1% тетрациклин майы күніне 2 рет жағылып 5 – 7 күн емделеді. Бұдан басқа кітаптың соңындағы қосымшада берілген дәрілерді қолданады.
Іріңді жара түріндегі блефарит көбіне жіті өтетін, қабақтың іріңді қабынуы.
Белгілері. Қабақ жиегі ісініп, қызарып, іріңдеткіш бактериялар еніп іріңді күлдіреуіктер (пустула) пайда болып, жарылып, қабақ жиегін астында іріңі бар қабыршақ басады. Осы қабыршақты сыдырса астынан қызыл шақа жара (эрозия) көрінеді. Жеңіл түрінде олар қабақ жиегінің әр жерін, ал ауыр түрінде оны тұтас басады. Көбіне екі көздің қабағы бірдей шалдығады. Кірпіктің баданасы (түп қапшығы) қабынып, бұзылып, олар түгелге жуық түсіп қалады. Көздің қабағы қалыңдап, ішке айналады. Ол әрі қарай қасаң қабықты зақымдайды.
Емі. Қабақ жиегі бірнеше қайтара жоғарыдағы дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерінің бірімен шыланып жібітіледі. Содан соң қабыршағы мен іріңінен тазартылады. Күлдіреуіктер болса жарып, ішіндегі іріңі шығарылады. 1% тетрациклин майы, 2 % альбуцид қолданылып емделеді. Конъюнктиваға көз тамшылары ( сульфат – натрий, ципровет т.б) тамызылады.
Теріскен – (hordeolum) қабақтың бір немесе бірнеше кірпіктерінің түп қабының және оларды қоршаған ұлпалардың іріңді қабынуы.
Белгілері. Алғашында қабақтың ішкі немесе сыртқы жиегінде күріш кейде арпа дәніндей аумағы шектеулі, ортасы сарғыш, шеті қызыл қатты түйін пайда болады. Оның айналасы ісінген, қызарған. Жетілген теріскенді қатты басса ішінен түсі жасылдау ірің шығады.
Емі. Емнің негізі теріскенді жетілдіріп, ішіндегі іріңін шығару, залалсыздандыру. Ол үшін көзге алдымен жылулық компресстер, булау жасалады. Жетілген теріскенді мақта – мәрлі тампонымен басып іріңін шығарған соң, іріңді жара түріндегі блефариттегідей ем жасалады.
Халазион - (chalazion) кірпіктің мейбомиев безінің қабынуы. Қабыну салдарынан оның сөлінің денесінде жиналып, тітіркендіріп, қабынуға ұшыратуы. Жиі итте, мысықта және шошқада кездеседі.
Белгілері. Қабақ терісі жиегіне таман томпайып ісінген. Қабақты айналдырып қарағанда конъюнктивадан қызарған төмпешікті көруге болады. Ол итте жаңғақтың үлкендігіндей көлемге жетуі мүмкін. Ол қабақты астынан көтеріп, толық жапқызбайды.
Емі. Қабынған мейбомиев безін конъюнктива жағынан тіліп, арнайы хирургиялық қасықпен сылып алып тастап, көздің конъюнктивасын залалсыздандырып, ары қарай антибактериялдық көз майлары, көз тамшылары қолданылып емделеді.
Қабақтың дұрыс тұрмауы. Жануарларда қабақтың дұрыс тұрмауы біршама жиі кездеседі. Қалыпта астыңғы және үстіңгі қабақтардың жиектері бір – біріне сәйкес келіп, оңай ашылып және жабылып, көз саңылауын толық жауып тұрады. Қабақтың кейбір туа біткен немесе жүре пайда болған ауруларында осы қызметі бұзылады. Олар оның терісінің, бұлшық еттерінің жүйке жүйесінің , конъюнктивасының, қасаң қабықтың және көздің басқа да құрылымдарының аурулары мен қалыптан ауытқуы салдарынын болады. Қабақтың дұрыс тұрмауына жатады:
-
Қабақ жиектерінің бірігіп өсуі,
-
Қабақтың қасаң қабықпен және көз алмасымен бірігіп өсіп кетуі,
-
Қабақтың жұмылмауы (жабылмауы),
-
Көз саңылауының кішірейіп қалуы,
-
Жоғарғы қабақтың түсуі,
-
Қабақтың ішке және сыртқа айналуы.
Қабақ жиектерінің бірігіп өсуі - (ankyloblepharon) туа біткен немесе жүре пайда болған кемістік. Ет қоректі жануарлардың күшіктерінің қабақтарының жиегі бірігіп туып, тек 8-12 күні өздігінен ашылатыны белгілі. Ал сүт қоректі жануарларда (жылқыда) бұл қалыптан ауытқу сирек те болса кездесіп тұрады. Өздігінен ашылмайды. Ал жүре пайда болуы қабақ ауруларын дұрыс емдемегенде болады. Әсіресе қабақ жиегі жарақаттарында және қабақтың қабынуы салдарынан бірігіп бітуі мүмкін.
Белгілері. Туа біткен кемістікте қабақтар бір – бірімен өте жұқа терімен біріккен. Ал жүре пайда болғанда олар тұтас немесе әр жерінен қалың дәнекер ұлпамен біріккен. Осының салдарынан көз саңылауы жартылай немесе толық ашылмайды.
Емі. Егер қабақтар жарақаты жазылу барысында жаңадан біріккен, дәнекер ұлпа жұқа және бірігу тұтас болмаса ол жерге антибактерияльдық көз майларын жағып, жұмсартады. Содан соң қабақтың біріккен тұсын уқалап, бір – бірінен ажыратады. Егер қабақтардың жиектері тұтас және қалың дәнекер ұлпамен біріксе немесе туа біткен болса емі оперативтік. Ол үшін қабақтың жиегіндегі кірпіктер қырылып, оның терісінің ішіне 0,25 -0,5 % 3 – 5 мл новокаин (дикаин т.б) сіңіріліп, қабақ жиегі 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңдеді. Еппен, көздің қасаң қабығын жарақаттап алмай, қабақ жиегін қысқышпен ұстап көтеріп тұрып, бірігіп өскен жер бірігу сызығы бойымен скальпелмен тілініп ажыратылады. Ажыратылған қабақ жиектері 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңделеді. Қабақ жиектері толық біткенше күнде көз майлары жағылып, уқалау жасалып, қабақтардың қайта бірігіп кетпеуі қадағаланады. Қабақтарды ажырату үшін лазер немесе электротермокаутерлерді қолдану осы операциядан кейінгі қайта бірігуге жол бермейді.
Қабақтың көз алмасымен бірігіп өсуі. Мұның да себептері қабақтардың бірігіп өсуіндегі сияқты. Сонымен бірге жиі конъюнктиваның қабынуы салдарынан болады.
Белгілері. Қабақ көздің қасаң қабығымен, көз алмасымен біріп өскен. Осыған байланысты қабақ пен көз алмасының қозғалысы шектелген. Егер қабақтар көздің қасаң қабығымен немесе көз алмасымен бірігіп өссе, қабақ ашылмай, көздің көруі күрт нашарлайды немесе мал көру қабілетін толық жоғалтады. Қабақ қасаң қабыққа, көз алмасына әр жерінен немесе тұтас бірігіп өсуі мүмкін.
Емі. Егер қабақ көз алмасы мен қасаң қабыққа әр жерінен және жаңадан біріккен болса оперативтік жолмен емделеді. Ол үшін қабақтың жиегіндегі кірпіктер қырылып, конъюнктива ішіне 2 % 3 – 5 мл новокаин (дикайн т.б) енгізіліп, еппен, көздің қасаң қабығын жарақаттап алмай, қабақты қысқышпен көтере ұстап тұрып, бірігу сызығы бойымен скальпелмен тіліп ажыратылады. Ажыратылған жер 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңделеді. Жарақат толық біткенше күнде көз майлары жағылып, уқалау жасалып, олардың қайта бірігіп кетпеуі қадағаланады.
Егер бірігу тұтас, қабақ көз алмасына, қасаң қабыққа толық жабысып өссе емнің тиімділігі төмен. Әсіресе қабақ қасаң қабыққа толық жабысып өскенде оны ажыратса да орнына дәнекер ұлпа өсіп, көздің көруі күрт нашарлайды немесе толық көрмей қалады. Сондықтан ондай малдарды етке жіберген дұрыс.
Қабақтың жұмылмауы (жабылмауы) – (lagophthalmus) туа бітеді немесе жүре пайда болады. Жүре пайда болуының себептері көптеген көз аурулары (қабақ жарақаттары, олардың толық бітпеуі немесе қалың тыртық қалуы, көз алмасының көз шарасынан шығуы, көздің зілді ісіктері, көз шарасына су толуы, қабақтың айналуы т.б) болуы мүмкін. Туа бітсе де жүре пайда болса да бұл кемістікте қабақтар көз саңылауын толық не жартылай жаппайды («қоян көз»). Бұл көздің құрғап (әсіресе қасаң қабықтың), біртіндеп ауруға ұшырап, көздің көруінің кемуіне әкеледі.
Белгілері. Мал көзін жұмғанда («кірпік қаққанда») қабақтары көз саңылауын толық немесе жартылай жаппайды. Сол себепті көздің сан алуан аурулары дамуы мүмкін. Бірінші кезекте қасаң қабық құрғап, жылтырлығы, тегістігі жоғалады. Көзден жас ағады (эпифора). Малдың көруі нашарлайды.
Емі. Жүре пайда болса бірінші кезекте себебін жою, ауруларын емдеу қажет. Ал туа біткен кемістік болса емі оперативтік. Ол үшін көздің сыртқы бұрышы жағынан астыңғы және үстіңгі қабақтардың жиегінен жалпақтығы 1,5 мм, ал ұзындығы 5-6 мм беткі терісі сылынып алынып, содан соң бір – біріне түйін тігіспен тігіледі. Осыдан көз саңылауы кішірейіп, қабақтар толық жабылып, көздің құрғауы болмайды.
Көз саңылауының аз болуы – (blepharophymosis) бұл жоғарыда қарастырылған қабақтың кемістігіне қарама – қарсы кемістік. Ол туа бітуі («сығыр көзділік») немесе жүре пайда болуы да мүмкін. Соңғы жағдайда оның себептері көз аурулары (созылмалы конъюнктивит, Іріңді жара түріндегі блефарит т.б). Бұл ауруларда қабақ жиегіне дәнекер ұлпа өсіп, қабақтар көбіне көздің сыртқы бұрышы жағынан жабысады. Туа біткен блефарофимоз жануарларда сирек кездеседі.
Белгілері. Көз саңылауы кішірейген. Қабақ жиегі дәнекер ұлпа өсіп жабысқан. Көздің алдынғы бұрышына жас жиналады. Көзден үнемі жас ағады (эпифора – көзден жас ағу).
Емі. Емі оперативті. Жергілікті ауырсындырмау жасалған соң операция алаңы дайындалып, көздің артқы бұрышына қарай қабақтардың жабысқан жері тілініп ажыратылады. Тілінген қабақ жиектері 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңделеді. Бірнеше жерден қабақ жиегін конъюнктивамен қоса түйін тігіс салуға болады. Мұнымен қоса көз ауруларын емдеу керек.
Жоғарғы қабақтың түсуі – (ptosis palpebrae superioris) птоз немесе блефароптоз деген атпен белгілі қабақтың ақауы. Ол бір не екі көзде бірдей байқалады. Птоз басқа аурулардың бір клиникалық белгісі немесе туа біткен кемістік болуы мүмкін. Жоғарғы қабақ толық немесе жартылай төмен қарай салбырап түсіп, көз саңылауын толық кейде жартылай жауып, көздің қалыпты көруіне кедергі жасайды.
Жүре пайда болған птоздың пайда болу себебіне байланысты бірнеше түрі бар.
-
Қабақтың салдануынан болған птоз,
-
Спазмалық птоз,
-
Жалған птоз.
Жоғарғы екеуін нағыз птоз деп те атайды. Қабақтың салдануынан болған птоз - жоғарғы қабақты қозғаушы жүйкенің салдануынан болады. Бір не екі көздің де қабағының жүйкесі салданады. Ол өз кезегінде орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы салдарынан болады. Қабақтың салдануынан болған птоз туу кезіндегі талықсуда, ботулизмде, киеңкі ауруында, септицемияда, симпатикалық жүйкенің кеуде бөлігінің зақымдалуында және тағы басқа ауруларда байқалады. Спазмалық птоз - жоғарғы қабақтың жапқыш айналым бұлшық етінің спазмасында (жиырылуының болмауы) және әртүрлі көз аурулары салдарынан пайда болады. Мысалы, көзге бөгде заттардың түсуінен, созылмалы конъюнктивитте, көздің ішкі орталарының созылмалы ауруларынан. Жалған птоз – кейбір қабақ ауруларында байқалады. Мысалы, қабақ гематомасында, қабақтың соғылудан ісінуінде, қабақ флегмонасында, қабақтың зілді ісіктерінде.
Ал туа біткен птозда қабақтың көтергіш бұлшық еттері нашар дамыған немесе жоқ болуы мүмкін. Сондай – ақ кейбір ит тұқымдарында көздің қабақ терісі аса қатпарлы болып, көз саңылауын жабады.
Белгілері. Қабақтың салдануынан болған птозда жоғарғы қабақ қимылсыз салбырап, көз саңылауын толық жауып қалады. Оны оңай көтеріп ашуға болады. Қоя бергенде қайта бастапқы орнына түседі. Симпатикалық жүйке зақымдалса мұнымен қоса көз алмасы ішке кіріп, қарашық кішірейеді. Ал, спазмалық птозда – қабақ керіліп, ол жылдам ашылмайды. Жалған птозда мал күштесе қабағын ашып – жаба алады. Клиникалық белгілері мен арнайы зерттеулер арқылы қабақ гематомасынан, қабақтың соғылудан ісінуінен, қабақ флегмонасынан және қабақтың зілді ісіктерінен ажыратылады.
Емі. Ем аурудың себебін жоюға бағытталуы қажет. Жалған птозда оперативтік жолмен көз аурулары емделеді. Гематоманы ішіндегі қанынан тазартып, зілді ісіктерді сылып алып тастау керек. Спазмалық птозда тыныштандыратын дәрілер егіп, қабаққа уқалау жасау, жылы және тітіркендіргіш компресс қою жақсы нәтиже береді. Қабақтың салдануынан болған птозда бұған қоса новокаин блокадасын жасау керек. Дегенмен соңғы жағдайда емнің тиімділігі төмен.
Достарыңызбен бөлісу: |