Баққұмарлық мінезді тәрбиелеу
Атаққұмарлықтан, баққұмарлықтан, мансапқорлықтан, бақталастықтан, боскеуделіктен пайда болатын бұл мінез жалпы қоғамға, жеке тұлғаға көп кесірін тигізеді.
Атаққұмарлық арсыз адамның өз шамасына қарамай, «атақ қуып», құрғақ атақ үшін құлқы бұзылып, сыбайластықты діттеп, сыңайы ауып, «жаны тыныш таппай» қоғамдық құрылысқа, ұжымға залал келтіреді. Құлқын бұзып, құрғақ атақ алып, кеуде қағатын кесірлі тұлға ұлттық рухты бұзады.
Баққұмарлықтың құлы болған адам бақ пен бақыттың еңбек арқылы келетінін елемей, білім арқылы бекитінін білмей, «бақытқа жету, көбінесе, жеке байлыққа байланысты» деп ойлайды да, ақша үшін арын сатып, анасын бұлдап қырдар елге қырсығын тигізеді. «Адамды бақытқа денсаулық, еңбек, білім жеткізеді» дейді әл–Фараби.
Мансапқорлық пен мансаптың құлы болған адам билік тапса, билей алмай, мансабын жалдап, мардымсыздықпен марқая алмай, елдің еңсесін түсіреді. «Бірақ секіріп, шығам деп, мертігеді жатады, сөйтіп құдай атады» деп, Аба данамыз мансапқордың марқайтпайтын мінезін қатты сынайды.
Бақталастық пен баққұмар адам қадірлі адамға қастандық жасайды, әлеумет - әулетіне қылмысты іс-әрекетімен зор зиян келтіреді.
Баққұмарлық мінез, көбінесе, боскеуделіктен, тырақылықтан пайда болады. «Мен боламын демеңдер, кеудені бос қаққанға... Ондай адам жасығар кемікпей-ақ тосқанға» дейді Абай.
Баққұмарлық мінезді түсіндіру, мойындату, мәжбүрлету тәсілдерімен тәрбиелеуге болады.
Даңққұмарлық мінезді тәрбиелеу
Менмендік, зымияндық, зұлымдық, парақорлық, сыбайластық, дүниеқұмарлық, күншілдік (іштарлық) арқылы пайда болған бұл дарақы мінезді адам қоғамға кесірін тигізіп, әлеуметті әбігерге түсіреді.
«Мен білем», «мен артықпын», «мен көсеммін» деп кеудесін қаққан даңққұмар адам, басқаға жол бермей, бағалының бағын қайтарып, жақсыны жолдан салып, қоғамдық қозғалыстың өсуіне бөгет болады.
Даңққұмар адам даңқ қуу жолында өз қатарластарының алға басуына кедергі болып, зымияндық жасайды, неше түрлі қулық–сұмдықты «ойлап тауып», қарсыласын «қағып түсіріп», ойсырата опат жасаудан тайынбайды. «Парқыңды нарық біледі, даңқыңды халық біледі» деп халық даңққұмардың дарақылығының түпкі негізін пайымдайды.
Даңққұмар адам парақорлықтың алауын түрлі амалын тауып, «құлқынға құл болған билік иесінің есін аударып, есек қылады», көбінесе, пара арқылы жеңіске жетіп желпінеді де, есерлігімен ел бүлдіреді.
Даңққұмар «пенде» сыбайластыққа жан–тәнімен беріліп, берік қамалдарды бұзып өту жолдарын іздеп табады, ұлтшыл, рушыл, бауырмашыл болғансып, өз мақсатына жеткен соң, өзгелерді өзегінен тебеді, «төркінін танымай қалады».
Даңқ қуған адам дүниеқұмар, ол ақшаға арын, басқаға барын сатып, өзінің өзгешелігін өршелене көрсетуге тырысады да, халыққа жат қасиетсіз қылықтар көрсетеді, даңқымды шығарам деп, мансап – дәреже біткенді сатып алуға тырысады.
Даңққұмарлық мінез іштарлық мінезбен кірігіп, бірігіп, жеке тұлғаның жеккөрінішті бейнесін көрсетеді. Оны тек өмір талқысы ғана тәрбиелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |