Арсыздық мінезді тәрбиелеу
Жеке тұлғаның басында имансыздықтан, ұятсыздықтан, әдепсіздіктен, намыссыздықтан, ақымақтықтан пайда болатын қырсық мінез.
Иманды қазақ халқы «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, арын жанынан биік қояды. Имандылыққа үйрететін тәлім–тәрбиелік қағидаларға көңіл аудармай, көргенсіз өскен тұлға арсыздық жасайды.
Ар ұят арқылы қалыптасады. «Ұятсызда иман жоқ» деп, халық ар–ұяты қалыптаспаған қараниетті тұлғадан аулақ болуды уағыздайды. «Арым – ұятым – Барым - миятым» деп, иманды тұлға арын сақтап, ұятын ұлағаттайды.
Арсыздық мінез көбінесе, әдепсіздіктен пайда болады. Халықтық (ұлттық) әдеп жеке тұлғаның адами қасиеттерін (ізеттілігінің, инабаттылығының, әдептілігінің) ұлттық болмысқа сай келуін талап етеді, «әдептілік - әдемілік» деп, әдепті болуды талап етеді. Әдепсіздік жеке тұлғаның тәрбиесіздігінен пайда болып, арсыздық мінез туғызады.
Әрбір жеке тұлға (ұлттық тұлға) ұлттық намысты сезініп, тұшынып, түйсініп, бойына сіңіре білмесе, онда ар–ұят болмайды. «Ұятсыз, арсыз салтынан. Қалғып кетер артынан» деп, Абай дана айтқандай, ұятсыз, арсыз адамда адамгершілік қалыптаспай, арсыздық мінез абыройсыздыққа ұшыратады.
Арсыздық ақымақтықтан (тәрбиесіздіктен, психологиялық кемістіктен) пайда болады. Ақымақ адамның тыңдау, түсіну қабілеті болмайды, ол өзінің кемшілігін білмейді, білгісі де келмейді.
Арсыздық мінезді сынау, ескерту, дәлелдеу, мойындату, талап ету, жаттықтыру тәсілдері арқылы тәрбиелеуге болады. Есі дұрыс адам ұстаздық тәлім–тәрбиеден өнеге алып, үлгі тұтады.
Ақымақтық мінезді тәрбиелеу
Жеке тұлғаның шолақ ойлауынан, дөрекі (аңғармай, қисынсыз) сөйлеуінен, менмендігінен, тәккәпарлығынан, әдепсіздігінен, парықсыздығынан, дүниеқорлығынан көрінетін қор мінез.
Ақымақ адам шолақ ойлайды. Ой қорытуы, қабілеті нашар адам ақымақтығын көрсетіп, көбінесе, білгенсіп, ақымақтық ойын «менікі дұрыс» деген ұғыммен айта салып, басқаларды ұятқа қалдырады.
Аңғармай, қисынсыз, білгенсіп сөйлеу – ақымақтық мінездің көлбең көрінісі. Ақын болмаса да, «өлеңші» болып, шешен болмаса да мылжыңдап сөйлейді. Ақымақ адамның сөзі дөрекі, өзі өңезі болады. Абай дана «бұралып тұрып, буыны құрып, Қисайта тартып мұрынын, Білгенсіп, пәлсіп» сөйлейтін адамның ақымақтық мінезін ашық суреттейді. Ақымақтық мінез жеке тұлғаның беделін жояды.
Ақымақтық мінез, көбінесе, менмендіктен көрінеді. Ақымақ адам менменшіл, мейірімсіз болады. «Мен жақсымын», «мен білемін», «мен озықпын», «мен сұлумын», «мен жақсымын», «мен, мен, мен...» деп, басқа ақылды адамдардың алдын кесіп, ақымақтық жасайтын тұлғалар аз емес.
Тәккәпарлық – ақымақтық мінездің белгісі. Әдепсіздік ақымақтықтан туады да, ақымақтық мінез пайда болады. Тұрақсыздық іс-әрекеттер – ақымақтық мінездің көрінісі ретінде жеке тұлғаның жетесіздігін көрсетеді.
Жеке тұлғаның нәпсісін бұзатын дүниеқорлық оның ақымақтық мінезін қалыптастырып, адамгершілігін жояды. Әңгүдік, әуейлік – ақымақтықтың белгісі ретінде көрсетеді де жеке тұлғаны жеккөрінішті етеді.
Ақымақтық мінезі түзеу тәрбиесі – қиын. Өйткені ақымақ адам өз кінәсін, көбінесе, мойындамайды. Ол үшін ұстаздық сабыр, «тіл табу» тәсілдері қажет болады. Әдептік әңгіме, келісті кеңесу, өнегелі мысал, көркем әдебиет арқылы тәрбие тәлімін шебер жүргізу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |