ЛИТЕРАТУРА
1. История Казахстана: народы и культуры: учебное пособие / Н. Э. Масанов [и др.]. – Алматы: Дайк-Пресс. – 2001. – с. 345-363
2. Артыкбаев, Ж. О. История Казахстана / Ж. О. Артыкбаев – Астана, 2006.
3. Аширов, Ш. Состояние и проблемные вопросы в развитии учреждений образования и культуры Казахстана в 80-х годах / Ш. Аширов // Поиск. – 2007. – №1. – с. 190-196
4. История Казахстана и Центральной Азии: учебное пособие / М. Х. Абусеитова [и др.]. – Алматы: Дайк-Пресс. – 2001. – с. 579-600
ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР
ФИЛОСОФИЯ
ӘОЖ: 1: 821.512.122
Шәкәрімнің философиялық ойлары
Т. Х. Рысқалиев, философия ғылымдарының докторы, профессор
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
Мақалада қазақ философиясының негізгі бағыттары – даналық, түсінік, тәлім-тәрбие, көзқарас – Шәкәрім Құдайберді ілімін талдау арқылы ашылады. Сонымен бірге, Шәкірім шығармалары арқылы қазақ философиясының экзистенциалдық сипаты да мәлім болады. Мақала оқытушылар мен студенттердің Шәкәрім философиясымен жақынырақ танысуына көмектеседі.
В статье на основе анализа учения Шакарима Кудайбердыулы раскрываются основные направления казахской философии. Кроме того через произведения Шакарима убедительно показывается экзистенциальный характер казахской философии. Статья поможет преподавателям и студентам поближе познакомиться с творчеством Шакарима.
The main directions of Kazakh philosophy are revealed in the article on the basis of analysis of Shakarim Kudaberdiev’s work. Besides, ecsistential character of Kazakh philosophy is clearly shown through the Shakarim’s works. The article will help teachers and students to get aquainted with Shakarim’s creative works.
Кешегі кеңес дәуірінде бізде қазақ философиясы туралы әңгіме болған жоқ. «Институты, ғылыми немесе оқу ордасы болмаған көшпелі елде қандай философия болуы мүмкін?» деген пікір қалыптасты. «Қазақ халқының қоғамдық ой пікірлері» деген ұғым тарады.
Кеңес дәуірінде біз философияны ғылым ретінде таныдық. Ондай философия қазақтарда шынында да болған жоқ, болуы да мүмкін емес еді. Қазақ ойшылдарын толғандырған сыртқы дүниеге, объектке қатысты мәселе емес, адам мәселесі болды. Философияның мәнін, қызметін ғылыммен шектеуге болмайды. М. М. Бахтин деген орыс ойшылы мынадай пікір айтқан: «Нағыз философтар, әрине, Германияда, Ресейде тек ойшылдар болған» – деп. Қазақтарда да Кант, Гегель сияқты философтар өткен ғасырларда болған жоқ. Бірақ ойшылдар болды. Ойшылдар қатарына біз Шоқан, Ыбырай, Абайды ғана емес, Асан Қайғы, Бұхар жырауды, билерімізді, Махамбетті жатқыза аламыз. Олардың да кәсібі ойлау болды.
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады, – деп айтқан Асан Қайғы болатын.
Сондай ойшыл ақындардың бірі – Махамбет. «Осының бәрін ойласаң», – дейді бірде. Немесе «Ойлап бір, ойлап қарасам», – деп тағы да қайталайды.
Асыра келіп ойласам,
Бұ заманның шағында,
Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар? – дейді.
«Ақыл-ойдың азабы» деген сөз бар. Зарығып, мұңға салынатын кімдер?
– Ойшылдар.
Абайдың ойшылдығына таң қаласың. Абайдың әрбір өлеңі, қарасөздері терең ойдан туған.
... Өмір, дүние дегенің
Ағып жатқан су екен,
Жақсы-жаман көргенің
Ойлай берсең у екен, – дейді. Мұндай ой өрнектерін кез келген өлеңінен табуға болады. Адам болуға қажетті қасиеттер қатарына ол терең ойды жатқызады: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз». «Ғылым оқып, ой таппай, құр үйінде жатады», – деп Абай замандастарын сынайды. Ғылым-білім дамыған қазіргі заманда ойшылдар көп деп ойлайсыздар ма? Ғалымдар көп, бірақ ойшылдар, даналар қазірде тапшылық. Сондықтан қазір де біз Абаймен бірге «ойланар елдің сиқы жоқ» деп айта аламыз.
Еліміз егемендік алған кезден бастап біз, кейбір қазақ философтары, «қазақ философиясы» деген мәселемен тікелей айналыстық. «Қазақ философиясының ерекшеліктері», «Қазақ философиясына алып баратын сара жолдар» деген сұрақтар төңірегінде ойланып, толғандық. Классикалық батыс философиясымен шектеліп қалмай, «философия» деген ұғымның ғылымнан басқа қырларына назар аудардық.
Мен «Даналық пен түсініктің үлгілері», «Философия тарихына шолу» деген еңбектерімде және тоқсаныншы жылдары жарық көрген мақалаларымда философияның ғылымнан басқа анықтамалары ретінде даналықты, түсінікті, дүниеге көзқарасты және тәлім-тәрбие қызметін ұсынып, осы тұрғыдан бүкіл философия тарихына шолу жасадым. Сөйтіп, қазақ философиясына тек осы жолмен шығуға болатынын көрсеттім. Менің докторлық диссертациямның тақырыбы – «Философия тарихындағы даналық проблемасы» болды.
XV ғасырдан – Асан Қайғыдан – бастау алатын қазақ философиясында даналық та, түсінік те, көзқарас та, тәлім-тәрбие өнегесі де бар деп толық сеніммен айта аламыз. Мен бұл арада бүкіл қазақ философиясының аталған жақтарын Шәкәрім шығармашылығына қысқаша тоқтала отырып, ашып көрсем деймін.
Даналық қарапайым нәрсе. Ол «мен мұндалап» кеудесін керіп тұрмайды. Сондықтан даналықты байқау, айыра білу екінің бірінің қолынан келмейді. Даналықты танып түсіну үшін тарихтан да, әдебиеттен де, діннен де, өмір тәжірибесінен де, философиядан да мол хабардар болу керек.
Шәкәрімнің даналық пен түсініктің үлгісі деп тануға тұрарлық бір өлеңін келтірейін:
Шаранамен туып едің,
Бөз оранып өтесің.
Бір сағымды қуып едің,
Қай уақытта жетесің.
Қанша дәулет жиып едің,
Бәрі қалды нетесің?
Мал үшін жан қиып едің,
Қайтып алып кетесің [1, 105 б.].
Бұл жолдарда поэзия да, мораль да, философия да, өмір сабағы да бар.
Күнделікті өмірде, адамдар санасында дүниені жамандап, «дүние-жалған», «сұм, алдамшы» деп, дүниенің, өмірдің тек келеңсіз, көлеңке жақтарын көретін көзқарасты Шәкәрім орынды сынайды. Өмірдің тауқыметі адамның өзіне байланысты дейді. Ақынның «Дүние мен өмір» деген өлеңі осы жағынан философиялық пайымдаудың көрінісі болып табылады:
Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады.
Байқап оқып отырсам, соның бәрі
Дүниені «сұм», «алдамшы» деп жазады.
Мәселе, Шәкәрімнің ойынша, дүниеде емес, адамда: ол қайтып өмір сүргісі келеді?
«Мен де соққы жедім, – деп сұм дүниеден,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен.
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы
Болыпты не біреуден, не өзімнен ...»
Бұл да – философиялық пайымдау: адам өз өмірі үшін өзі жауапты; қандай объективтік жағдайлар болмасын, олардың салдары адамға байланысты жүзеге асады.
Кейбіреулер жазады «қу өмір» деп,
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір» деп,
«Көрген қызық, қылған іс бәрі де ұмыт»,
Иә көлеңке, яки түс, у өмір деп [1, 46 б.] ...
Дүниені бұлай сипаттау философияда орын алған нәрселер: көлеңке деп Платон, түс, елес деп үнді философиясы және оған еліктеген Шопенгауэр, у деп Камю және басқалар айтып өтті. Шопенгауэрдің іргелі еңбегі «Дүние ерік және елес ретінде» деп аталады. Әркім дүниені өз еркіне, түсінігіне қарай қабылдайды. Біреу үшін, айталық, Лейбниц үшін, бұл дүниеден жақсы дүние жоқ, ал Шопенгауэр үшін, керсінше, бұл дүниеден жаман дүние жоқ. «Елес» иллюзия деген орыс сөзіне сәйкес келеді. Шәкәрімнің де «Бір сағымды қуып едің» дегені дүниені сағымға теңегені. Дүние адамды қызықтырады, елітеді. Бірақ ол қанша қусаң да жеткізбейді. Әңгіме, тағы да айтам, дүниеде емес, адамда, адамның алдына қойған мұратында. Адам бірдеңеге қызықпай, ұмтылмай, өмір сүре алмайды. Байлыққа да, билікке де, атаққа да ұмтылады. Бірақ бәрі өткінші, уақытша болып шығады. «Қанша дәулет жиып едің, бәрі қалды нетесің?». Дәулет, байлық адамға жолдас болмайды. Ал адам болып өмір сүруді мақсат тұтқан адам бауырмал болып келеді, «жарты құртты жарып жеп, бүтін құртты бөліп жеп», «көппен көрген ұлы той» деп біледі. Шәкәрім басқа бір өлеңінде:
Хан тоймайды әлемді таласа да,
Ой жіберші осындай тамашаға.
Екі жуан сыймайды жер жүзіне,
Тоғыз кедей сияды алашаға, деп – жазады [1, 155 б.].
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас,
Қанша қызық көрсе де, пенде тоймас.
Сол тоймастық – дүниені жамандатқан,
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас [1, 46 б.].
Пендешіліктің белгісі – қанағатсыздық. Қазақта «өзі тойса да, көзі тоймайды» – деген сөз бар. Өмірдің бейнетке айналуы, Шәкәрім түсінігінде, адамның дүниеге, нәпсіге, атаққа құмарлығынан.
Шәкәрімнің даналығын оның Абайға, Л. Толстойға қатынасынан байқауға болады. «Жастарға» деген жас шағында жазылған өлеңінде ол Абайды үлгі, ғибрат аларлық данышпан, шыны ғалым деп біледі.
Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық ...
Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп келдік сізге» делік
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге», делік ...
Абайдың халқына, жақынына батырып қатты айтатыны жөнінде айта келіп, Шәкәрім:
Естіген соң, жүректе түйін жатты,
Сол түйін тыныштатпай көп ойлатты.
«Неге мұндай қатты айтты?» – деп, ойласам,
Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!
Жаны ашып жақсы соқпақ тазалапты,
«Жігерленсін, білсін» деп табалапты.
«Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін» деп,
Қатты сөзбен қайырып қамалапты [1, 26 б.].
деп ағасының ниетін дұрыс түсіне білгенін паш етеді. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақыл сөзді білесіңдер. Абайдың, Шәкәрімнің сынап жазған өлеңдері осы мағынада жазылған. Шәкәрімнің кейінірек жазылған бір өлеңін келтірейін:
Жолама, қулар, маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кім жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға?
Соның да тілін алмадың,
Сабадың, сөктің, қарғадың.
Көріне қанша кіргенше
Арсылдап иттей қалмадың.
Сендерден белгі нең қалар?
Жемтігің, жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар [1, 175 б.].
Шәкәрім Л. Толстойды ойшыл, дана, суреткер ретінде өте жоғары бағалаған. Онымен хат алысып тұрған. Оның бір топ әңгімелерін қазақшаға аударған. 1908 жылы Л. Толстойдың 80 жылдығына орай, Ясная Полянаға да бармақ болады. «Жасымнан жетік білдім...» деген өлеңінде Шәкәрім өзін «Толстойдың шәкіртімін» деп таныстырады. Оны «терең ойдың иесі» деп атайды [1, 139 б.]. Өзі жөнінде «әйел бала-шағасынан безіп, елсіз қорада Толстойша бөлініп тұрып жатады» деп қаңқу сөз таратқан кісілерге жауап ретінде ақын:
Кейбіреу безді дейді қатынынан,
Туысқан, бауыр, бала жақынынан.
Қаңғырып Толстойша өлер дейді,
Шатасып қартайған соң ақылынан.
Мен болсам Толстойдай арманым жоқ,
Шатасып ақылымнан қалғаным жоқ.
Сырымды білетұғын сендер емес,
Өлейін деп елсізге барғаным жоқ, – дей келіп, осыған орай өзінің ойшылдарға тән ғадетін ашып салады:
Таза ой ойлай алмас үйде басым,
Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым.
Ой жемісін теремін өлгенімше,
Өсектесін, күндесін мейлі қасым!
Шәкәрім Гераклит, Демокрит, Платон құсап елден безіп, тау тасты кезіп, ой қуалап кетеді. «Кейбіреу безді дейді елден мені» деген өлеңінде ол жалғыздыққа әуестігін былай түсіндіреді:
Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды
Оңашада қорытам ойға салып [1, 176 б.].
Ежелгі грек философы Демокрит көп жылғы оқығанын, білгенін, көргенін оймен қорыту үшін, ештеңеге алаңдамайын деген ниетпен өмірінің соңғы кезінде өзін-өзі соқыр қылады. Оймен қорытуды қазақта «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дейді. «Мұтылғанның өмірі» деген дастанында өзінің өмір жолын қорыта келіп, тағы да жалғыздықтың мән-жайын сөз етеді.
Сыр айтайын мен сізге,
Әр түрлі жай бар басымда.
Елімнен кеттім елсізге,
Елуден асқан жасымда...
Қауымнан қаштым қағылып,
Оңаша өмір сағынып,
Жасымда біткен тағылық,
Осы екен ғой асылда.
Ойға оңаша ой керек,
Ойыңды ұғар ел керек.
Партия қуған ебелек
Ел өзіңе масыл да ... [1, 433-434 б.].
Шәкәрімнің даналық пен түсінікті ұштастыра білген терең мағыналық толғауы «Ескіден қалған сөз теріп» деп аталады.
Ескіден қалған сөз теріп
Өз ойымнан өң беріп,
Үйретуді жөн көріп,
Түзетпек едім адамды.
Бұл арада Шәкәрім өзін философ ретінде көрсетіп отыр. Философияның маңызды қызметтерінің бірі – адамды үйрету, түзету. Тәлім-тәрбие деген адамзат тарихымен бірге жасап келеді. Тәрбие ісіне уақыт өз талаптарын енгізеді. Шәкәрім осыны меңзеп отыр: ескіден қалған сөзге өзінше өң беріп, жаңа талаптарға бейімдегісі келеді
Адамды түзету кез-келген адам қолға алатын, кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Бұл - философиялық ұстаным және миссия. Адамды түзететін адам өзі де адам жанын білетін, өмір талқысынан өткен, жақсыны да, жаманды да көрген, өзі де тәрбиеленген адам болуы керек. Сократ, Абай, Шәкәрім өздерін осылай адамдарды түзету үшін жаралғандай, сол үшін өмір сүретіндей сезінеді. Абай, Шәкәрім заманында тәрбие ісін ең қарапайым, элементарлық әдептерден бастауға тура келді. Адамдар жас баладай аңқау, тек біреудің жетегімен жүруге бейім болды. Сондықтан да Абай халқын «жақсы менен жаманды айырмадың» деп кінәлайды. Шәкәрім де:
Қышыған жерін қасуға
Әділет жолға басуға,
Алдына салып ашуға,
Жақсылық пен жаманды, – дейді.
Бірақ Абайға ермеген, көнбеген халық Шәкәрімнің де ниетін түсінбеді..
Ешкім бұған сенбеді,
Өз қылығын жөн деді,
Көре тұра көнбеді,
Кетірді қуат – шамамды.
Қазақта өте қатыгез қарғыс бар: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» – деген. Бұл көптеген даналардың (айталық, Сократтың, Конфуцийдің, Руссоның, Чаадаевтың, Абайдың) басында болған жағдай. Олар басқадан озып кетеді, басқаша ойлайды, алдағыны болжайды. Бүгінгіден басқаны ойламайтын халық оларды түсінбейді, өз бетімен жүре береді.
Шәкәрім налиды, түңіледі:
Мұндай елде туғанша,
Бұл сағымды қуғанша,
Еркін тілді буғанша
Жеткізсе нетті қазамды.
Шәкәрім сөзін халқына түсінер деп арнады ғой. Абайда: «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп қапаланды. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп ашынғанын жасырмады. Тіпті өмірді талақ етіп, өлімді тіледі.
Бірақ адамды түзетуден бас тартуға, өзімен өзі болуға Шәкәрімнің алдына қойған мақсаты мүмкіндік бермеді.
Адамшылық міндетім,
Айт дейді адам індетін,
Еріксізбін шын ниетім,
Алды деме мазамды ...
Ойшылдар өздерінің адамдық борышын осылай түсінеді: біреу ар жағынан «айт, батыра айт, ойлансын, қиналсын» деп тұрғандай:
Тамам жанның мінін айт,
Жалған айтпай шынын айт.
Аяп, ішің жылып айт,
Адамды бастыр ілгері!
Сөккенің болсын сүйгенің,
Достығың болсын күйгенің,
Ащы тілмен тигенің
Жоғалсын деп міндері [1, 156-157 б.].
Шәкәрім көріпкел, көреген екен: ол өзімен болашақта не болатынын болжап, айтып кетті. Өзіне өзі «Мұтылған» деп ат қойып, ұзақ жылдар бойы аты ауызға алынбайтынын білді. Абайды ашқан Мұхтар Әуезов Абайдың інісі, сүйікті шәкірті, ізбасары Шәкәрімді «Абай жолында» атай алмады. Дәрмен, Шәке, Шұбар деген кейіпкерлер арқылы оның Абайға жақындығын, ақындығын сөз етті.
Кеңес дәуірінде біз Шәкәрім түгіл Абайдың да ойшылдығын, тереңдігін сөз ете алмадық.. Адамға, халыққа ой салар үндеулерін ашып айта алмадық.
Шәкәрімнің кім болғанын, қалай өсіп жетілгенін, нені көксеп, неге ұмтылғанын, кімге, неге қызмет еткенін, бір сөзбен, ойшылдың философиялық «Менін» оның «Мұтылғанның өмірі» деген дастанынан анық байқауға болады. Мен әдетте студенттерге тапсырма беріп, осы дастанды оқып, алған әсерлерін, түсінгенін, өз ойларын білдіруін сұраймын. Ешкім немқұрайды қалмайды.
Жиырмадан өткенде,
Азғана ғылым оқыдым,
Алғызып кітап шеттен де,
Көңілге біраз тоқыдым [1, 427 б.].
Шәкәрім оқудың қиындығын, оқуының аздығын түсінеді. Ағасы құсап, жай оқуға тырыспайды, оқығанын түсінгісі келеді. Жер-жерден кітаптар алғызып, түсінігін кеңейтуге күш салады.
Білімге салып тілекті,
Сыбанып едім білекті
Ағартуға жүректі
Аршымақ болып қоқымын.
Жиырма жасында үлкендер Шәкәрімді оқығаны көп, орыс тілін біледі деп әкім (болыс) болуға үгіттеп көндіреді. Ағасы Абай сияқты Шәкәрім де билікті пайдаланып адамды, халықты түзу жолға салмақ болып талаптанады.
Талай-талай сөз жаздым
Елім тәлім алсын деп
Қазақтың мінін көп қаздым,
«Адам емес аңсың» – деп
Өнер-білім білмеген,
Тура жолмен жүрмеген,
Төрт аяқты малсың», – деп ...
Бірақ көпшілік Шәкәрімнің соңына ермеді, үгітіне көнбеді. «Көп уақытым босқа кетті» деп кейін ақын өкінеді.
Қырықтан аса бергенде,
Ақылым қылды шерменде:
«Дінім қалай, жаным не?»
Жоғалам ба өлгенде?
Әлемді кім жаратқан,
Осынша түрлеп таратқан?
Көрінген сансыз планет,
Бірінен бірін бөлген бе?
Ахирет деген немене,
Шыққан жан қайта келе ме?
Кіре ме осы денеге,
Дәлелі қайсы сенгенде [1, 427-432 б.]?
Мұның бәрі – философиялық, дүниетанымдық сұрақтар.
Оқымыстылар әр түрлі болып келеді ғой. Біреулер гуманитарий болып, осы саладан басқаны елемейді. Ал енді біреулер жаратылыстанушы болса, оларға дін де, әдебиет те, философия да керегі жоқ сияқты көрінеді. Ал Шәкәрім болса, ол ақын, ойшыл ғана емес, сонымен бірге өздігінен ізденіп, көп оқып, ғылым жайын жете білген ғұлама. Әдебиетпен, өнермен, тарихпен, философиямен, жаратылыстану негіздерімен тиянақты айналысқан. «Түрік Һәм қазақ шежіресін» жазған. Философия тарихымен танысып, Пифагор, Демокрит, Эпикур, Платон, Аристотель жайында пікір айтқан. Огюст Конт, Г. Спенсер сияқты позитивистерді ғылымды, зердені әсіре мақтап, философиядан, демек, даналықтан бас тартты деп сынайды. А. Шопенгауэрдің өмірдің көлеңке жақтарын ғана көретін, пессимистік көзқарасын сынап, өмірді азапқа айналдыратын адамдардың өздері, олардың алауыздығы, біріне бірі қол ұшын беріп сүйемелдеудің орнына, бірін-бірі көре алмай, біріне бірі ор қазып, адал еңбекпен өмір сүргісі келмейтіні дейді.
Шәкәрім философиясына батыстағыдай идеализм-материализм тұрғысынан қарау қисынға келмейді. Абай сияқты Шәкәрім де- шындықтың уағызшысы, яғни реалист. Әрине, оның көзқарасы идеализмге жақын. Материализмді нақты, өткінші заттармен шектеліп қалады деп қостамайды.
Шәкәрімнің қандай адам, қандай ойшыл екенін біз адам үшін ең маңызды, адамды адам ететін қағида ретінде өзінің «Үш анық» деген философиялық трактатында ар-ұятты, үжданды қалауынан-ақ көреміз. Бір ақиқаттың көзі-ғылым. Бірақ ғылым сыртқы дүниемен шектеліп қалады. Екінші анық, екінші ақиқат, сөз жоқ, дінде. Шәкәрім дінге, Құдайға табынған, дін ілімін жете меңгерген ойшыл. Көзінің тірісінде оны «Алланың досы» деп атаған. Оның өлеңдерінің, қара сөздерінің тұрақты тақырыбы – дін, Құдай, жаратушы. Кеше Кеңес дәуірінде Шәкәрім шығармаларының 1988 жылғы басылымында да, белгілі Абайтанушы, Шәкәрімтанушы, Қайым Мұхамедханов айтқандай, «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» деп, ақынның өлеңдеріндегі Құдай деген сөзді алып тастап, оның орнына басқа сөздер қолданылды. Сөйтіп Шәкәрім сөзі бұрмаланды.
Біздер бір кезде Абайды да атеист қыламыз деп әуре болғанбыз. Абай қайдан атеист болсын – анадай әке бар да, анадай ақыл бар да! Белгілі орыс философы В.С.Соловьев бір хатында ағылшын философы Френсис Бэконның бір сөзін келтіреді: «Азғантай ақыл, азғантай философия Құдайдан алыстатады, ал көбірек ақыл, көбірек философия қайтадан Құдайға жақындатады», деген [2]. Дүниеде қандай кереметтер болса, соладың ішіндегі ең кереметі – Құдай. Мен оның адамдарға ықпалын айтып отырмын. Адамның да, қоғамның да жеткен дәрежесін олардың Құдайға қатынасынан байқауға болады. Адамдардың азап-тозғанына қарап неміс философы Ницше «Құдай өлген екен» деп жариялаған.
Адам, Шәкәрімнің ойынша, діни ақиқатпен де шектеліп қала алмайды. Дін адам үшін – жан азығы. Адамға сонымен бірге тән азығын да ойлауға тура келеді. Тірі жан ретінде оған өмір сүру керек, өмір сүру үшін еңбек ету керек, басқа адамдармен қарым-қатынас жасау керек. Міне, осы арада оның арқа сүйер ақиқаты үждан болады. Бұл – үшінші анық. Ар ұяттан жүрдай адам, адам қатарына қосыла алмайды. Шәкәрім философиясын бір сөзбен «Ар ілімі » деп атауға болады.
Шәкәрім шығармаларында рух, жан, тән, нәпсі жөнінде жиі сөз болады. Адамның адал ұлы болам десең, – дейді Шәкәрім, – Алдыменен өзіңнің нәпсінді жең. Іште нәпсі болса, сыртта адамды елітіп аздыратын дүние қорлық дейтін шайтан бар дейді. Ол шайтан мен нәпсіні жеңдет пен індетке теңейді. Нәпсі билеген ақылдың жайын сипаттай келіп Шәкәрім:
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен,
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр [1, 152 б.].
«Пайғамбар Мұса жолықса» деген өлеңінде Шәкәрім осы тақырыпты қайта қозғайды:
Көрмеді сынап дүние ісін,
Білмеді құдірет киесін.
Денеге жанды жеңгізіп,
Таба алмай қойды Иесін.
Затшылдық көзін байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады.
Ғылым деп уды жегізді,
Денесіз зат жоқ дегізді.
Дәлелсіз пәнмен перделеп,
Тапқызбай қойды негізді [1, 240 б.].
Затшылдық (вещизм) деген адамдардың ауруы бар. Ол жөнінде қазір де айтылып жүр. Қазір көптеген адамдар астрология, магия, уфология деген ғылымдармен алданып жүр. Шәкәрім оларды у деп дұрыс айтып отыр.
Құранда, Мұхаммедтің хадистерінде адамның менмендігін, астамшылығын, Құдайын да ұмытып, өз бетінше бәрінде өзгертпек болған пиғылын пендешілік деп атайды. Құранның Әли Ғимран деген сүресінде «Егер сендер момын болсаңдар, жоғары мәртебеге және дәрежеге ие боласыңдар» – делінген. Осы бағытта Шәкәрімнің жазғаны:
Мұны білсен, боласың сүйікті құл,
Құлы болсаң, Қожаңның сүйгенін қыл.
Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнісін біл [1, 101 б.].
Қожа Ахмет Иасауи өзінің Аллаға, Мұхаммед пайғамбарға берілгендігін білдіріп өзін Құл Қожа Ахмет деп атаған.
Өткен ғасырдың басында Шәкәрім «Білімділерге бес сауал» атты мақаласының бесінші сұрағын былай қояды: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?». Мұндай сұрақты бір кезде Жан Жак Руссо қойған болатын. Мұндай сұрақты қазір де қоюға болады. Мәдениет, ғылым, техника, экономика қарқынды дамығанмен адамның адамшылығы, имандылығы, түсінігі, кісілігі артып жатқаны шамалы. Мұның себебін мен кемшілігімізді бетке айтатын, батырып айтатын. Абай, Шәкәрімдей даналарымыздың болмауынан деп білемін.
Шәкәрім өзінің «Адамдық борышың» – деген өлеңінде өзі қойған сұраққа былай жауап қайтарады:
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл
Ақ жолдан айныма
Ар сақта, оны біл...
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін.
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін...
Жоба тап,
Жол көрсет
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсің.
Барыңды, нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң –
Шын бақыт
Осыны ұқ
Мәңгілік өлмейсің [1, 278 б.]!
Мен студенттерге айтам: «Шәкәрімнің осы өлеңі бәріңнің жазып алып, жаттап алатын дұғаларың болатын өлең» деп. Шәкәрім бұл өлеңін өмірінің соңғы кезінде жазған. Жастарға халқына қалдырған аманаты іспеттес.
Мен басында айтып өткен қазақ философиясының экзистенциалдық сипатын Шәкәрім өлеңдерінің тақырыбынан – ақ анық байқауға болады. Қай-қайсыңыз Шәкәрім жинағын алып мазмұнына үңіліп көріңіздер: «Ашу мен ынсап, «Анық пен танық» «Махаббат пен құмарлық», «Дүние мен өмір», «Өмір», «Жан менен дене һәм көңіл», «Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние», «Адам немене?», «Көңіл» т.б. Мұның бәрі –экзистенциалдық философияның тақырыптары.
Шәкәрім философиясы дегенде біз оның шығармаларындағы даналықты, түсінікті меңзейтін ойларын, өзінің адамдық борышын қалай түсінгенін, оның дүние, адам, өмір, дін, Құдай туралы көзқарасын айтамыз.
Абай сияқты Шәкәрім ілімі де – түңғыйық терең, шексіз. Өкіншіке орай, біз Шәкәрім әлемін тануға енді кірісіп жатырмыз. Бұл істі қолға алған ғалымдарды әлі талай-талай таңғажайып жаңалықтар күтіп тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |