(Журнал. «Өзіндік таным». «Познай себя» №1., 2003 жыл.)
Қатаң талап қою тәсілі
Тәрбие мақсаты үйретуден соң талап қою арқылы орындалады. Ол жеке талап, ұжымдық талап, біркелкі талап, ескерту талабы, қатаң талап, мәжбүр ету сияқты «баспалдақтар» арқылы күрделенеді. Қатаң талап қоя білу, оның орындалуын қадағалап отыру өз нәтижелерін береді.
Кейбір ұстаз талап қойғыш-ақ, бірақ оның орындалуын қадағаламайды. Қадағаланбаған «қатаң» талап,көбінесе, орындалмай қалады да, ақырында ол әдетке айналады; ұстаз бен шәкірттің арасындағы шиеленіс, немқұрайдылық, жалқаулық, кесір-керіс, керенаулық осындайдан пайда болады. Ал шектен асқан «қатаң» талап қою оны орындауға шәкірттің шамасы келмегендіктен, кейде қаталдықпен қазымырлап ұрса бермегендіктен, тәрбиеленушінің мінезінде жасқаншақтық, ісінде түсінбестік пайда болады, ұстаздың беделіне нұқсан келеді. Ондай құбылысты байқап қалған ұстаз кейде өз қатесін түзеу үшін «әрекет» жасайды. Бірер мысал. Жалпақ бетті, тәмпіш мұрын сары бала Пернештің қисықтау көзі жыпылықтап, қысқа мойны қыржиып, сыныпта мазасызданып отыр. Оның салпылау ерні бұрынғыдан да бетер салбыраңқы тартқандай. Баланың осынша абыржып отыруына бір себеп бар. Отбасындағы кесір-қырсықтың әсерімен ол бүгін география сабағына дайындалмай келген еді.
Бесінші сыныпта сол география сабағы жүріп жатыр. Оқытушы Пернешті тақтаға шақырды. Оның денесі ду етіп, буын-буыны қалтырап кеткендей болды. Өткен сабақта «тәртіп бұзғаны үшін» сыныптан қуылған Пернеш үйге берілген тапсырманы өз жолдастарынан сұрап алып, оны орындауға жағдайы болған жоқ еді.
Ол қисалаңдай басып, тақтаға таяу келіп тұрды. Оқытушы Қалмен оны өзіне жақындатып тұрғызды. Мұнысы қалай? Бұрын оқытушы әуелі жалпы сұрақ қойып, содан кейін жеке оқушыны жауап беруге тақтаға шақырушы еді ғой. «Осы Қалмен ағайдың мен десе қасарысып қалатыны несі?» деп ойлады Пернеш. Оқытушы салмақтай сөйлеп, оған сұрақ қойды:
- Жер шарындағы үлкен түбектерді атап, оларды картадан көрсетіп берші, кәне.
Пернеш қолына көрсеткішті алды да, картаның алдына барып тұрды. Оқушылар жым-жырт. Олардың көпшілігі «осы сұраққа жауап беруге күштері келетіндіктен» жымың қағып отыр. Бір-екі оқушы Пернештің «жайбасарлығына» шыдай алмай, қолдарын шошаңдатты. Пернеш қатардағы Скадинавия түбегіне көрсеткішті тақап тұрып қалды. «Тағы қандай түбектерді атасам екен»... Ол міңгірлеп, жауап бере бастады:
- Бізде... Скадинавия түбегі бар... Жаңағы... Одан кейін... Жаңағы... Одан кейін... жа...
Ол екі аяғының ұшына қарап, қалт тұрып қалды. Ол көзінің астымен жасқана қарап еді, міне масқара! Оқытушы бұрынғы әдетінше қабағын қарс жауып алып, күнделікке баға қойып жатыр.
- Үйге берілген тапсырма сен қиналатындай онша емес еді, сен оқуға жауапсыз қарағансың. Жалқау, салақ... Отыр... «Бір!».
Пернештің жүрегі лүпілдеп кетті. «Бір» емес, «екі» деген бағаны қойса неғылады? Бұл Қалмен ағай мені өстіп жерлейді ылғи да... Менімен осынша қастасуын қарашы, - деп ойлайды ол.
Ол күнделікті мұғалімнің қолынан жұлып алғандай тез алып, жедел басып, орнына келді. Оқытушы құлағымен естіп, көзімен көрсін дегендей, күнделікпен «бір» қойылған парақты дар еткізіп жыртты, оны құшырлана сығымдап, қалтасына салды. Оқытушы ала көзімен қарап, іштей бір «сұрқия сұмдық» сөз айтты.
Қалмен Пернештің осынша есі ауа ашуланғанын көріп отыр. Оқушы сұп-сұр болып, бетіне түгі шығып кетіпті. Оқытушы оған іштей ашуланып, сыр білдірмеді. Қалың қара қасын айқыштап, Пернешке қадала қарады да, ол сабақты жалғастыра берді.
Пернеш күңкілдеп отыр. «Көрермін енді...Тіптен географияны оқымай қойсам, қайтесің?» Ол кейбір сөзді мұғалім естісін дегендей, дауыстап айтады. Оқытушы өткір қара көзін қадап, қарай қалғанда, Пернештің үні су сепкендей басылды... Оның құлағы шуылдап, берекесі кетіп, мұрны сулана береді. Шынында ол сабақты тыңдап отырған жоқ. Оқытушы:
- Пернеш –дегенде, ол жалт қарады.
- Мен саған не деп тұрмын? Еуропа материгінің өзендерін ата.
Пернеш мұрнын тартып, абыржып тұр. Оның көкейінде «тағы да маған қадалғанын қарашы» деген сөз тұр. Басқа ой жоқ онда. Оның тұла бойы бусанып, бүкіл денесі дір-дір етеді. Ол бір-ақ сөз айтты да, көзін қолмен басып, отыра кетті.
- Білмеймін!
Оқытушы оған наразы болып, төніп қараса, ол жылап отыр екен. Оқушы намыстана, көзінің жасын көрсеткісі келмейді, көзін басып отыр.
Қалмен қалың ойда қалды. «Оқушыға қатаң талап қоямын деп, оны осынша азапқа салғаным қалай? Қой, басқаша тәсіл қолдануым керек. Оның үстіне менің қаталдығым шегіне асып бара жатқан сияқты».
Сабақ аяқталды. Пернеш орнынан тұра бергенде, оның қасына Қалмен келді де, оны орнына отырғызды. Сыныпта тек бір оқушы мен оқытушы ғана қалды. Үлкен терезелі сыныпқа көктемнің шуақты күні шұғыласын шашып тұр. Тым-тырыс. Алғаш тірілген бір шыбын «көктем» әнін салып, ызыңдап ұшып жүр. Оқытушы күткен сөзді Пернеш бастайтын емес. Бірақ ол ерекше бір ойға батып отыр: «Ағай, бүгін маған неге ұрыспай отыр... Жоқ, бұл кісі мені сонша жек көрмейді екен. Өзі мені аяп отырған сияқты»...
- Сен оқытушының қатаң талабын басқаша түсінесің, Пернеш. Сен сабаққа жақсы дайындалып келіп, «беске» жауап берсең, мен қуанып қалмаймын ба? Мен сенің әкеңдей ұстазыңмын. Әкесін қас көрген баланы кім деуге болады? Сен мені қас көресің... Оның жарамайды.
Пернеш ұялғаннан ұйлыға түсті. Ол мұрнын жиі тартып қояды, оның маңдайы тершіп, не дерін білмеді. «Осынша тергегенше, «бір» деген бағасын қойып, ескерту айтқаны дұрыс еді ғой» деп ойлады ол.
- Сен мынау жыртылған парақтағы жазуларыңды күнделігіңе қайтадан көшір...
Оқытушы оған тесіле қарап отыр, оқушы қымсылып, не айтарын білмеді. Ол енді түсінгендей. «Ағайдың қатаң талабы шынында зиян ба? Осыны неге бұрыннан түсінбедім екен?!» деп ойлады. Ол орнынан тұрып, аяғының ұшымен еденді сызғылап тұрып, тіл қатты:
- Кешіріңіз, ағай!..
Оқытушы сол күннен бастап оқушымен «тіл тауып» сөйлесетін болды. Оқушының білмейтін жерінен ұстамай, оның ынта-жігерін, үмітін, сенімін арттырып отырды. Оқушының теріс құлықтары үщін оқытушы оның білімдік бағасын кемітпейтін болды. Сөйтіп, оқушы жаңа дүниеге бет бұрғандай, сабақты жақсы үлгере бастады. Жақсы баға оның мінез-құлқына да әсер етіп, оқушының бойындағы кейіс-кесір, қырыс-қырсық мінез жойылды. Оқытушы, сөйтіп, қатаң талапты қалай қоюдың жолдарын өмірден үйренді...
Достарыңызбен бөлісу: |