Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау қағидасын бекiту туралы


§ 1. Нан және нан-тоқаш өнiмдерiн тасымалдау ерекшелiктерi



бет2/8
Дата13.06.2016
өлшемі0.64 Mb.
#131362
1   2   3   4   5   6   7   8
§ 1. Нан және нан-тоқаш өнiмдерiн тасымалдау ерекшелiктерi

      159. Нан-тоқаш өнiмдерiн тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi.


      160. Жүк жөнелтушi нан және нан-тоқаш өнiмдерiн пештен алынғаннан кейiн белгiленген мерзiмдер бойы ұстап, тасымалдауға ұсынады.
      161. Нан және нан-тоқаш өнiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн жүк жөнелтушi тиеу кезiнде мынадай талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi:
      1) науаларды нан және нан-тоқаш өнiмдерiнiң стандартты санымен толтыру;
      2) бөлке нанды бiр қатарға ұзындығынан бүйiр немесе төменгi қабығымен қою;
      3) таба нан мен нан-тоқаш өнiмдерiн (батондар, өрме нан, бөлкелер және басқалар) бiр қатарға биiктiгi бойынша астыңғы немесе бүйiр қабығымен науаның бүйiр немесе артқы қабырғасына қиғаштап қою;
      4) салмағы 200 грамға (бұдан әрi – г) дейiнгi таба нан мен нан-тоқаш өнiмдерiн бiр-екi қатарға биiктiгi бойынша қою.
      162. Нан және нан-тоқаш өнiмдерiнiң бiр рет әкелу нормалары автомобильмен жүктi тасымалдау шартында белгiленедi.
      163. Тасымалдаушылар нан және нан-тоқаш өнiмдерiн тасымалдау үшiн науаларды қоюға арналған бағыттауыштармен жабдықталған мамандандырылған автомобиль-фургондар немесе нан және нан-тоқаш өнiмдерiн контейнерлерде тасымалдау үшiн лайықталған автомобильдер бөледi.
      164. Нан және нан-тоқаш өнiмдерiн жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар стандартты түрде толтырылған науалардың атауы мен саны бойынша әрбiр науадағы өнiмнiң санын есептемей жүзеге асырады.
      165. Егер шартта өзгеше көзделмесе, нан және нан-тоқаш өнiмдерiн тиеу мен бос науаларды түсiрудi жүк - жөнелтушi, ал нан және нан-тоқаш өнiмдерiн түсiру мен бос науаларды тиеудi жүк алушы жүргiзедi.
      166. Нан және нан-тоқаш өнiмдерi түсiрiлгеннен кейiн жүк алушы науаларды нанның қоқымдарынан, сондай-ақ нан-тоқаш өнiмдерiнiң жеке сұрыптарын тасымалдау кезiнде төселетiн қағаздан тазартады.
      167. Жүк алушы бос науалардың мамандандырылған автомобиль-фургонға өзiне жеткiзiлген толтырылған науалар саны бойынша тиелуiн қамтамасыз етедi.
      168. Мамандандырылған автомобиль шанағының iшiнде жөндеу жұмыстарын жүргiзу қажет кезде тасымалдаушы шанақтағы науаларды жүк жөнелтушiге тапсырады.
      169. Нан және нан-тоқаш өнiмдерiн тасымалдауға арналған науалар жүк жөнелтушiнiң мүкәммал ыдысы болып табылады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, науаларды санитарлық өңдеудi жүк жөнелтушi жүргiзедi.

§2. Торттарды, тәттi тоқаштарды және басқа кремдi
өнiмдердi тасымалдау ерекшелiктерi

      170. Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар торттарды, тәттi тоқаштарды және басқа кремдi өнiмдердi тасымалдау кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi.


      Торттарды, тәттi тоқаштарды және басқа кремдi өнiмдердi тамақтық емес өнiмдермен, сондай-ақ өзiне тән өткiр иiсi бар тағамдармен және жаңа пiскен нанмен бiрге тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
      171. Жүк жөнелтушi торттарды тасымалдауға үлбi таспамен байланған қатырма қораптармен ұсынады. Қораптар шанақта, шанақтың биiктiгi бойынша бiрнеше қатар етiп қаланады. Майда даралы өнiмдер (тәттi тоқаштар және басқалар) биiктiгi бойынша бiр қатармен, қақпақпен жабылатын металл науаларға салынады.
      172. Жүк жөнелтушi кондитерлiк және кремдi өнiмдердi тасымалдауға 0-ден плюс 6оС дейiнгi температурамен ұсынады.
      173. Тасымалдаушылар торттарды, тәттi тоқаштарды және басқа кремдi өнiмдердi тасымалдау үшiн изотермиялық шанағы бар жүк автомобильдердi немесе мамандандырылған автомобиль-фургондарды бөледi.
      174. Кремдi өнiмдердi жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар қораптардың атауы мен саны немесе стандартты толтырылған науалар бойынша жүзеге асырады.
      Науа жартылай толтырылған кезде, майда даралы өнiмдердi қабылдау және тапсыру өнiмдердi санау бойынша жүзеге асырылады.
      175. Кремдi өнiмдердi тиеу және түсiру соқпай және оқыс шайқамай, абайлап жүргiзiледi.
      176. Егер шартта өзгеше көзделмесе, автокөлiк құралының шанағын және науаларды санитарлық өңдеудi жүк жөнелтушi жүргiзедi.

§3. Еттi, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет өнiмдерiн тасымалдау ерекшелiктерi

      177. Жануарлардың етiн автокөлiк құралдарымен аудан сыртына тасымалдауға қатырылған, тоңазытылған немесе суыған күйде (6 сағат бойы кебу қабыршағы пайда болғанша суытудан өткен) рұқсат етiледi.


      178. Жаңа сойылған немесе жiбiп кеткен (жiбiтуден өткен) ет тасымалданбайды.
      179. Автокөлiк құралдары, соның iшiнде мамандандырылған автокөлiк құралдары-ет тасымалдауға арналған рефрижераторлар тиiстi түрде жабдықталады.
      180. Мамандандырылған емес автокөлiк құралдарымен суыған және тоңазытылған еттi тасымалдау iшi ақ қаңылтырмен немесе мырышталған темiрмен немесе осы мақсат үшiн рұқсат етiлген басқа материалмен қапталған, тығыз жабылатын қақпақты арнайы сусектермен (жәшiктермен) жүргiзiледi.
      181. Суыған және тоңазытылған еттi (құс етiнен басқа) жақын қашықтықтарға, бiр ғана елдi мекеннiң шегiнде тасымалдау кезiнде оны үйiп, бiрақ ең көбi екi қабаттап тиеуге рұқсат етiледi. Бұл ретте автокөлiк шанағының еденi жуылған, таза кенеп, содан соң таза жаймалар төселедi. Еттiң үстi сондай-ақ таза жаймалармен, ал содан соң кенеппен жабылады.
      Ашық шанақты автокөлiк құралдарымен тасымалданатын мұздатылған еттi қатарлап қалауға рұқсат етiледi, ол да жоғарыда көрсетiлгендей таза жаймалармен жабылуы тиiс.
      Құс еттерi жәшiктерге салынады.
      182. Автокөлiк құралының шанағында бұл үшiн адамдарға арналған арнайы орын жабдықталған жағдайларды қоспағанда, жүк тиеушi жұмысшылар немесе басқа адамдар тиелген етпен немесе ет өнiмдерiмен бiрге шанақта болмайды.
      183. Ет тасымалдауға төмендегiдей шарттар сақталғанда қабылданады:
      1) тұтас еттер белгiленген талаптарға сәйкес бөлшектенуi (iрi қара мал мен басқа iрi жануарлардың ұшасы – төрт бөлiкке, шошқалардың ұшалары – ұзынабойымен жартылай ұшаға немесе бүтiн ұшамен, қой етi мен басқа ұсақ жануарлардың етi – бүтiн ұшалармен), бассыз болуы тиiс;
      2) ұшаларда механикалық зақымданулар, қанды сүйелдер, соғылған жерлер, қанның iздерi, тезек және т.б., сондай-ақ мойын бөлiгiнде, iшкi және сыртқы беттерде жалбыршақтар, iшкi ағзалардың қалдықтары болмауы тиiс;
      3) мұзға немесе қарға оранған қатырылған ұшаларды тасымалдауға, сондай-ақ қатырылған, тоңазытылған немесе суыған еттi бiрге тасымалдауға рұқсат етiлмейдi;
      4) қатырылған ет топтамаларын пергаментке немесе басқа осы мақсат үшiн қолданылатын материалға орап және тиiстi ыдысқа салып тасымалдауға рұқсат етiледi;
      5) әрбiр ет ұшасында және жеке бөлiктерде ветеринарлық-санитарлық тексерудiң белгiленген нысандағы айқын таңбасы болуы тиiс.
      184. Еттi шанақтарына мұнай өнiмдерi, басқа да иiстi заттар сiңген (ластаған) автокөлiк құралдарымен немесе өзiне тән өткiр иiсi бар басқа өнiмдермен бiрге тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
      185. Жүк жөнелтушi тасымалдауға, егер санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары өзге температуралық режимдердi белгiлемесе, осы Қағиданың 10-қосымшасында көрсетiлген температураға дейiн суытылған еттi, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет тағамдарын ұсынады. Жүк жөнелтушi тауар-көлiк жүкқұжатында тасымалдауға берiлетiн тоңазытылған еттiң, қосымша өнiмдердiң және жартылай дайын ет тағамдарының температурасын белгiлейдi.
      186. Егер шартта өзгеше көзделмесе, еттi, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет өнiмдерiн тиеу, автокөлiк құралының шанағында суытылған және қатырылған еттi iлгектерге iлудi қоса алғанда – жүк жөнелтушiнiң, ал түсiру – жүк алушының күштерiмен және құралдарымен жүргiзiледi.
      187. Тоңазытылған еттердi, қосымша өнiмдердi, жартылай дайын ыдыстағы ет өнiмдерiн жүк жөнелтушi автокөлiк құралына тығыз қабатпен қалайды.
      Тұтас тоңазытылған және қатырылған ет iлгектерге iлiнедi.
      188. Таңбаланған салмағы бар еттi, қосымша өнiмдердi және ыдыстағы жартылай дайын ет өнiмдерiн жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар қайтадан өлшемей жүк орындарының саны бойынша; топталған, тұтас және жартылай тұтас еттердi, қосымша өнiмдердi қабылдау мен тапсыруды – орындар саны және салмағы бойынша; шұжық өнiмдерiн, қақталған еттердi, жартылай дайын ет тағамдарын қабылдау мен тапсыруды, жүк жөнелтушiнiң пломбасы бар ыдыспен жүзеге асырады.
      189. Еттi, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет тағамдарын бiр жүк алушының мекенжайына тасымалдау кезiнде жүк жөнелтушi автокөлiк құралының шанақтарының, жеке секцияларының, контейнерлердiң немесе арнайы ыдыстардың пломбалануын қамтамасыз етедi.
      190. Жүк алушы керi ұсынған бос мүкәммал ыдысты, тасымалдаушы келiсiлген ақы бойынша жүк жөнелтушiге жеткiзедi.
      191. Ет, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет тағамдарын дайын ет өнiмдерiмен бiрге тасымалдауға рұқсат етiлмейдi. Дайын ет өнiмдерi Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етiлген материалдардан жасалған таза ыдыспен тасымалданады. Мұндай өнiмдердi ыдыссыз үйiп тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
      192. Егер шартта өзгеше көзделмесе, күн сайын, ет, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет тағамдарын тасымалдау аяқталғаннан кейiн автокөлiк құралдары санитарлық өңдеуден өткiзiледi, оны тасымалдаушы жүзеге асырады.

§4. Сүт және сүт өнiмдерiн тасымалдау ерекшелiктерi

      193. Сүт және сүт өнiмдерiн (кiлегей, қаймақ, iрiмшiк, сүзбе, айран және тағы басқа) тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар белгiленген санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi.


      194. Сүт ыдыссыз тәсiлмен мамандандырылған автомобиль-цистерналармен немесе ыдысты тәсiлмен автокөлiк құралы-фургондармен тасымалданады.
      Сүт тағамдары ыдысты тәсiлмен тасымалданады.
      Тасымалдаушылар сүт және сүт тағамдарының ыдысты тасымалы үшiн тасымалдау ұзақтығын, ыдыс түрiн және сыртқы ауа температурасын ескере отырып, мамандандырылған автокөлiк құралдарын бөледi.
      195. Жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға мынадай ыдыспен:
      1) сүттi – металл флягалармен, металл, пластмасса себеттерге, жәшiктерге салынған шишалармен немесе пакеттермен;
      2) өлшенiп оралмаған сүт тағамдарын – металл флягалармен және ағаш бөшкелермен;
      3) өлшенiп оралған сүт тағамдарын – металл, пластмасса себеттермен, металл жәшiктермен ұсынады.
      196. Жәшiктер мен себеттердiң бүйiр қабырғалары бөтелкелердiң немесе басқа тұтыну ыдысының мойнынан жоғары болуы тиiс.
      Сүт және сүт өнiмдерi бар сыйымдылықтар, өлшеп оралған сүзбе, iрiмшiк және басқа сүт өнiмдерi тасымалдауға жүк жөнелтушiнiң пломбасымен ұсынылады.
      Сүт және сүт өнiмдерi бар сыйымдылықтарды жүк жөнелтушi резеңке астары бар қақпақтармен тығыз жабады.
      197. Сүттi және сүт тағамдарының түр-түрiн бiрнеше жүк алушының мекенжайына тасымалдауға бiр автокөлiк құралымен ұсыну кезiнде жүк жөнелтушi алдын ала, автокөлiк құралы келгенге дейiн жүктi жүк алушылар бойынша топтайды және тиеудi бiр постта жүзеге асырады.
      198. Тасымалдаушы жүк алушы берген бос мүкәммал ыдысты жүк жөнелтушiге жеткiзедi.
      199. Жүк жөнелтушi сүттi сүт зауыттарынан ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау үшiн Тернердiң 19 градусынан аспайтын қышқылдықпен ұсынады. Сүттiң температурасы (сәуiр – қыркүйек) кезеңiнде – плюс 6оС аспауы, ал жылдың қалған мезгiлiнде плюс 2 0С төмен болмауы тиiс.
      Қалалық сүт зауыттарынан, оны сатуды немесе пайдалануды жүзеге асыратын кәсiпорындар мен ұйымдарға тасымалдауға ұсынылатын сүттiң температурасы 8 0С аспауы тиiс.
      Сүттiң температурасы мен қышқылдығын жүк жөнелтушi тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетедi.
      200. Ыдыстағы сүттi және сүт өнiмдерiн жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушы флягалардың, бөшкелердiң, сондай-ақ стандартты түрде толтырылған жәшiктер мен себеттердiң саны бойынша жүзеге асырады.
      Сүттi ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау кезiнде оны қабылдау және тапсыру жүк жөнелтушiнiң пломбасымен жүзеге асырылады.
      201. Сүттi сүт зауыттарынан ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау кезiнде жүк жөнелтушi:
      1) цистернаның люктерiн тиеу алдында ашуды және тиелгеннен кейiн жабуды;
      2) тиеу жеңдерiн цистернаға жалғауды және ағытуды;
      3) цистернаны толтыруды;
      4) цистернаның люктерi мен құйып алу құбырларын пломбалауды жүргiзедi.
      202. Жүк алушы:
      1) цистернаның люктерi мен құйып алу құбырларында жүк жөнелтушiнiң пломбаларының болуы мен жарамдылығын тексерудi;
      2) пломбаларды алуды;
      3) сүттi құйып алғаннан кейiн цистернаны iшкi және сыртқы жағынан жууды және дезинфекциялауды;
      4) цистернаның люктерiн пломбалауды;
      5) жолдама парақта немесе санитарлық өңдеу паспортында санитарлық өңдеу жүргiзу уақытын белгiлеудi;
      6) қысқы мезгiлде құйып алу шүмектерi мен құбырларын ыстық сумен және бумен қыздыруды жүргiзедi.

§5. Ұнды және жарманы тасымалдау ерекшелiктерi

      203. Ұн мен жарманы тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар ұнға жауын-шашынның тиюiне жол бермей, жүктiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Ұнды және жарманы тұрақты иiсi бар немесе бетi ластанған жүктермен бiрге тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.


      204. Ұн ыдыссыз тәсiлмен – мамандандырылған автомобиль-цистерналармен немесе ыдысты тәсiлмен ернеулi платформасы бар автокөлiк құралдармен немесе автокөлiк құралы-фургондармен тасымалданады.
      Жарма ыдысты тәсiлмен тасымалданады.
      205. Ұнды ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау кезiнде жүк жөнелтушiден қабылдау мен жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар жүзеге асырады.
      Автокөлiк құралын пломбалауды жүк жөнелтушi жүргiзедi.
      206. Ұнды ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау кезiнде жүк жөнелтушi:
      1) мамандандырылған автомобиль-цистернаны жүксiз және жүгiмен өлшеу;
      2) цистернаның люктерiн тиеу алдында ашуды және тиелгеннен кейiн жабуды және тиеу жеңдерiн цистернаға жалғауды және ағытуды;
      3) цистернаны толтыруды;
      4) тиегеннен кейiн тиелген люктердi және түсiру құбырларын пломбалауды жүргiзедi.
      207. Ұнды ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау кезiнде жүк алушы:
      1) мамандандырылған автомобиль-цистернаны жүксiз және жүгiмен өлшеу;
      2) толтыру люктерi мен түсiру құбырларында пломбалардың болуын тексерудi, түсiру құбырларынан пломбаларды алуды;
      3) түсiру жеңдерiн цистернаға жалғауды, ағытуды және түсiру пунктiнде орнатылған өз сығымдағышының сығылған ауасымен ұнды шығаруды;
      4) түсiруден кейiн түсiру құбырларын пломбалауды;
      5) цистернаның сыртқы бетiн тазартуды жүргiзедi.
      208. Жүк алушыда ұнды түсiру кезiнде жүргiзушi сығымдағышты қосады және түсiру шүмегiн ашады, ал түсiргеннен кейiн сығымдағышты сөндiредi және түсiру шүмегiн жабады.
      209. Ыдыстағы ұнды және жарманы жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар атауы, орындардың саны және өлшемей, орындардың стандартты салмағы бойынша жүзеге асырады.

§6. Шарапты, ликер-арақ өнiмдерiн, сыраны және алкогольсыз
сусындарды тасымалдау ерекшелiктерi

      210. Шарап, ликер-арақ өнiмдерi, сыра және алкогольсыз сусындар ыдыссыз тәсiлмен – мамандандырылған автомобиль-цистерналармен және ыдысты тәсiлмен автокөлiк құралы-фургондармен, ернеулi платформасы бар автокөлiк құралдармен, сондай-ақ контейнерлермен тасымалданады.


      211. Шыны және керамикалық бөтелкелердi, банкаларды және тағы басқаны жүк жөнелтушi ағаш немесе полиэтилен жәшiктерге немесе қатырма ыдысқа салады.
      212. Жүк жөнелтушi жәшiктер мен бөшкелердi автомобильдiң шанағында тығыз, аралықсыз орналастырады.
      Толық толтырылмаған шанақтағы жәшiктер мен бөшкелер жылжып кетпеу үшiн тiреулермен бекiтiлуi тиiс. Бөшкелердi бiрнеше қатарға орналастыру кезiнде, әрбiр келесi қатар тақтай төсемелерге, барлық шеткi қатарларды сыналау арқылы қаланады. Сыналар орнына басқа құрал-жабдықтарды қолдануға рұқсат етiлмейдi. Жүк жөнелтушi жүктi, егер ол шанақтың ернеулерiнен жоғары орналасса, байлайды.
      213. Жүк жөнелтушi тиеу алаңшаларын эстакадалармен және рампалармен жабдықтауды қамтамасыз етедi.
      214. Ыдыстағы шарапты, ликер-арақ өнiмдерiн, сыраны және алкогольсыз сусындарды жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар бөшкелердiң, стандартты түрде толтырылған жәшiктердiң саны бойынша, ыдыссыз тәсiлмен тасымалдау кезiнде жүк жөнелтушiнiң пломбасымен жүзеге асырады.
      215. Толтыру алдында жүк жөнелтушi цистернаның тазалығы мен онда иiстiң болмауын, люктердiң жабылу тығыздығын және пломбалауға арналған құрал-жабдықтардың жарамдылығын тексередi.

§7. Шаруашылық ауыз суын тасымалдау ерекшелiктерi

      216. Шаруашылық ауыз суын тасымалдау арнайы маркерленген ыдыста және осы мақсаттарға арналған жабдықталған автомобиль-цистерналарда жүзеге асырылады, басқа мақсаттарда қолдануға тыйым салынады.


      217. Шаруашылық ауыз суын тасымалдау үшiн автокөлiк құралдарының белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң мемлекеттiк органдары берген санитарлық паспарты болуы тиiс.
      218. Шаруашылық ауыз суын тасымалдау санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      219. Барлық сыртқы ыдыстың үстi және цистерналар қызғылт түске боялуы тиiс. Цистерналардың бүйiр жақтарына және ыдыстарға «Ауыз су» жазуы iлiнедi.
      220. Суды ағызу үшiн жабдық (кран) және люк арқылы судың жиналуын болдырмау үшiн iлмек жабдықпен жабдықталған, суды тасымалдау үшiн конструктивтi қатынаста ыдыспен және цистернамен сұйық зат тасу үшiн тығыздалып жабылатын қақпақ люктары болуы тиiс. Суды ағызу жабдығы ыдысты судан толық босатуды қамтамасыз етуi тиiс.
      221. Егер шартта өзгеше көзделмесе, цистернаны дезинфекциялауды жүк жөнелтушi жүргiзедi.
      222. Құю кезiнде жүк жөнелтушi цистернаның тазалығын және онда иiстiң болмауын, люктың тығыздалып жабылуын тексередi.
      223. Ыдыстың және цистернаның iшкi жағының үстiнде коррозияға қарсы қабаттың бұзылу табылған кезде қосымша коррозияға қарсы қабат төселуi тиiс.

§8. Өнеркәсiп тауарларын тасымалдау

      224. Өнеркәсiп тауарларын тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар жүктерге жауын-шашын, кiр және шаң тиюiне жол бермей, олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қабылдайды.


      Өнеркәсiп тауарларын тұрақты иiсi бар немесе бетi ластанған жүкпен бiрге тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
      225. Өнеркәсiп тауарларын тасымалдауға арналған автокөлiк құралдарымен қоқыс, көмiр, керосин, цемент және басқа осыларға ұқсас жүктердi тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
      226. Түрлi номенклатуралы өнеркәсiп тауарларын бiр автокөлiк құралмен бiр немесе бiрнеше жүк алушының мекенжайына тасымалдау кезiнде, жүк жөнелтушi автокөлiк құралдар келгенге дейiн жүктi жүк алушылар бойынша топ-топқа бөледi және бiр тиеу бекетiнен тиеудi жүзеге асырады.
      227. Өнеркәсiп тауарларын тасымалдау үшiн тасымалдаушылар автокөлiк құралы-фургондарды, ал олар болмаған кезде ернеулi платформасы бар автокөлiк құралдарын бөледi.
      228. Өнеркәсiптiк тауарларды орау және таңбалау Қазақстан Республикасы ұлттық стандарттарының талаптарына сәйкес келедi.
      Өнеркәсiп тауарларын тасымалдауға орамасыз беруге, егер бұл тасымалдау шартында ескерiлсе, рұқсат етiледi.
      Өнеркәсiптiк тауарларды орау және таңбалау Қазақстан Республикасы ұлттық стандарттарының талаптарына сәйкес келедi.
      Ескерту. 228-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
      229. Жүк жөнелтушi тасымалдауға ұсынатын өнеркәсiп тауарлары қораптарға, пакеттерге, байламдарға, теңдерге, бумаларға буылып-түйiледi, олардың қораптың, пакеттiң, байламның, теңнiң, буманың сақталуын қамтамасыз ететiн және байлануын немесе орамасын бұзбай жүкке қол жеткiзу мүмкiндiгiн болдырмайтын байлауы болады.
      230. Майда даралы өнеркәсiп тауарлары бар жәшiктердi, қораптарды тасымалдауға жүк жөнелтушi бандерольдеп (мөрлеп) беруi тиiс. Бандерольдеу жүргiзiлетiн материалдар (қағаз таспа, тоқыма бау және басқалар) түйiндерсiз және жалғанбаған бiртұтас және бiрiктiрiлген жерлерiнде жасаушының немесе жүк жөнелтушiнiң мөрiмен (мөртабанымен), қораптың екi бөлiгiн бiрiктiретiн затбелгi желiмдеп бекiтiледi.
      Бандероль материалды (қағаз таспаны, тоқыма бауды және басқаларды) жыртпай жүкке қол жеткiзу мүмкiн болмайтындай жүргiзiледi.
      231. Рулондармен тасымалдауға ұсынылатын өнеркәсiп тауарларын (маталар, кiлем бұйымдары және басқалар) жүк жөнелтушi пломбалайды.
      232. Ыдыстағы өнеркәсiп тауарларын жүк жөнелтушiден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар жүктiң атауы, саны және жүк орындарының стандартты салмағы немесе жүк орындарында көрсетiлген салмақ бойынша жүзеге асырады.
      Автомобиль фургонмен бiр жүк алушының мекенжайына тасымалданатын өнеркәсiп тауарларын қабылдау және тапсыру жүк жөнелтушiнiң пломбасымен жүзеге асырылады.

§9. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн тасымалдау

      233. Астықты қырман шаруашылығына және (немесе) астық қабылдау кәсiпорындарына, сүрлем массасын егiс даласынан сүрлем салу орындарына, картоп пен көкөнiстердi көкөнiс қоймаларына немесе өткiзу орындарына тасымалдау, тасымалдаушылар мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлер – көрсетiлген ауылшаруашылық өнiмдерiнiң иелерi (бұдан әрi – ауылшаруашылық иелерi) арасында жасалған жүктердi автомобильмен тасымалдау шарттарының негiзiнде, ал қант қызылшасын, картопты және көкөнiстердi қабылдау пункттерiне тасымалдау – тасымалдаушылар мен тиiстi ауылшаруашылық өнiмдердi қабылдауды жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң арасында жасалған жүктердi автомобильмен тасымалдау шарттарының негiзiнде жүргiзiледi.


      234. Астық, сүрлем массасы және қант қызылшасы ыдыссыз тәсiлмен ернеулi автокөлiк құралдарымен және (немесе) өзi аударғыштармен тасымалданады.
      Ескерту. 234-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      235. Астық, қант қызылшасын, сүрлем массасын, картоп және көкөнiстер тасымалдауға осы Қағиданың 9-қосымшасына сәйкес белгiленген нысандағы тауар-көлiк жүкқұжаты ұсынылады.
      Астықты, қант қызылшасын, сүрлем массасын, картопты және көкөнiстердi қабылдау мен тапсыруды тасымалдаушы салмақ бойынша жүзеге асырады.
      236. Астық тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар астықты жауын-шашынның әсерiнен бүлiнуден және жойылудан сақтау бойынша шаралар қабылдайды.
      Автокөлiк құралдарын астық тасымалдауға дайындау кезiнде тасымалдаушылар еден мен ернеудiң қосылатын жерлерiнiң тығыздалуын қамтамасыз етедi және де шанақтардың ернеулерiн 1,0 - 1,1 метр (бұдан әрi – м) биiктiкке дейiн өсiруi, оларды тартқыштармен жабдықтауы мүмкiн.
      Астық иелерiнен астық қабылдау ұйымдарына және қырман шаруашылығына астықты тасымалдау үшiн арналған автокөлiк құралдары бүркемелермен жабдықталады. Автокөлiк құралдарының шанақтарына бүркемелердi бекiтудi тасымалдаушы жүзеге асырады.
      237. Астықтың салмағын анықтау үшiн астық қабылдау кәсiпорындары және қырман шаруашылығы әрбiр сапар кезiнде автокөлiк құралын жүгiмен және жүксiз таразыға тартуды жүргiзедi.
      238. Астықтың мемлекеттiк қорын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк ресурстардың астығын сақтайтын астық қабылдау кәсiпорындары және аталған астық қабылдау кәсiпорындарынан астық тасуды жүзеге асыратын тасымалдаушылар астықтың кез келген мөлшерiн тиеудi, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен, астық нарығы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру, олардың қатысушыларының қызметiн реттейтiн және үйлестiретiн, сондай-ақ астықтың мемлекеттiк қорын басқаруды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiседi.
      239. Астықтың тасымалдануға тиiстi әрбiр партиясы мынадай құжаттармен сүйемелденедi:
      1) экспорттау және импорттау кезiнде азық-түлiктiк және жемшөптiк астық – астықтың сапа сертификаты;
      2) алғашқы және келесi репродукциялардың тұқымдары – тұқымға арналған куәлiк;
      3) iрiктелген тұқым – тұқымның аттестаты.
      240. Қант қызылшасын тасымалдауға автомобильмен жүктердi тасымалдау шартын жасасу кезiнде онда керi бағытта жүретiн автокөлiк құралдарын қант қызылшасының сығындысын тасымалдау үшiн пайдалану мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
      241. Қант қызылшасын егiстiктен тасу жүйелiлiгiн жиын басталғанға дейiн оның иелерi тасымалдаушылармен бiрге тасымалдаудың барлық кезеңiне белгiлейдi.
      242. Жүк алушы қант қызылшасын қабылдау пункттерiнде түсiрудi: ершiктi автопоездардан – үйме жасағыштармен; жүк автомобильдерден және тiркемелi автопоездардан – бүйiрлiк лақтырғыштары бар үйме жасағыштармен немесе қырғыштармен жабдықталған тракторлармен жүзеге асырады.
      243. Автокөлiк құралдарын қант қызылшасын тасымалдауға дайындау кезiнде тасымалдаушылар шанақтардың ернеулерiн өлшеудi шанақтың еденiнен 1,0 – 1,5 м биiктiкке дейiн биiктетуi мүмкiн.
      244. Автокөлiк құралдарын сүрлем массасын тасымалдауға дайындау кезiнде тасымалдаушылар шанақтардың ернеулерiн өлшеудi шанақтың еденiнен 1,3 – 1,5 м биiктiкке дейiн биiктетуi мүмкiн.
      Ауылшаруашылығы ұйымдары ернеулi платформасы бар автокөлiк құралдарын түсiру құрал-жабдықтарымен (тормен, қалқандармен және басқалармен) жабдықтайды. Тасымалдаушылар автомобильмен жүктердi тасымалдау шарты бойынша ернеулi платформасы бар автокөлiк құралдарын түсiруге арналған құрал-жабдықтармен жабдықтауы мүмкiн.
      245. Жер бетiнде сүрлем салу кезiнде автокөлiк құралдарды үймелерге түсiруге рұқсат етiлмейдi.
      246. Сүрлем массасын қабылдауды және тапсыруды тасымалдаушылар салмақ бойынша жүзеге асырады. Сүрлем массасының салмағын анықтау автокөлiк құралдарын жүгiмен және жүксiз бақылау таразыға тарту арқылы жүргiзiледi (бiр жұмыс күнi үшiн кемiнде бiр рет).
      247. Картоп пен басқа да көкөнiстердi тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер және жүк алушылар картоп пен басқа да көкөнiстердi механикалық зақымданудан, жауын-шашыннан, төмен және жоғары температуралардың әсерiнен сақтау бойынша шаралар қабылдайды.
      248. Жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келетiн бүтiн, таза, құрғақ, бөгде иiссiз ыдыста ұсынады.
      Ауылшаруашылық өнiмдерiнiң иелерi және (немесе) шаруашылық жүргiзушi субъектiлер жiберетiн, оларды қабылдауды жүзеге асыратын, картоп пен басқа да көкөнiстер, тасымалдауға жүктердiң сақталуын қамтамасыз ететiн стандартты емес ыдыспен қабылдануы мүмкiн.
      Ескерту. 248-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
      249. Картоп пен басқа да көкөнiстер автокөлiк құралдары-рефрижераторлармен, изотермиялық шанағы бар автокөлiк құралдармен, фургон немесе ернеулi-автокөлiк құралдармен тасымалданады.
      Картоп пен басқа да көкөнiстердi тасымалдауға арналған автокөлiк құралдарын iрiктеудi тасымалдаушылар сыртқы ауа температурасын және тасымалдау ұзақтығын ескере отырып жүргiзедi.
      250. Сыртқы ауаның температурасы оС төмен кезде, картоп пен басқа да көкөнiстер тасымалданатын ернеулi автокөлiк құралдарды жүк жөнелтушi жылытуы тиiс.
      251. Тасымалдаушылар картоп пен көкөнiстердi тасымалдау үшiн бөлетiн автокөлiк құралдарының қажеттi такелажы: кенебi, жiптерi болуы тиiс.
      Қырыққабатты тұрақты тасымалдау кезiнде автомобильдер мен тiркемелердiң ернеулерi шанақтың еденiнен 1,4 м дейiн, ал басқа көкөнiстердi және картопты тасымалдау кезiнде – 0,9 м биiктiкке дейiн биiктетiлуi тиiс.
      252. Жүк жөнелтушi көкөнiстер мен картоп бар жәшiктердi, қаптарды, қағаз қаптарды, автокөлiк құралының шанағына жүк орындарының арасына аралық қалдырмай, тығыз қатарлармен қалайды.
      253. Картоп пен басқа да көкөнiстердi контейнерлермен немесе автокөлiк құралы-фургондармен бiр жүк алушының мекенжайына тасымалдау кезiнде, жүк жүк жөнелтушiнiң пломбасымен жөнелтiледi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет