ҰЛТТЫҚ ӘДЕП
Ұлттық салт-дәстүрлер тәрбиелік қолданыста ұлттық әдеп болып қалыптасқан. Ұлттық әдеп – қазақ халқының рухани, мәдени, тәлімдік құндылықтарының алтын арқауы. Ол - игі әдет, әдет – құрыптың ұлттық-мәдени қолданысы. Ұлттық әдеп ұлттың тәлім-тәрбиелік мәдениетін көрсетеді. (Сөз мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, іс-әрекет мәдениеті, мінез мәдениеті, әлеуметтік мәдениет,тұлғалық мәдениет т.б.) Әдеп дәстүрге, дәстүр салттқа, салт салт-санаға айналып, ұлттық тәрбие негіздері қалыптасты.
Ұлттық тәрбиеде сөз мәдениеті мен сөйлеу мәдениетін (әдебін) сақтай білу – ана тілін ардақтап, оны пайдалана білудің мәдени үлгісі болып табылады. Әрбір сөз бен сөйлемнің өз ырғағы, үні, әуезі, мәні, мазмұны болады. Ол қасиеттердің өз дәрежесінде көрінуі сөйлеуші тұлғаның әдептілік біліктілігіне байланысты. Онда, әсіресе, дауыс ырғағының құбылыс құндылығы үлкен рөл атқарады. Бір сөзді (мысалы, «отыр») дауыс ырғағы арқылы 20-дан астам мағынада айтуға болады. Сөйлеу мәдениетінде аз сөйлеушілік, биязы сөйлеу, мәнерлеп сөйлеу, сөз мәнін айқындап сөйлеу, кейбір сөзге ерекше үн беріп сөйлеу тәсілдері қолданылып, әдеппен сөйлеу мақсаты орындалады.
Ұлттық әдептің іс–қимылдағы көркем көрінісі – жеке тұлғаның әдептілігін (мәдениеттілігін) көрсетеді. Әдеппен, ізетпен, сыпайылықпен іс–әрекет жасаған баланы «әдепті бала», ал кісіні «өнегелі» кісі дейміз.
Ұлттық әдеп тәрбие арқылы жеке тұлғаның мінез–құлқында қалыптасып, оның адами қасиетінің мәдени дәрежесін танытады. Тәрбиесіз адам өзінің мінез–құлқындағы әдепсіздігін (мәдениетсіздігін) көрсетеді.
Қазақ халқы жеке тұлғалардың қарым–қатынасындағы әдептілікті (мәдениеттілікті) қатаң қадағалап, қалыптастырып отырған, мейірімді, қайырымды, меймандос, ізетті, иманды халық. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамзатқа парасат - ел әдебі (мәдениеті).
«Әдептілік - әдемілік» дейді халық. Әдемілік сәннен, әннен, өнерден көрінеді. Сәнді таңдау талғамдық тағылетке байланысты. Талғауы, таңдауы жоқ адам сәннің (сәнін кетіріп) өзі ұялмаса да, жұртын ұятқа қалдырады. Денені жалаңаштап көрсету – қазақ халқында сән емес, ол - ұят, намысқа - жат.
Достарыңызбен бөлісу: |