Сабырсыздықтың салдары
Арифметика сабағы. Оқытушы Зада үйге берілген тапсырманы тексерді. Әуелі жақсы үлгеретін оқушылардың жауабын естіп, ол жадырап тұр. Енді мынау бадырақ көзді Балабек мұрны тершіп, тақта алдында тұрып қалды. Оқытушы оған бір мысал жазып берді де, оны «түсіндіріп» шығаруды талап етті.
- Айт кәне, бөлшек пен бөлшек санды көбейту үшін не істейміз бол...
Оқушы есеп шығарудың жолын біліп ақ тұр, ал ережені айтуға келгенде, ол ойынан адасып қалды, жүрегі лүпілдеп сала берді. Алқымына сөз тығылып, айтатын ойын айта алмай тұр. Ол әуелі есепті шығару тәсілін ойлап, содан кейін ережесін айту үшін, ойлана бастады: «Я... бөлшекті бөлшекке ... былай көбейтеміз... сонда...»
- Бөлшек санды бір-біріне көбейту үшін, әуелі не істейміз, қане айт!
Оқушы есептен мысал келтіріп, тақтаға жаза бастады. Ол әуелі есепті тақтаға жазып, шығарып алып, содан кейін ережесін айтпақ болды.
- Сен әуелі маған жауап бер! - деді оқытушы зекіп, оқушының жаңадан бастыға бастаған жүрек лүпілі үдей түсті. Ол, қапелімде, оқытушыға бірден жауап бере алмай сасып қалды. Оқытушы мына «мыңқиысқа» ыза болды, оған оқушы топас та томырық болып көрінді. Оның ашуы тез қозып, маңдайы ширығып, қабағы қарс жабылып кетті де, ол оқушыға бас салатындай шүйліге жақындады:
- Қане, есепті шығару үшін әуелі оны шығарудың жолдарын айт!
- Бөлшек сандарды бір-біріне көбейту үшін...
Оқушының аузына сөз түспей, ол намыстың отына күйіп, опыға дірілдей бастады. Ол «тілінің ұшында тұрған» сөзді айта алмай тұрғаны үшін, өзіне-өзі өкіне кейіп, тіпті жауап беруден қалды. Ол ойланып, есептің шығару жолын жаза бастағанда-ақ оқытушы састырып, сөкет сөзді соғып қалады.
Оқытушының асықтыруына төзіп, оқушы тақтаға сандарды ортақ бөлімге келтіру сызығын сызды, қолы дірілдеп тұр.
- Кәне, айт жай бөлшекті аралас бөлшекке көбейту үшін не істейміз?
- Бөлшекті... Бөлшекті аралас бөлшекке көбейту үшін, әуелі бөлшектейміз...
- Сенің басыңды бөлшектеу керек, - дейді оқытушы, одан әрі шыдамы жетпей шырт кетіп,- оп-оңай нәрсені дәлелдеп айта алмайсың, бір құлағыңнан кірген нәрсе екінші құлағыңнан шығып кетеді... Сен миғұла емессің ғой... Дұрыстап ойламайсың ба... Сен мисыз емессің ғой...
Оқушы «бөлшекті аралас бөлшекке көбейту үшін әуелі бүтін санды бөлшекке айналдырамыз» деп айтпақ болып, ойын баяндай бастағанда, оқытушы қолын бір-ақ сілтеді.
- Не міңгірлеп тұрсың өзің... Аузыңа май құйса да адам болмайсың!..
- Апай, айтайын деп тұрмын ғой, енді...
- Нені айтайын деп тұрсың?
- Есептің шығару жолын айтамын...
- Айтқаның осы ма? Міңгірлейсің келіп...
- Қазір, апай... Әуелі бүтінді...
- Сенен ештеңе шығатын емес... Отыр... «Екі».
Оқытушы ашуға булықты, оқушы ызаға өртенді. Сынып оқушылары әділетсіз баға үшін, бір теңселіп, дабырласып қалды. Педагогтық такт, яғни сабырлылық, ұстаздық этика, былайша айтқанда, әділеттілік жетіспеді, сондықтан оқытушы оқушының білімін бағалай алмай, өзінің шыдамдылығын бұзып алды да, өз беделіне өзі нұқсан келтірді.
Достарыңызбен бөлісу: |