Үшінші көрініс
Бірінші оқиғадағы декорация, таңертеңгі ерте уақыт. Зелинскийдің столын қағаз басқан. Шала ішілген шайымен қалған стакан, темекінің мол қалдығы ұйқысыз өткен түннің айғағы сияқты. Эля столды тәртіпке келтіріп жатыр. Оның алдында – Чижик.
Чижик. Бұдан әрі енді не болмақ?
Эля. Мазамды алып біттің ғой. Білмеймін, қалай болатынын.
Чижик. Олай болса мен кетем.
Эля. Жүре бер. Бұл жер тіпті қысыр кеңестің орны емес.
Чижик. Кетуіме болады, неге болмасын? (Есікке барған). Мүлде қайтып оралмауыма да болады.
Эля. Түу, Эдик-ай! Маған неге сонша жабысасың?
Чижик. (қайта келіп) Мен бе? Әншейін. Бірақ, бұдан әрі үнемі бұлай бола беру мүмкін емес. Не олай, не бұлай?
Эля. Тағы да айтам: Мен қазір бұл арадан кете алмаймын. Ұқтың ба?
Чижик. Енді қашан?
Эля. Білмеймін. Бір жұмадан, бір айдан соң ба, қашан...
Чижик. ....Бақа ысқырып, балық ән салғанда ма.
Эля. Опырмай, неткен жансың өзің? Сеніңше не, ең керекті кезімде жұмысты тастап кетпекпін бе? Мұнда, ақырында, анық іс істелгелі жатқанда?
Чижик. Бәле...е!
Эля. Түк те «бәле-е» емес. Сен оның күн ұзаққа стол қасынан тапжылмайтынын көрсең етті. Сызады, есептейді, ойланып-толғанады. Үйіне қонуға да бармайды. Осында диванда дем алып алады, кейде тіпті жатпайды да. Франчак, Тихобродский бәрі кеше айтыса бастап еді, осыдан жарты сағат бұрын ғана тарасты. Ол дәлелдеді ме, сендірді ме, бағыт берді ме, әйтеуір?...
Чижик. Иә, ол берер бағыт.
Эля. Сенің сенбейтініңді мен білем. Сен өзің жалпы сондайсың-адамға сенбейсің. Не айтатыны бар, үлгілі марксистсің. Адамға көмектесу, қол созу керек.
Чижик. Оған өз әйелі қолын берсін. Тіпті әйелі де жәрдем еткісі келмей, одан безді емес пе. Жалғыз қалды-жетімек сорлы... Сал-паң-құ-лақ.
Эля. Әйелі тіпті де қашқан жоқ.
Чижик. Енді не?
Эля. Жай әншейін, қайда екені белгісіз.
Чижик. Біреулерге белгісіз, ал кейбіреулерге белгілі де. Оның өзіне тең емес адаммен сүйіскенін көрдің бе? Иә, иә. Оны сен – лекция оқуға кетті, мәдениет Сарайының құрылысын тексеруге кетті, дерсің, ә?
Эля. Ал ол, Скупеньді айтам, осында ғой... Жалпы бұл әңгіменің бізге қатысы жоқ.
Чижик. Мүмкін қатысы жоқ, мүмкін қатысы бар. Жалпы алғанда ғажап уақиға.
Эля. Осы саған не керек? Ашып айтшы.
Чижик. Түк те емес. Бірге кетеміз деп шештік екен, бірге кетуіміз керек. План бойынша. Үнемі айтқан жерден шықпай, жетімек директорға қол соза бермеу керек деймін. Тек қолыңды ғана созып қойсаң жақсы.
Эля. Эдик!
Чижик. Иә, немене! Сіздің сіңіліңіз біздің інімізді мұрындықтап жетектеп, басын қашырғанын көре-көре тойдық бұл жерден.
Эля. Қолма-қол тайып тұр бұл жерден.
Чижик. Тайып тұруға болады, неге үйтпеуге. Мен өзім де таяр едім. Енді бұл жерде бір күн де қалмаймын. Тұншығып барам бұл арада. (есік алдында). Новый Гутыдан социализмді қалай құрып жатқанын жазам сізге. Ал, сіз осында қала беріңіз, не қала бермеуге. Оппортунистка (кетеді)
Эля. (соңынан) Ақымақ!
Менгожевский. (кіріп) Сіз бірдеңе дедіңіз бе осы?
Эля. Сізге емес.
Менгожевский. Пан директор әлі келген жоқ па?
Эля. Пан директор әлі кеткен де жоқ.
Менгожевский. Тағы да ма? Қайда ол кісі?
Эля. Заводты аралап жүр.
Менгожевский. Ақыл беріңізші, мен не істеуім керек. Мен еш нәрсе түсінуден қалып барам.
Эля. Сіз нені түсінбейсіз?
Менгожевский. Шырағым-ау, бұны не деуге болады? Бәрі де жобаланған, жоспарланған, балансланған, оның үстіне жоғарыдан да реттелетіні мәлім болып отырғанда барып, бәрін алып тас-талқан ету не болғаны?! Мен осында жеті жыл істеймін, бәрі де жап-жақсы еді, ал енді-мәсаған керек болса.
Эля. Кім біледі, мүмкін, сол жеті жыл да жап-жақсы болмаған шығар.
Менгожевский. Қалай ол жақсы болмайды? Бәрі орнына келіп тұрса, кешіре көріңіз, әрбір статья үшін негізді дәлел, ескерту, қосар-қосымшалары болған болса. Сальдо шықпаған болса-жақсы болмаған болар еді.
Эля. Әр түрлі сальдо болады. Қағаз жүзінде болады, ал одан басқа өмір сальдосы да болады.
Менгожевский. Өмір сальдосы дейді? Естіп отырғаным осы. Мүмкін, бір жаңалық болар.
Эля. Жаңалық.
Менгожевский. Бухгалтерияны, кешіре көріңіз, шатастырудан басқа түкте жоқ. Осыдан бір жұма бұрын планды машинкаға беріп жатсам: телефон соғып: Қоя тұрыңыз!-дейді.
Эля. Иә, қоя тұрдыңыз ба?
Менгожевский. Қоя тұрдым.
Эля. Меніңше, жаман болмаған.
Менгожевский. Қалай ол-жаман болмаған? Кешіре көріңіз, план бойынша, ертеңінде мен демалысқа шығуым керекті. Бір кезде директор шақырып алып:- Планды қайта жаса,- дейді.
Эля. Иә, сіз қайта жасадыңыз ба?
Менгожевский. Жасадым.
Эля. Өте жақсы болған.
Менгожевский. Ескі планды да өте жақсы жасап шықтым. Демалыстікін де-сүйттім. Кешіре көріңіз, демалысты үш күнге кеш пландадым. Үш күн кешікті-бәрі быт-шыт болды. Одан соң не болды деңіз енді? Өзім де білмеймін не болғанын, әйелім, екеуімізге пландалған қорды жеп тауысып барам, енді қашан қайтасың деп тас-талқан болып хат жазады. Мен қайдан білейін?
Эля. Мен де білмеймін. Пан директордан сұраңыз.
Менгожевский. Бүкіл заводты аралап алас ұрып жүрген пан директордан қалай сұрарсың? Бұл да, кешіре көріңіз, пан директор үшін қызмет -ақ!
Эля. Шынында, сізге не жәрдем берерімді білмеймін.
Менгожевский. Жеті жыл ішінде мұндай тәртіпсіздікті көріп отырғаным осы. Ал неге деңіз? Ол былай. Бізде не болса соның бәрін пландайды, бір нәрсені ғана, кешіре көріңіз, пландаудың өзін пландамайды.
Скупень. (кіреді) Сәлеметсіз бе, панна Эля. Директорды көре алар ма екенбіз?
Эля. Директор жоқ.
Менгожевский. Солай енді, есіңізде болсын, бикеш, егер де біз пландаудың өзін пландамайтын болсақ, онда, кешіре көріңіз, барлығы быт-шыт болады. (кетеді)
Скупень. Түсіндіріңізші құдай үшін, бұның бәрін не деуге болады? Үш күн болды –анадағы кеткеннен бері-Зелинскийге жолыға алмай-ақ қойдым. Пан директорда жиылыс, пан директорда мәжіліс! Он мәртебе жүгіріп қақпаға келдім-тіпті сіздің өзіңізге жібермейді. Егер де күзетші қалғып кетпегенде, қазір де кіре алмайтын едім.
Эля. Пан директордың шынында да жұмысы өте тығыз.
Скупень. Панна Эля, дұрысына келейікші. Оның жұмысы қаншама тығыз болмасын, үш күннің ішінде үш минут уақыт табуға болады ғой. Мұнда басқа бірдеме бар ма деймін.
Эля. Жақсы, дұрысын айтайын. Пан директордың расында сізді көргісі келмейді. Қақпадан өткізбеу жөнінде тапсырма берілген.
Скупень. Оны менің көруім аса қажет. Қа-жет!
Эля. Мен сұрайын. Бір сағаттан соң телефон соғыңыз.
Скупень. Соғыңыз, айтуға ғана оңай. Почтада жалғыз телефон, оның өзі тек қызмет жолында ғана пайдаланылады. Көпшілікке деген телефон үш ай бойы істемейді. Рас, бір-екі жұма ішіңде жөнделіп қалар деп, мені сендірген болады. Ғажап қала! Жоқ, мен бұл арадан бір адым ешқайда кетпеймін. Отырам да алам- сол! Милиция шақыруыңызға болады.
Эля. (күледі). Үйден неге соқпайсыз?
Скупень. Мен Гробовкаға, Петриканікіне көшкем.
Эля. Ә, солайма...
Скупень. Анадан сол кеткеннен кейін. Петрика мейман достық көрсетті, мен онысын қарсы алдым.
Эля. Мені сұрады деп сөкпеңіз. Сіз Варшаваға жүрмекші емес пе едіңіз. Неге жүрмедіңіз?
Скупень. Бастан аяқ жалған боп шыққан пьесамен қалай кете алам? Жалған пьесадан басқа, келісуге болмайтын жалған жағдайлар туды. Сөз келген соң айтуға тура келеді. Петриканың қоғамында, оның семьясымен бірге өткізген күндеріме биттей де өкінбеймін. Көп нәрсе ұқтым, көп нәрсе үйрендім. Сізбен әңгімеміз есіңізде болар? Қалайда, қазір енді, менің жұмысшы жағдайынан аз болса да хабарым бар.
Эля. Қазір енді олар туралы пьеса жаза аласыз ғой.
Скупень. Керісінше! Ең негізгі үйренгенім- асықпау. Екі күн ішінде пьеса жаза алмайсыз.
Зелинский. (Кіреді. Скупеньді көріп абыржиды). Сенбісің?...(Эляға). Мен сізден сұраған сияқты едім....
Скупень. Сенің менімен байланыс жасағың келмейтінін Панна Эля сездірді. Ал мен, міне, енді сенімен байланыс жасаймын.
Зелинский. Одан ештеңе шыға қояр ма?
Скупень. Глобус, сен тарының қауызына тығылма. Мені қабылдамауға сенің хақын жоқ.
Зелинский. Жарайды, бес минут!
Эля кетеді.
Скупень. Отырам (отырады). Отырам да ақтарам.
Зелинский. (салқын ғана). Сен ақтарардан бұрын мен ақтарам. Бұл жағдайдың бәріне менің көзқарасым-оның өзін негізінен ойлап қорытуға менің уақытым жеткілікті болды. Жасырмаймын. Бұл өзі маған соққы болды, а дегенде...
Скупень. Бірақ...
Зелинский. Сен менің сөзімді бөлме, мен сені бөлгем жоқ... Алғашқы минутта мен сондайлық ақмақтыққа баруға дайын едім. Менің бақытыма қарай заводта апат болуымен кеп ұштасты. Мен бойымды да, ойымды да жиып ала қойдым. Ал, қазір әрбір нәрсеге деген қалыптасқан айқын көзқарасым бар....
Скупень. Жол берші...
Зелинский. Мен аяқтайын, сонан соң айтасың... Иә, солай: сендер бір-біріңді сүйеді екенсіңдер, мен сендерге кедергі болмаймын. Екеуіңнің де бақытты болуларыңды тілеймін. Жалғыз-ақ мен сенің аузыңнан сөз алғым келеді. Сен онымен жақсы тұра біл. Ол - оған тұратын адам. Неге десең, осының бәріне қарамастан ол - тамаша әйел. Сенің өз көзің де жеткен шығар деп білем.
Скупень. Е. Иә!
Зелинский. Ең соңғы айтарым: сендерді көргім келмейді-сені де,оны да. Бұл түсінікті болар деймін. Сондықтан сені маған жіберме деген нұсқау бердім. Барым осы.
Скупень. Сен болдың ба?
Зелинский. Болдым.
Скупень. Ендеше маған рұқсат бер. Мен өзімнің бар өмірімде мұндай сандырақты түсімде де көрген емеспін. Бұндай іс пьесада кездесетін болса, мен ешқашанда сенбеген болар едім.
Зелинский. Түсінбеймін.
Скупень. Сенің қатыныңмен не болғанын білсем, мені құдай ұрсын.
Зелинский. Қалайша?
Скупень. Солайша! Оның қайда екенін білсем, мені пері соқсын. Ақырғы рет оны мен өзіңмен бірге көрдім ғой.
Зелинский. Тұра тұр... Ол екеуің бірге кетеміз деді ғой.
Скупень. Әйел не айтпайды. Егер ол кеткен болса, өзі ғана кеткен болар. Саған тағы қандай айғақ керек. Мен осындамын ғой.
Зелинский.Маған осы бір жері айқын емес еді. Неге?
Скупень.Неге десең, сен кәрі есексің. Ал мен - екінші есек. Өзімді әйелдердің сақтаушы піріндей санаймын деп ақымақ болыппын. Неге мен оның уысына түстім? Сен түсін, оның ойында бір-ақ нәрсе болды-ол Варшава. Мүмкін, ол алғашқы қадамында мені өзіне жәрдемдесер деп санаған болар. Білмеймін. Қалайда болмасын адамгершілік жолмен мені күн бұрын ескертіп қою керек еді, ол кісіге. Мені де сен сияқты ақымақшылық күйге түсірмеуі керек еді. Өжет әйел.
Зелинский. Менің әйелім жөнінде біраз басқаша сарында сөйлеуді сұрар едім.
Скупень. Құдай үшін кешіре гөр.
Зелинский. Әлі де болса миыма қонбайды. Сен осы уақыттың бәрінде осында, Дембновцеде болған боласың ба?
Скупень. Енді қайда болам?
Зелинский. Неге біздікіне емес? Қайда жоғалып кеттің?
Скупень. Сен онда иіс тиген адамдай мәңгідің, сенің соңыңнан Дорота, таң атқанша біреуің де келмедіңдер. Санымды соқтым да кеттім.
Зелинский.Маған өте қолайсыз жағдай болды.
Скупень. Маған одан да жаман болды. Егер де Петрика болмағанда не вокзал басында, не милицияда түнейтін едім. Бұл мәселені анықтамай кете алмаймын ғой.
Зелинский. Осыны анықтаған дейміз бе? Түк те түсінбедім. Дорота қайда? Оған не болды? Онда ол қандай күйде жүр?
Скупень. Саспа өзін-өзі алып жүреді. Әйелдер қажет жағдайда бізден көрі жол таба біледі, бірақ. Біздің ол туралы білмейтінімізді жақсы көреді. (сағатына қарап). Бес минут өтті. Мен кетейін бе әлде, есептеспейміз бе?
Зелинский. Есеп жоқ, сен немене өзің!
Скупень. Татулық?
Зелинский. Татулық.
Скупень. Ендеше, не боп жатыр, немен сен сонша шұғылданып жатырсың, соны айт. Мүмкін, пьеса үшін керек болар?
Зелинский. Керек. Әбден керек.
Скупень. Ал, сөйле.
Зелинский. Қалай деуге саған? Қысқасы мен саған қарыздармын.
Скупень. Ол маған белгілі. Менің әсеріммен деген сияқты, сен жеңдің тағы сондайлар ғой.
Зелинский. Менікі тіпті басқа жайында.
Скупень. Не жайында?
Зелинский. Есіңде ме, мені тап жауы, зиянкес дегенің.
Скупень. Оны еске алып не керек сол...
Зелинский. Сен дұрыс айтасың.
Скупень. Жарайды, қой енді...
Зелинский. Сен тіпті асырып айтқанның өзінде де оның маған қандай жәрдем болғаны, сенің ойыңа да кіріп шықпайды. Рационализацияның құлауына, сенсең, мен ешбір есеп жасаған емеспін. Бірақ, жасырмаймын, ойладым: іс болса жақсы, шықпаса ол да жаман емес дедім.
Скупень. Міне, көрдің бе?
Зелинский. Иә, иә. Оның қандайлық шошқалық екені әуелде менің ойыма да келген жоқ. Сен менің көзімді аштың.
Скупень. Ойлап қана қара, мен қандай көрегенмін!
Зелинский. Қалжыңды қой, мен үшін қалжыңның уақыты емес. Саныма біз тығып алған сияқты болды. Зиянкес? Ол мен-дағы. Мен жанып кеттім. Бірақ, сенің дұрыстығыңа мойындай алмадым... белгілі дәрежеде.
Скупень. Мен қызу үстінде айттым ғой.
Зелинский. Жоқ, сенікі дұрыс еді! Солай-солай. Мен сенікі қате екенін өзіме өзім көрсетуге бекіндім. Міне, маған қандай батты. Е....һ! Білегімді сыбанып іске кірістім. Қансырап қалайын! Рационализацияны іске асырайын да, сенің жалақор екеніңді көрсетейін дедім. Мен сені жексұрын көрдім.
Скупень. Тамаша!
Зелинский. Петриканың есебінде қателіктер болыпты, сондықтан іс шықпапты. Бәрін қарап шығуға тура келеді.
Скупень. Ал қазір қалай?
Зелинский. Әлі білмеймін. Сын жұмысы жүріп жатыр.
Скупень. Құдай біледі, керемет уақиға. Идеяның шарпуына немесе стул астындағы Шеге деген атпен новелла жазуға болар еді.
Зелинский. Саған бәрі қалжың.
Скупень. Неге екенін білемісің? Неге десең, сен мені тебіренттің. Сен керемет жігітсің, Глобус.
Зелинский. Олай болса- тфу-тфу! Бәрі сәтті болады, менің еңбегім сонша зор емес, құдай біледі. Сен білмейсің, олардың маған қалай көмектескенін.
Скупень. Кімдер?
Зелинский. Бәрі. Партия ұйымы, завод комитеті. Менімен бірге барлық чертеждарды бақайшағына дейін шағып қарасты. Ұзақ түндер бойы есеп жасаумен отырдық. Фрончок та, Тихобродский де, Гжелевич те. Олардың маған деген соншама ынта-ниетіне ғажап болдым. Білмеймісің, олар соңғы күндерде қалайда сондайлық өзгеріп кетті.
Скупень. Ойбой, олар өзгеріп кетті ме?
Зелинский. Ал, Эля-ші ойлап қара! Эля болмаса, оларға бару менің миыма кіріп шықпайтын еді. Сіңбіруге мұрша бермейді-жанып тұрған бір от. Барлық кездесулер, мәжіліс, әңгімелер-бәрі соның істеп жүргені! Дәл бір шалығы бар адам, мен бала да, ол мені жетектеп жүру керек тәрізді. Бұны сен қалай көресің?
Скупень. Арсыздық.
Зелинский. Дәл өзі (Есінейді). Ту, ұйқыда келеді... Үш түн!
Скупень. Ұйқың қанар. Мұндай ұйқы басқан қалада ұйықтаудан басқа не бар.
Зелиский. И-ә... (Есінейді). Білсең де сен асырып айтатын сияқтысың. Үш түн бойы осында қозғалыс болды. Аллея мен Маршалковскаяның тоғысқан торамындағыдан бір де кем емес.
Скупень. Не таңқалатыны бар, егер сен ақыры алжастырып алған өзің болсаң? Тіпті мәселе онда да емес...
Зелинский. Енді неде?
Скупень. Мәселе сонда –адамның мына арасындағы қозғала ма екен (кеудесін көрсетеді) әлде қозғалмай ма екен? Бәрін шешетін осы.
Зелинский. Сен солай деймісің?
Скупень. Сен-ші?
Зелинский. Солай ақ болар...
Скупень. Қозғалады, қозғалады, достым. Бәрі де орнында, бала.
Зелинский. Бәрі емес. Дорота не болғанын білсе етті. Қатты уайымдайым. Қайда кетті деп ойлайсың сен?
Есік қағады.
Кіріңіз.
Эля. (кіріп) Пани Дорота.
Дорота. (Кіреді. Көңілді, өзіне-өзі аса риза пішінде, басында жаңа шляпа) Сәлеметсіздер ме. Сәлеметсіздер ме? (Күйеуін маңдайынан сүйеді) Ойпырмай, кімге ұқсап кеткенсің. Бұны бір минут қараусыз қалдыруға болмайды. Пьесаңыз қалай, пан Юлиан? Ерекше үлгілі шығарма. Шығатын ба, жоқ па? (Есікке қарап кетіп бара жатқан Эляға) Тілеуіңізді берсін, кетпеңіз, сіз қазір пан директорға керек боласыз.
Телефон соғылады.
Зелинский. (трубканы алып) Иә? ... Жоқ, қазір болмайды... Иә- иә, тіпті қолым бос емес... Немене?... Менсіз бастай беріңдер... Босай сала барам (Трубканы орнына қойып, Доротаға) Мүмкін, сен бізге айтарсың?
Дорота. Айтам, бәрін айтам. Бір арба жаңалығым бар. Мына үңгірден адам бір күн ғана шығып кетсе, қолма – қол жанданып кісі болып қалады екен.
Зелинский. (Шыдамсызданып). Біз тыңдап отырмыз...
Дорота. Қазір, қазір! Отыруға мұрша берші. Поезда сұмдық тығыз болды. Егер де бір қара торы әжептәуір көрнекті, жоғаратылғандардың бірі сияқты, жолаушы болмағанда мен жол бойы аяғымнан тік тұрып баратын едім.
Зелинский. Сен Варшавада болдың ба?
Дорота. И-ә! Онда тағы да қандай өзгерістер болғанына сіздер иланбайсыздар. Камерныйға енді ешкім де бармайтын болған, тек қана «Гаритасқа» барады. Қанша жаңа үйлер салынған! Соншама үй салуға болады деп соғысқа дейін кім ойлаған.
Зелинский. Сен айтасың ба, енді...
Дорота. Міне, қазір! Мықтанып отыр, керемет жаңалық естисің. Шіркін, сенің әйеліңе болайын десеңші!
Зелинский. (ашулы) Дорота!
Дорота. Міне, енді айта бастадым! Мен жоқ кезде ызақор боп кетіпсің ғой. Оныңды білген болсам, ешқашан кетпеген болар едім. Сен ашуланудың орнына – менің аяқ-қолымды сүйуің керек. ( Таңданған пішіндегі үзіліс) Мен Гуркевичте болдым.
Зелинский мен Скупень (қосарлана) Гуркевичте?!
Дорота. Бәсе, солай ма.
Зелинский. Оған неге бардың?
Дорота. Жаңа шляпа жөнінде ақылдасуға.
Зелинский. Адамша сөйле.
Дорота. Сен ақымақтың сұрағын қойма. Не ол- неге бардың? Сенің шаруаңмен бардым. (Шляпасын нұсқап) Шляпакам тамаша емес дей аласыздар ма? (Айнаға қарайды).
Зелинский. ( қаһарлы) Дорота!
Дорота. Ойбай-ау, қандайсың өзің. Сенің шаруаңмен дедім ғой. Сен өзің ешқашанда бара алмас едің, ал пан Юлиан, пан Юлианнан кешірім сұраймын. Керекті жерде алғырлық көрсететін, алымды еркектің қасиетімен көзге түсе алмайды.
Зелинский. Ол сені қабылдады ма?
Дорота. Қабылдағанда қандай. Аса сүйкімді адам екен пан Гукевичтің өзі «Сюрприз» кафесінде өзімен бірге бір столда отыруға қарсылығым болмайтынын мен оған соншама сыпайылап сездірдім. Байғұс қуанатындай- ақ еді, қайтсін, қолы биттей бос емес. Столында үш бірдей телефон, бәрі де дамылсыз шыр-шыр.
Зелинский. Ал ол-шы?
Дорота. Оған көңіл де бөлген жоқ. Трубканы алды да: «Бос емеспін», деді.
Зелинский. Мен ол туралы емес.
Дорота. Маған бөгет жасамашы, әйтпесе бәрін де ұмытып қалам. Алдында отырған мектептес жолдасының әйелі екендігін білдіргенімде, ол кейбір жолдастарының бақытты болғанын айтты. Соғыс алдындағы джентльменнің кейпі.
Зелинский. Мен оның есінде бар ма екем?
Дорота. Сондайлық есінде қалмапсың. Мен сені соншама тәптештеп бердім, ақырында ол бірдемелер есіме түскен сияқты, деді. Әйтеуір сенің аты- жөніңді жазып алды да, ертең келуімді сұрады. Яғни, кеше...
Зелинский. Кеше не болды?
Дорота. А? Білгің кеп өліп барасың ба? А дегенде жұдырық ала жүгіре жаздадың ғой. Кеше не болды? Түк те болған жоқ. Сенің документтеріңді қарап шықтым,- деді. Тілеуіңді берсін. Сенің Варшаваға ауысуың жөнінде ешбір кедергі көріп отырғам жоқ,-деді.
Зелинский. Не дейсің сен?!
Дорота. Өзің айтшы, осы өз әйелің сияқты әйелді сен тағы қайдан табар едің? Сен маған бар жағынан қарыздарсың.
Скупень. Кейбір дәрежеде ол өзінің абыройына, атағына да қарыздар болар деп ойлаймын.
Дорота. Сіз әрқашанда терең принципті және мағынасыз бірдемелерді айтасыз. Абырой, абырой! Атақ! Ұйымдастыра білмесе атақ жоқ. Түсінікті ме?
Зелинский қарсылық білдірген пішінде.
Білем, білем, бізді бақытымызға қарай қолдау, сүйеу әлдеқашан құрыған. Таныстық деген құдайға шүкір, бар?
Зелинский. Одан әрі не болды? Айтсаңшы.
Дорота. Одан әрі? Біз онымен сондай сыпайыгершілікпен қош айтыстық, Варшаваға көшіп барған соң онымен бірге қайткенде бір чашка кофе ішуге уәде бердім. Ертең сағат он екіде сен онда болуың керек- қайсысы қалай болады, шаруаңды ыңғайла.
Зелинский. Ертең?
Дорота. Он екіде. Секретаршасына тіркелген. Сондықтан да мен кейбір нұсқауларың болып қалар деп, панна Эляның аялдай тұруын сұрадым.
Зелинский. Ертең? Еш мүмкіндік жоқ.
Дорота. Міндетті түрде. Гуркевич арғы күні қандай да бір сьезге жүрмек. Қашан келетіні белгісіз. Ал ол екі ортада оны жалпы басқа орынға ауыстыруы мүмкін, онда сен бармағыңды тістеп қала бересің.
Зелинский. (Скупеньге) Қалай болады? Бүгін-ертең біздің тәжірибе жұмысымыздың тағдыры шешілмек.
Дорота. Қазір енді онда сенің нең бар? Бір жұмадан соң біз Варшавада боламыз. Мен Люсяні көрдім, оларда басы артық үй бар екен, біреулерді кіргізе ме деп қауіптенетін көрінеді. Біз оларға барып түссек, соншама қуанады. Көрдің бе, мен бәрін де ойладым.
Зелинский. Не істеу ғана керек? Міне, мәселе...
Телефон соғылады.
Алло? Иә... Немене? Не дейсіз? Мүмкін емес.... Иә, иә... Ғажап екен... Өзіңіз тексердіңіз бе? Анық па? Өте тамаша! Рахмет, мен де сізді құттықтаймын. Иә, иә, әрине. (Трубканы қояды)
Скупень. Жеңіс?
Зелинский. Сағатына он екі минут үнемделген! Ешбір күтпеген уақиға.
Эля. Ойпырмай, қандай тамаша.
Скупень. Глобус, менің шын жүректен айтқан қайырлы болсынымды қабыл ал.
Дорота. Мен әбден түсіне алмай тұрмын, не боп жатыр мұнда, неменеге сіздер соншама қуанасыздар, бір-ақ нәрсе айқын: саған қазір енді еш нәрсе де кедергі бола алмайды. Қалай бәрінің сәті түсіп келеді! Үйге жүгіріп барып сенің нәрселеріңді әзірлейін, жүрерде тамақ ішіп аттануға да үлгеріп қаларсың. Сәлем пан Юлианға. Варшавада біздің үйде көрісерміз деп сенем. Рахым етеміз. (кетеді).
Үзіліс ұзақ.
Зелинский. Сағатына он екі минут!
Эля. Мен жүре берейін бе, пан директор?
Зелинский. Тұра тұрыңыз, нұсқалар беру керек қой... Он екі минут! Шынында мен оннан артқа есептемеген едім. Он екі минут!
Скупень. Саған бәрібір емес пе? Кетесің ғой сен?
Зелинский. Дорота дұрыс айтқан сияқты. Шынында, мені бұл жерде еш нәрсе бөгей алмайды.... Он екі минут.... Істейтінімді істедім-Гуркевичке баруыма болады. Оның не ойланатыны бар? Юлик, сенше қалай?
Скупень. (салқын ғана). Қалай десең де өз бетіңмен бол. Сен кәмелетке толған адамсың ғой.
Зелинский. Менсіз де іс орнына келе жатыр. Тіпті орны толмайтын адам жоқ қой. Ал егер мен есімнен танып ауырып қалған болсамшы?! Оның үстіне мұндай қолайлы жағдай тағы қашан болады деп күтіп көр. Сіздің не ойыңыз бар, панна Эля?
Эля. Білмеймін, пан директор.
Зелинский. Міне саған достар! Мен үшін қуанудың орнына Мысырдың сүрленген аруақтарындай үндемейді.
Скупень. Ал, сенің сиқың өз жаназаңның үстінде сөйлеп тұрған сияқты. Мүмкін, қуанышың қойныңа симағандықтан болар.
Телефон соғылады.
Зелинский. Алло... Иә-иә... Жоқ, әлі мүмкіндігім жоқ, біраздан соң. Жалпы шыны сол... Өзгерістер туып қалды.... Кейін айтам... А? Қазір жіберем. ( Трубканы орнына қойып столдан папка алып Эляға береді) Тілеуіңді берсін, Гжелевичке жіберіңізші тез.
Эля кетеді.
Екінші машинаның монтажын аяқтап қалған. Машина айналымы тоқсан беске, тіпті жүзге дейін арттыруға болады. Біз тағы менің ұсынысым бойынша кейбір дамыту мақсатында кейбір жаңалықтар енгіздік.
Өте қызықты.
Скупень. Саған оның керегі қанша? Сен кетесің ғой.
Зелинский. Маған түк те емес. Жай былай. Он екі минут... (үзілістен соң) Сенде қалай? Пьесаңды қайта жөндедің бе?
Скупень. Жөндеп жатырмын.
Зелинский. Ілгері баса ма?
Скупень. Басады. Кейбір элементтер жетпей жатыр, жалпы жұмыс аяқталып келе жатыр.
Зелинский. Амал қанша, мен сүйтіп жәрдем бере алмадым.
Скупень. Ештеңе етпейді, сәті түсті. Петрикамен әңгімелесу маған көп көмек етті.
Зелинский. Ақылды қарт.
Скупень. Егер де оның изобритения жөніндегі әрекеті болмағанда... Басымды қатырып, есімді шығарды. Қазір енді машинаны қайта құрған соң өндіріс өнімін тағы он бес-жиырма процентке дейін арттыру жеңіл дей ме- ау. Онда тағы идея бар.
Зелинский. ( жұлып алғандай) Қандай?
Скупень. Айтып жеткізе алмаймын ба деп қорқам. Бұл жөнінде мен тіп-тіке надан ғой. Онда қалай идея жоқ дейсің- қарт маньяк қой.
Зелинский. Айтпағанда болар едім. Оған теория жағы жетпейді, бірақ оның сондай көрегендігі болады... Біздің оған көзіміз жетті. Кім білсін, егер бұл идеясы да... А?
Скупень. Мүмкін. Бірақ саған оның керегі қанша? Сен кетесің ғой.
Зелинский. Маған ештеңе де емес. (Үзілістен соң) Қалай да қартқа жақсы істемедік, тіпті дұрыстап қайырлы болсын да айтпадық. Ол қазір күніміздің геройы ғой. Шақырсам ба екен өзің?
Скупень. Егер мен бөгет етсем....
Зелинскңий. Қой, сен, қой... (Трубканы алып) Пана Эля, тілеуіңіз берсін, Петриканы шақырыңызшы... Иә, тағы әлгі.... Ана қағаздарды Гжелевичке жібердіңіз бе? Керек боп қалса, ана ескі документтерді де қоса салыңыз дейін десем, есімнен шығып кетіпті. Қостыңыз ба? Рахмет! (Трубканы қояды) Теңдесі жоқ секретарша!
Скупень. Саған Варшавада ол қолыңа түспейді.
Зелинский. Иә,иә.
Скупень. Ондай адам табу оңай болмас...
Зелинский. Түсіңе де кірмейді.
Скупень. Міне, көрдің бе?
Зелинский. Немене?
Скупень. Түк те емес.
Зелинский. Менің не туралы ойлағанымды білесің бе?
Скупень. Білмеймін.
Зелинский. Осы күндерде бар ғой, кеңседен бір кетпеген болар. Кейде түнде бір справкалар керек боп қалады, ол онда орнынан табылады. Ғажап, бұны мен бұрын қалай байқамағам.
Скупень. Сен жалпы қарасаң да көрмейсің.
Зелинский. Яғни?
Скупень. Ақымақсың сен, ақымақ. Соқыр кісі болса да көрер еді.
Зелинский. Нені?
Скупень. Иә соны. Ол саған ғашық, нақұрыс!
Зелинский. Есіңнен адасқанбысың сен.
Скупень. Глобус, бері қара, Шетерня дегеніңді мен түсінбеймін, механизміңді де солай, ал мына мәселемен шашым ағарған адаммын. Өндіріс тақырыбында тұңғыш рет пьеса жазып отырмын, ал психологиялық романның әне қаншасын жаздым. Сенім берейін, ол қыз жан-тәнімен ғашық. Құр ғана қызмет жөнімен жұмысқа соншама жанын салмайды. Махаббат, қартым, махаббат. Бақытың да бар-ақ екен.
Зелинский. Мүмкін емес. Сенбеймін.
Скупень. Өйтетінің сен-ашық ауызсың. Е, қойшы сенбесең сенбе. Саған оның керегі не? Сен кетесің ғой.
Зелинский. (іштей күрсініп) Иә...
Есік қағады.
Эля. (кіреді) Петрика келді, пан директор.
Зелинский.(орнынан ұшып тұрып) Солай ма?... Сіз тарапынан қандай бұл сүйікті іс. Мен сізге сондай ризамын, егер де сіз білетін болсаңыз...
Эля (Таңырқап) Шақырайын ба? (кетеді)
Зелинский. ( жөнделіп, отырады) Иә, иә, тілеуіңізді берсін! (Скупеньге) Кім біледі, мүмкін, сенікі дұрыс та болар...
Петрика кіреді, оның соңынан ептеп Чижик кіріп кетеді.
Петрика. Азамат директор мені шақырды ма екен?
Зелинский. Иә, отыруыңызды сұраймын. (Чижикке) Сізге не керек?
Чижик. Маған не керек? Маған ештеңе керек емес. Кейбір жайларды айтуым керек.
Зелинский. Мәні бар бірдеме ме? Болмаса кейінге қалдырайық. Мен бос емеспін.
Чижик. Неге мәнді болмасын? Мәні бар.
Петрика. Маған би билеу қандай болса, бұған сөйлеу де сондай. Айтқысы келеді екен, айтсын, азамат директор. Мен аялдай тұрам, асығысым жоқ.
Зелинский. (Чижикке) Сөйлеңіз.
Чижик. Мен өзара сын тұрғысынан айтпақшы едім.
Зелинский. Немене?
Чижик. Өзара сын тұрғысынан деймін. Мен мұнда дирекцияны балағаттаппын, байқасақ бостан-босқа екен. Өзара сын ретінде мойындаймын.
Зелинский. Міне, мұның тамаша, жігітім.
Чижик. Бұнда не тамашалық бар? Борыш қой. Мен еңбекші жұртшылықтың дирекцияға сенімін кетірдім. Жат адам-мыс деп сөз тараттым. Байқасам, керісінше ,дирекция техникалық дамуға жетекші-басшылық етті. Дирекцияда социалистік көзқарас. Мойындамасам мен ең соңғы оңбаған хайуан болған болар едім.
Зелинский. Қатты қуанам, Чижик, жақсылықпен айырылысатын болғаныма қуанам.
Чижик. Иә неге айырылысамыз?
Зелинский. Сіз босатуды өтінідіңіз емес пе?
Чижик. Өтіндім, Новая Гутаға бармақшы едім.
Зелинский. Есімде.
Чижик. (қысылып) Есте болуға да болады, ал ұмытуға да болады.
Зелинский. Қалғыңыз келе ме?
Чижик. Қалмай несі бар, қалуға да болады. Нағыз жұмыс болса-істейтін ниет те бар.
Петрика. Көңілі болса, бұл бірінші сорт жұмысшы, шіркін бұның қолы да, аяғы да-құдай әркімге берсін де. Тым орнықсыз бірақ, атының өзі –Чижик, шыпшық құс қой.
Чижик. Құсты торға отырғыз да қой...
Скупень. Қазір сіздің алдыңыздан үлкен кеңістік ашылғалы тұр, солай емес пе, жолдас Чижик.
Зелинский. Егер қалам десеңіз қарсылығым жоқ, ал шынында қазір енді менің жұмысым емес. Бірақ та, сіз Дембновицті Новоя Гутаға айналдыра алар ма екенсіз?
Чижик. Неге айналдырмасқа, мүмкін айналдырармыз да. Уақыт сондай. Жігіттер айтады, біздің директормен, э-эх, отқа да, суға да түсуге болады,-дейді.
Зелинский. (қуанып) Солай дей ме?
Чижик. Олар неге олай демесін?
Скупень. Оның саған керегі не енді, сен...
Зелинский. (жылдам) Жарайды, Чижик, жарайды, цехқа бар. Кейін көрерміз.
Чижик кетеді.
Ал, пан Петрика, құттықтаймын. Сіз-герой.
Скупень. Менің де құтықтауымды қабыл алыңыз.
Петрика. Е, не онда. Егер директор азамат болмағанда, мен балшыққа белшемнен бататын ем, қартайған шағымда масқара болатын ем, ә?
Зелинский. Идея-сіздікі, ал бәрі сол идеяда.
Петрика. Идея, ол, әрине, идея. Ал құр идеядан-азамат директордан ғафу өтінем, бола тумайтынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Зелинский. Біреу техникалық көмек көрсеткеннен сіздің еңбегіңіздің маңызы ешбір төмендемейді. Техника жөнінен сауатты адамдар бізде аз емес.
Скупень. Мысалы, азамат директор сияқты. Ол сізге әр кезде көмектесер еді, көмектескісі келсе егер.
Петрика. Е, егер көмектескісі келсе, әрине,көмектесер еді!
Скупень. Иә,өйткісі келеді деймісің? Бұның ойы қазір онда емес.
Зелинский. (жылдам) Мәселе кім көмектескенінде емес, қандай нәтиже шыққанында.
Петрика. Нәтиже шықты ғой- ешкім ештеңе де деген жоқ.
Зелинский. Қалайша? Біз өндірістік операцияны қысқарттық-бір, электр күшін әжептәуір үнемдедік-екі. Планнан тыс жиырма процент өнім береміз. Аз дейсіз бе?
Скупень. Елу...
Зелинский. Не елу?
Скупень. Елу деген көбірек дегенім ғой.
Зелинский. (Петрикаға) Мәселе белгілі, Петрика. Сіздің бәйгі алуыңыз айқын. Ұсыныс қағазға тіпті кеткен... тіпті бүгін қол қоям.
Петрика. Рахмет, пан директор.
Зелинский. (орнынан тұрып) Ал, тағы да қайырлы болсын айтам және творчестволық жаңа ойлар туғызуыңызға тілектеспін.
Скупень. Ондай бір ойыңыз бар еді ғой, Петрика?...
Петрика. Жасырмаймын, бар.
Скупень. Сол ойға жол беріп жібермесе ғой, шіркін. Бәрін де жарысқа шақырамыз, тек шыдап бақ. Ал уақиға қандай... Саған Глобус, айтып та қажеті жоқ, босқа көңіліңді алаңдатып. Сен бәрібір...
Зелинский. Қандай ой ол, Петрика?... Қане, қане!
Петрика. Мен былай ойлаған едім, пан директор, егер біз қазір айналым санын арттырған болсақ, онда енді мотордың күшін барынша неге сарқа пайдаланбаймыз? Машинаның жылдамдығын екі есе өсірсек, ә? Тәжірибе жұмыс қымбатқа түспейді, мен есеп жасадым.
Зелинский. Дұрыс-ақ, Петрика! Мен де осыны ойлаған едім. Осы бүгін түнде ғана менің ойыма келді. Моторды қайта жөндеп құрса қайтеді? Тек қана передача шыдаса, ә?
Петрика. Шыдайды. Бұл қиын жұмыс емес, чертежді де көрсетуіме болады.
Зелинский. Әне қараңыз, оның чертежі де дайын.
Петрика. Дайын, азамат директор.
Зелинский. Таңғажайып тамаша.
Скупень. Сөз жоқ. Бірақ енді саған қатысы жоқ, сен кетесің ғой.
Зелинский. Түу, немене тіпті, қатысы жоқ, керегі жоқ....
Петрика. Азамат директор кете ме?
Скупень. Кетеді. Варшаваға, жақсырақ орын бар көрінеді. Сәтті уақытты өткізіп алу арман ғой. Таңырқайтыны жоқ, пан Петрика. Балық судың тереңін, адам өзінің көңілі сүйген керегін іздейді, ә?
Телефон соғады.
Зелинский. (трубканы алып) Иә... Ал.... Немене?... Түк түсінбедім. Қандай тамаша?... Тұра тұр, қазір... Немене? Байқайсың ба... Иә,иә. Маған да айтқызсаңшы... Немене?... Жо-жоқ енді. Жоқ! Мен түк те айғайлап отырғам жоқ. Тыңдашы енді өзің... Менің нәрселерімді даярламай-ақ қой. Мен жүрмеймін. Жоқ, қағыс естіген жоқсың. Жүрмеймін. Ертең де емес, арғы күні де емес, мүлдем жүрмеймін.... Немене?... Қаламын, жалпы қаламын... Енді қайтесің? Өз білгеніңше бол... Түсінем, түсінем... Есімде болады... Есімде болады дедім ғой... Жолың болсын! (Трубканы қойып Скупеньге) Әйел кетеді. Егер мен айтқанымнан қайтсам, оны Варшавадан табам. Бұл талай рет қайталанған уақиға, бірақ, ережеге айналғандай, үнемі айтқанынан ол қайтатын-ды. Кешікпес, бір жұмадан соң оралар деп есептеймін. (Петрикаға) Бүгін үлгере алмаспыз, ертеңге қалдырайық. Меніңше, көңіл аударатын ой. Тамаша ой! ( Екінші телефонның трубкасын алып) Панна Эля, ертең сағат сегізге қарсы...( Есіне түсіп елжіреген пішінде) сағат сегізге қарсы маған Фрончока мен Гжелевичті шақыруыңызды сұраймын...
Немене?... Жоқ, керегі жоқ. Бұл тіпті жаңа жұмыс. (Трубканы қойып, Петрикаға) Бірге отырып талқылаймыз.
Петрика. Ал мен кетейін, азамат директор.
Зелинский. Барыңыз, пан Петрика.
Петрика. Менің азамат директорға айтқым келіп еді.
Зелинский. Айтыңыз.
Петрика. Сумаңдап сөйлей беріп қайтеміз, қысқасынан қайыруға болып тұрғанда...
(Қолын құшырланып қысады да кетеді)
Скупень. (Үзілістен соң). Өкінбейсің, Глобус, маған сен.
Зелинский. Білмеймін. Мүмкін өкінермін де. Бірақ бар ғой, адамды тартады өзі. Уақыт сондай,-деп пе еді осында Чижик?
Скупень. Иә, тартады. Егер де мен сұлу сөзден қорықпасам, тіпті билеп әкетеді дер едім.
Зелинский. Деп не керек? Сөз жүзінде қалайда нашар боп шығады.
Скупень. (күрсініп) Жақсы саған, сен жазушы емессің.
Есік қағылады.
Менгожевский. (Қызыл күреңденген күйде кіреді.) Қайырлы күн, пан директор! Сізге құтты болсын айтуға рұқсат етіңіз. Менің қандай дәрежеде қуанышта екенімді пан директор білсе етті. Мен әрқашан айтушы едім, егер пан директор бірдеме істеймін десе, пан директор қайткенде де істеп шығады деп. Пан директордың сарқылмас күшін, инициативасын көптен бері білгендіктен...
Зелинский. Сіз не жұмыспен келген едіңіз, пан Менгожевский?
Менгожевский. Планмен, пан директор, планмен. Енді қалай? Бәрі жобаланған, балансыланған, барлық қосар- қосымшалары да бар. Айтуға тура келеді. Кейбіреулердің мені сендіргісі келген де уақыты болды- мені! Пан директордан ештеңе де шықпады-мыс, менің істеген ісімнің түкке қажеті жоқ деп. Сондай жұмыс! Ал мен пан директордың ерекше зор бейімділік қабілетін аса жақсы білем, ондай...
Зелинский. Бәрін қайта жасауға тура келеді, пан Менгожевский.
Менгожевсеий. Немене?!
Зелинский. Қайта жасауға тура келеді деймін. Бұның енді ешбір қажеті жоқ.
Менгожевский. Кешірім сұраймын, айтуға тура ... Яғни қалай ол қайта жасау? Бәрі де дәл келіп тұр ғой. Пан директор бұйырғанның соңында, мен өндіріс өнімін орта есеппен жиырма процент арттыруды пландадым. Шынында жиырма екіге жетіп отыр. Барлық қосалқы-қосымшалары міне, көз алда. Пан директорға қол қоюдан басқа қалған жоқ, ал мен...
Зелинский. Пан директор осы күндердің ішінде сізге жаңа мәліметтер береді. Планды арттырамыз, пан Менгожевский.
Менгожевский. Қалайша ол...
Зелинский.Мен ап-айқын істі айтып отырмын, пан Менгожевский.
Менгожевский. Ғафу өтінем, пан директор, ол бірақ бухгалтерияда айқын, айқын емес деген заттар болмайды. Кешіре көріңіз, бізде болады. Цифрлар, статьялар, актив, пассив,сальдо... Ал егер оның бәрі бұзылса- бүгін бір басқа, ертең бір басқа....
Зелинский. Сізді қалай деп түсінуге болады деп бұйырамыз, пан Менгожевский. Ғафу өтінем... Мен демалысқа жиналған едім... Ертең... Әйел болса анау....
Зелинский. Бір жұмадан соң барасыз... Әйтпесе демалысты қыстыгүні аламыз.
Скупень. Закопанда демалуға кеңес берем. Лыжи тебеміз.
Менгожевский. Лыжи?! Мен бе?... Бухгалтер лыжи тебу керек?!
Скупень. Оның несі бар? Қазір елдің бәрі де тебеді. Мен бір бухгалтерді білем, ол тіпті...
Менгожевский. Тек мен емес! Ғафу өтінем! Пан директордың планды тағы қайта жаса деуге, жүз рет қайта жаса деуге хақы бар... Ал мені лыжи теп деп мәжбүр етуге...
Зелинский. Жарайды, жарайды. Мәліметтерді жинап алған соң сізге хабарлаймын.
Менгожевский. (кетіп бара жатып) Қатыным мені өлтіреді енді.
Эля. (Кіреді) Кешіріңіз, пан директор. Шамасы, пан директор кетпейді ғой?
Зелинский. Жоқ қаламын.
Эля. Олай болса, меніңше министерствоға хабарлап қою керек қой.
Зелинский. Сіздікі дұрыс.
Скупень. Әрқашан солай.
Эля. Телеграмма беруге ме?
Скупень (Зелинскийге) Оған кеңес бермеймін. Ертең Варшавада Гуркевичке барам, бәрін өзім айтып түсіндірем.
Зелинский. Кетесің бе?
Скупень. Мұнда енді менің түк те шаруам қалған жоқ.
Зелинский. Ал пьесашы? Саған бір элементтер ме, немене, жетпейтін сияқты еді ғой?
Скупень. Жетпеген еді. Ал енді-бәрі болды. Баршамыздың бағымызға бәрі де сәтті болды.
Зелинский. Сен өзің қанағаттандың ба?
Скупень. Саған не деп айтуға енді. Драма жазайын деп ойлап едім, комедия болып шықты. Әрі ажуа, әрі өзара сын.
Зелинский. Телеграмма бермейміз, панна Эля.
Скупень. (Эляға) Тілеуіңіз берсін, бір минутқа тұра тұрыңызшы. Маған пьеса үшін махаббат жағы керек сияқты. Адамды тартатын, шын, адал сәтті болып аяқталатын махаббат уақиғасы қажет. Әсіресе, өмір шындығынан алса жақсы болар еді. Сіз айтпайсыз ба, сіздерде мұнда осы айтқанға ұқсас ештеңе табылмас па екен?
Эля. Сіз қайдан білдіңіз?
Зелинский. Күйеуге?... Сіз?...
Эля. Иә, Чижикқа шығам. Мен сізге айтпақшы едім. Өзінен-өзі түсінікті, мен бұрынғыша қызмет істей берем.
Скупень. Ал сізге айтайын. Ешқашанда олай деп ойламаған болар едім.
Эля. Ол, шынында біраз алаңғасарлау, ал жалпы алғанда жатымды адам. Біз бір-бірімізді әлдеқашаннан сүйеміз.
Скупень. Олай болса... Несі бар, қайырлы болсын.
Зелинский. Мен де қайырлы болсын деймін, бақытты болуларыңды тілеймін. Шын жүректен!
Эля. Рахмет. (кетеді)
Зелинский. Мен саған айтайын енді! Сен өндіріс тақырыбында пьеса жаз, ал психологиялық романдарыңды қой енді.
Скупень. Сенікі дұрыс сияқты. Солай ауысу керек. Бәрі де өзгеріп барады.
Зелинский. Иә, ұмытып кете жаздаппын! Менен творчестволық көмек болады деп енді сенбесін деп, саған айт деп өтінген еді Дорота.
Скупень. Ауыр жағдай екен, қайтеміз, шыдаймыз. (Орнынан тұрып) Солай енді, Глобус, барлығы үшін рахмет саған.
Зелинский. Саған да рахмет.
Скупень. Глобус.... Сен Глобус болудан қалып бара жатқан сияқтысың, ә? Атақты саяхатшы отырықшылық тұрмысқа ауысқан.
Зелинский. Осы әлі қалай деуге?... Осында істеліп жатқанның барлығы маған тамаша саяхатты елестетеді. Жалғыз-ақ уақыт жағынан, кеңістік жағынан емес....
Скупень. Қайырлы сапар, достым! Кім біледі, мүмкін тағы да бір орта жолда кездесерміз. Қалып қоймайын, менің асығуым керек.
Зелинский. Маған да... Көпшілік халық сол бағытқа бет алып барады.
Скупень. Әлбетте, уақыт солай ...
Шымылдық.
БОМАРШЕ
ФИГАРОНЫҢ ҮЙЛЕНУІ
/5 перделі комедия/
Қатысушылар:
Граф Альмавива –
Графиня – оның әйелі
Фигаро – Графтың қосшы-қызметкері (комердинер) және сарайдың есік
бақылаушысы (привратник)
Сюзанна – Графиняның қызметшісі, Фигароның қалыңдығы
Марселина – кілт ұстаушы әйел
Антонио – бақшашы. Сюзаннаның ағайыны, Фаншеттаның әкесі.
Фаншетта – Антонионың қызы.
Керубино – Графтың фажы (дворян тұқымынан, графтың қошаметті
қолбаласы)
Бартоло – Севильядағы доктор.
Базиль – Графиняның музыка оқытушысы
Дон Гусман Бридаузон – Судья (тұтығып сөйлейді)
Дубльмэн – Бридаузоның хатшысы
Сот приставы.
Грий Солейль - малшы
Педрильо – Графтың мергені (егерь)
Малшы әйел.
Қызметшілер, шаруа әйелдер.
Уақиға Севельиден үш лье (1 лье ½ км) жердегі граф Альмавиваның сарайында өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |