Бедел қалай бүлінді
Каменка орта мектебінің орыс тілі пәнін оқытатын Арина Григорьевнаның білімдарлығы мен биязылығы үшін оқушылар жақсы көрді. Ол сыныпқа енгенде дабырды сабыр жеңіп, оқушылар тым-тырыс, орындарынан тік тұрады, оның сөзін ықыласпен тыңдап, сабағын саналы ұғады.
Осы бір күндей жайнап, күлімдеп жүретін ұстаздың беделіне кенеттен кесір келіп, кейбір шәкірттері оған салғырт қарайтынды шығарды. Әсіресе, Әлен әдеп сақтаудың орнына ұстаздың ұсыныс тапсырмасына да ұқыппен қарамайтын болды. Оның себебі де бар:
Көктемгі демалыстан кейінгі алғашқы күндердің бірі болатын. Үлкен үзілісте үдере жүгіріп оқушылар мектеп қасындағы дүкенге топырлай кіріп, топтана шығып, апыр-топыр алысып ойнады. Әдемі жүзді Әлен қыздарға «қырғидай» тиіп, «ойыннан от шығара жаздап» келе жатты. Ол тас жолдың жағасынан домалақ тасты алып, аяғының басына қойды да:
- Қыздар, сақ болыңдар, қазір сендерге гол соғамын! – деді.
Қыздар Әленнің «әзілін» елейтін емес. Ал Әлен болса, «доп қабылдаушылардың» назар аударуына қараған да жоқ, керзі етігінің басына орнатып алған тасты қыздарға қарай ырғытып жіберді. Зуылдап ұшқан домалақ тастың Өрік қыздың шықшытына тигенін ол бір-ақ білді. Қыз шыңғыра жылап, шықшытын басып, отыра қалды. Әленнің бет әлпеті сұп-сұр болып, не істерін білмей, қызды құшықтап, «ойнап едім» дей берді.
Өрік балағаттай жылап, сүйрік сөзді сүйегінен өткізсе де, Әлен оны жұбатып, жалыныш сөздерін кектене айтып, сасып қалды.
Өрік Әленді әбден сөгіп, жылаған бойы шықшытын басып сыныпқа енгенше Әлен оның аяғына оралып, аяныш білдіріп жүр. Жетінші сыныпқа жеткелі өзін ересек санап, жайдары мінез нышанын көрсете бастаған қыз содырдың соққысына шыдай алмады: басы айналды, шықшыты ісіп кетті. Ал Әлен болса үрейленіп, оған жалынышпен қарайды.
Анық қорқыныш енді болды: сыныпқа Арина Григорьевна кіріп келгенде, айыпты бала ақылынан адасып қала жаздады, көзі жасаурап мөлиді де қалды.
- Өрікке не болған?
- Оны Әлен таспен періп қалды!
- Әлен әдейілеп ұрған жоқ, ойнап еді...
- Мен... мен байқамай... Нетіп...
- Өстіп «ойнай ма екен?» - деді Арина Григорьевна. – Бұл ойын емес!
Сөйтті де сынып жетекшісі Әленнің әкесіне әдейілеп хат жазды. Хатты Әленнің досы Әріпке тапсырып:
Әленнің әкесі хатты оқып шықсын, баласының жазасын өзі берер, ал сен (ол Әленге зілдене қарады) ертең әкеңді ертпей, мектепке келме! – деді.
Әленде үрей жоқ. Оны әкесі «тәртіпке салам» деп өткен жылы өлімше қылып сабап еді. Енді не болмақ?.. Ол дірілдеп – қалтырап тұр, коңыр көзі шарасынан шығып, тәмпіш танауы делдиіп кетіпті, сөмкесін алды да, көзінен жасы парлап, сыныптан шығып кетті. Оқушылар да, оқытушы да аң-таң:
- Қайда барасың, Әлен?
- Әй, сабақты тастап кетесің бе?
- Әлен, ештеңе жоқ... Қорықпа!
Әлен өзегін өрт шалғандай өксіп жылап, сыныптан шықты да бет алған жағына қарай кете берді.
Бұл күні ол үйіне келмеді. Оның әкесі сынып жетекшісінен «жаман хабар» алып, ашумен шыдамсыздана тосып еді. Кешіккен ұлын түні бойы күтіп, күтудің соңы күдікке айналып, ашудың ащы уы келесі күні басылғандай болды.
Түнімен ұйықтамаған әке, ертемен сынып жетекшісіне, содан соң оқу меңгерушіге келіп, мән жайдың бәрін білді.
- Әлен балалықпен байқамай қалыпты...
- «Ойынның түбі -өрт» деген осы да...
- Мен сізге хатты асығыстау жызыппын, - дейді сынып жетекшісі.
- Ағай, шықшытымның ісігі қайтты, тас тиіп, көгергенмен ауырмайды. Ол ойнаған екен! –деп, Өрік те аяныш білдіре сөйлеп, өзінің жәбір көрмегенін көрсетпек болып, күлімдеп қойды.
Әленді әлек болып,бүкіл сынып іздеп, шеттегі бір туысқанның үйінен тауып, өз үйіне ертіп келді. Ол жүдеу. Есіктен кіруге батынбай, әкесіне жалтақтай береді. Міне, ол дір-дір етіп әкесіне жақындады, оның жасы көзін жауып, көзалды бұлдырап кетті, өкіре жылап, әкесінің тізесіне жығылды.
- Кешіріңіз, көке, мен ойнап едім, байқамай нетіп... Кешіріңіз!..
- Ойнасаң да, ойлап ойна! – деді әкесі, оның бұйра шашты қауғадай басын сипап. Баласын аяй отырып, әкесі ойынның кесірінен болған бір оқиғаны айтты: анау жылы Асанның баласымен досы «ойнап», тосыннан шалып жығыпты, оның аяғы сынып, содан ұшына ауырып, сынығы бітпей, бір аяғы қарайып кетті, ақырында байғұс бала сол ұшынған ауырудан қайтыс бопты...
Әлен мына сұмдық әңгімені естіп, есеңгіреп қалды: «Өрік не болды екен»?..
Өрік келесі күні Әленді сыныпта күлімдеп қарсы алды, бетіндегі ісігі қайтыпты.Әлен қуанып қалды. Бірақ шыдамсыздық жасап, асыра жаза берген сынып жетекшісін ол енді бұрынғыдай өте жақсы көрмейтін болды. Шәкірт алдында өз беделінің қалай өзгергенін ұстазы байқамай да қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |