Қол алысу. Сәргел орнынан тұрып онымен қол алысып қоштасты.- Бәлкім, сіз аттанғанша кездесерміз, қарсы болмасаңыз аэропортқа шығарып салайын («Қарғын»). Қол алысу – екі адамның оң қолының алақандарын өзара қысудан тұратын қимыл, сәлемдесу немесе қоштасу рәсімі. Бұл әмбебеп кинема адамдар арсындағы сыйластықты, мәдениеттілікті, ресми қарым-қатынасты білдіреді. Көбінесе қол алысу сәлемдесу, қоштасу, құттықтау кезінде, мақұлдау, белгілі бір келісім жасасу немесе татуласу белгісі ретінде пайдаланылады. Қол алысудың мақсаты – адалдық пен ізгі ниет көрсету. Қол алысу – сенім білдірудің белгісі, ол серіктеске деген жақсы ниеттің кепілі ретінде, сондай-ақ бір-біріне құрмет көрсету үшін қолданылады. Қол ұстасудан бас тарту дұшпандық немесе ынтымақтастыққа келмеудің көрінісі болуы мүмкін.
Қол соғу, қол шапалақтау. Сондай кездесулердің бірінде Алматыдан келген бір жазушы мінбеге шығып алып: «Біз еңбек адамдарын құрметтеуді ұмытып барамыз. Бір қарапайым жұмысшыға тағзым етуіміз керек. Осы комбинаттың ірге тасын қалаған кім? Алғашқы шеберхананың иесі кім? Сол алғашқы тері илеушіні тауып алып, оған комбинат алдында ескерткіш қою керек. Бұл қарапайым еңбек адамына деген шынайы құрмет болады» деген. Жұрт ду қол соқты. Шапалақ ұзаққа созылды; «...Толып жатқан құрметті мамандық иелеріне «кеудеден жоғары бюстер мен кеудеден төменгі жағы да қамтылған толық қанды бейнелер» жасауды жалғастыра беретінін айтқанда ағылшындар жағы ду қол шапалақтап, аупартком жағы үнсіз қалды» («Ескерткіш»). Әр түрлі көріністер мен қойылымдарда, сондай-ақ спорттық жарыстарда, марапаттау рәсімдерінде және сөз сөйлеулерде көрермендер қос қолын бір-біріне ұрып шапалақтау арқылы сахнада не мінберде тұрған адамға деген ыстық ықыласын, ризашылығын білдіреді. Бұл кинема да барлық халықтар мәдениетіне ортақ әмбебап қимыл. Кейбір елдерде қол шапалақтау аяқтың қысылуымен қатар жүреді. Этикет бойынша қол шапалақтау сөз (өнер көрсету) аяқталғаннан кейін орындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |