1.11. Желін безінің аурулары
Желінсау оның себептері
Желінсаудың жіктелуі
Агалактия және гипогалактия
Желін ауруларын алдын алу.
Шараушылықта малдың бағып-күтімі, азықтануы нашар болып, сауу ережелері дұрыс сақталмайтын болса, желін аурулары кең таралып кетуі мүмкін. Сөйтіп, шаруашылыққа орасан зор зиянын тигізеді. Сиырдың бір емшегі (ширегі) ауырғанның өзінде оның сүттілігі 10-20 %-ға кемиді.- Желінсау болған сиырлар (әсіресе сүтті асыл тұқымды сиырлар) мезгілінен бұрын жарамсыздықка шығып, етке өткізіліп жіберіледі.
Жасырын (субклиникалық) желінсау кезінде ауру сиырдың сүті таза сүтпен араласып кетеді де, оның сапасын төмендетеді. Одан жақсы, дәмді айран ұйытуға, ірімшік-май жасауға болмайды. Ондай сүтті ішкен бұзаудың іші кетіп, адам ауыруы мүмкін. Желін ауруларының ішіндегі ең көп кездесетіні де, ең көп зиянын тигізетіні де желінсау.
Желінсау - желіннің қабынуы. Көбінесе жаңа туған малды, сиырларды суалтқан, қойды қозысынан айырған кезде кездеседі.
Себептері: желінсауды тудыратын себептер өте көп, кейде оның қайсысы негізгі себеп, қайсысы қосалқы себеп екендігін ажырату қиын болады. Ғалымдар желінсаудың пайда болуына 80 % жағдайда микробтардың үлесі бар деп есептейді. Микробтардың желінге келіп түсуі әрқалай:
1. Емшек үрпісі арқылы (галактогенді жол) - жатқан жері лас болса, желінді жуып-сүртетін шүберек кір болса, сауыншының қолы, сауын агрегаты таза болмаса.
2. Қан арқылы (гематогенді жол) - гастроэнтерит, ретикулоперитонит, эндометрит, вагинит т.б. органдардың ауруынан желінге келіп түседі.
3. Желіннің терісі арқылы (лимфогенді жол) – тері жарақаттанғанда микроб сол жарадан ары қарай лимфа тамырлары арқылы тарайды.
Бірақ, микроб барлық уақытта міндетті түрде ауру тудыра алмайды, ол организмнің жалпы резистенттігіне байланысты.
Организмнің резистенттігін төмендететін факторларға мал күтімінің, азықтануының нашарлығы, сауу ережесінің бұзылуы және желін гигиенасының дұрыс сақталмауы жатады.
Желінсаудың пайда болуына желіннің зақымдануы тікелей себепкер фактор, сыртқы жарақат (ұрылып-соғылу, сырылып езілуі, жыртылып тесілуі) немесе ішкі жарақат (альвеолдар мен сүт жолдарының жыртылуы) микробтар енуші қақпа болып саналады. Ішкі жарақаттар сауу агрегаттарын дұрыс пайдаланбаудан немесе желінге ауа үрлеген кезде қысымның көбеюінен болуы мүмкін.
Сауылып журген сиырды дұрыстап суалтудың да желінсаудың алдын алу үшін үлкен маңызы бар.
Туар алдындағы желінде пайда болған ісіктер суыққа ұрынып зақымданатын болса, тез желінсауға ауысады. Көктемгі кезде бірден көк шөпке ауысып кеткен малдың ішінде желінсау көп кездеседі.
Желінсау көбінесе сүтті, 2-3 туған сиырларда кездеседі, ол желін қызметінің, зат алмасу құбылыстары мен лактация процесінің өте карқынды жүруімен түсіндіруге болады.
2. Жіктелуі. Организм резистенттігіне, ауру тудыру себептердің сипатына байланысты, желіндегі қабыну процесі әртүрлі деңгейде өтуі мүмкін.
А.П. Студенцов қабыну процестерін сипатгай келіп желінсауды былай жіктейді:
1. Серозды желінсау
2. Катаралды желінсау
а) цистерна мен сүт жолдарының катары
б) альвеола катары;
3. Фибринозды желінсау;
4. Іріңді желінсау
а) іріңді - катаралды желінсау;
б) желін абсцесі;
в) желін флегмонасы;
5. Геморрагиялық желінсау;
6. Кейбір ауруларға тән желінсаулар;
а) желін аусылы;
б) желін актиномикозы;
в) желін туберкулезі;
7. Желінсаудың асқынулары
а) желін индурациясы;
б) желін гангренасы
Аурудың клиникалық көрінуіне және уақытына қарай желінсауды: жіті (10 тәулікке дейінгі), созылмалы (2-3 аптадан асып кеткенде) және жасырын (субклиникалык) желінсау деп бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |