Қарқынды толғақ. Мал жанталасып күшенеді, жатыр мен қарын көк етінің жиырылуы өте күшті,арасындағы үзіліс мүлдем байқалмайды, жатыр сіресіп қатып қалған тәрізді. Мұндай жағдай көбінесе, биеде, содан кейін сиырда кездеседі. Қарқынды толғақ көп жағдайда төлдің теріс келуінен немесе жамбас қуысы тар болып, төл кептеліп шықпай қалуынан болады. Оған қосымша себеп жатыр тонусын күшейтетін дәрілерді көп беріп қойса немесе жатыр мойны әлі толғақ ашылмай жатып қағанақ қабықтарын жыртып жіберіп, шарана суларын ерте ағызып жіберу,улы жем – шөп жеп қоюы да соған себеп.
Қарқынды толғақты қалайда бәсеңдету керек, ол үшін жатқан малды тұрғызып, жүргізеді, шоқшытының терісінен бүріп, тартады артқы жағын биіктеп көтереді. Сиырларға аузынан 1-1,5 л арақ құяды, сакральді анестезия немесе Мосин, Ноздрачев блокадасын жасайды. Биеге венасынан 200-300мл хлоргидраттың 10 пайыздық ерітіндісін жібереді.
Бақылау сұрақтары:
Төлдің мумификациялануы дегеніміз не?
Төлдің мацерациялануы кезінде негізгі белгілер?
Төл іріп – шіруі дегеніміз не?
Төлдің бөсіріне сипаттама беріңіз?
1.10. № 2 ЗТС
Сабақтың тақырыбы: Туу акті және туудан кейінгі кезең
Сабақтың мақсаты: Мал төлдетуді ұйымдастыра білу
Мал төлдетуді жауапты науқан, оған мұқият дайындалу керек, атап айтқанда, қора – жай, жемшөп, отын – су, бағып – күтуші кісілер, жәрдемші жұмысшылар, қажетті дәрі – дәрмектер, аспаптар бәрі де сақадай сай тұрғаны дұрыс. Сонда ғана жаңа туған төлді шығынсыз өсіріп анасының денсаулығы мен беретін өнімін сақтап қалуға болады.
Сиыр бұзаулайтын қора жалпы аналық бастың 10 пайызына жететіндей есеппен салынады.
Іші жылы, құрғақ, жарық, едені тақтайдан жасалынады. Қораның қасында өтпе жел тимейтіндей малды серуенге шығаратын кең ашық алаң болады және жас бұзауларға арналған жеке қора болады, оның іші секциялардан немесе жеке үйшіктер тұрады. Үйшіктерді далаға ашық алаңға орналастырса да болады.
Қораның ішінде сиыр бұзаулайтын бокстер болады, оның көлемі 3*3, 5 м, қабырға биіктігі 1,8 м, бокстың ішінде мал көмек көрсететін бөлме, ішінде қажетті дәрі-дәрмектер, аспаптар сақталатын дәріхана, кезекші күтушілер, демалатын бөлме болады. Қораға бөтен кісілер кірмейді.
Сиырды бұл қораға тууға 10-15 күн қалғанда үсті – басын жуып тұяқтарын тазалап алып келеді, туғаннан кейін тағы 15 ұстайды. Сиырларды туғанға дейін де, туғаннан кейін 3 күннен бастап күнделікті серуенге шығарып отырады.
Сиырларды дене температурасын өлшеп, желініне массаж жасап отырады. Туайын деп жатқан малға жалпы жақындамаған дұрыс, қағанақ қабықтары жарылып, шарана суы ағып шыққанша ешқандай көмек көрсетудің қажеті жоқ. Осыдан кейін де біраз уақыт өтіп, мал өздігінен туа алмаса, оған тиісті көмек көрсетеді.
Шарана суы ерте ағып кетіп, туу жолдары құрғап қалса, оның бетін қағанақ қабықтары түгелдей жаппаса туу жолдарының езіліп жыртылып кету қаупі туады, әсіресе, төл ірі болса, сарпайаралық жері көбінесе, жыртылып кетеді. Мұндай жағдайда туу жолдарын жақсылап майлап немесе қайнатылған сабынды су құйып, төлді мүмкіндігінше төмен басып ақырындап ырғап тартады.
Төлді шығарып алған соң, оның аузын-мұрнын сүртіп тазалап анасына жалатады. Сиыр бұзауына қарамаса, оның үстін таза шүберекпен сүртіп құрғату керек, кіндігін 7-8 см, қалдырып байлап кесіп, йод ерітіндісіне немесе карбол қышқылын салып күйдіреді.
Сиырдың сауырын, сарпайын, желінін, артқы аяқтарын жуып тазалап, оған жылы тұзды су береді, шамамен 1 сағат өткен соң сауып, бұзауын емізеді. Әлсіз туған бұзаудың үстін жылы орап, күніне 5-7 рет азғантайдан жылы уыз, сүт береді.
Кейде анасы ақсыз туады немесе оның сүтін ішкізуге болмайды. Бұл кезде бұзауға басқа сиырдың уызын береді, ондай табылмаса жасанды уыз ішкізеді, оның құрамы : 1 литр жаңа сауған сүтке 15 гр. балық майын, 10 гр. ас тұзын және 2-3 тауық жұмыртқасын жарып салып, жақсылап араластырады. Бір ішкізгенде уыздың көлемі 300-500 мл. аспағаны дұрыс.
Қой шаруашылығында қой қоздату науқаны қыстыгүні немесе ерте көктемде өтетін болғандықтан қой төлдететін жылы қораның болуы негізгі шарт.
Басқа мүмкіндік болмаса, қой қораның бір шетін бөліп алып,оны төл қабылдауға бейімдеп тесік-жыртықтарын бекітіп,жөндеп дайындап қояды,оны жылыжай деп атайды.Жылыжайдың ішін тақтаймен 30-40 торшаға бөліп тастайды, әрбір торшада 2-3 саулық қозыларымен 3 күнге дейін тұрады.Содан кейін 10-15 саулықты қозылармен біріктіріп ұстайды.
Қозыны туғаннан кейін 0,5 сағаттан кешіктірмей енесіне жіберіп емізу керек,саулықтың желінінің төңірегіндегі жүнін емшегін сүртіп қозының аузына салады.Кейде бірінші тума тұсақтар қозысын қабылдамайды,мұндай жағдайда қозының үстіне енесінің сүтін жағып,екеуін қосып ұстап тұрады.Енесі өлген жетім қозыларды басқа сүті көп саулыққа телиді.
Шошқа өсірушілердің де жұмысында өзіндік ерекшеліктері мен қиыншылықтары бар.Торайды аузын-мұрнын тазалаған соң үстін таза орамалмен құрғатып сүртеді,кіндігін 3-4 см. Қалдырып байлап кескеннен кейін көп кешіктірмей енесінің қойнына салып еміздіру керек.Торайлардың аш қалмауын,енесінің астында басылып қалмауын қадағалайды.
Туып жатқан шошқаның,қоянның алдында таза су жеткілікті болмаса,шөлін қандыру үшін олар өздерінің төлдерін жеп қояды.
Бақылау сұрақтары:
1. Төлдеу дегеніміз не?
2. Сиырларды төлдету қалай ұйымдастырылады?
3. Қойларды төлдету қалай ұйымдастырылады?
4. Шошқаларда төлдету жұмыстары қалай жүргізіледі?
Достарыңызбен бөлісу: |