Қазақ халық прозасының басты жанрлары
Халық прозасының басты түрлері, жанрлары - ертегілер, миф, аңыз әңгімелер (мекендік, тарихи, күй аңыздары), әпсана, хикаят, әңгімелер т.б.
Ертегілер – ауыз әдебиетінің ең көне жанры болып табылады. Ертегілерде оқиғасы өмірде сирек кездесетін не болмаса адамның қиялынан туған, өмірде мүлдем кездеспейтін оқиғалар баяндалады. Ертегілер көбінесе қарасөз түрінде айтылады. Қазақ ертегілері үш жікке бөлінеді: 1) қиял-ғажайып ертегі; 2) хайуанаттар жайлы ертегілер; 3) тұрмыс-салт ертегісі.
Қиял-ғажайып ертегілер халықтың сана-сезімінің балаң кезінде пайда болған. Қиял-ғажайып ертегілерде жақсы өмір, адамдардың ауыр еңбегін жеңілдету арманы көрсетілген. Ертегілердің кейіпкерлері – өмірде болмаған, адамның қиялынан туған кейіпкерлер. Мысалы: жалмауыз кемпір, жеті басты жылан, жалғыз көзді дәу, жезтырнақ, айдаһар, т.б. Қиял-ғажайып ертегілерде жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, жауыздық пен ізгілік тартысқа түсіп, әр уақытта жақсылық, ізгілік, достық жеңіп шығады. Қиял-ғажайып ертегілер: «Үш өнерпаз», «Ер Төстік», «Ұшқыш кілем», «Ыста тас», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», т.б.
Ертегілердің тағы бір түрі хайуанаттар туралы ертегілер де өте ерте кезде пайда болған. Хайуанаттар туралы ертегілер: «Алтын сақа», «Бозінген», «Маймыл мен түлкі», «Түлкі аю, қойшы», т.б. Ертегідегі хайуанаттардың іс-әрекеті, жағымсыз қылықтары арқылы адамдардың мінез-құлқы сыналады. Хайуанаттар туралы ертегілерде түлкі – қу, айлакер, қасқыр – қорқау, аю – аңғал, қой – қарапайым адамдар бейнесінде алынады.
Тұрмыс-салт ертегілерінде өмірде болған, болуға тиіс оқиғалар туралы айтылады. Кейіпкерлері де – өмірде болған қарапайым еңбек адамдары.
Ертегілер ауызша айтуға лайықты, тілге жеңіл болып келеді. Ертегілер тек жақсылықпен аяқталып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |