Философияның негізгі мәселесі. Екінші жағы (танымдық).
Философиялық ағымдардың қайсысы болмасын келесі үлкен сұрақтарға жауап береді. Адам жағалай қоршаған ортаның шындығын танып-біле ала ма, әлде біле алмай ма?
Бұл сұрақ философияның үлкен тарауларының бірі - гносеологияның өзегін құрайды (gnosis - грек сөзі, -тану-білу, logos - ілім). Кейде гносеология ұғымымен қатар эпистемология деген термин қолданылады (epistema- грек сөзі, - білім).
Материалистік бағыттағы философтардың көпшілігі дүниені адамның танып біле алатынына ешқандай күмән келтірмейді.
Ал идеализмге келетін болсақ, олардың бір бөлігі дүниені танып білуге болады десе, келесілері - бұл мәселені теріс шешеді.
Адам дүниенің терең мәнін танып біле алмайды, ол мүмкін емес деген көзқарас агностицизм деп аталады (а - теріс бөлшек, gnosis - тану).
Гносеологияның негізгі сұрақтарына келесілер жатады.
Адам дүниені қалай таниды?
Адам дүниені қандай деңгейде тани алады?
Бірінші сұраққа философия тарихында үш түрлі жауап беріліп келді. Тарихи алғашқы пайда болған жауап "қайсыбір таным тәжірибеден шығады". Мұндай танымдық тұжырымды эмпиризм дейді (emperia - грек сөзі, -тәжірибе). Сонау көне заманда пайда болып эмпиризм танымдық тұжырымдама ретінде ХҮІ-ХҮІІ.ғ.ғ. қалыптасады. Сонымен, егер танымның негізгі қайнар көзін тәжірибеде,- деп мойындаса, ондай танымдық бағытты біз эмпиризмге жатқызамыз. Эмпиризмге өте жақын тұрған танымдық ағым, ол - сенсуализм (sensus - латын сөзі, -сезім, қабылдау, түйсік). Сенсуализм таным үрдісіндегі сезімдік қабылдауды негізгі жол деп есептейді. Сенсуализмнің, негізгі тұжырымдарының бірі -"Алғашқы сезімде болмаған, ақыл-ойда да жоқ".
Таным теориясындағы келесі ағым ,- рационализм (гаtіо - латын. сөзі, -ақыл). Бұл
ағым адамның ақыл-ойын, зердесін танымның езегі, негізі ретінде қарайды.
Рационализм таным тұжырымы ретінде ХІХ ғ. дүниеге келеді. Рационализмнің тарихи негіздері сонау көне заманда пайда болады. Грек ойшылы Парменид сол көне заманда сезімдік таным тек қана жалған пікірлер туғызады, ал нағыз ақиқатқа тек ақыл-ой арқылы жетуге болады,- деген ой айтқан.
Жаңа дәуірдегі математика, жаратылыстану ғылымдарының дамуы адамның ақыл-ойының құдіретін, оның табиғаттың ішкі сырын ашудағы зор мүмкіншіліктерін көрсетті.
ХҮІІ-ХҮІІІғ.ғ. ғылымның дамуы тіпті Европа топырағында үлкен идеологиялық ағымды -Француз ағартушылығын ақыл негізінде дүние тануға, қоғамды қайта құруға, адамдарды тәрбиелеудегі ақыл-ойдың құдіретті күшіне деген зор сенім арттыруына әкеліп соқты.
Бұл замандағы рационализмді қолдайтын ойшылдар дүниені ақыл-оймен қорытудың сезімдік танымнан анағұрлым терең екенін көрсете білді. Егер сезімдік таным жеке құбылыстарды, кездейсоқ нәрселерді ғана танып, шегіне жеткен жалпылық, қажеттік деңгейіне көтеріле алмаса, ақыл-ой, зерде арқылы адам ондай дәрежеге көтеріле алады. Сонымен ғылыми білімнің қайнар-көзі, ақиқаттың анықтамасының бәрі - ақыл-ой, зердеде. Сондықтан Лейбниц сенсуализмнің "Алғашқы сезімде болмаған, ақыл-ойда да жоқ",- деген тұжырымдамасына "ақылдың өзінен басқа" деген сөздерді қосып, адамның рационалдық танымының құдіретін көрсеткісі келді.
Әрине, ғылымның әрі қарай дамуы рационализмнің біржақтылығы, сезімдік таныммен санаспау ақыл-ойдың өзін шындықтан алшақ кетіп қалып, оның адамды адастыруы мүмкіндігін көрсетті.
Сондықтан, И.Кант - "сезімдік таным ақыл-ойсыз - толық емес, ақыл-ой сезімдік танымсыз - мазмұнсыз" деген пікір айтып танымның екі жағын бір-біріне ұштастырды. Алайда, Кант мұндай көзқарасты тек кана құбылыстар әлеміне таратып "заттың өз ішіндегісін" танудан бас тартгы.
Рационализмнің ең биік шыңы ретінде Гегельдің философиясын алуға болады. Ол дүниені абсолюттік идеяның басқа болмысы ретінде қарап, таным үрдісінің өзін абсолюттік идеяның өз-өзін танып-біліп, өзіне жаңа дәрежеде - абсолюттік рух ретінде қайтып оралуы деп түсінді. Сондықтан дүниенің дамуын, адамзат тарихын Гегель абсолюттік идеяның логикалық жолмен өз-өзіне тереңдеуі деп түсініп, панлогизмді тудырады (pan- бәрі, logos - білім, ілім, ақыл-ой).
XIX ғасырдың өзінде-ақ рационализмнің, соған негізделген ағарту идеяларының көбі сынға алынып, олардан күткен көп сенімдер жоққа шықты, өйткені, ақыл-ойға негізделген тамаша қоғамнан адамдар үміт үзе бастады..
Осы кезде рационализмді сынға алған, панлогизмге қарсы бағытталған философияның түрлері дүниеге келді. Ол - иррационализм бағыты. Егер А.Шопенгауер "ерік философиясын", ал Ф.Ницше "билікке деген ерікті" алға қойса, З.Фрейд адамның "бейсаналық" күштерін зерттей бастады.
Марксизмде эмпиризм мен рационализмнің арасындағы қайшылык праксеологиялық жолмен шешіледі, яғни адам мен қоғамнын қажеттіліктері, соларды өтеу үшін жасалатын адамдардың іс-әрекеттері қайсыбір таным үрдістерінің қайнар көзі және ақиқаттың анықтамасы,- деген пікір айтылады.
Соңғы жылдары танымның өте күрделі үрдіс екендігі, оны праксеологиямен ұштастырып қоймай, сонымен бірге аксиологиялық (әлеуметтік-мәдени, моральдық т.с.с. құндылықтар) тұрғысынан қарау керектігі анықталды.
Енді жоғарыда қойылған келесі сұраққа - дүниетану дәрежесіне келетін болсақ, оған да екі түрлі жауап алуға болады.
Жаңа дәуірдегі әр-түрлі таным теориялары көп ғасырлар бойы ғылымдардағы ашылған жаңалықтар мәңгілік сол күйінде қалады, егер болашақта ол теріске шығарылса, онда оның алғашкы ашылған кезінде-ақ қате болғаны,- деген пікірде болды. Яғни ғылымдағы тану үрдісіндегі табылған білім әрқашанда толық, кемеліне келген, әрі қарай мазмұнын өзгертпейтін құбылыс ретінде қаралды. Гносеологиядағы мұндай пікірге "догматизм" (dogma— грек сөзі, -шешім, ілім) деген атақ берілді.
Бұған қарама-қарсы көзқарас қайсыбір ғылыми жаңалықты, білімді. толык емес, салыстырмалы, жүре келе тереңдетілетін құбылыс ретінде қарайды. Яғни ғылымдағы жетістіктерді де шексіз әрі-қарай дамытып тереңдете беруге болады. Сондықтан, ғылым әрі-қарай дамыған сайын ғалымдар өткен уақыттағы ашылған білім салаларына жаңа көзқараспен қарап, оның шындық жағын кеңейтілген жаңа теорияның құрамына кіргізіп, ал жалған жақтарын сырттатады.
Танымдағы мұндай бағытқа "релятивизм" деген атақ берілді (relativus- латын сөзі, -салыстырмалы).
Философиянын негізгі функциялары (funktio-латын сөзі, -орындалу жасалу, істейтін қызметі)
Жоғарыда көрсетілгендей, философия ғылым мен өнер салаларына ұқсас, сонымен қатар, адамзаттың мәдениетінде ерекше орын алатын пән. Ол өзінің әр-түрлі қырларымен қоғам мен адам өміріне жан-жақты әсерін тигізеді, бүгінгі рухани дағдарыстағы адамзатқа, оның жаңа өмір бағытын іздеудегі талпыныстарында философияның орнын асыра бағалау қиын.
Философия - дүниеге деген адамның көзқарасын қалыптастырады. Бұл осы пәннің ең негізгі функцияларынын бірі.
Әрине, әр адамның дүниеге деген көзқарасы болады. Ол - тұрпайы, фантастикалық, діни, мифологиялық , т.с.с. болуы мүмкін. Ертедегі гректердін айтқанындай, адам өзінің толық кемеліне, әсіресе, рухани жағынан алғанда, пісіп-жетілуі сатысына 40 жасқа келгенде жетеді екен. Оны олар "акме" деп атаған. Яғни адам өмірде сол жасқа дейін шыңдалып, талай рет маңдайы тасқа соғылып, күнделікті өмірден тәжірибе қорытып, осы қоршаған дүние, қоғам өмірі, адамдардың бір-бірімен қатынасы жөнінде белгілі бір көзқарасқа келеді. Әрі қарай, ол тіпті белгілі бір даналық сатысына көтеріліп, қартайған шағында философиядағы ашылған өмірге деген көп қағидаларды сол пәнді оқымай-ақ өз-өзіне тағы да ашуы мүмкін.
Дүниеге деген терең философиялық көзқарас, әсіресе, біздің жастарға керек. өйткені, жастар елдің болашағы. Философияны терең оқып-білген адамның ғана дүниеге көздері ашық, қазіргі адамзат өміріндегі болып жатқан шым-шытырық тартыс, қайшылықтардың мәнін аша алады. Олай болса, өз өмірінің мән-мағнасын жете түсініп, осы өмірде өзінің шынайы орнын біле алатын болады.
Философияның келесі функциясы - оның методологиялық қызметінде. Әр ғылымның саласында өзінің пәнін зерттеуде белгілі бір іс-әрекеттер, әдістемелер қолданылады (methodos-грек сөзі, -зерттеу жолы). Әртүрлі методтар (әдістемелер) жеке, жалпы, ең жалпылык (философиялық) болып бөлінеді. Методтар жөніндегі жалпы ілімді біз методология дейміз.
Бірде-бір таным, әсіресе, философиялық, қайсыбір саналы адамның іс-әрекеті белгілі бір методтар, әдістемелерсіз, олар арқылы соған сәйкес методологиялық түсініктерсіз болуы мүмкін емес. Жаңа дәуірдегі философия негізін қалаушылардың бірі Ф.Бэкон адамның дүниетанудағы қолданатын методтарын қараңғыда жолды көрсететін шамшырақпен салыстырған болатын. Орыстың ұлы ғалымы И.П.ІІавлов "ғылымда қолданатын методтармен көбінесе зерттеудің нәтижелігі тығыз байланысты. Жақсы методтар арқылы өте талантты емес ғалым да көп нәрсені ашуы мүмкін. Ал қолданылатын методтар нашар болса, онда гениалды ғалымның өзі күш-қуатын бостан-босқа жұмсайды",- деген болатын (genius- латын сөзі, -аса қабілетті). Француз ғалымы И.Лаплас ұлы ғылыми жаңалыққа жеткізген жолды сол жаңалықтың өзінен кем емес,-деген пікір айтқан.
Бүгінгі таңда бір жағынан, жаңа ғылым салалары пайда болып жатса, екінші жағынан әртүрлі ғылым салаларын жақындататын "шекаралық" пәндер дүниеге келіп жатыр. Қазір адамзаттың алдында неше түрлі экологиялық, демографиялык. урбанизациялық, ғарыштық т.с.с. мәселелер тұр. Оларды шешу үшін әртүрлі жеке ғылымдардың басын біріктіріп үлкен күрделі гылыми бағдарламаларды жасау керек. Ал мүның өзі белгілі философиялық көзқарастың, методологиялық принциптердің негізінде ғана іске аспақ.
Әдебиет:
-
Алтаев Ж.., Ғабитов Ғ. Философия және мәдениеттану. Алматы. 2001.
-
Әбдрасилова Г.З. Фәлсафа. Шымкент. 2003.
-
Әбішев Қ. Философия. Алматы. 2001.
-
Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы. Алматы. 2005.
-
Ғабитов Ғ. Философия. Алматы. 2004.
-
Мусаева Н.Р. Философия. Шымкент. 2006.
-
Тұрғынбаев Ә.Х. Философия. Алматы. 2001.
-
Философиялық сөздік. Алматы. 1996.
Глоссарий
Абстракция (abstraction – латын сөзі – дерексіздену) – заттың көптеген қасиеттері мен қатынастарының дерексізденіп, мәнді қасиеті немесе қатынасының бөлініп шыгуы.
Абсурд (absurdus- латын сөзі - беймағыналық) – ақылға қонымсыз.
Агностицизм (a – грек сөзі - теріске шығару, gnosis – білім) – дүниені танып білу мүмкіндігін толық немесе ішінара теріске шығаратын ілім.
Аксиология (axia – грек сөзі – құндылық, logos – ілім, сөз) – құндылық теориясы, философияның құндылық табиғатын зерттейтін саласы.
Анимизм (anima – латын сөзі – рух, жан) - әруақтарға, рухтарға, олардың қоршаған дүние құбылыстарына ықпал етуіне сенуге негізделген көзқарас.
Антропоморфизм (anthropos – грек сөзі – адам, morphe – форма, түр) – адамға тән қасиеттер мен ерекшеліктерді табиғаттың сыртқы күштеріне телу және ойдан шығарылған мифтік жаратылыстарға балау.
Антропоцентризм – адамды әлемнің орталығы және асқар шыңы деп білетін дүниетанымдық айқындама.
Атеизм (а – грек сөзі – теріске шығару, teos – құдай) – құдайды теріске шығаратын, дінге қарсы шығатын көзқарас.
Атрибут (attribuo- латын сөзі – үстеп беремін, үлестіремін) – заттың өзіндік, ажырамас қасиеті.
Волюнтаризм (voluntas – латын сөзі – ерік) – ақиқат атаулының бастапқы негізі ерік деп танитын философиялық бағыт.
Гилозоизм (hyle – грек сөзі – зат, zoe - өмір, тіршілік) – материяның әмбебаб тіршілігі туралы философиялық ілім.
Гносеология (gnosis – грек сөзі – білім, logos – ілім, ғылым) – таным теориясы, философияның таным табиғатын зерттейтін саласы.
Деизм (dues – латын сөзі – құдай) – құдайды тек алғашқы жаратушы ретінде мойындайтын көзқарас.
Демиург (demiurgos – грек сөзі – шебер, қол өнерші) – Платонның идеалистік философиясында және неоплатоншылардың ілімінде - әлемді жаратушы.
Догматизм ( dogma – грек сөзі – пікір, ілім, шешім) – тұрақты ұғымдарға, практика мен ғылымның жаңа деректеріне орын мен уақыттың нақты жағдайлары ескерілмейтін формулаларға сүйенетін ойлау әдісі.
Дуализм ( duo – латын сөзі – екеу) – материалдық және рухани субстанцияларды өзара тең құқылы бастаулар деп есептейтін, монизмге қарама-қарсы философиялық ілім.
Дүниеге көзқарас – дүние және ондағы адам туралы ойлардың, білімдердің, мақсат-мұраттар мен сенімдердің, сезімдердің, ілімдердің жүйеленген жиынтығы.
Идеализм – философияның негізгі мәселесін шешудегі материализмге қарама-қарсы бағыт. Рухтың, идеяның, биматериалықтың алғашқылығын тұжырымдайды.
Иррационализм ( irrationalis – латын сөзі – ақылға сыйымсыз) – ақылдың, ойлаудың танымдық мүмкіндіктерін шектеулі деп санайтын және интуицияны, сезімді, түйсікті және т.б. танымның түп негізі деп есептейтін философиялық ілім.
Космогония ( kosmos – грек сөзі – ғарыш, qoneia – туу) – аспан денелері мен олардың жүйелерінің пайда болуы мен дамуын зерттейтін ғылым саласы.
Космология (kosmos – грек сөзі – ғарыш, logos – сөз, ілім) – астрономияның бір саласы.
Материализм ( materialis – латын сөзі – заттық) - философияның негізгі мәселесін шешудегі идеализмге қарама-қарсы бағыт. Заттың, материяның алғашқылығын тұжырымдайды.
Мифология (mythos - грек сөзі – миф, аңыз, logos – ілім, ғылым ) - қоршаған
дүние туралы реалды түсінікпен қатар фантастикалық қиялдың қосындысынан тұратын ежелгі қоғамдардың дүниетанымы, қоғамдық сананың формасы.
Монизм (monos – грек сөзі – біреу, жалғыз) – бүкіл дүниедегі нәрселердің бір ғана бастамасын мойындайтын философиялық ілім.
Монотеизм (monos – грек сөзі – біреу, жалғыз, theos – құдай) – бір құдайға құлшылық ету.
Натурфилософия – табиғат философиясы. Оның ерекшелігі – табиғатқа тұтас күйінде қарап, оны үстірт пайымдау арқылы түсіндіру.
Онтология (ontos – грек сөзі – болмыс, logos – ілім, сөз) – болмыс теориясы. Философияның болмысты зерттейтін саласы.
Оптимизм (optimus – латын сөзі – ең жақсы) – жарқын болашаққа, қайырымдылықтың зұлымдықты, әділеттіліктің әділетсіздікті жеңетініне сенімділік.
Пантеизм (pan – грек сөзі – барлығы, theos – құдай) – құдай табиғаттан тыс бола алмайды, ол табиғатпен барабар бейқам бастама дейтін философиялық ілім.
Пессимизм ( pessimus– латын сөзі – ең жаман) – оқиғалар барысы тек жамандыққа апарады дейтін көзқарас.
Скептицизм (skeptikos – грек сөзі – қарастырушы, зерттеуші, сынаушы) – объективті шындықты танып-білу мүмкіндігіне шүбә келтіретін философиялық ілім.
Солипсизм ( solus – жалғыз, дара, ipse - өзі) – тек адам және оның санасы өмір сүреді, объективті дүние жеке адам санасында ғана өмір сүреді дейтін көзқарас.
Теизм (theos - грек сөзі – құдай) – ақыл-ойы мен ерігі бар және жұмбақ түрде барлық материалдық және рухани процестерге ықпал ететін жаратылыстан тыс тіршілік иесі ретіндегі жеке құдайды мойындайтын діни-философиялық ілім.
Теология (theos - грек сөзі – құдай, logos – ілім, сөз) – құдай туралы дін ілімі – белгілі діннің ілімдерін жүйелеу.
Тотемизм – қандайда бір адамдар тобының белгілі бір жануарлар, өсімдіктер, заттар немесе құбылыстармен ортақ тектестігіне және қандас туыстығына нануға негізделген көзқарас.
Утилитаризм (utilitas – латын сөзі – пайда) - өнегелі іс-әрекеттің пайдалылығын мойындайтын көзқарас.
Фатализм (satalis – қашып құтылмайтын) – антидиалектикалық дүниетанымдық тұжырымдама. Дүниеде болатын барлық процестер бостандыққа, шығармашылыққа орын қалдырмайтын қажеттіліктің үстемдігіне бағынады.
Фетишизм – қандайда бір затқа ерекше мән беріп, оны құдайландырып, өмірге айрықша әсер етуші күш деп түсінуге негізделген көзқарас.
Силлабустан көшірме:
-
Практикалық (семинар) сабақтарының КТЖ
(күнтізбелік тақырыптың жоспары).
Практикалық сабақтар саны 15 сағат.
№
|
Мерзімі
|
Модульдің реттік саны мен сабақтар тақырыбы
|
Сабақта қарастырылатын есептер нөмері рефаттар, мәселелер, оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар
|
Сабақ өткізу әдісі түрі
|
Ағымды бақылау түрі
|
Студенттер нені білу және іске асыра алуы керек.
|
1
|
2
|
3
|
4
|
5
|
6
|
7
|
1
|
|
1-ші модуль. Классикалық философия.
Философия – мәдениет феномені ретінде
|
Философия. Алматы, 2002.
|
|
Кіріс бақылау
|
Философия пәні мен қызметі туралы. Негізгі бағыттары мен ұғымдары.
|
Семинар сабағының тақырыбы: Философия –мәдениет феномені ретінде.
Семинар сабағының жоспары.
-
Дүниегекөзқарас ұғымы және оның тарихи түрлері.
-
Дүниеге философиялық көзқарас, оның ерекшеліктері.
-
Философияның әлеуметтік қызметі және оның қоғам өміріндегі рөлі
Әдебиет:
-
Алтаев Ж.., Ғабитов Ғ. Философия және мәдениеттану. Алматы. 2001.
-
Әбдрасилова Г.З. Фәлсафа. Шымкент. 2003.
-
Әбішев Қ. Философия. Алматы. 2001.
-
Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы. Алматы. 2005.
-
Ғабитов Ғ. Философия. Алматы. 2004.
-
Мусаева Н.Р. Философия. Шымкент. 2006.
-
Тұрғынбаев Ә.Х. Философия. Алматы. 2001.
-
Философиялық сөздік. Алматы. 1996.
Әдістемелік кеңестер мен нұсқаулар
«Философия» сөзінің этимологиясынан бастасақ ол грек тіліндегі «phileo» – «құштарлық», «sophia» – «даналық» сөздерінен шыққан. Жиі естіп, қолданып жүрген «даналық» ұғымының мазмұны қандай екен? Кімдерді, қандай адамдарды «дана», «данышпан» дейді? Көне замандарда даналық білімге, ақиқатқа риясыз қызмет етуге негізделген әлемді ерекше интеллектуалды игеруді білдірді. Философия ақиқат пен даналыққа құштарлық ретінде қалыптасу үстіндегі теориялық ойдың синониміне айналады. Бұл жеке заттар туралы білімдердің жай ғана қосындысы емес, әлемді бір бүтін ретінде ұғынуға талпыныс. Философияның мәнін дұрыс түсіну үшін дүниегекөзқарас дегеніміз не, оның философиямен арақатнасы қандай екенін анықтап алу қажет. Ең әуелден, дүниеге көзқарас – бұл адамзатпен бірге пайда болатын әлеуметтік-тарихи феномен. Ол адамның әлемге эмоциялық, психологиялық және интеллектуалдық қатынасын қамтиды. Дүниегекөзқарас ұғымының мәнін, оның құрылымын Д.Кішібековтың жетекшілігімен жазылған 1991 жылы Алматыда шыққан «Философия» оқулығына (6-8 беттері) негізделіп ашуға болады. Дүниегекөзқарастың тарихи түрлері – мифология, дін, анимизм, тотемизм, фетишизм – Қ.Ш.Бейсеновтың 2005 жылы Шымкентте шыққан «Философия тарихы» оқулығында толық және жан-жақты сипатталған (15-20 беттер). Семинар сабағында осы мәселені қарастырғанда 1.1. таблицасын көрнекілік үшін қолдануға болады. Дүниегекөзқарастың әр бір тарихи түрінің өзіндік ерекшеліктерін оларды өзара салыстырып анықтауға болады. Мысалы, мифология мен діннің өзара ұқсастық жақтары мен айырмашылықтарын анықтап, кейін оларды философиямен салыстырып, жоғарыда айтылған 1.1. таблицасын тілдік ерекшеліктері деген графамен толықтырса болады. Егер мифология мен дінде негізінен көркем образдық, әдеби тіл қолданылса, философияда – ғылыми тіл: ұғымдар, категориялар қолданылады. Философиялық ойдың қалыптасуын, оның қай жерде, қай кезде, қандай жағдайда, қандай факторлардың әсерімен пайда болғанын, жалпы ерекшеліктерін Н.Р.Мусаеваның Шымкентте 2006 жылы шыққан «Философия» (6-11 беттері) оқулығын пайдаланып ашуға болады. Алғашқы сабақтарда студенттер тарапынан: Философия қандай пән? Ол нені зерттейді? Біз таңдаған мамандық өкілдеріне оның не қажеті бар? деген сияқты сұрақтардың қойылуы орынды. Сондықтан алғашқы семинар сабағында философияның зерттеу объектісі – бізді қоршаған бүкіл шындық біртұтас күйінде, қарастыратын мәселелері ең ауқымды, қолданылатын зерттеу әдістері ең жалпы, барынша кең ұғымдар - категориялар пайдаланылатынын түсіндіру керек. Осы жерде «Философия – ғылымдардың атасы. Барлық ғылымдар философиядан бөлініп шыққан» деген пікірді де түсіндіріп өтуге болады. Оны 1.2. схемасының жәрдемімен жасауға болады. Философияның ғылыммен арақатынасын, оның екіұдай сипатын Г.З. Абдрасилованың Шымкентте 2005 жылы шыққан «Фәлсафа» оқулығына сүйене отырып ашуға болады (12-14 беттері). Қазіргі кезде философиялық білім күрделі жүйеге айналған. Оның құрылымын қарастырғанда 1.5. таблицасын қолдануға болады. Философияның қарастыратын мәселелер шеңберін жалпылама түрде сипаттап, оның негізгі мәселесіне ерекше көңіл бөлген дұрыс. Осы жерде Г.З. Абдрасилованың «Фәлсафа» оқулығында келтірілген философия терихындағы философияның негізгі сұрағының қарастырылуы (19-21 беттерде) таблицасын пайдалануға болады. Біздің ойымызша, Ф.Энгельс бойынша философияның негізгі сұрағы бөлек қарастырылғаны артық болмайды. Оны 1.5. схемасын пайдалана отырып ашуға болады. Алғашқы сабақтан бастап студенттер материализм, идеализм бағыттарын дұрыс түсініп, олардың түрлерін ажырата білуі керек. Оған бөлек таблицалар келтірілген (1.6.; 1.7.). Бірінші семинарда философияның зерттеу әдістері де қарастырылады. Осы мәселені және де философияның қызметтері туралы мәлеметтерді жоғарыда келтірілген әдебиеттерден табуға болады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Дүниеге көзқарас дегеніміз не?
Мифологияның дүниеге көзқарас ретіндегі ерекшелігі неде?
Діни көзқарастың ерекшеліктері неде?
Дүниеге философиялық көзқарастың миф пен діннен айырмашылығы неде?
Философия мен ғылымның ара-қатынасы қандай?
Философияның өнерлік жағын неден көресіз?
Философия қандай рухани құндылықтарды зерттейді?
Философия мен тілдің байланысы қандай?
Философияның негізгі мәселесінің екі жағын көрсетіңіз.
Философия қандай міндеттер атқарады ?
Ойланыңыз:
Неміс ағартушысы Г.Лессинг егер Құдай мені өзіне шақырып, бір қолында дүние жөніндегі толық ақиқат, екіншісінде -ақиқатқа деген іңкәр бар. Қайсысын таңдап аласың?.- десе, мен: "О жаратқан, бүкіл ақиқатттың иесі - сенсің, маған тек сол ақиқатқа іңкәрлікті берсеңіз болғаны",- дейді. Осы көркем сөзбен берілген ойды сіз қалай түсінесіз?
Ешкімде философияны жастық шағында ысырьш тастап, қартайғанда одан шаршамасын ... философия жасқа да, кәріге де керек, біріншісіне - жастық жігерді болашақ алдындағы пісіп-жетілген батылдықпен ұштастыруға, екіншісіне - өмірдің соңында рухани жаңарып, өткенге қуана білу үшін, - деген пікірді грек философы Эпикур айтқан екен. Бұл ойдын маңызы неде?
Француз ағартушысы Д.Дидро айтқанындай "Ең тамаша ойшылдар философиямен ғасырлар бойы айналысты. Бірақ соған қарамастан онда бірде-бір дау туғызбайтын пікір жоқ. Неге олай?
Өткен және болашақ замандардағы қасіреттерге философия жоғарыдан қарағанмен, қазіргі қасіреттер философияға жоғарыдан қарайды,- деген ойды француз жазушысы Франсуа де Ларошфуко айтқан екен. Бұл ой-пікір біздің қазіргі өтпелі заманымызды бағалағанда қандай тебіреністерді тудырады?
Жалғыздықтың шеңберінде өмір сүру үшін жануар, не болмаса Құдай болу керек -дейді Аристотель. Бірақ, үшіншісі бар - ол философ,- дейді Ф.Ницше. Бұл пікірді қалай түсінуге болады?
"Қайғы таныммен бірге басталады", - дейді француз ойшылы А.Камю. Сіз бұл пікірді қалай түсінесіз?
Философия коғамға тәуелді болмау керек, керісінше қоғам философияға тәуелді болуы керек,- деген екен орыс философы Н.Бердяев. Бұл тұжырым қазіргі өтпелі қоғамда қандай ойларды туғызуы мүмкін?
"Егер өлім болмаса, адамдар философиямен айналысар ма еді? ,- дейді неміс философы А.Шопенгауер. Сіз қалай ойлайсыз?
Достарыңызбен бөлісу: |