Жұпыны ғана жасаулы бөлме. Ортада үлкен кресло. Фигаро еденді өлшеп жүреді. Сюзанна айна алдында әдеттегі неке жабдығының бір белгісі, померанш (апельсин ағашы) гүлінің кішкене букетін шашына қадап жатады.
Бірінші көрініс – Фигаро, Сюзанна.
Фигаро. Он тоғызды жиырма алтыға.
Сюзанна. Фигаро, менің мына некеге әзірлігімді қарашы. Менімше, ұнасады-ау деймін.
Фигаро. (қолын алып) Аса ұнасымды, асылым. Сүйген жарыңның кіршіксіз тазалығының белгісі сияқты. Мына кішкене бір шоқ гүлге сүйсіне қараудың өзі ғашығыңа қандай бақыт десеңші.
Сюзанна. (одан аулақтай) Сен не өлшеп жүрсің, қарағым-ау?
Фигаро. Граф бізге тамаша бір кровать сыйға тартты. Мына үйге сыяр ма екен деп соны білгім кеп жүр, қарашығым.
Сюзанна. Осы бөлмеге ме?
Фигаро. Граф бұл бөлмені бізге беріп отыр.
Сюзанна. Маған бұнысының тіпті де керегі жоқ.
Фигаро. Е, неге?
Сюзанна. Керегі жоқ.
Фигаро. Я, сонан соң?
Сюзанна. Бұл бөлме ұнамайды маған.
Фигаро. Себебін айтсаңшы.
Сюзанна. Ал егер мен ұнатпасам?
Фигаро. Ия, сенің саған сенетіндігің көрініп тұр.
Сюзанна. Өзіңнің дұрыстығыңды дәлелдеп жату – сол дұрыстыққа күндіктену деген сөз. Сен өзің менің құлымбысың әлде жоқ па?
Фигаро. Осы сарайдағы ең қолайлы бөлме саған неге ұнамайды? Өзі қожаларымыздың сәулетті үйлерінің дәл екі ортасында. Егер графинямыздың кейпі келмей қалып, қоңырауын сылдыр еткізсе, сен де екі-ақ минутта қызметіне әзір боласың. Ал егер графқа бірдеме керек бола қалса, мен де бірақ секіріп қасында болам.
Сюзанна. Жәрәйді, ал егер граф таңертең қоңырауды қағып қалып, сені бір жерге жұмсай жіберсе, онда ол да екі минутта менің есігіме жетіп кеп, сонсоң бірақ секіріп...
Фигаро. Онымен сен не айтқың кеп тұр?
Сюзанна. Саспай, сабырмен тыңдашы әуелі.
Фигаро. Бұл не өзі?
Сюзанна. Ол сол, қарағым, маңайдағы сұлулардың соңынан жорту граф Альмавиваны жалықтырмайды. Ол енді сарайға оралуды мақұл көріпті. Бірақ, әрине, өз жамағатымның жанына емес, ия. Оған сенің, естіп тұрмысың, сенің жарың ұнап қапты. Сонсоң осы бөлме оған қолайлы көрініпті. Маған әннен сабақ беретін құрметті Базиль, өзіміздің бәйбішеге жеңгетайлық қызметін атқарады. Осы айтқанды сол кісі күнде таңертең менің құлағыма құяды.
Фигаро. Базиль? Мен ол қарашығымның жас шыбықпен сыйын берейін. Сонда ақылына келер ол.
Сюзанна. Ал сен, есуас, қой. Сенің еңбегіңді бағалап, маған жасау береді деп шын-ақ ойладың-ау, ә?
Фигаро. Менің сый көрмейтін еңбегім бар сияқты.
Сюзанна. Ақылды адамдар да түйтіксіз бола береді екен!
Фигаро. Солай да болады дейді.
Сюзанна. Деуін дейді, бірақ оған сенбейді.
Фигаро. Бекер сенбейді.
Сюзанна. Ол жасау бар ғой мен графты оңаша қабылдауға көнген жағдайда ғана беріледі... Қожайынның правосы бойынша, ертеде қалай болушы еді... Ол правоны өзің де білесің ғой...
Фигаро. Ия, білем, егер граф ондай масқара правоны жоймаған болса, мен саған ешқашанда үйленбеген болар едім. Граф ол әдетті өзі үйленген күні жойған.
Сюзанна. Онысына соңынан өкінген. Енді ол сол правоны сенің қалыңдығыңнан қолқалағысы келеді. Әрине құпия түрде.
Фигаро. Күтпеген істен көзім қарауытып, басым шыр айналып барады. Маңдайыма тоқпықтап жатқан тәрізді...
Сюзанна. Қатты уқалай берме енді.
Фигаро. Неге?
Сюзанна. Ісіп шықса қайтесің. Бәрі жоққа нанғыш жандар...
Фигаро. Саған қылжақ керек пе, сұрқия! Әттең ол қуаяқ айлакер тақсыр қармаққа ілінсе ме! Аузын аппақ етіп алдап, алтынын қалтама салсам-ау!
Сюзанна. Айлаңды асырып, алтынын алу – ол сенің жамандығың.
Фигаро. Мен оған шімірікпеймін.
Сюзанна. Қорықпайсың да!
Фигаро. Мен қандай қатерге болсын бел байлаймын, бірақ қандай қиындықтан болса да жол тауып, абыроймен шығып, ісімді орнына келтірем! Түнде кісінің үйіне кіру, оның жамағатымен жағдайласу, сол еңбегің үшін жақсылап бір сүйіліп қаласың... түк те емес... Оны мыңдаған алаяқтар істеп жүр. Бірақ... (қоңырау дауысы естіледі)
Сюзанна. Графиня оянды. Ол маған тойың болатын күні таңертең кел деп бұйырған еді. Менімен ең алдымен өзі сөйлеспек.
Фигаро. Бұнда тағы да бір букет жатқан жоқ па?
Сюзанна. Сау бол, менің кішкентай Фи, Фи, Фигаром. Өз шаруамыздың қамын ойла.
Фигаро. Бір сүйші мені. Ақылыма ақыл қосылсын.
Сюзанна. Бүгін мен ғашығымды сүйсем. Ал, ертең күйеуім не дейді? (Фигаро оны сүйеді) Болды, болды, жетті енді!
Фигаро. Мен сені қандайлық сүйетінімді білмейсің ғой!
Сюзанна. (жөнделіп) Міне, беймаза байғұс! Осыныңды қашанғы ертеден қара кешке дейін қақсай бермексің?
Фигаро. (қутыңдай) Қашан кештен бастап таң атқанша көзіңді жеткізетін күн туғанша (Екінші рет қоңырау дауысы естіледі)
Сюзанна. (анадайдан сүю ишаратын көрсетіп) Әлгі сүйгеніңді өзіңізге қайтардық, мырза. Біз енді есебімізді айырдық.
Фигаро. (соңынан жүгіріп) Дұрыс емес... Сіз әлі нағыз сүйісті көрген жоқсыз.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Фигаро жалғыз.
Фигаро. Тамаша қыз! Әрі пысық, әрі шат, алғыр ойлы, ақылды! Сүйе де біледі! Бірақ, желөкпе емес! (Алақанын - алақанына жанып, тез - тез жүріп) Е, тақсырым, қымбатты граф, мен сенен сауысқаннан да сақ болуым керек екен ғой. Ал, мен басымды қатырып ойлаймын кеп, қалайша бұл, мен бір қарапайым есік бағушымын, посольстваға қызметке алынам, асығыс хабарларды таратушы курьерлікке тағайындалам. Түсіндім, тақсыреке... Үш түрлі жағдай бірақ туып тұр екен ғой: сіз министрдің оң қолы, мен қолайлы шымылдық, ал Сюзанна көңіл ашар бикеш... ал, курьер шапқыла сен жан-жаққа. Мен жөнелдім бір жаққа, ал сіз екінші жақтан салдыртып отырып менің әйеліме жетіп келеді екенсің ғой. Мен сенің семьяңның даңқын арттыру үшін белшемнен батпаққа батып жүреді екем, ал сіз менің семьямның бас санын арттыруға көмектеседі екенсіз ғой. Сыйға - сый. Бірақ сіз қияанатқа кетіп отырсыз, тақсыр. Екі кеменің құйрығын ұстауға болмас. Бір жағынан, Корольдің Лондондағы өкілі бола отырып, екінші жағынан өз малайыңның орынбасары болғың келеді. Бұл асқан сорақылық! Базиль сияқты ұсақ-түйек ала аяқтарды да тәубесіне келтіріп қою керек екен ғой. Мықты бол, тақсыр Фигаро! Ең алдымен үйлену мәселесін тездету керек те, Марсалинамен ат құйрығын кесу қажет. Ол маған май көрген тышқандай қылмыңдай қарайды. Ақшасы мен сыйлығын алып, графты жер қаптыртам, кемеліне келтіре бір Базильді шоңқайтып отырғызып сонсоң...
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Марселина, Бартоло, Фигаро.
Фигаро. Е-е-е! Міне, жуан доктор да келді! Бізде енді нағыз той болатын болды. Амансыз ба, қымбатты доктор, жүрегімнің дәрігері. Сіз, әрине, менің Сюзаннаға үйленетінімді естіген боларсыз? Шынында, соны естіген соң келдіңіз ғой сарайға?
Бартоло. (менсінбей) Тіпті де олай емес, шырағым!
Фигаро. Олай болғанда аса бір кеңпейілділік көрсеткен болар едіңіз.
Бартоло. Асқан ақымақтық болар еді.
Фигаро. Мен сіздің некелену мәселеңізді бұзғаныма кінәлімін.
Бартоло. Менімен сөйлесетін басқа сөз таппадыңыз ба?
Фигаро. Сіздің қашырыңыздың қамын енді кім ойлайды?
Бартоло. (ашумен) Аулақ менен, қарғыс атқыр ійауыз!
Фигаро. Қымбатты доктор-ау, неге ашуланасыз? Сіздің мамандықтың адамдары тым қатал. Олардың тіпті хайуанға жаны ашымайды... дәл бір адаммен істес кісідей-ақ. Сау болыңыз, Марселина. Сіз әлі де менімен соттасқыңыз келіп жүр ме? «Сүймеу деген, жек көру деген емес қой» доктор айтсын.
Бартоло. Ол не?
Фигаро. Қалғанын мына кісі баяндар.
Кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Марселина, Бартоло.
Бартоло. (Фигароның соңынан қарай қалып) Мына сайтан әлі сол қалпы ғой. Мен әулиелік айтайын, егер мынаның тірідей терісін сыпыртып алмаса бар ғой, өмірін асқан азғындықпен аяқтар.
Марселина. Ал, сіз әлі сол бір докторсыз. Сол бір керілген кердең, сол икемсіз бір қалып. Адам сізден көмек күткен дей жүріп өліп те қалар. Міне, сіздің қалыңдығыңыз айла-амалыңызға қарамай-ақ, басқа адамға күйеуге де шықты.
Бартоло. Сіз де сол бір баяғы азғырушылық қалыптан аумағансыз. Қыршаңқы шақпа тіліңіз мәңгі қалмайды. Мені осы сарайға неге шақырдыңыз? Графқа бірдеңе болып қалған жоқ па?
Марселина. Әзірше аман.
Бортало. Әлгі қырсық шалғыр, алдамшы графиня Розина ауырып қалған жоқ па?
Марселина. Ол қатты қапалануда.
Бартоло. Неге?
Марселина. Граф сусыңқырап жүр.
Бартоло. (Қуанышты) Ізгі жан ғой! Менің кегімді қайтарған ғой.
Марселина. Біздің графты түсінуге болмайды. Әрі қызғаншақ, әрі азғын.
Бартоло. Іші пысқандықтан азғындыққа салынады. Мақтаншақтықтан қышғаншақ болады.
Марселина. Бүгін, айтпақшы, біздің Сюзанна ол өзінің Фигаросын үйлендіреді. Фигароның неке тойының үстінде оны сый-құрметке бөлемекші.
Бартоло. Ол тақсырға Сюзаннаны күйеуге беру қажет болған ба?
Марселина. Тіпті де олай емес. Граф сен тойды пайдаланып жас келіншекпен әуейленбек.
Бортало. Фигароның қалыңдығымен бе? Ал ол өзі риза болған ба?
Марселина. Базиль риза емес деп кесіп айтады.
Бартоло. Ол алаяқ та осында ма? Бұл бір азғындар ойнағы да! Ол мұнда не істеп жүр?
Марселина. Қолынан келетін сұмдықтың бәрін істейді. Өзінің махаббатын айтып мені қажауын қоймай-ақ жалықтырды.
Бартоло. Мен сіздің орныңызда болсам, одан әлдеқашан құтылған болар едім.
Марселина. Оны қалай істеуге болады?
Бартоло. Өзіне ти де, неке қиғыз.
Марселина. Ұяттан безгеннің, мейірімсіз сықағын! Сіз өзіңіз неге сол жолмен менен құтылғыңыз келмейді? Өзіміздің нәрестеміз Эммануилдің хақы үшін солай істеуге міндеттіміз. Маған үйленбек болғаныңызды есіңізге алыңыз.
Бартоло. (шляпасын шешіп) Сіз мені Севильядан осындай түкке тұрмайтын шаруа үшін шақырдыңыз ба? Сіз әлі баяғыдай байға тиюді арман етесіз бе?
Марселина. Ол әңгімені тастайық. Егер өзіңіздің үйленуге ұжданыңыз жетпесе, тым құрғанда басқа біреуге күйеуге тиюіме көмектесіңіз.
Бартоло. Бәрекелді. Оған құлдық. Әйелдердің де, құдайдың да көзінен қағыс қалып жүрген ол қай сорлы пәнде екен?
Марселина. Әй, доктор –ай, басқа бөтен кім болсын, шалқыған шат көңілді, сүйікті әсем Фигаро болмағанда.
Бартоло. Әлгі алаяқ па?
Марселина. Ешқашан ашу дегенді білмейді, әр кезде жайдары жарқын. Келешекті еске алмайды, бүгінгі күнмен өмір сүреді. Қаперсіз, кеңпейіл, мырза...
Бартоло. Әрбір ұры секілді...
Марселина. Нағыз ақсүйектер секілді. Оның үстіне қандай сүйкімді. Әйтеуір бір керемет...
Бортало. Ал Сюзанна-шы?
Марселина. Сүйікті доктор, егер сіз маған көмектессеңіз, ол салдақы күйеуге шыға алмайды. Мен Фигароның маған уәде берген қолхатын алдына тартқым келеді.
Бартоло. Үйлену тойы күні ме?
Марселина. Неке үстінде-ақ қызыл шеке бола береді. Бірақ мен сізге әйелге тән кішкене құпиямды ашуға жасқанамын....
Бортало. Дәрігерлер үшін құпия деген болмайды.
Марселина. Мен сізден еш нәрсе жасырмаймын. Біз әйел қауымы әуегейміз, бірақ ұялшақпыз. Біз өмірден ләззат алғымыз келеді, бірақ біздің ең жеңілтек дегеніміздің өзі де өзін-өзі ұстай біледі. Көңіліміз айтады. «Көрікті бола біл, қолыңнан келсе, ақылды бол, керек десе, сый-құрметке ие бола біл, неге десең ол қажет». Әрбір әйел заты өзін құрметтеуді тілейтін болғандықтан, графтың Сюзаннаға сөз айтып жүргенін жұртқа әйгілейміз де, мәселені Сюзаннаны сескендіруден бастаймыз.
Бартоло. Одан не шығады сонда?
Марселина. Ұяттан қысылған Сюзанна көнбей қарсылық білдіреді. Ал граф кегін қайтару мақсатымен мен жаққа шығады. Сонда мен Фигароға күйеуге шығам.
Бартоло. Мынанікі дұп-дұрыс, пері соққыр! Бұл бір ғажайып іс болады екен. Менің үйленуіме қырсық жасаған сұмырайды кілт ұстайтын кәрі қатынға үйлендіру – ғажап іс.
Марселина. (іле-шала) Үмітім іске аспай қалған күйеуімді көруге ол қуанар-ақ еді.
Бартоло. (іле-шале) Ол менің жүз экю *** сыпырып кетті. Онысын еш- қашан ұмытпақ емеспін.
Марселина. О, шіркін қандай рахат!
Бартоло. Сұмырайдың жазасын тарттыруды айтамысың?
Марселина. Соның әйелі болуды айтамын, доктор, әйелі болу...
Бесінші көрініс.
Марселина, Бартоло, Сюзанна.
Сюзанна. (қолына көйлек, жалпақ лентті әйел бас киімі) Әйелі дейді? Әйелі? Кімнің әйелі болу? Менің Фигаромның емес пе тіпті?
Марселина. (түйрей)
(аударма аяқталмаған)
«ЖАС ГВАРДИЯ»
Александр Фадеевтің «Жас гвардия» атты романы Краснодон қаласында Ұлы Отан соғысы кезінде комсомолдардың жасырын ұйымының неміс-фашист басқыншыларына қарсы қаһармандық күресін сипаттауға арналған. Советтік Ұлы Отанын шексіз сүйген. Совет азаматының ардақты атына сай ерлік еткен, халқымыздың адал ұлдарының Ленин-Сталиннің жеңімпаз, ержүрек ұрпақтарының жарқын тұлғасын жазушы жоғарғы дәрежелі көркем, терең мазмұнды етіп суреттеген. Неміс-фашист басқыншыларына қарсы ерлік күреспен азаматтық комсомолдық арына дақ салмай Отан алдындағы, халық алдындағы борышын ақтаған Отанымыздың адал дидары туралы жазылған.
Александр Фадеевтің бұл романы Совет жастары үшін тамаша мектеп. Отанын шексіз сүюдің үлгісі болып отыр. Біздің миллиондаған Совет жастарын тәрбиелеуде «Жас гвардия» романының маңызы орасан зор.
Романдағы геройлардың тұлғасын, ерлік ісін Совет сахнасынан көрсету әрі абыройлы, әрі жауапты іс.
Төменде А.Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша жазылған Г. Граковтың пьесасының тоғызыншы суреті басылып отыр.
Пьесаның бұл суретінде «Жас гвардияның» өмірімен ерлік ісінің бір көрінісі 1942 жылғы 6 ноябрь күнгі кешкі уақиға көрсетілген. Немістер басып алған Краснодон қаласындағы комсомолдардың жасырын ұйымының Социалистік Ұлы Октябрь революциясының 25 жылдық мерекесін жауынгерлік, ерлік іспен қарсы алуы сипатталады.
Бұл уақиғаны сахнадан көрсету үшін репетиция алдында әрбір ойынға қатысушылар А.Фадеевтің «Жас гвардия» романын оқып шығуға тиіс. Романды зер салып оқып, өз ара талқылап, кеңесу. Краснодон ерлерінің тұлғасын сахнадан дұрыс көрсетуге сеп болмақ.
Қ. Мұхамедханов
«ЖАС ГВАРДИЯ»
(А.Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша Г. Граков жазған
драманың бір суреті)
Кошевойдың үйінің бір бөлмесі. Үйде Валя Борц. Ол терезе адында үрейлене тыңдап тұр. Сыртта барған сайын жақындап келе жатқан неміс дауыстары айғай-шу. Бірінің артынан бірі жедел атылған мылтық дауысы. Осылардың соңынан үйдің есігі ашылғаны естіледі. Валя есік дауысы шыққан жаққа бұрылып қарайды. Есіктен кіріп келе жатқан Олег Кошевой көрінеді.
Валя. Бұл не, сенің соңыңнан түскендер ме?
Олег. (тыңдай) Өтіп кетті. Ия, менің соңымнан.
Валя. Ал, жігіттер қайда?
Олег. Жігіттер, менімше іздерін жасырып үлгерген болар. Немістерді мен өз соңыма салып отырдымда, дәл мына осы пұшпақта алдап келдім. Олар пұшпақты айналып сол жаққа бұрылғанда мен үйге жалт бердім. Жәрәйді әлі келер. Қараңғы түн ақ! Фоминді дарға асқан түннен де қараңғы. Есіңде ме? Ваня келді ме?
Валя. Земнухов па? Жоқ.
Олег. Сергейші?
Валя. Ол қазір келеді. (Олегке үңіле қарап) сен аттың ба?
Олег. Ия.
Валя. Сен бәрі-бір қолға бір түсесің ғой, әйтеуір.
Олег. Біле берсін олар. Олардың бәрін қандалаша қыру керек (тыңдайды). Тынышталған сияқты. (отырып ризалық пішінмен күледі). Шаршадым.
Валя. Сонда да ризасың ғой.
Олег. (қулана) Енді қалай! Бері қарашы, таңартең ғой майстер Брюкнер немесе тіпті генерал Клердің өзі көшеге шыққанда айнала жалау! Мейраммен құттықтаймыз сізді, фельдкомендант тақсыр! Қанша адамды асар екен? Миналардың оның мина емес екенін немістер сезіп қоюы мүмкін.
Валя. Ал, әзірге олар ештеңені байқаған жоқ па?
Олег. Жоқ, олар бізді соңынан көшеде ғана байқап қалды. Ал, өздерің қалайсыңдар?
Валя. Біз Сережа екеуіміз үш үйге іліп үлгердік. Оның алдында Сережа, ойынның соңынан кинотеатрдан немістердің туын алып кетті. Есіңде ме, әлгі ана экранда ілулі тұратын?
Олег. Қойшы?! Жанжалдың үлкені десеңші! Тудан айырылу – қан майданда жеңілумен бірдей деген сөз.
Сырттағы есік қағылады.
Валя. Әне олар!
Олег есік ашады. Люба Шевцова, Сергей Тюленин, Жора Арутюнян, Радик Юрген, Уля Громова, Туркенич кіреді. Бәрінің үсті бастары су, былғаныш, бірақ та, бәрі де бақытты, қуанышты күйде.
Жора. Кір, Радик, Уляна, кір!
Люба. Ойбай нешеуміз өзіміз! Думан боп жатса, жаным сүйеді! Құдай біледі!
Тюленин. Шіркін, бүгінгі түн-ай десеңші! Тұмсығымыз тиісіп, сүзісіп қалып жүрсекте бір-бірімізді бөтен адам екен десіп қаламыз.
Олег. Сендер қайда кеттіңдер? Мен тіпті сендерді іздеп болып отыр ем.
Туркенич. Біз Сергей екеуіміз тіпті тура дерекционның төбесіне шығып кетіппіз.
Олег. Дерекционның? Полиция ше?
Тюленин. (қулана) Өрт сөндірушілердің баспа ағашын қайда қоясың?
Олег. Ваня әлі жоқ.
Уля. (Таңырқай) Ол жоқ па әлі?
Олег. Ия немене?
Уля. Қызық екен, Олег. Мен олардікіне бардым, ол әлдеқашаннан сендердікінде деді ғой маған.
Олег. (аздап абыржып) Ия...
Валя. (Любаға) Сендер қалайсыңдар?
Люба. Несін айтасың! Казарманың төбесінде – бір де. Кинотеатрда екі де... Жаңбыр, жел, олар желмен желбіреп тұр. О, шіркін тамаша!
Тюленин. (Олегке) Мен ана дирекционның төбесіне нағыз минаның өзін қойдым. Бар еді менде. Жайрасын ертең.
Олег. Ал, сенші, Жора?
Жора. Бізде Радик екеуіміздікі екі жалау: аурухананың төбесінде, Ворошилов атындағы мектепте. Ең қиыны простыня табу болды-ау деймін. Әкем айтады: «Бояуға болады-ау, дегенмен простыня ғой құрғырың. Ал шешеңді қайтеміз?» - дейді. Мен әкеме айттым, мәселенің өзін шешіп алуымыз керек, үйдегі мықтың кім осы: әке өзіңсің бе, оның әлде шешем бе?
Олег. (Күліп) Ия сонымен мәселе қалай шешілді?
Жора. Шешеңнің мінезі белгілі ғой, онымен бұл мәселені шешпей-ақ қояйық, - деді де, әкем тура жеке өз басының жауапкершілігіне алып бізге простыняны берді де жіберді... Ал енді менің үй-ішімнің несін айтасың, әйтеуір бір айтамын-ау. Шешем бүкіл аудандағы немістерге қарсы істеп жатқан әрекеттің бәріне кінәлі мен деп біледі. Меніңше, тіпті бүкіл немістер басып алған жердегі немістерге қарсы әрекеттің бәрін де менен көретін. Ол ма сені дарға асады деп сәуегейлік соғады да отырады.
Балалар күліседі.
Олег. (қамқорлық кейіппен) Ваня не оның, ә? (бәріне) Жолдастар, штаб мүшелері, тағы басқа осындағыларың түгел отыруларыңды сұраймын. Комсомолға өту жөнінде бізде Радик Юркин жолдастың өтініші бар.
Уля. (көңілін көтере) Отыр, Радик, отыр.
Радик. Уля рахмет.
Олег. Радик Юркин Арутюняның бестігінде. Жұмысқа бұдан екі ай бұрын кірісті, Отанды сатқан азғын Фоминді жазалап өлтіру ісіне қатысты. Қазір Тюлениннің жауынгер тобында. Сережа, баянда.
Тюленин. (тұрып) Радик әрбір жолдың үстінде неміс машиналарына жасалған шабуылдарға қатысты. Менімше, өжет қимылдады. Сол енді.
Жора. Жаңа ғана Советтер Союзының екі бірдей мемлекеттік туын Краснодон қаласының үстіне орнатты.
Олег. Радик Юркин жолдасқа сұрақтарыңыз бола ма?
Туркенич. Өмірбаянын айтып берсін.
Радик. (түрегеліп) Мен 1928 жылы Краснодон қаласында тудым. Горький атындағы мектепте оқыдым. (кідіріп тұрып) Немістер келгеннен бері – енді оқымаймын.
Туркенич. Қоғам жұмысын атқарған жоқсың ба?
Радик. (Күрсініп) Атқарғам жоқ.
Уля. Сен айтшы, Радик, сүйетін геройың кім?
Радик. (ойланып барып) Чкалов.
Тюленин. (Қанағаттанған пішінмен) Жігіт! Минаны қайткенде жарылмайтын етуді үйрендің бе?
Радик. (бәсең дауыспен) Үйренем ғой оны.
Люба. Егер өзіңді Германияға айдап әкетсе, сен онда не істер едің?
Радик. Мені ме? Мен онда олардың бірдемелерін өртеп жіберіп, қашып кеткен болар ем.
Олег. (насаттана күліп) Не қылсаң да өртер ме ең?
Радик. Енді қалай?
Тюленин. Сталин жолдастың айдаудан неше рет қашқанын білемісің?
Радик. (сенімді) Сталин жолдас айдаудан алты рет қашқан.
Тюленин. Дұрыс.
Уля. Комсомолдың міндетін білемісің?
Радик. Комсомолдың міндеті: неміс-фашист басқыншыларын бірі қалғанша құрту.
Туркенич. Міне, менімше, жігіттің саясы әбден сауатты.
Люба. Алу керек, алу керек.
Уля. Алу керек.
Олег. Радик Юркин жолдасты комсомол мүшесіне қабылдау керек дегендерің қол көтеріңдер. (Бір ауыздан дауыс берілді) Бері кел. Салтанатты түрде штабтың тапсыруы бойынша саған комсомолдың уақытша билеті беріледі. Өзіңнің арыңдай сақта. Мүшелік жарнаңды өзің істейтін бестікке төлей тұрасың. Қызыл Армия қайтып келген соң, аудандық комсомол комитеті уақытша билетіңнің орнына түпкілікті билет береді.
Радик. Әрқашан өзіммен бірге болады, курткама тігіп тастаймын.
Олег. Құтты болсын айтамыз.
Барлығы Радикті құттықтасады. Уля оны құшақтап жатады, Люба тіпті сүйіп те алады.
Радик. (Жөнсіздеу күйде) Үлкен рахмет.
Олег. Жүре беруіңе болады.
Радик. Қош болыңдар (кенет балалық қалыпқа түсіп, көңілді күйде секіре басып үйден шығады).
Олег. Тамаша жігіт! (Сағатына қарап) Жолдастар, әже, апа, ауқыт болды! (асығып екінші бөлмеге кетеді).
Елена Николаевна мен әжесі Вера кіреді.
Олег радионаушниктары бар шнурды созып әкеле жатады. Радионаушниктер Олегке, әжесі Вераға, Уляға, Тюленинге кісі басы бір-бірден жетеді.
Олег. (Наушниктерді үлестіріп жатады) Сендерге.
Люба, мен естігенімнің бәрін қайталап айтып тұрамын (тыңдайды). Жымжырт! Қол шапалақтап жатыр.
Бәрі зер салып тыңдауда. Тыныштық.
Сталин! Жазуға даярланыңдар!
Уля. Дайынбыз, тыныш!
Люба. Айта бер, Олег.
Олег. (жүрегі толқыған күйде) «Жолдастар!... Бүгін біз... еліміздегі Советтік революция жеңісінің жиырма бес жылдығын мерекелеп отырмыз»
Қол шапалақтап жатыр!
Елена Николаевна. (жүрегі толқыған күйде) Шын өзі ме?
Олег. (Ынтыға) Енді! Тыныш! Жазыңдар.
Уля. Мен жазып жатырмын.
Люба. (сыбырлай) Естеріңде ме былтырғы Қызыл алаңнан?
Олег. (айтады) «Меніңше... Неміс-фашист қарақшыларымен олардың одақтастарының құтырған бандыларының мұндай тегеуріні басқа ешбір ел... және басқа ешбір армия төтеп бере алмаған болар еді». Тағы қол шапалақтап жатыр.
Уля. (Сергейге сыбырлап) Қандай салмақпен сөйлейді ол, естіп жатырсың ба сен?
Тюленин басын изейді.
Оның сөзін қазір барлық адам, бүкіл әлем тыңдап тұр ғой.
Тюленин. Менімше оны қазір Гитлер де тыңдап отыр деп ойлаймын. Приемнигін жөндеп алып тыңдап отырған болар.
Люба. (Жиеркенішті пішінмен) Үрейленіп, қалтырап тыңдап отырған болар, қарғыс жауғыр, азғын.
Олег. (асығыс) Уляжан, жаз.
Уля. (ақырын) Мен жазып жатырмын, Олег.
Балалар мен қыздар ынталарын сала, еркін жерден келген үнді тыңдауда. Жымжырт.
Олег. (дауыстап) «Біздің Қызыл Армияның даңқы артсын! Біздің партизандарымыз бен партизан әйелдеріміздің даңқы артсын!» Естідіңдер ме, сендер? Бұл сөзді де айтты ол! Партизандар мен партизан әйелдер, - дейді (тыңдайды) Қол шапалақтау! Қол шапалақтау! «Сталин жолдас жасасын!» айғай салады... «Сталин!» Жым-жырт... Болды! (Баяу ғана наушникті құлағынан алып қояды).
Бәрі де үнсіз терең ойға батқан. Сыртта жел. Елена Николаевна баяу басып шығады.
Вера кемпір. (арман мен) Міне әңгіме. Мен тура Москваның өзінде отыр екем деп қалдым емес пе.
Олег наушнигін жинайды.
Ей, қарақтарым-ай енді, қарақтарым ұл-қыздарым, осылай отырарсыңдар ма. Ұлы мейрам емеспе бүгін! Дастарханға қараңдаршы! Анау арақ менің көркім үшін тұра ма? Неге ішпейсіңдер!
Олег. Әжетайым, бәрінен де ардақтым сенсің! Столға апарыңдар, столға. Иван! Сөз саған беріледі! Ал, сөйле!
Туркенич. Ұлы Октябрь революциясының 25 жылдық мерекесімен құттықтаймын барлығыңызды. Біз бүгін өзіміздің жауынгер топтарымыздағы жігіттерімізді ізгі жүрекпен еске алсақ деймін: Погорелый хуторында пленге түскен адамдарымызды азат еткен жігіттерімізді, Каменской мен Ворошиловградской жолында жаудың машиналары мен бензин жеткізетін құралдарын өртеп жүрген жігіттерімізді, біздің листовкаларымызды жазушы, басушыларды, әрине Тюленин бастаған топтағы ер жүректерімізді құрметтеп еске алсақ деймін. Қаладағы, поселкалардағы, снлолардағы біздің ұйымның барлық мүшелерінің құрметіне тост көтеруді сұраймын.
Уля. Бүгінгі тапсырманы орындағандар үшін ше?
Олег. Олар үшін ерекше құрмет болады! Олар үшін таңертең бүкіл қала көтереді!
Туркенич. (Гитара тартып, өлең айтады)
На закате ходит парень
Возле дома моего...
Біреуі, екіншісі оның соңынан үшіншісі – сүйісіп барып бәрі қосылып кетеді.
Люба. (өлең үстінде) Естеріңде ме, достар. Москвадан радиомен қандай өлең-жырлар беруші еді? Күн сайын өлең айтыла береді.
Олег. (Тюленинге ақырын ғана) Сен қалай дейсің, Ваня қолға түсіп қалмады ма екен?
Тюленин. Мен де соны ойлап отырмын.
Олег. Жігіттердің көңілін бұзба, қоя тұр.
Люба. (құштарлана) Ваня! Қане!
Туркенич би күйін ойнайды. Люба билей жөнеледі.
Вера кемпір. Міне, шіркін биші!
Люба. (билеп жүре) Сережа! Қане!
(Тюлениннің алдына келіп биге шақырады).
Сергей мен Люба «орыс» биін билейді.
Олег. (Шаттанып) Міне, біздің Люба!
Вера кемпір. О қайран би! Сережа! Тарт гопакка!
Орамалын былғай Вера кемпір гопакка билейді.
Олег. Менші? (әжесімен бірге билейді)
Вера кемпір. (Диванға жантая кетіп) Кәрілік-ай десеңші, өліп қала жаздадым ғой. Уһ (орамалымен желпінеді).
Биі жайлап қыза түседі. Асығыс есік қағылады.
Олег. Есік қағады.
Уля. Бұл енді Ваня-ақ шығар, ә?
Олег жүгіріп шығады. Соңынан әжесі шығады. Есік алдынан сөйлескен дауыстар естіліп тұрады. Өңі қашып, жүрегі толқып Олег кіреді.
Уля. Не боп қалды?
Олег. Ваняны, Стаховичты, Машковты тұтқынға алыпты.
Люба. Ваня Земнуховтыда ма?
Олег. Нина Ивановна келді. Клубтың қасында. Немістер әдейі Стаховты, сонан соң Ваняны, Женя Мешковты қолға түсіріпті. Мен бәріне де хабарлаңдар деп Нинаны жібердім. (Ойланып қалып) Біліп қалғаны ма? Ваня... Мешков...
Туркенич. Жігіттер айтпайды.
Олег. Ия, мәселе бүкіл ұйымның тағдырына соғып отыр. Немістер дәл төбемізден түсті.
Тюленин. Бөгелуге болмайды енді. Олар осында көзіңді ашып жұмғанша келіп қалуы мүмкін.
Олег. (аз үнсіз тұрып) Біз бұл істің ақыры тыныштықпен тынар деген ойдың қандайынан болмасын аулақ болуымыз керек. (Жігермен) Әйтпесе біз өзіміз де ұйымның барлық мүшелерін де апатқа ұшыратамыз. Біз қаладан кетуіміз керек. Біз адал ниет, ақ жүрегімізбен күрестік, сондықтан борышымызды ақтайық деген сеніммен тарасуымызға қақымыз бар. Әрқайсымыз ұрыс шебінен өтіп шығуға тырысуымыз керек. Бүкіл ұйымға, барлығына ескерту керек, туған-туыстарға айту керек. Басқаша пікірлерің бар ма?
Үнсіз.
(Сергейге ақырын ғана) Сергей сен түгел түсіндің бе?
Тюленин. Түгел... Стахович шыдай алмауы мүмкін. Солай ғой?
Олег. Ия. Бұл жөнінде әңгіме қозғамау керек еді. Байыбына бармай сенімсіздік білдіру жақсы емес. Оған енді ауыр азапты көрсетіп жатқан шығар-ау, біз әзірге әлі боспыз ғой...
Туркенич. Бәрі де дұрыс. Қызыл Армияның қатарында, осы жерде келіп көріскенше күн жақсы жігіттер!
Қимастық күйдегі қош айтысу. Туркенич, Сергей, Уля, Жора, Люба, Валя бір-бірлеп кетіседі.
Олег. (Улямен қош айтысады) Рахмет! Рахмет сенің... Любажан, Валя, Иван, Сережа, қош. Жора сен қайда барасың?
Жора. (Көзіне жас алып) Шіркін, дәл қазір мен неге ғана Ванямен бірге емес екем, Олег?
Олег. (Жолдастарының соңынан қарап қалып) Жарты жылдан да аз мезгіл өтті, бәрі де қалай өзгерген... талай ауыр жылдарды бастан кешірген адамдарға ұқсайды.
Елена Николаевна мен әжесі кіреді.
Олег. Апа...
Елена Николаевна. Білем, Олег жан.
Олег. Апа, сенімен де әжетай қош айтысуға тура келеді енді.
Елена Николаевна. Дала суық, маезгілсіз жауған қар.
Олег. Маған бөгелуге болмайды енді. Кеш апатай, анам!
Елена Николаевна. (ақырын ғана) Комсомол билетіңді қалдырып кет маған. Мен оны сақтармын. Олегжан, сенің жаныңнан тауып алса...
Олег. Апа, мен сенің айтқаныңды екі етпеушем ғой. Түсінесің ғой өзің де. Ол менің жанымда болады... Әрқашан менің жанымда!
Елена Николаевна. Егер бір нәрсеге ұшырап қалсаң, мен болмаса әжең, не туысқандарыңның бірі мойындап бәрін де айтып береді деп қалса олар, сенбе, сенбе оларға, сырыңды берме. Біз саған ант етеміз, естимісің құлыным?
Олег. Бәрін де жағып жіберіңдер. Радиоприомникті тығыңдар. Ал, апа, қарашы маған апатай. Мен өзіміздің адамдармен бірге, жауынгерлермен бірге қайтып келем.
Елена Николаевна. Олегжан!
Олег шешесін, әжесін құшырлана кезек –кезек құшақтап, тез шығып кетеді.
Елена Николаевна артынан жүгіре шығып, баяу басып қайта кіріп, терезеге келіп, терезе пердесін ашады. Далада ертеңгі таң жарығы.
Елена Николаевна. Қандай қорқыныш дүниесі. Қандай ауыр күрес!
Ананы қара, апа! Қысқы күннің алғашқы атқан шапағына бөленіп, бір биік үйдің төбесінде желбіреген қызыл ту. Қызыл жалау! Әне! Ворошилов атындағы мектептің төбесінде! Әне тағы. Апа, қара... Аурухананың, райсполкомның төбесінде! Өзі қалай көп, апа!...
Вера кемпір. Неге жылап тұрсың сен, Лена? Неге жылап тұрсың? (Көзіне жас алады) Сенің ұлың ғой ол. Ол жалауларды ілген, сен неге ғана жылайсың. Лена қуану керек емес пе? (қарайды) Ананы қара, ананы қарашы, жалауды алуға шығып барады. Құлап кетпейді-ау. Қарашы, Лена.
Машинаның жарылған дауысы.
Бәрекелді! Я құдай балаларымның бағын аш!
Елена Николаевна. (Рухтанып) Олар алған күнде де оның қуатты болуын ғана ойлаймын, апа. Олар өле-өлгенше оның қанатын қайыра алмаса екен деймін. Ол олардың алдында қаймықпаса екен, ол олардың бетіне түкірсе екен деймін.
Екі әйел қала үстінде желбіреген қызыл туларға қарап тұрады.
Шымылдық.
РУСАЛКА
(А. С. Пушкиннен)
Днепрдің жағасы. Диірмен.
Достарыңызбен бөлісу: |