Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет13/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

53. «Социалды Қазақстан» газеті
1932 жылдың қаңтар айында «Еңбекші қазақ» газеті «Социалды Қазақстан» атына ие болды. Ал осы жылдың мамыр айында газетке Әйтеке Мусин редактор болып тағайындалды.

Отызыншы жылдардың бас кезінен бастап Кеңестер Одағында ауыр өнеркәсіп, колхоз құрылысы, халық мәдениеті жолында кең күрес басталды. «Социалды Қазақстан» газеті сол заманның үніне айналып, қазақ елінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Бірақ қазақ елі үшін қай кезде де елі мен жерінің тұтастығын қызғыштай қору мәселесі күн тәртібінен түсіп көрмеген. Әсіресе, 1932 жылдардағы ашаршылық, 37 жылдардағы репрессия ауыр да күрделі мәселе болды.

Бірақ иығында ағартушылық парыз бен көп тепкіден жасыңқырап қалған халықтың рухын ояту міндеті қатар тұрған басылымның алдынан көп кедергілер ұшырасқан еді. Осы алмағайып кезеңде газеттің көкейіндегісін ашып айта алмай күмілжіген тұстары, қызыл қылыштың айбынынан тайсақтап, жүзін төмен салып, тек жаңа саясатты мадақтаған болып, кібіржіктеген кезеңдері де аз еместігін білгеніміз абзал.
54. «Социалистік Қазақстан» газеті
1937 жылдың мамыр айынан бастап «Социалды Қазақстанның» аты «Социалистік Қазақстанға» айналып, редакторлыққа Ж. Арыстанов сайланды. Ол бұл туралы кейін: «Менің ең алғашқы жұмысым газетіміздің атына түзету енгізу болып, «Социалды» деген ұғымның октябрьден басталған Қазақстандағы өзгерісті дәл бейнелей алмайтынын баяндап, бұдан былай газетімізді «Социалистік Қазақстан» деп атауға (1937-мамыр) өлкелік Комитеттің бюросынан рұқсат алғаным есімде»,- деп еске алады.

Бұдан соң «Социалистік Қазақстан» Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ жауынгерлерінің соғыс кезінде қандай ерлік жасағанын, тыл еңбеккерлерінің соғыс жағдайындағы өмір-тынысын, олардың ерен-еңбектерін әрқашан үлгі етіп жазып отырды.

Әрине, соғыстан соң да оның беттері тың жерлерді игеру, бейбіт кезеңдердің ерен еңбектерін, қой басын елу миллионға жеткізу сияқты тағы басқа да сол кездердің елеулі табыстарын сөз етуден, насихаттаудан алдына жан салмады.

Бірақ қайтсек өз халқымыздың жыртығын жамай аламыз деген ой газет басшыларының ойынан ешқашан кеткен жоқ. Мысалы, 1959 жылдардан бастап бұл газет ұлтшылдық айыптаулардан есеңгіреп қалған ұлт зиялыларының естерін жиғызуға, оларды газет төңірегіне қайта топтастыруға үлкен қызмет етті.

Бұл жылдардағы «Социалистік Қазақстанның» өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып, басшылық жасаған редакторлары Құрманбек Сағындықов, Кеңесбай Үсебаев, Ұзақ Бағаевтар газеттің өз «бет-бейнесін» сақтауына зор еңбек сіңірді.

55. «Темір қазық» журналы
Москвада Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариатында қызмет істеген шығыс елдерінің оқығандары татар, түрік тілдерінде «Қызыл шарық», қазақ тілінде «Темір қазық» журналын шығарды. Оның бірінші саны 1923 жылдың ақпан айында жарық көрді. Басылым айына бір рет шығатын саяси, шаруашылық, білім, әдебиет журналы деп аталады. Бірақ кеңес үкіметі «Темір қазықты» ұлтшылдықты уағыздады, ескіні дәріптеді, совет мекемелеріне тіл тигізді деп, 3-санынан соң жауып тастады.

56. «Таң» журналы
«Таң» әдеби журналы 1925 жылдың наурыз айынан бастап Семей қаласында шығып тұрды. Шығарушылардың бірі М. Әуезов еді. Оның бар-жоғы 4-ақ саны жарық көрді. Осы 1925 жылдың маусым айында қаражат және қағаз тапшылығына байланысты басылым біржола тоқтады.

«Таңның» ең негізгі бөлімі - әдебиет бөлімі болды. Онда фольклорлық мұралар, белгілі ақын, жазушылардың өлең-жырлары мен әңгімелері жарияланып тұрды. Бірінші санында Абайдың жарияланбаған өлеңдері, өсиет сөздері, С. Дөнентаевтың «Дәуітбек» деген өлеңі басылды, осында Бұқар жырау өлеңдері, Жиренше шешен туралы аңыз әңгімелер берілді. Үшінші санында Сұлтанмахмұттың жарық көрмеген өлеңдері, Абайдың баласы Тұрағұлдың Горькийден аудармалары жарияланды.

«Таңға» М. Әуезов көп жазды. Оның «Қайғылы жетім», «Қазақ қызы», «Қорғансыздың күні» әңгімелері, «Бүркітші» шығармасынан үзінділер басылды.

Журнал өз оқушыларын қазақ елінің жер-су, тау-тасымен, өзен-көл, жалпы географиясымен таныстырып отырды. «Өлкетану» бөлімінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жайында, Ақмешіт туралы материалдар берілді.



57. «Теңдік» газеті
1920 жылы Қазақстан автономиялы республикасы Орталық Атқару Комитетінің қалың малға, әмеңгерлікке, көп әйел алушылыққа тиым салу жөнінде қабылдаған декреті жарияланды. Декретте қазақ әйелдерінің еңсесін басқан, адамдық қасиетін қорлаған, тағы басқа да зиянды әдет-ғұрыптарды жою көзделді. Міне, осы декреттің мәнін әйелдерге түсіндіріп, олардың өздерінің бас бостандығы үшін күресуіне көмектесу, әйелдерді қоғам өміріне белсене араластыру үшін ел ішінде көшпелі қызыл отаулар, делегаттар жиналыстары ұйымдастырылды. Бұлардың жұмысын насихаттайтын, әйелдерге арналған баспасөз органын шығару қажеттігі туындады. Осыған орай жетісіне бір шығатын аймақтық партия комитеті жанындағы әйелдер бөлімінің газеті «Теңдік» 1925 жылы 5 мамырда Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборда шыға бастады. Газет редакторы С. Есова болды. «Теңдіктің» алғашқы нөмірінде жарияланған С. Есованың «Баспасөз күнінде» атты мақаласында газеттің негізгі мақсатын танытатын мынадай сөздер бар:

«Бүгін еңбекшілердің туын көтеріп, алдағы істердің айқайшысы болып әйелді теңдікке, азаттыққа сүйрейтін «Теңдік» туып отыр. Бұл – зары кең даланы күңіренткен еңбекші қара шаруа әйелдерінің саңылауын ашып, оларды әлеумет ісіне араластырып, жұртшылық жұмысына жұмылдыратын көптің «Теңдігі». «Теңдік» езілген әйел, қорлықтағы күңдер тіршілігінің айнасы. Сондықтан жер-жердегі қара шаруа, еңбекші әйелдер газетті алдырып, өз тіршіліктерін жазып тұруды міндет санау керек».

Жеті нөмірінен соң «Теңдік» газеті 1926 жылдың шілде айында журналға айналып «Әйел теңдігі» деп аталды.

58. «Тіршілік» газеті
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» мағлұматтарға қарағанда «Тіршілік» газеті шамамен 1917 жылдың шілдесінен 1918 жылдың шілдесіне дейін, яғни Ақмолада Кеңес өкіметі уақытша құлағанға дейін, бір жылдай шығып тұрған.

Газеттің ресми редакторы біздерге «Дала уалаятының газеті» және «Айқап» журналдарынан белгілі Р. Дүйсенбаев пен С. Сейфуллин болды. Басылымның негізгі авторлары болып, оның өз редакторлары және «Жас қазақ» ұйымы басқармасының белсенді мүшелері А. Асылбеков, Ж. Нұркин, Б. Серікбаевтар саналды. Себебі, «Тіршіліктің» бетінде олардың көптеген мақалалары мен памфлеттері жарияланды.

59. «Торғай» газеті
1869 жылы 2-қаңтарда Орынбор және Сібір ведомствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы делініп атала бастады, құрамына 4 уезд, 28 болыс қарайтын облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты.

Ал 1879 жылы орталығы Орынбор қаласында облыстық басқарманың баспасөз орталығы құрылып, оның ресми органы шыға бастады. 1895 жылдан бастап бұған қосымша «Тургайская газета» деген атпен ресми емес бөлімі шығарылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. «Торғай» газетінде Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннің өмірі мен қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.

«Торғай» газеті көпшілікке пайдалы материалдарды қазақ және араб әріптерімен қазақ тілінде жариялап отырды. Әсіресе, сол кездегі жұтқа, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап басып отырды. Оның редакторы Ә. Балғымбаев болды.

60. «Түркістан уалаятының газеті»


Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уалаятының газеті» сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28-сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастады.

Газеттің редакторы – ұлты башқұрт болса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және Шығыстың көп тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат Ш.М. Ибрагимов еді. Ал бұл басылымның аудармашысы әрі әдеби қызметкері болып Х. Жанышев, З. Шайхыәлібеков, Ж. Қазыбековтер жұмыс істеді.

«Түркістан уалаятының газетінің» ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілсе, ресми емес бөлімде отаршылық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім, ғылым, өнер және әйел теңдігі мәселелері қаралды.

61. «Орал» газеті


Бұл басылым 1907 жылдың 4-қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында жарық көріп тұрды. 31-нөмірі шыққанда патша үкіметі оның өмір сүруіне тыйым салды.

«Орал» газетінің редакторы большевик Х. Ямашев болды. Оны «Пролетарий» газеті «ұлтшылдық дегенді білмейтін нағыз социал-демократ»,-деп бағалады. Шын мәнінде ол редакторлық еткен «Орал» газеті «Орынбор-Ташкент» теміржолы бойындағы, сондай-ақ қаланың ішіндегі қазақ жұмысшылары арасында революциялық идеяны таратып, оларды қарулы күреске дайындады. Оның беттерінде пролетариаттың және маркстік партияның жетекшілік рөлі, жұмысшы-шаруа одағының маңызы, революция дамуының жаңа кезеңі туралы мақалалар жарияланды.


62.«Ұшқын» газеті
Биыл өзінің 90 жылдық торқалы тойын атап өткелі отырған «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы – алғашқы нөмірі 1919 жылдың 17-желтоқсанынан бастап шыға бастаған «Ұшқын» газетінен басталады.

1919 жылы Орынбор ақтардан тазартылған соң Қазақ өлкесін уақытша басқару жөніндегі революциялық комитет (Кирревком) құралып, іске кіріседі. Баспасөз секциясын ашып, өз газеті «Ұшқынды» шығару үшін редакция алқасын құрады. Оның жетекшісі болып кезінде Бөкей ордасында «Ұран», «Дұрыстық жолы» газеттерін шығаруға қатысқан Т.Сәниев тағайындалады.

«Ұшқынның» бірінші нөмірінде Бернияз ақынның «Ұшқынға» деген арнау өлеңі және газет басқармасының атынан дайындалған басылымның мақсат-мүддесі көрсетілген бас мақала жарияланған. Сондай-ақ Әмірғали деген автордың жер-су, елді басқару, азық-түлік, мал шаруашылығы проблемаларына арналған «Жалпы қазақ съезіне әзірленіңдер!» деп аталатын мақаласы берілген.

Ал газеттің екінші бетінде «Сыртқы хабарлар», «Россия хабарлары», «Дұшпандар елінде» деген айдарлармен орталықтан және шетелдерден келіп түскен жаңалықтар болды. Онда, мәселен Үндістанда өкіметке қарсы халық наразылығы өсіп бара жатқандығы, Мысыр қаласында көп адам жиналып, басқару ісінде өзгеріс талап еткендіктерін, соның нәтижесінде үкімет абақтыға жабылған тұтқындарды босатуға мәжбүр болғандықтары туралы жазылды.

1920 жылдың 13 қарашасынан бастап Орынбор қаласында Қазақ автономиялы республикасының жариялануына байланысты «Ұшқынның» орнына «Еңбек туы» газеті шыға бастады.

63. «Шолпан» журналы


«Шолпан» журналы Түркістан Орталық партия комитетінің органы болып Ташкентте шығарылды. Қазақ тілінде айына бір рет шығатын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы деп аталды. Ол 1922 жылдың қазанынан 1923 жылдың мамыр айына дейін шығарылып тұрды.

Журналдың өнер-білім, шаруашылық бөлімдерінде көптеген танымдық материалдар жарияланды. Мәселен, «Қазақ тіліндегі сингорманизм заңы», «Орхон жазуы туралы бірнеше сөз», «Жер сілкіну», «Ғылым не береді?» т.б. мақалалардың ғылымдық, тәрбиелік, үгіт-насихаттық мәні зор болды. Журнал жұмысына О. Жандосов, Ә. Диваевтар белсене қатысты. Сондай-ақ басылым бетіндегі құнды шығармалар деп М. Жұмабаевтың «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмаларын, М. Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесі мен «Заман еркесі» романын, Б. Серкебаевтың «Қонай құлаған тас» және Ш. Құдайбердиевтің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмаларын атауымызға болады.

Ал редакция жұмысына үнемі араласып, туған халқына жанашырлық танытатын, материалдар жариялатып отырғандар: Н. Төреқұлов, С. Қожанов, С. Аспендияров, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, А. Оразаев сынды азаматтар болды.
64. «Шаншар» журналы
1925 жылы Ташкент қаласында қазақтың алғашқы сатиралық журналы «Шаншар» дүниеге келді. Ол бірінші санындағы «Шаншар кім?» деген бас мақаласында өзінің міндет-мақсатын: «Заманаға мойын ұсына алмай, жаңаға көне алмай, ескіні қолдан бере алмай жүргендерді мүйізіне ілмек. Елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан аяғы шалыс басқанды біздеп жараламақ. Шындық, түзулік, әділдік қылышын қолына тұтып, кеңес жолына түсіп, шын кедейлер жаршысы болмақ»-деп түсіндіреді.

Өзі айтқандай-ақ журнал жеке материалдарында сол кездегі өмір-тіршілікте жиі кездесетін кейбір кемшіліктерді орынды ажуалады.



БЕСІНШІ ТАРАУ

Жаңа кітаптарға рецензиялар

1. Тарихқа толы туынды
Белгілі қоғам қайраткерлері, ғалым, архитектор, сәулетшілер Адамбек Қадірбекұлы Қапанов пен Сұлтан Қабиұлы Баймағамбетовтардың биылғы жылы ғылым, техника және білім саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырылған, «Дидар» баспа компаниясынан 1998 жылы жарық көрген «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деп аталатын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған 22 баспа табақ көлеміндегі ауқымды монографияларымен жан-жақты танысып шыққан соң осындай қорытындыға келдік.

Еліміздің Оңтүстік шығысындағы Іле Алатауының әсем бөктерінде орналасқан, 1 миллион 200 мыңнан астам халқы, сонау орта ғасырлардан басталатын тарихы бар Алматы /Алмату/ қаласы жайлы бұл еңбек, оны оқып шыққан адамдарға бір күннің, айдың немесе жылдың жемісі емес екендігін байқатады. Қос автордың алғашқысы 1951 жылы Москва архитектура институтын бітіргелі күні бүгінге дейін осы салада жемісті қызмет атқарып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, екіншісі 1972 жылы Қазақ политехникалық институтының архитектура факультетін бітіргелі Алматы қаласының құрылысын салып, сәулеттендіруге ерекше үлес қосып келе жатқан, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.

Осыдан-ақ біз қарастырып отырған еңбектің көп жақтылығын, мазмұндылығын, ғылымилығын сонымен қатар тарихи әрі әдебилігін де байқауымызға болады. 352 беттен тұратын, кіріспе мен қорытындыдан басқа екі бөлім, тоғыз тарау және библиография мен 350-ге жуық түрлі-түсті суреттер берілген монографиядан Алматы қаласы туралы тарихи, архитектуралық, құрылыс, сәулеттендіру, абаттандыру, көркемдеу және мәдени қажетті деген деректердің барлығын дерлік табуға болады.

Бұл туралы халық сәулетшісі, архитектура академигі Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының президенті Қ. Монтақаев былай деп әңгімелейді: «Профессор М.М. Меңдіғұловтың 1953 жыды «Алматы қаласы архитектурасы» деген еңбегі басылып шыққаннан бері 48 жыл өтті, алайда осы жылдар ішінде Алматыда орасан зор өзгерістер болғанымен, Алматы жайында кәсіби деңгейде бірде-бір кітап жарық көрген жоқ. Осыған байланысты бұл монографияның жарыққа шығуы – архитектуралық және қалақұрылыстық ғылым мен тәжірибеге қосылған үлкен үлес болып табылады.

Монографияда Алматы қаласына байланысты ерте заманнан бүгінгі уақытқа дейінгі кезеңдерді қамтитын мағлұматтар, қаланың қазіргі заманғы даму кезеңдері мен жақын және алыс болашақта оны дамытудың болжамдары келтірілген.

Қаланың табиғат жағдайлары жан-жақты талдауға негізделген материалдар және оларды зерттеулер, тарихи және археологиялық мәліметтер кітапта кеңінен қамтылады.

Қалада салынған неғұрлым ірі және бірегей қоғамдық үйлер мен ғимараттарды зерттеу және талдау негізінде Алматыда өзіндік жоғары деңгейдегі ұлттық архитектуралық мектеп қалыптасқандығы туралы тұжырым жасалған».

Иә, бұл мәселенің тарихи жағына келетін болсақ, онда жоғарыда аталған М.М. Меңдіғұловтың еңбегінде: «Үйсіндер құрылыс ісінде ағашты пайдаланды: бейіттердің қабырғаларымен Тянь-Шань шыршасының сырғауылдар салған. Мұндай бейіттер Есентай өзенінің батысындағы жеміс консервілеу комбинаты маңынан табылды. Бұл әшекейлердің бір ғажабы қос өркеш түйе, таутеке пішінді сақина, тышқан бейнелі сырға және әр түрлі алтын жапсырмалар түрінде болып келетіндігі» деп жазылған.

Оның дәлелі осы бертінде ғана қазіргі қазақ теледидар-студиясы кешені маңынан табылған қоныс бергі замандағы үйсін мәдениетіне жатады. Қоныс Алматыдағы Тимирязев көшесі мен әл-Фараби даңғылы аралығында 6-кірпіш заводы көшесін бойлай орналасқан. Бұл қоныстан табылған негізгі олжалар дән үккіштен, қырғыштар, қыш ыдыс, ұршықбас, мал сүйектері. Қоныстың төменгі қыртысынан тастан салынған құрылыс сілемі, ошақ орны байқалған. Мұнда қыш ыдыс сынығының өте мол болуы, кейбіреулерінің бүтін қалпында табылуы қыш ыдыс қалыптау нақ осы араның өзінде жүргізілген аңғартқан. Сондай-ақ біздер 70 жылдардың соңында «Горный гигант» шаруашылығы маңынан біздің дәуіріміздің IY-Y ғасырларына жататын зергерлік бұйымдар табылғанын да білеміз.

Осы орайда жалпы тарихи деректерге сүйенетін болсақ, онда біздің дәуірімізге дейінгі 1-біздің дәуіріміздің 1 ғасырларында Жетісуда, Балқаш көлінің Оңтүстік батыс жағалауында, сондай-ақ, Қазақстанның басқа да аймақтарында көшпелі ғұн тайпалары өмір сүрді. Бұл мәдениет жергілікті тайпалар өнерінің ықпалын бойына сіңіре отырып, өзі де үлкен беделге ие болған.

YI ғасырдың екінші жартысында қазіргі Қазақстан территориясы Түрік қағанаты / 552-603 жылдар/ қол астында болды. 603 жылы Түрік қағанаты Шығыс және Батыс қағанат болып екіге бөлінген. 704 жылы Батыс Түрік қағанаты мүлде ыдырады. Жетісуда жаңа мемлекет – Түргеш қағанаты ту тікті. 756 жылы қарлұқтар түргештерді жеңіп, Түрген қағанатының жеріне иелік етті. Қарлұқтар тұсында Іле Алатауы бөктерлерінде, тау өзендері аңғарында егіншілікпен айналысқан отырықшы қоныстар мен қалалар пайда болды.

Ал, солтүстік-шығыс Жетісу өңіріндегі орта ғасыр қоныстары мен қалаларының ірге көтеруі IX-X ғасырларға жатады. Сол кезеңді бейнелейтін археологиялық қатпар бірді-екілі қалашықтарда ғана, соның ішінде Алматы мен Талғар өңірінен байқалған. Яғни, бұл аймақтағы қалған қоныстары мен қалалар X-XII ғасыр аралығында ірге тепкен. Бұдан Алматы қаласының алғаш ірге тігуі IX-X ғасырлардан басталатындығын байқауымызға болады.

Сөйтіп, Алматы қаласы ұлғайып, көркейді. Біздің дәуіріміздің XI-XIII ғасырларында, яғни Қарахан әулеті билік құрған кезде басталған. Ол кезде бұл қала Алмату деп аталған. Ол сөз XYI ғасырда айтылған, оны зерттеушілер қазіргі Алматы туралы деректің басы деп қабылдайды. Бұл туралы Ш. Уәлиханов өзінің «Жоңғар очерктерінде»: «Мұнда орта ғасыр заманында отырықшылық өріс алған. Әсіресе, Іле аңғарын қоныстаушылар мол болған. Алмалық қаласы, Ханақай мен Қайнақ және Алматы сауда-саттығымен белгілі болған генуэз көпестерінің Қытайға, ал, қыпшақ елшілерінің ұлы ханға баратын үлкен керуен жолы үстінде станция қызмет атқарған» деп жазған.

Одан әрі еңбекте Верный қаласының салыну тарихы мен оның қалыптасу, даму кезеңдері сөз болады. Бұл жерде Кеңес үкіметі тұсында Алматының тарихы осы Верныйдан басталады деп, сонғы кезеңге дейін қазақ халқын өз тарихынан айырып келген бұрмалаушылық саясаттың үстем болғандығын еске салғымыз келеді.

Монографияның екінші бөлімі «Алматы қаласының негізгі даму кезеңдері» деген тараудан басталады. Онда Верныйда 1918 жылдың наурыз айында Кеңес өкіметі орнағаннан бастап, 1991 жылғы тәуелсіздік алған кезімізге дейінгі аралықта салынған негізгі құрылыстардың тарихы, қаланың сәулеттендірілуі, көгалдандырылуы, ескерткіштер мен монументтердің қойылуы кеңінен әңгімеленеді.

Бұл туралы өз ойын Алматы қаласының әкімі В.В. Храпунов былай деп ортаға салды: «Қолыңыздағы «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деп аталатын А.К. Қапанов пен С.Қ. Баймаганбетовтың бұл ғылыми монографиялары Іле Алатауының бөктерінде, қарлы шындардың аясында орналасқан әсем қала Алматы туралы іздесең таптырмайтын зерттеу еңбек. 1929 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстан Республикасының астанасы болған Алматы аймақтық кіші қаладан 1 миллион 200 мың тұрғыны бар ірі, қазіргі заманға сай қалаға айналып қана қоймай, Қазақстан Республикасының тарихи, әдеби, ғылыми, экономикалық орталығы дәрежесіне дейін жетті.

Осы жылдар аралығында кең масштабты архитектуралық құрылыс жұмыстарының жүзеге асырылуына байланысты бүгінгі күні өзіндік ерекшелігімен ешкімге ұқсамайтын дүниежүзінің әдемі де сұлу әрі қызықты қалаларының біріне айналып отыр.

Табиғат жағдайын зерттеу барысында, қаланың өткен тарихына шолу жасай отырып, қазіргі қаланың даму кезеңдері көрсетілген. Онда әсем қаламыздың тамаша сәулеттендіру – қала құрылысы комплекстері, қалаға өзіндік қайталанбайтын көрік беретін үйлер мен түрлі құрылыстар, оның абаттандыруы мен көгалдандыруы, сыртқы көркі, инженерлік – көлік инфрақұрылымы, көше-жол жүйесі мен қала транспорты, инженерлік қорғаныс пен экология жағдайлары толықтай қамтылған.

Қалаға ең қажетті мәселелердің бірі монографияда көтерілген Алматының құрылыс салу базасын нығайтып, оның басты әлеуметтік – экономикалық бағыттарын анықтап, республикалық маңызы бар елді мекенге айналдыру проблемасын шешу болып табылады.

Монографияның авторы А.К. Қапанов пен С.Қ. Баймаганбетов бүкіл елімізге танымал Алматы қаласының бас архитекторлары /бұрынғы және қазіргі/. Олар Алматы қаласының бұрынғы барлық негізгі жоспарларын /1938, 1950, 1963, 1978, 1989 жылдар/ зерттеп, талдау жасау барысында өздері басшылық ететін Алматы қаласының жаңа Бас жобасын жасау жөніндегі авторлар құрамы топтарымен бірге «Алматы қаласының 2005 жылға дейінгі және 2030 жылдарға арналған қала құрылысының перспективалық дамуының негізгі бағыттары» деген арнайы жұмысты аяқтап шықты. Бұл жұмыс монографияда келтірілген. Ол таяу уақыттарда Алматы қаласының нақты даму жоспарларын жасаған кезде де, қаланың территориялық жағынан даму бағытын анықтауда да өз жемісін беретіндігіне сенім мол.

Монографияда тағы да басты бір сұраққа, Алматыны, оның тамаша табиғат байлықтарын ұтымды пайдалана отырып, Халықаралық туризм орталығына айналдыру мәселесіне салиқалы жауап беріледі.

Бір сөзбен айтқанда кітап сәтті шыққан. Мәтін үш тілде жазылғандықтан оны шетел оқырмандары да оқи алады. Сондай-ақ, «Оңтүстік астананың» қайталанбайтын өзіндік ерекшелігін көрсететін 380-нен астам фотосуреттері де еңбектің еңсесін көтеріп тұр.

Сондықтан, бұл студенттердің, оқытушылардың, ғалымдар мен қалың оқырмандардың ғана емес, бүкіл қала салушылардың, архитекторлар мен инженерлердің, құрылысшылардың және қалалық, аудандық дәрежедегі барлық әкімшілік қызметкерлерінің де кез келген энциклопедия сияқты қолдан түспейтін ғұмыры ұзақ құнды кітап екендігін айтқым келеді».

Ал, монографияның бұдан кейінгі тарауларында болса, қала салу ісі құрылымының қалыптасуы, қаланы жоспарлау және қайта жаңғырту жобасы, қоғамдық ғимараттар архитектурасы, қаланы көгалдандыру, абаттандыру, монументті-көркемдеу және демалыс аймақтары, қаланың инженерлік-көлік инфрақұрылымы және инженерлік қорғаныс, экология және Алматы мен оның іргелес аймағының даму болашағының мәселелері қарастырылады.

Еңбектің бұл қырлары туралы біздер Алматы қаласының дамуына лайықты үлес қосқан бір топ мемлекеттік, қоғамдық қайраткерлер, архитекторлар, құрылысшылардан өз пікірлерін айтып берулерін сұраған едік. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген архитектор Ш.Е. Уәлиханов: «Соңғы 3-4 онжылдықта Алматының кең көлемді қайта түлеп, жаңғыруы қаланың құрылыс жүйесі мен сәулеттендіру келбетін түптамырымен өзгертіп, оны сәулеттендіру ерекшелігі жағынан дүниежүзіндегі ең әсем қалалардың қатарына қосты.

Алайда, өкінішке орай бұл Алматы қаласын салу, жаңғырту және дамыту жөніндегі үлкен сәулеттендіру-құрылыс тәжірибесі, өткен жарты ғасырға жуық кезеңде осы өзіндік ерекшелігі мол қала салу тәжірибесін кәсіби ғылыми тұрғыда талдап, оң баға берген, жақын және алыс шетелдерге таныстырған бірде-бір кітап жарияланбады.

Сондықтан 1998 жылы жарық көрген «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деген ғылыми монографияның жарық көруі жоғарыда айтқан кемшіліктің орнын толтырып, еліміздің қоғамдық өміріндегі басты оқиғалардың бірі болып отыр.

Бұл зерттеу еңбекте Алматы аймағы біздің дәуірімізге дейінгі көптеген мыңжылдықтар бойы отырықшы тұрғындармен игерілуіне байланысты осы қалаға қатысты ерте кезеңдерден басталатын деректер қамтылған.

Монографияда Алматының өткен жылдардағы, сондай-ақ қазіргі кезеңде 1998 жылға дейінгі салынған барлық белгілі архитектуралық ескерткіштер көрсетіліп, берілген.

Алматының барлық ірі, қызықты, өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар үйлері мен құрылыстары суреттеліп олардың орныққан жерлері мен салынған уақыттары көрсетілген. Әрбір құрылыс сапалы, түрлі-түсті суреттерге түсіріліп, жобаның авторларының, сәулетшілер бас құрылысшыларының аты-жөндері берілген.

Қаланың салыну тәжірибесі мен қайта жабдықталуы, оның орталық бөлігінің, маңызды жол қатынастарының, архитектуралық орналасуы мен қала құрылысының ерекшеліктері талданып, бір жүйеге түсірілген.

Жекелеген құрылыстардың өзіндік ерекшеліктеріне, олардың архитектуралық-композициялық шешімдеріне, стильдік бағыттарына ғылыми баға берілген.

Бұл еңбектің ерекше құндылығы, онда Алматы қаласының даму аспектілері: архитектуралық, құрылыстық, инженерлік-көлік инфрақұрылымы және т.б. комплексті түрде қамтылған. Қаланың 20-30 жылға даму перспективасының концепциясы ұсынылған.

Қаланы көгалдандыру, абаттандыру, монументті көркемдеу және демалыс аймақтары мәселесіне монографияда арнайы тарау арналған. Таңғажайып фонтандар, декоративті мүсіндер, темір қоршаулардың тамаша үлгілері, ескерткіштер, монументтер көрсетілген. Олардың қатарында Абай Құнанбаевқа, Шоқан Уәлихановқа, Мұхтар Әуезовке, Жамбыл Жабаевқа, Әліби Жанкелдинге, Ғани Мұратбаевқа, Дінмұхамед Қонаевқа арналып қойылған ескерткіштер бар. Сондай-ақ, Қазақстанның ірі қайраткерлеріне арналған мемориал, Тәуелсіздік монументі және т.б. қайталанбас өнер туындылары болып табылады.

Сөйтіп, бұл зерттеу еңбектің ең басты жетістігі деп қаланың архитектуралық ескерткіштерінің каталогы немесе көрмесі әрі Алматының қала құрылысы дамуы тарихының деректі жылнамасы ретінде оны болашақ ұрпаққа жеткізу тәсілінің құралына айналуында деп білеміз» - деп ой бөліседі.

Тек Республикамызға ғана емес, бүкіл алыс, жақын шетелдерге өзінің сәулетшілік өнерімен кеңінен таныс Ш.Е. Уәлихановтың тілге тиек болып отырған монография туралы көзқарасын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, Шығыс елдері Халықаралық архитектура академиясының корреспондент мүшесі Т. Ералиев былай деп жалғастырды:

«Бұл ғылыми еңбек Алматының қала салу ісі құрылысының дамуының барлық аспектілерін қамтиды. Қаланың даму ерекшеліктерін түсіну үшін монография авторлары Алматы қаласына қатысты барлық деректерді жан-жақты зерттеп, талдаудан өткізеді. Олар жазба түпнұсқаларға сүйене отырып мәселенің тарихи жағын, ондай-ақ құжаттық деректер негізінде аймақтың және Алматы қаласы территориясының табиғи, географиялық, ауа-райының және т.б. ерекшеліктерін нақтап, көрсетеді. Кейбір табиғи факторлар қаланың күрт, жедел дамуына игі ықпал жасаса, кейбіреуі, керісінше оның дамуына кедергі болды.

Монография авторлары жоғарыда келтірілген ізденістерге сүйене отырып, Алматы қаласының комплексті дамуы мен барлық өткен жолдарын жоғары кәсіптік деңгейде дәлелдеп, талдап береді. Олар бұл жерде жобалық, ғылыми-зерттеу, жобалау-жоспарлау құжаттарына /әр жылдары жасалған Алматы қаласының барлық Бас жоспарлары енгізілген/, архитекторлардың ұжымдық және жеке творчестволық қызметтеріне, сондай-ақ әртүрлі аралас салалар мамандарының – инженер, жоспарлаушы, ең соңында көптеген ғылыми, жоспарлау және құрылыс ұйымдарының тәжірибелеріне сүйенеді.

Қаланың даму проблемалары жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар жоғарыда келтірілген деректерді тереңінен зерттеу негізінде жасалған.

Монографияда баяндалған мол ақпараттан қаланың дамуы жайындағы мына аспектілерді бөліп көрсетуге болады:

а) архитектуралық және құрылыстық

ә) қала құрылысын салу

б) инженерлік-техникалық

Бұл монографияның архитекторлар үшін ерекше құндылығы, ондағы қаланың барлық негізгі құрылыстары түрлі-түсті кескінде беріліп, олардың авторларының аты-жөндерінің аталғандығында дер едім. Сондай-ақ, онда Алматы қаласының дамуына лайықты үлес қосқан барлық ірі мамандардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ата-тектері жазылған.

Сондықтан, осы зерттеу еңбек Алматының архитектуралық-қала құрылысын салу қызметі мен қала шаруашылығының барлық жақтарын қамтып, көрсететін архитектуралық және қала құрылыс ғылымына қосылған зор үлес болып табылады деп білем.

Бұлардан басқа, бұл монография туралы біздер республикамызға белгілі ғалымдар, академиктер Бақытжан Жұмағұлов, Әбдісағит Тәтіғұловтармен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Владимир Кацев, Алматы облысының Бас архитекторы С. Фазылов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты В.Н. Ким және т.б. әңгімелескен болатынбыз. Бірақ олардың барлықтарының ойлары мен пікірлері бір жерден шыққандықтан біздер биылғы жылы ғылым, техника және білім саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырылған «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деп аталатын монография және оның авторлары Республикамызға кеңінен танымал қоғам қайраткерлері, ғалым, архитектор, сәулетшілер Адамбек Қадірбекұлы Қапанов пен Сұлтан Қабиұлы Баймағамбетов туралы шағын мақаламызды осымен аяқтаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет