Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет12/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

19. «Еңбек туы» газеті
1920 жылы Қазақ автономиялы республикасы жарияланғаннан кейін «Ұшқынның» орнына жарық көрген «Еңбек туы» газетін редакциялық алқа шығарды. Оның басты ұйымдастырушысы С. Сейфуллин - «Манап – Шамиль» деген бүркеншік атпен газеттің жетекші, саяси мақалаларын жазып отырды. «Ұшқын» газеті сияқты «Еңбек туының» да алғашқы саны 1920 жылдың 13- қарашасында Орынборда шықты.

Жалпы, сол кездегі газет төңірегіне топтасқандарға назар аударсақ, арасында аттары бүкіл алаш жұртына айбын болған, бесікте жатқан қызыл қарын жас баланың қамы үшін, қазақ дейтін маңдайының соры қалың елдің ертеңі үшін жандарын шүберекке түйіп, отқа-суға түскен жақсылар мен жайсандардың, халқымыздың аяулы арыстарының барын көреміз. Жан -жүректерімен, күллі ой-саналармен уақыт тынысын дәл ұғып, отаршылдық ойранына қандары қас екенін қаймықпай айтқан осынау ұлы перзенттеріміздің аруақтары бүгінгі дейін жанымызда жүр. Олардың дені әр жылдары газетке тікелей басшылық жасаса, дені қолдарына қалам алып, ұрпақ тәрбиесіне ат салысып отырған, өз сөзін оқырманына бүкпесіз айтып келген бұл газеттің бастау бұлағында А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Садуақасов, М. Жұмабаев, М. Дулатов сияқты ұлтымыздың рухани көшінің басшылары, күрделі заманның ғажайып, ұлы тұлғаларының тұруы бұл газеттің беделінің қаншалықты зор болғандығын байқатады.


20. «Еңбекші қазақ» газеті
«Еңбек туының» жалғасы болып 1921 жылдың 7-қарашасында Орынбор қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шықты. Оның редакторы Ә. Байділдин болды. Ал одан басқа шығарушылар ұйымында Т. Жүргенов пен Е. Алдоңғаров та жұмыс істеді 1922 жылдары «Еңбекші қазақтың» негізгі міндеті –қазақтың жұмысшы табы мен қалың бұқарасын надандық жұмысынан құтқарып, көзін ашу, таптың санасын күшейтіп, дос пен қасын таныту, әділет ісіне қатынастырып, шаруасын жемістендіріп, тұрмысын түзету, ел ішіндегі ескі әдет-ғұрыптан арылу, қысқасы Қазақстанның саяси өміріне саяси көсемдік қыла беру, негізгі пікірлеріміздің ордасы болу, яғни жар салатын шешен, ақыл айтатын өсиетші, топ бастайтын көсем болу тұрды.

Міне, сол 1922 жылдары «Еңбекші қазақ» бетінде осыған сәйкес көптеген мақалалар жарық көріп отырды. Алғашқыда аптасына екі рет шыққан «Еңбекші қазақ» елдің мешін жылғы жұтына, естен танып тұрған кезінде үлкен рухани көмек берді. Мысалы, «Еңбекші қазақтың» 1921 жылғы 7 қарашадағы 1 нөмірі «Астық үшін күрес» деген мақаламен ашылды. Сөйтіп, бұл газет азамат соғысының зардаптарын, Қазақстанның кейбір жерлерінде орын алған құрғақшылықты, егін шықпай қалуына байланысты болған ашаршылықты қорықпай жазып отырды. «Еңбекші қазақтың» редакторлары болып, әр жылдары - С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев, Т. Рысқұлов, О. Жандосов қызмет істеді.


21. «Ерік» газеті
1923 жылдың 1 сәуірінде «Ерік» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ол – Гурьев уездік партия комитеті мен атқару комитетінің органы болды. Тиражы 500 дана.

Газет шаруашылық мәселелеріне (мұнай, балық, егін) ерекше назар аударды. Уездің халық шаруашылығын қалпына келтіру, шаруашылықтың социалистік даму жолына түсуі, көшпеліліктен отырықшы тұрмысқа бейімделу, өнеркәсіп орындарын жақсарту мәселелері газеттің күнделікті тақырыбы еді.

Газетте жергілікті ақындардың өлеңдері басылып тұрады. Әсіресе, Д. Тілегеновтың «Азаматтар», «Жастарға», «Доссор бейнетқорларына» өлеңдері жарияланып, оқушылардың жоғары бағасын алады.

«Ерік» газеті 1924 жылғы 28 тамыздан бастап «Жұмыскер тілі» деген атпен шықты. 1932 жылдың қыркүйек айынан бастап «Социалистік құрылыс», 1963 жылдың 1 мамырынан «Коммунистік еңбек», ал 1990 жылдан «Атырау» болып өзгерді.


22. «Жалын» журналы
Бұл әдеби-көркем және қоғамдық-басылым 1969 жылдан бастап шығып келеді. Журналдың негізгі мән-мазмұнына тоқталар болсақ,онда «Аманат», «Алдыңғы толқын ағалар», «Зерттеу», «Таным», «Қазақ кәсіпкерлері» сияқты айдар, тақырыптармен өлең-жыр, әңгіме-повесть, зерттеу мақалалармен танымдық материалдарт көптеп басылады.

Осы орайда «Жалынның» публицистика, проза, поэзия әдеби-сын бөлімдерінде кейінгі жылдары жарық көрген кейбір шығармаларға тоқталар болсақ, онда ең алдымен «ақтандақтар» мәселесіне жазылған Т. Қожакеевтің «Сәкенді не үшін сынаған», Т. Кәкішевтің «Сәкен аялаған арулар», Д. Снегиннің І. Жансүгіров жайында «Қолыңа не себепті қалам алдың?», Х. .Досмұхамедовтың «Мұра» айдарымен берілген «Кенесарының соңғы күндері» атты еңбектерін атап өтуге болады.


23. «Жаңа әдебиет» журналы
Қазақстан партия ұйымының көмегімен жазушылар ұйымы 1928 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұрынғы бірер рет шыққан «Жыл құсы» деген жинақтың орнына дербес журнал шығарды. Оны дәуірге сай «Жаңа әдебиет» осы күнгі «Жұлдыз» деп атады.

«Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы 1 саны көркем туындыдан сол кездегі жас ақын Т. Жароковтың «Аэроплан» дейтін әйгілі өлеңімен ашылған. Осы бір өлеңнің осылай орналастырылуында, беташар ретінде берілуінде терең мән бар тәрізді. Ол бейне бір биікке көтерілуге, алысқа самғауға меңзеп тұрғандай.

С. Мұқановтың «Сұлушашы», Б. Майлиннің «Сарыала тоны», І. Жансүгіровтың, Ғ. Мұстафинның әңгімелері, Қ. Жұмалиевтің «Егізбай мен Ерқожа» сияқты поэзия туындылары жарияланған шығармалардың идеялық, тақырыптық шеңберін ғана емес, сонымен қатар «Жаңа әдебиеттің» ұстаған бағытын да танытады.

Бұған Б. Майлиннің үш перделі «Көзілдірік», Ж. Шаниннің «Қара құлып» пьесалары мен С. Шәріповтың «Ерден батыр», С. Мұқановтың «Пролетариат әдебиетіндегі көркем шығарма әдістері», Ж. Шаниннің «Театр тарихы» атты сын материалдарын қоссақ, журналдың әдеби жанрларды тегіс қамтуға күш салғанын аңғару қиын емес.


24. «Жаңа мектеп» журналы
Жиырмасыншы жылдары газеттермен қатар әртүрлі салада шығып тұрған журналдар республикамыздың экономикасы мен мәдениетін өркендетуге көмектесті. Солардың бірі 1925 жылғы тамызда шыға бастаған Қазақстан халық ағарту комиссариятының органы «Жаңа мектеп» журналы болды (Кейін ол «Халық мұғалімі» болып, қазір «Қазақстан мектебі» деп аталады).

Баспасөз - өмірдің айнасы және шежіресі. «Жаңа мектеп» журналының 1926-1929 жылдардағы беттерінен сол кездегі оқу-ағарту жайы көз алдында елестейді. Ол айына бір рет шығып тұратын ғылыми педагогикалық журнал болды. Оның ғылыми педагогика, аймақ тану, жалпы білім, әдебиет бөлімі, ресми бөлімдері болды.

«Жаңа мектеп» журналы мектеп, оқу-тәрбие жұмысы, сауатсыздықты жою туралы халық ағарту мекемелері қызметкерлерінің, мұғалімдердің хат-хабарын және мақсаттарын жариялап отырды. Сонымен бірге журнал ауыл мұғалімінің саяси –идеялық білімін ұстаздың шеберлігін арттыруға көмектесті. Онда методика мәселелері, тәлім-тәрбие жұмыстары, жаңа алфавит туралы көлемді консультатциялық мақалалар мен тәжірбие алмасу материалдары басылды.

Журналдың әдебиет бөлімінде С. Сейфуллиннің, Б. Майлиннің, І. Жансүгіровтың және басқа да ақын-жазушылардың жас буындар үшін тәрбиелік маңызы зор шығармалары жарияланды.

Сондай-ақ жаңа кітаптар мен оқу құралдары туралы сын-библиография, мектепте оқылатын пәндердің терминологиялық сөздіктері болды. Журналдың редакторы міндетін М. Жолдыбаев, кейін біраз уақыт І. Қабылов атқарды.
25. «Жаршы» журналы
1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті призидиумы мен Халық Комиссарлар кеңесі жаңа әліппе туралы қаулы қабылдады. Халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. Ол бүтіндей күлкі-сықақ журналы емес еді. Дегенмен, тұсындағы кемшіліктерді сынап, жоюда едәуір іс атқарды.
26. «Жас Алаш» газеті
«Жас алаш» газеті 1921 жылдың 22-наурызында Ташкент қаласында жарық көрді. Оны шығарушы – Ғ. Мұратбаев, ұйымдастырушысы – Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтының студенттері болатын. Кезінде «Оның тұтқан жолы, көздеген мақсаты-қазақ, қырғыздың еңбекшіл жастарының ұлы дәуір ұранына қамдамақ, төңкеріс ағымымен таныстырып, көзін ашып, көңілін оятпақ. Қазақ, қырғыз еңбекшіл жастарын ұрандастырып, ұйыстырып, бытыраңқы бастарын қосу» деп түсіндірілді. Бірінші нөмірде І. Жансүгіровтың «Жас замандастарға» деген бас мақаласы, «Жалпы жасқа» арнаған өлеңі жарияланды. С. Есова қазақ-қырғыз қыздарына революцияның не бергенін, ендігі міндеттерін түсіндірді. Екіншіден, «Ер-азамат жастарға» арнауында оларды ұйым болып бірігуіне үндеді.

«Жас алаштың» екінші нөмірі сол жылы 11 көкекте, үшінші нөмірі 1 мамырда шықты. Бұларды алғаш алған «Ақ жол» газеті «Жас алашқа» жазылған мақалалар, хабарлар жастарға шын пайдалы,өрнекті деуге жарайды. Бұл аяқ алысынан танбаса «Жас алаш» сүп-сүйкімді газет болатын» - деп жазды.

Бірақ көп ұзамай «Жас алаш» газеті түрлі себептерге байланысты жабылып қалды.
27. «Жас қайрат» газеті
Жабылып қалған «Жас алаштың» орнына енді 1922 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ташкент қаласында «Жас қайрат» газеті шығарыла бастады. Редакторы Е. Алдоңғаров болды.

«Жас қайрат» газеті шағын көлемді, төрт бет болып, өнер-білім, тәлім – тәрбие, шаруашылық, ішкі хабарлар,әдеби бөлімдері болды. Саяси бөлімінде шетелдегі әлеуметтік хал-ахуалды, жұмысшы табының күресін,ондағы жастардың өмірін көрсетті. «Біздің елде» деген ішкі хабарлар бөлімінде республикадағы саяси, шаруашылық мәдени өзгерісерді, ел тіршілігіндегі жаңалықтарды хабарлап отырды. Өнер-білім бөлімінде жастарды ғылым, техника жаңалықтарымен таныстырды.


28. «Жас Қайрат» журналы
«Жас қайрат» газеті отыз шақты нөмірінен кейін 1924 жылдан сол атымен журналға айналды. Бұл туралы «Ақ жол» газеті кезінде: «Орта Азиялық жастар бюросының тілі «Жас Қайрат» журналының 24 жылғы бірінші саны басылып шықты. «Жас Қайраттың» ішінде мына бөлімдер бар: Саясат, өнер-білім, әдебиет, мектеп һәм оқу, әдет-ғұрып, қыздар, жаңа шыққан кітаптар. Әр бөлімде басылған мақалалар маңызы жағынан жаман емес, кім болса да оқып, қуанарлық. Әсіресе оқу жолында жүрген жас талапкерлерге оқып, пайдаланарлық сөз көп. «Жас Қайрат» өткен 23 жылы газет түрінде бір жапырақ, екі жапырақ болып шығып оқушылардың сақтап жүріп пайдалануына қолайлы болған. «Жас Қайраттың» өмірі ұзақ болуы үмітті» - деп жазған.

Журнал «Ақ жол» редакциясы жанынан шығып тұрды. Ол қазақ, қырғыз жастарына арналды. Мазмұны жағынан саяси, ғылыми, әдеби журнал еді.




29. «Жас қазақ» журналы
«Өртең» шығуын тоқтатқан соң, Қазақстан жастарының өзіне арнаулы баспасөз керектігі күн тәртібіне қайта қойылды. Ел тілегін ескеріп, Қазақстанның Аймақтық жастар Комитеті 1923 жылы қазаннан «Жас қазақ» журналын шығарды. Оның алғашқы шығарушылары – Е. Алдаңғоров, А. Оразбаева, А. Сегізбаевтар. Журнал 1925 жылға дейін өмір сүріп, 13 саны жарық көрді.

«Жас қазақ» өз бетін жастарға кең ашып, олардан жазушылар, ақындар шығаруды да мақсат етті. Оған Е. Алдоңғаров «Тамшы», «Сартай», «Шұбар теңіз баласы», «Қоғылшы», А. Сегізбаев «Жөнеу», С. Дөнентаев «Жетім» деген бүркеншік атпен көп жазды. Бұлар кейін көрнекті журналист – жазушы болып қалыптасты. Журнал оқушыларын өзіне тарту үшін жұмбақтар, ертегілер, әңгімелер, сықақтар, оқшау сөздер жариялап, отырды. Оның 10-11 нөмірлерінің «Күлкі бөлімінде», «Сақау Рахметтің ісі», «Байдың сыры» деген оқшау сөздер, 12-13 нөмірлерінде «Құран», «Қырық өтірік» атты сықақ әңгімелер орын алды. Журнал халық ауыз әдебиетіне де ден қойды. Асан-Қайғы, Жиренше шешен әңгімелерін, «Қаракесек Қазбектің, Қаз дауысты атануы» деген аңыздар жарияланады.


30. «Жас Азамат» газеті
Қазақ жастар баспасөзінің төлбасы «Жас Азамат» газеті 1918 жылдың сәуір айында барлық жастар ұйымдарын біріктіріп,басын қосқан «Жас Азамат» ұйымының органы (тілі) болып есептеледі. Бұл біріккен ұйымының төрағасы Мырзаұлы, басқарма мүшелері: С. Сәдуақасұлы, Т. Досымбекқызы сияқты қазақтың біртуар ұл-қыздары болатын. Ал осы ұйымның тілі – «Жас азамат» газетін шығарушы редакторы Қ. Кемеңгеров еді.

Бұл саяси – қоғамдық экономикалық басылымның алғашқы нөмірі 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген. Сөйтіп, «Жас азамат» газетінің алғашқы нөмірі «Жас тілек» атты бас мақаламаен ашылған. Онда «Жас азаматтың» мақсат – мүддесі: «Өмір тәжірбиесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. Келешектің қараңғылығы саяси һауананың күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей, апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу-болмауы, әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлі құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» – деп көрсетіледі.

Осындай қиын-қыстау кезеңдегі қазақ қоғамының жағдайын саясат саханасындағы теңсіз күрес жайын «Жас азамат» газетінің бетінде жарияланған М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», М. Дулатовтың «Алаш құрбаны» бүркеншік аттармен жазған белгісіз авторлардың «Бір керекті нәрсе», «Татулық һәм Русия», «Қағаз ақша», «Біздің ұлтшылдар» дәне т.б түрлі жанрлардағы материалдардан айқын көруге болар еді. «Жас азамат» газетінің соңғы 22-нөмірі 1919 жылдың 3- ақпанында жарық көрген.
31. «Жетісу ісші халық мұхбирі»
Жетісу облыстық ревкомының және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің органы «Жетісу ісші халық мұхбирі» (дұрысы «Жетісу еңбекші халқының хабаршысы) қазақ, өзбек, ұйғыр,татар,қырғыз тілдерінде аралас басылым ретінде 1918 жылы 21-маусымда Алматыды шыға бастады. Бұл - осы өңірдегі тұңғыш қазақ газетінің (қазіргі «Жетісу») редакторы болып Сабыржан Шәкіржанов тағайындалды.Редакциялық коллегияға алты адам бекітілді, оның құрамына большевик Сабыржан Ғаббасов енгізілді. Бұрын «Айқап» журналында тілші болып, журналистік тәжірибе жинақтаған ол газет шығару ісіне көп көмек көрсетті.

Басылым редакторы С. Шәкіржановтың айтуынша, бастапқы кезеңде газеттің тілі татар тіліне ұқсастау болған өйткені, редколлегияның екі мүшесі (барлығы төртеу) қазақ болды. Ақыры газет таза қазақ тілінде шыға бастайды.

Бұл газет Жетісудағы қазақ халқына, сонымен бірге ұйғыр, дүнген, татар, өзбек еңбекшілеріне кеңес үкіметінің мәні мен маңызын насихаттап, оларды жаңа өмір құру жолындағы күреске шақырды. Сөйтіп, Жетісудағы тұңғыш қазақ газеті «Мұхбірдің» 41-нөмірі шығып, тоқтатылды.
32. «Жұмысшы» газеті
1928 жылы 1-мамырда Қызылорда өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ советінің атынан «Жұмысшы» газеті шыға бастады. «Жұмысшы» газеті көлемі үлкен форматты, төрт бет болып «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан шығарылды.

«Жұмысшы» газеті еңбекшілердің қамын ойлап, оларға шын жөн сілтеуші, кеңесші болуды мақсат етті. Адамдардың ұжымдық еңбекке бірігуіне, партия қатарына өтуді көп көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде кәсіподақ еңбек шарттарының орындалуын қадағалап кеңес орындарының жұмысына көмектесті.

Газет қазақ жұмысшыларының санасын оятып, білім көтеру мақсатымен «Сұрақ-жауаптар» бөлімін ашты. Онда жұмысшылардың білгісі келген жайларына жауап-түсінік беріп отырды. Кәсіпшілер одағы деген не, оған мүше болу жайы қалай екенін үнемі насихаттап отырды.

«Жұмысшы» газеті өзінің бірінші бетінде шетелдердегі жұмысшылыр қозғалысын, екінші бетінде жергілікті жерлердегі жұмысшылардың ісін, жай-күйін баяндады. Үшінші беттегі «Хабар-ошар» бөлімінде кеңес елінде болып жатқан жаңалықтарды үзбей жазып отырды. Ал «Денсаулық жайы» деген бөлімінде газет түрлі аурулар, одан сақтану, оны емдеу жолдары жөнінде консультациялар ұйымдастырылды. Газеттің бір үлкен бөлімі «Жастар тұрмысынан» деп аталды.

«Жұмысшы» газеті орыс, қазақ жұмысшыларының арасында достық қатынас орнату үшін белсене күрес жүргізді.

«Жұмысшы» газеті 1930 жылғы дейін шығып тұрды. Бұл уақыттың ішінде ол бұрын өнеркәсібі болмаған Қазақстанда жаңа өнеркәсіп салаларының көптеп ашылуына, онда қазақ жұмысшыларының санының көбеюіне байланысты, олардың мәдени-білім дәрежесінің өсуіне ат салысты. Республикамызда маман жұмысшы кадрларының даярлауға қолқабыс етті.



33. «Қазақ» газеті
«Қазақ» - қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылы 2 ақпанынын бастап Орынборда аптасына 1 рет, 1915 жылы аптасына 2 рет шығып тұрған. Тиражы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000 –ға жеткен. Бірінші редакторы- белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері А. Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы М. Дулатов, бастырушысы Мұстафа Оразаев, кейін «Азамат» серіктігі болған. Газеттің басылып шығуына алғаш қаржы жинастырып, әрі қалтасынан қаражат шығарған Ахметишан Оразаев болған. Ахаң газетке автор ретінде де қатысып «Қызылқұм елінде» деген секілді мақалалар да жариялатып отырған. Хусаинов-Каримов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді.

Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә. Бөкейхановтың, Ш. Құдайбердиев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалаларымен қатар Л. Толстойдан, А. Чеховтан алғашқы аудармалар жарық көрген.


34. «Қазақстан» газеті
Көпшілік одағының мүшелері 1920 жылы елден қаржы жинап, Орда қаласындағы А.Н. Щелкованың меншікті баспаханасын ұйымдастыруға көмектеседі. Сөйтіп, 1911 жылдың наурыз, мамыр айларында орыс баспаханасынан «Қазақстан» газетінің алғашқы екі нөмірі жарық көреді. Бұл туралы газет қызметкері С. Меңдешов «Бөкей даласындағы 1916 жылғы көтеріліс» деген мақаласында сөз етті.

Газетті шығарушылар екі нөмірі жарық көргеннен кейін редакцияны Орда қаласынан Орал қаласына көшіреді, оған патша әкімшілігінің цензурасыз шыққан басылымның әр материалына кінә тағып, авторларды қуғындауы себеп болған.

Басылымның үш жыл ішінде 18 нөмірі жарық көреді. Оның кейбір сандарында орыс, қазақ, татар тілдерінде жазылған материалдар басылған. Редакторы – Елеусін Бұйрин болған. Онда бас мақала, фельетон, жолсапар очерктері, мақала, хабар, корреспонденциялар, пікір-талас, диалектикалық-философиялық мақалалар жиі жарияланған.

Бұдан басқа басылымда агротехникалық, дәрігерлік кеңестер, экономика мәселелері, ғылым табыстары, ішкі-сыртқы хабарлар, тілші хаттары үзбей жарияланып тұрған. Мәселен, «Қазақстанның» 1911 жылғы екінші нөміріндегі «Лампымай» деген хабарда Үйшік (Атырау) уезінде 800 шақырым жер көлемін алып жатқан бай мұнай көзі табылғандығы жазылған. Газеттің дәл осы санында «Қазақ» (Ғ. Қарашев) «Ба» деген ұзақ мақалада право (заң) мәселелерін сөз еткен. Автордың ойын Б.Н.Дельевич (Теке қаласының соты) газеттің 1912 жылғы 7-8 нөмірлерінде одан әрі жалғастырады.


35. «Қырғыз» газеті
Бұл басылым 1907 жылдың наурыз айында жарық көрген. «Торғай» газетінің 1907 жылғы 1-нөміріндегі «Новая киргизская газета» деген библиографиялық мақалада (авторы «И» деп қана көрсетілген): «Біздің қолымызда Оренбург губерниясындағы Троицк қаласында жаңа шыға бастаған «Қазақ газетінің» 2-ақпандағы бірінші (пробный) нөмірі келіп түсті»,-деп жазылып, газет орыс және араб әрпімен екі тілде, яғни орысша, қазақша жарық көретіні, редакторы Х. Сосновский, бастырушысы Қостанайдың қазағы Е. Иманбаев екені айтылған.

Мақала авторы «Қазақ газетінің» сол санында жарияланған материалдарға талдау жасап, олардың идеялық бағытын анықтауға ұмтылады. Ол газеттің ұстанған бағытына мынадай баға береді: «Шағын бас мақаласында редакция газетінің саяси (кредо) бағытын ашып айтудан жалтарады. Бірақ онда басылған мақалалардың мазмұнына қарағанда, газет «солшыл бағыттағы органдардың жаугерлік тактикасын ұстау ниетінде екендігін қателеспей-ақ айтуға болады». Осылай дей келіп шолушы: «Қазақ газетінің» редакциясы өзінің барлық күш-жігерін қазақтардың мүдделерін жалпыорыстық мүдделермен байланысты жақтау үшін жұмсамақшы»,-деп патша үкіметінің отарлау саясатына наразылық білдірген пікірдің барына да тоқталады.

Өкінішке орай бұл газетті бірінші нөмірінен соң-ақ патша үкіметі шет аймақтағы ұлттардың наразылығын күшейтеді-міс деген сылтаумен жауып тастаған.
36. «Қазақ мұңы» газеті
Торғай облыстық Совдепінің газеті «Қазақ мұңы» 1918 жылы 16-сәуірде Орынборда шыға бастады. Редакторы белгілі қоғам қайраткері – Нәзір Төреқұлов болды. Бұл газет қазақ еңбекшілеріне кеңес өкіметінің артықшылығын, оның алғашқы декреттерінің мән-мазмұнын түсіндіріп отырды.

1918 жылдың 21-наурызынан 3-сәуіріне дейін Орынборда большевиктердің басшылығымен Торғай облысының Советтер съезі өтті. Осы съездің қаулысы бойынша шыға бастаған «Қазақ мұңы» газетінің бірінші нөмірінде Ә. Жангелдиннің Советтердің осы облыстық съезін ашардағы сөзі толықтай берілді. Онда ол: «Совет өкіметінің күші оның нақтылы саясат жүргізуінде, бұл халықтың мұң-мұқтажына сай келеді. Бұл өкімет аз уақыт ішінде орасан зор жұмыстар істеді. Мәселен, ол шіркеуді мемлекеттен бөлектеді, жерді еңбекші шаруаларға берді, ескі соттарды жойды, бітім жасап, армияны таратты»,-дей отырып, халықты белсене жұмыс істеп, жаңаша тұрмыс құруға шақырды.

Бірақ көп ұзамай азамат соғысының басталып кетуіне және Орынбордың Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қолына көшуіне байланысты «Қазақ мұңы» шығуын тоқтатады.

37. «Қазақ тілі» газеті


Семей губкомы мен Атқару комитетінің органы «Қазақ тілі» газетінің алғашқы нөмірі 1919 жылдың 4-желтоқсанында Семей қаласында жарық көрді. Бұл басылым Семей, Павлодар, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездеріне таралып тұрды. Газет редколлегиясының қолымен жетісіне үш рет, көлемі төрт бет болып шықты.

Кезінде «Қазақ тілі» газетінің қандай мәселелер көтеріп отырғандығын сонда басылған материалдардың тақырыптарынан көруге болады. Мысалы, басылымның 1920-1930 жылдар аралығындағы бірсыпыра нөмірлерінде «Әйел теңдігі туралы», «Барлық күш оқуға», «Жерден ізде» (қалай егін салу керектігі жайында), «Жергілікті кеңес өкіметін құру» (съезд, сайлау туралы), «Қызылдар майданы» айдарымен көптеген материалдар жарияланған.

Сондай-ақ, «Қазақ тілі» газетінде 1923-1933 жылдары белгілі ақын әрі публицист С. Дөнентаев қызмет атқарған. Ол жаңа өмірді жырлайтын өлеңдерімен қатар өткір фельетон, жастар өмірі, әйел теңдігі, денсаулық жөнінде көптеген публицистикалық мақалалар жазған.

38. «Қазақстан мұғалімі» газеті


«Қазақстан мұғалімі» («Учитель Казахстана») газеті 1952 жылдан бастап екі тілде қазақша және орысша шығарыла бастады. Алғашқы редакторы О. Құдышев.

Бұл басылым оқу министрлігінің басқармасы мен бастауыш және орта мектеп қызметкерлеріне, яғни мұғалімдерге, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттерге көмекші әрі нұсқаушы құрал ретінде есептелді.

1956 жылдан бастап газетте «Мектеп», «Партия», «Кәсіподақ», «Ғылым және әдебиет» деп аталатын бірнеше жаңа бөлімдер ашылды. Көптеген материалдар жанрлық жағынан ерекшеленетін болды. Әр мақала өз мазмұнына қарай «Мектеп туралы ойлар», «Мектеп хабарлары», «Мұғалімдердің январь кеңесінен» сияқты айдарлар аясында жарияланды.

КОКП XX съезінен соң мектеп-интернаттар салу ісі жолға қойылды. Бұл істен «Қазақстан мұғалімі» де шет қалған жоқ. «Мектеп-интернат қандай болуға тиісті» деген ортақ тақырыппен арнаулы беттер ұйымдастырылды. Ол жылдардағы газеттің редакторы З. Ақышев болды.

39. «Қазақстан мектебі» журналы
1961 жылдан бастап бүгінге дейін қазақ тілінде жеке-дара шығып келе жатқан көп салалы «Қазақстан мектебі» журналының педагогикалық, кәсіби басылым ретінде арқалап келе жатқан жүгі ауыр. Оның басты бағыт-бағдары: білім беру ісін басқару, ұйымдастыру мәселелері, педагогика, психологиялық педагогика ғылымы зерттеулерінің бағыт-бағдарламалары, ғылым мен мектеп байланысы, оқыту, тәрбиелеу ісіндегі тәжірибе тағылымдары, жеке ұстаздардың өзіндік шығармашылығы, табыстары, оқу бағдарламаларындағы жаңалықтар, педагогтардың теориялық және әдістемелік білім көтеру мәселелері, мамандар даярлау болып табылады.

Қазақ баспасөзі тарихынан тұңғыш педагогикалық жұмыстың әр саласы бойынша шығып тұрған бірнеше кәсіби журналдардың үлкен шаңырағы да осы журнал. «Қазақстан мектебінің» әр жылдардағы қосымшалары болып ашылған «Русский язык и литература в казахской школе» журналы 1978 жылдан, «Бастауыш мектеп», «Отбасы және балабақша» журналдары 1994 жылдың шілде айынан бөлініп шығып, жеке-жеке шаңырақ көтерді. 1990 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының қайта құрылуына да «Қазақстан мектебі» журналы тікелей ат салысты.

Қазір бұл редакция шаңырағынан үш журнал – «Қазақстан мектебі», «Информатика-физика-математика», «Қазақ тарихы» шығады. Соңғы екеуі қосымша атанғанымен оқырман үшін өз алдына бір-бір журнал ретінде есептеледі.
40. «Кедей» газеті
Ақтөбе губкомы мен губаткомының газеті «Кедейдің» алғашқы нөмірі 1924 жылдың 7-маусымында жарық көрді. Ол 1930 жылдың тамызынан «Алға», 1932 жылдың наурызынан «Социалистік жол», 1962 жылдан «Батыс Қазақстан», 1965 жылдың ақпанынан «Коммунизм жолы» қазір «Ақтөбе» деп аталады. «Кедей» бастапқы кезде жетісіне бір рет, шағын көлемде екі бет болып басылып тұрды. Басылымның 5-нөмірі шыққан соң төрт бет көлемге ие болды да, тиражы 600-ге артты.

«Кедей» газетінің бетінде алғашқы кезде «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар» деген бөлімдер ашылды. Одан соң бұларға ішкі-сыртқы хабарлар бөлімдері қосылды. Газет көбінесе ауыл өмірін, бұрынғы жарлы-жалшылардың жаңарған тұрмысын жазды. Оларға шаруашылықты қалпына келтіру жолдарын түсіндіріп, еңбекке шақырды.

Губерниялық газеттерде көбінесе қалың мал, көп әйел алу, әмеңгерлік, әйел теңдігін аяққа басу әрекеттеріне қарсы, совет және кооператив орындарына еніп кеткен жат пиғылды адамдардың қулық-сұмдықтарына қарсы хат-хабарлар жиі басылып тұрды.

«Кедей» газетінің редакторы талантты жазушы әрі журналист Ж. Тілепбергенов, хатшысы белгілі журналист Ә. Қарағұлов болды.

41. «Кедей тілі» газеті
Кеңес үкіметінің саясатын аз ұлттар арасында кеңінен насихаттау мақсатымен РКП (б) Астрахань губкомының қаулысы бойынша олардың өз ана тілінде басылымдар шығарылып тұрды. Мысалы, онда 1922 жылдан татар тілінде «Қызыл ел» газеті, 1924 жылдан қазақ тілінде «Кедей тілі» газеті шыға бастады.

Қазақ тіліндегі газеттің бірінші нөмірі 1924 жылы 20 сәуірде «Кедей тілі» деген атпен Астрахань губерниялық атқару комитеті мен Татар-Қырғыз бюросының және Тамақ, Кен жұмысшылары кәсіпшіліктері одағының органы деп жарияланды. Газет айына үш рет шығып тұрған.

«Кедей тілінің» жарық көруі төменгі Еділ бойындағы қазақ жұртшылығының өміріндегі зор оқиға еді. Мал шаруашылығымен және балықшылық кәсіпшілікпен айналысқан теңіз жағалауының қазақтары мен Басқұншық тұз көлінің жұмысшылары осы басылым арқылы өз мұң-мұқтаждарын шешіп отырды. «Кедей тілінің» 1924-25 жылдардағы редакторы Нығмет Сәбитов болды. Газет 1931 жылға дейін шығып тұрды.

42. «Көмек» газеті


Жетісу облыстық ұлт істері бөлімі 1918 жылы 3-желтоқсанда «Мұхбірдің» орнына дербес қазақ газеті шығарылсын, оның аты «Көмек» деп аталсын. Газет аптасына екі рет шығатын болсын, ал газеттің алғашқы нөмірі 1500 дана болып басылып, халыққа тегін таратылсын деген қаулы қабылдады.

«Көмек» газетінің алғашқы нөмірі «Мұхбірдің» жалғасы ретінде 1919 жылғы 1-қаңтардан бастап шықты. Бұрынғы газетке қарағанда «Көмектің» идеялық мазмұны мен материалдарының сапасы анағұрлым жоғары болды. Газет жергілікті, кеңес, шаруашылық органдарының қаулылары мен бұйрықтарын бұрынғыдай тоқтаусыз және түгел жариялай бермей, іріктеп, ықшамдап басатын болды.

Жергілікті қазақ баспасөзін 1918-1919 жылдары облыстық атқару Комитетінде қызмет істеген Ораз Жандосов басқарды. Оның инициативасы бойынша газеттің жұмысы, халық арасында таралуы, сапасының жақсаруы жөнінде талай рет мәселе қаралып, тиісті шаралар қолданылып отырды. Бірақ көп ұзамай 1920 жылдың 4-қаңтарынан бастап, «Көмектің» аты өзгеріп, «Ұшқын» деп шыға бастады.
43. «Қызыл Қазақстан» журналы
1921 жылдың 15 қыркүйегінде РКП (б)-ның Қазақ облыстық комитетінің органы «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналы айына екі рет шыға бастады. Шығарушы: Кирревкомның үгіт-насихат бөлімі. Қол қойған: редколлегия. Ол жалпы қоғамдық-саяси, шаруашылық және мәдениет мәселелерін қамтитын журнал болды. Оның беттерінде РКП (б) съездері мен қарарлары насихатталды. Алғашқы сандарында «Советтің соты», «Кеңес мектептері туралы», «Халық пен әдебиет» және т.б. Мақалалар жарияланды. Журнал қазақ еңбекшілерін К. Маркстің, В.И. Лениннің өмірбаяндарымен, революциялық қызметтерімен таныстырды, партия гимні «Интернационалдың» қазақша аудармасын басып шығарды. Әуелде большевиктер партиясының, кейіннен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының өмірінде, республикалық партия ұйымдарында болып жатқан елеулі өзгерістер мен оқиғалардың бірде-бірі журнал назарынан тыс қалған емес. Сондықтан да бұл журналды таза партиялық журнал болды дегеніміз әділдік болар еді.
44. «Мәдениет және тұрмыс» журналы
«Мәдениет және тұрмыс» деп аталатын қоғамдық-саяси және әдеби журналдың алғашқы саны 1958 жылдың шілде айында жарық көрді. Оның алғашқы редакторы М. Дінішев болды. Ал редколлегия құрамына – Б. Атшабаров, Ә. Ахметов, Р. Ержанов, М. Меңдіқұлов, С. Мұқанов, Ә. Тойғанбаевтар сайланды.

«Мәдениет және тұрмыстың» басты айдарлары «Қызық екен біліп ал», «Игілікті істердің бастамасы», «Ет тағамдары», «Өнер-ғылым жаңалығы», «Естімеген елде көп», «Пайдалы кеңес», «Дәрігердің кеңесі», «Өнер табысы-өмір ырысы», «Цифрлар мен фактілер», «Ата-аналар хаты», «Мұндай да халық бар», «Шетел әзіл-сықақтары», «Семья-тәрбие ошағы», «Спорт», «Бөбектерге оқып бер», «Искусство шеберлері» деп аталды.

Сондай-ақ бұл басылымда тұрақты түрде, ай сайын «Ошаған» арнаулы беті, «Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдеттен» айдарымен «Демалыс сағатында» арнаулы беті жарық көріп тұрды.

Өмірге келгендегі алғашқы қадамы осылай басталған еліміздің мәдениеті мен тұрмысын көтеруге өзіндік үлес қосып келе жатқан бірден-бір басылым «Мәдениет және тұрмыс» өзінің ұстанған позициясының айқындығының арқасында бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Бұл басылым 1989 жылдан бастап атын «Парасат» деп өзгерткенімен оның қырық жыл бойы қалыптасқан тарихы, өзіндік жазу үрдісі өзгерген жоқ.

45. «Майдан ақиқаты» газеті
Екінші Белорусия майданының басылымы «Майдан ақиқаты» Солтүстік батыс майданы таратылғаннан кейін бұрынғы «Отан үшін» газетінің орнына 1943 жылдың қараша айынан бастап шыға бастаған. Редакторы белгілі журналист Ахмет Елшібеков болды. Бұл газет аптасына екі рет 1945 жылдың маусым айына дейін «Неміс оккупанттарына өлім!» деген ұранмен жарияланып тұрған.

Енді осы газетте жарияланған нақты материалдарға тоқталсақ, онда мәселен «Жауға дамыл таптырма» деген бас мақалада: «Бір неміс кеміген сайын жеңіс жақындай түседі. Алдыңғы қатарлы жауынгерлерден өнеге алып, немістің қанішерлерін қыра беріңдер! Ұрыста шеберлікті пысыта беріңдер, неміс-фашист басқыншыларды білектің күшін ғана емес, білімнің де күшін жұмсап қыра беріңдер»,-деп қазақ жауынгерлерінің қайрат-жігерін жаниды.

Соғыс жеңіспен аяқталған соң бұрынғы Екінші Белорус майданының аты жаңадан «Әскерлердің Солтүстік тобы» деп аталады да, осыған байланысты енді «Майдан ақиқаты» газетінің аты «Жеңіс туы» деп өзгертіледі. Сөйтіп, бұл басылымның 1946 жылдың күзіне дейін 86 нөмірі жарық көреді де, тоқтатылады. Онда негізінен әскери тілшілер міндетін атқарғандар Сағынғали Сейітов пен ғажап ақынымыз Жұбан Молдағалиевтар болып табылады.

46. «Майдан правдасы» газеті


Волхов майданының органы – «Майдан правдасы» газеті 1942 жылдың қараша айының отызыншы жұлдызынан бастап шыға бастаған. Жауапты редакторы К.П. Павлов, орынбасары Н. Қорабаев. Газеттің 1942 жылы тоғыз нөмірі, 1943 жылы 101 нөмірі, 1944 жылы 14 нөмірі жарық көрген. Газет аптасына екі рет бейсенбі, жексенбі күндері шығып тұрған. Онда қазақ жауынгерлерін жеңіске рухтандырған, олардың ерлігін дүниенің төрт түкпіріне паш еткен материалдар жарияланған. Мысалы, «Майдан правдасының» 1943 жылғы 1-қаңтар күнгі нөмірінде «Шешуші жеңістерге жетелік!» атты бас мақала берілген. Бас мақалада фашистерге қарсы Москва түбінде берілген соққы - Ұлы Отан соғысы тарихындағы елеулі оқиға екендігі жазылған. Сонымен қатар мұнда тыл еңбеккерлерінің де ерлікке пара-пар қажыр-қайраттары дәріптелген. Мақала «Волховтың жауынгерлері! Майдан үшін үсті-үстіне қару беріп, өздерінің барлық жиған-тергендерін жеңістен аямай отырған әкелеріңнің, аналарыңның, әйелдеріңнің сенімін ақтаңдар! Соғыс өнерін тынбастан, қажымастан үйреніп, меңгеріп алыңдар! Жауды күн сайын әлсіретіңдер!» - деген ұранмен аяқталады.

«Майдан правдасы» газетінде «Неміс фашист басқыншыларына – лағнет және өлім!» деген ортақ тақырыппен бұдан басқа да «Зорлық-зомбылықтың зардабы», «Гитлершілердің тағы бір жауыздығы», «Гитлердің ауыр азабы», «Бандылар», «Қанға-қан!», «Жанға-жан!» - деп аталатын көптеген материалдар жарияланып тұрған.

47. «Мұғалім» журналы
1919 жылы Бөкей облысында «Дұрыстық жолы» газетімен қатар қазақ және орыс тілінде Қазақстандағы алғашқы әскери газеттерінің бірі - Әскери істер жөніндегі қазақ коммисариатының «Хабарлары» («Известия Киргизского комиссариата по военным делам») деген газет және «Мұғалім» атты қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби журнал шығып тұрды. Оны шығарып, таратушы – Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Бөкей облыстық бөлімшесі, редакторы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев (Ғ. Мусин) еді. Журналдың 1919 жылы барлығы 7 саны шығып, онан кейін тоқтады. Оның саясат, педагогика, ғылым, шаруашылық, әдебиет және жергілікті хабар бөлімдері болды. Журналдың 2-санында К. Маркс пен Ф. Энгельстің өмірбаяндары аударылып басылған.

Журналдың 1919 жылғы 15-шілдедегі 7-санының бірінші беті Абайдың махаббат туралы бір шумақ өлеңімен ашылған. Әдебиет бөлімінде З. Зұлқайыровтың «Құдалық» әңгімесіндегі мәдениетті жұрттарда қыз бен жігіт бірін-бірі сүйіп қосылады. Қазақтың әділетсіз құдалығы, қалың мал енді Кеңес өкіметі тұсында жойылды, қыз бен әйелдерге шын бостандық берілді дейді. «Қазақ халқының оқуы» деген мақалада бұрын «Қазақ өзінің балаларын орыс-қазақ мектебіне шын ықыласпен берсе, патша үкіметінің миссионері оларды христиан дініне кіруге зорлап, дін жолында тәрбиеледі»,- дей келіп автор «Енді таң атып келеді, өнер – білімге жетеміз», - деп жазды.

48. «Отан үшін» газеті
1942 жылдың екінші жартысынан бастап қазақ тілінде майдандық газеттер шыға бастады. Қазақ мемлекеттік кітап палатасының анықтамасына қарағанда Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ тілінде 16 газет шығып тұрған. Оның алғашқысы Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның «Отан үшін» газеті. Газеттің 1944 жылдың тамыз айының соңына дейін 109 нөмірі жарық көрген. Басылымның жауапты редакторы жазушы Л. Макеев болса, оның орынбасары Құрманбек Сағындықов еді.

Ал екінші бір «Отан үшін» газеті 1942 жылдың шілде айынан бастап Солтүстік батыс майданында шыға бастаған. Оның 1943 жылдың қараша айына дейін 108 нөмірі жарық көреді. Газеттің алғашқы жауапты редакторы Н. Кружков. Одан кейін Д. Ускулаев пен Ж. Молдағалиевтер еді. Бұл газетте С. Сейітов әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда А. Тоқмағамбетовтың сатиралық жанрдағы материалдары көп жарияланған.

Мәселен, осы басылымның 1942 жылғы 26 қыркүйек күнгі 23-нөмірінде «Қазақ жауынгерлерінің ерлігі» деген жалпы тақырыппен арнаулы бет берілген. Ондағы «Қазақтың жас батырлары» деп аталатын бас мақалада: «Бостандық сүйгіш қуатты қазақ халқының таңдаулы ұлдары неміс қарақшыларымен күресте батырлық пен батылдық, ерлік пен жүректіліктің тамаша үлгілерін көрсетіп жүр. Олар Отан үшін, гүл жайнаған Қазақстан үшін жаумен аянбай алысуда»,- деп қазақ жастарының майдандағы ерлік іс-қимылдарын ашып көрсеткен.

49. «Садақ» журналы


Кезінде Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған башқұрттар «Парлақ», татарлар «Аң», черкестер «Ләгуә», қазақтар «Садақ» деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрған. Уфа қаласында 1915 жылдың 9-қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушысы, шығарушылары – Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтер болды. Бірақ Б. Майлиннің науқастанып, еліне қайтып кетуіне байланысты «Садақты» 3-санынан бастап Ж. Тілепбергенов редакциялайды да, шығарушы міндетін «Қазақ ұйымы» атқарады. «Журналымыздың мақсаты-оқуға келген қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады»,-деп жазды редакция алқасы.

Шындығында «Садақтың» 1-санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сықақ этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған.

50. «Сана» журналы
Ғылыми-көпшілік «Сана» журналы 1923 жылдың қаңтар айынан бастап Ташкент қаласында шыға бастады. Редакторы Х. Досмұхамедов болды. Ол бұл басылымның мақсат-мүддесін: «Зманымыз мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек, асқан сабырлылық керек. «Сананы» шығарғандағы мақсатымыз аз да болса, кемшіліктерімізді жойып, елге, мұғалімдерге, жасөспірім шәкірттерге түсінікті сөз беру. Бұл өте ауыр жұмыс. Дегенмен, кіріспеске амал жоқ»,-деп айқындап берді.

«Сана» журналын шығарушылар әу, бастан-ақ оқырмандарына тарихи мәселелерді көбірек түсіндіруге күш салғандықтары байқалады. Сондықтан да онда «Түрік-монғол тарихы», «Ескі заманнан Шыңғыс ханға шейін» деп аталатын түрлі тарихи материалдар жарияланып, адамдардың өз халқының өткені мен болашақ тарихын білуге деген құштарлығына жол ашқандығы сезіледі.

Сондай-ақ онда «Ұйқы деген немене?», «Миллион деген немене?» сияқты танымдық мақалалармен қатар «Тобықты, Арғын, Қоңырат, Сопақ бидің қағысқаны, Бала бидің бір сөзі» деген және «Қарауыл Арғын Қанай ауылы. Бекболат бидің бір ауылдың төресімен қағысқаны» деген ел аузынан жиналған әңгімелер, «Қай жүз көп» деген демографиялық талдау, Тұрсынбай батырдың өмірі туралы шағын мақаламен қатар М. Жұмабаевтың «Сәрсенбайдың жыры», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін» деген өлеңдері жарияланған.

Бірақ, «Сана» өкінішке орай 3-ақ саны шығып, 1924 жылдың қараша айында «Саясат» бөлімі болмағандықтан, сол күннің, сол таңның көкейкесті әлеуметтік, саяси мәселелерін көтеріп, жаңаны насихаттамағаны және ескіні, өткенді сөз еткені үшін деген айып тағылып, жабылады.


51. «Сарыарқа» газеті
Кезінде «ұлт қамын ойлап, шарқ ұрған» «Сарыарқа» газеті әлі де болса толық зерттеліп, бағасын ала қойған жоқ. Бодан елдің санасына тәуелсіздік рухын сіңіріп, жұртты оятқан «Қазақ» газетімен үндес, бағыттас бұл басылым 1917-1918 жылдары Семей қаласында шығып тұрған. Газеттің жауапты шығарушысы – алаштың ардақты азаматы, соңынан кеңестік саясаттың құрбаны болған Халел Ғаббасов.

«Сарыарқаның» көтерген мәселесі: Алашорда өкіметін құру, қазақ мемлекетін жасау, жоғалған елдікті қайта орнықтыру болды. Сондай-ақ алашорданың Семей тобының саяси бағдарламасы да осында басылған. Ең бастысы сол кездегі қазақ қайраткерлерінің іс-қимылдарымен де осы газеттен танысуға болатын еді.

«Сарыарқа» газетінде кезінде негізінен ел, жер, халық қамын ойлаған Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасов, Ж. Аймауытов, Т. Құнанбаев, М. Тұрғанбаев сияқты арыстардың жүрек-жарды еңбектері жарияланып тұрған.

Бұл басылымға басқаларға қарағанда көбірек дүниелерін (өлең, әңгіме, мақалалар) бастырып, белсенді түрде қатысқан Ж. Аймауытов болып табылады. Себебі, оның «Сарыарқаның» бірінші нөмірінде «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі, екінші нөмірінде «Тұр бұқара, жиыл кедей, ұмтыл жастар!», үшінші нөмірінде «Партия» деген мақалалары мен «Ғашықтық» (Абайша), «Жынды», «Айна» атты шағын әңгімелері мен оқшау сөздері жарияланған.

52. «Серке» газеті
«Серке» газеті – 1905-1907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. Бұл газет жайында Б. Кенжебаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер» деген кітабында бірталай мағлұматтар берілген.

«Серке» газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып Петербургте шығып тұрған «Улфат» газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен, Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. Патшалық басқару орындарының рұқсаты бойынша алғашқыда екі жетіде бір шығатын болып анықталса да, бірақ «Серкенің» екі нөмірі ғана шығып, тоқтап қалған. Жазылу бағасы бір жылға 2 теңге, жарты жылға 1 теңге 25 тиын, жеке саны 10 тиын.

«Серке» газетінің шығуы туралы 1911 жылы «Айқап» журналында М. Сералиннің оқушыларға арнап жазған бас мақаласында: «1907 жылы II мемлекеттік думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұловтың іжтиһатымен Петербурда «Серке» ісімлі журналы шыға бастап еді, ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды»,-деп айтылған. Газеттің шығуы жайында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында Ш. Қосшығұловтың айтуымен жазылған қолжазба да бар. Ол жазбада «Серке» газетінің 3-4 нөмірі шығып тоқтағанын «Серке» деген не сөз, ол боранда қой бастайтын көсем мағынасында қолданатын ұғым деп түсінік берген.

Ал бүгінгі таңда бұл газеттің жабылуына басты себеп, белгілі ақын-журналист М. Дулатовтың «Жастарға» атты өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» деген мақаласының жариялануы болды деген де дерек бар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет