Қастекілік мінезді тәрбиелеу
Қысастықтан, әділетсіздіктен, қараниеттіліктен, теріс пікірден, зымияндықтан, ішмерездіктен, іштарлықтан пайда болатын бұл мінез ерді бүлдіреді. Белгілі бір мансапқа болған қастекі, сол манабын мақұлықтықпен пайдаланып, басқа адамдардың бағын кесіп, сағын сындыруға бейім болады. «Қастекі бағы жанса, нас болады, ісі түскен адаммен қас болады» деп, қастекіні жек көреді.
Қастекілік мінез, көбінесе, әділетсіздіктен пайда болады. Қастекі адам жақсыны жаман деуден тайынбай, әділетсіздік жасап, әдепті бұзады. Жақсы адамның жанын жаралап, оны кіріптар қылуға тырысады.
Қастекі адам қараниетті, қаскүнем болады. Жадырамайды, жақынын да күндейді, жақсылық істемейді, тек өз қамын ойлап, өзгенің «өзегін өртейді». «Тоны жаманды ит қабады, пейілі жаманды құдай табады» деп, халық қастекінің түбінде қасірет көретінін түйеді. Қастекі адам теріс пиғыл, теріс ойлау кесірінен ешкімді ұнатпайды, жақсыға жаман баға беріп, жалқылық, жағымсыздық көрсетіп, елген жек көрінішті болады.
Зымияндықпен жақсыға жамандық жасаудың тәсілін тауып, тәлімді бұзып, тәубаны ұмытып, қастекінің қадірі кетеді. Ол «қадірім кетті» деп ойламайды.
Қастекілік көп жағдайда іштарлықтан, ішмерездіктен пайда болады, ол басқаға жақсылық қимай, кең дүниеге симай, кезі келгенге кесірін тигізеді. «Қастегінің қабағы ашылмайды», қастығы басылмайды» деп, халық қастекіні айнытпай танып, аластауды уағыздайды.
Қастекі мінезді тәрбиелеу өте қиын, өйткені ол (қастекі) жамандықты білдірмей істейді. Оны дәлелдеу, әшкерелеу, мойынұсындыру, сезіндіру тәсілдерімен тәрбиелеу керек.
Қызуқандылық мінезді тәрбиелеу
Ашуланшақтықты, қаталдықты, өркөкректілікті, шыдамсыздықты, шала ойлауды, желпілдекті, жетесіздікті білдіретін бұл жеңіл мінез азаматтың арын бұзады.
«Ашу аянбайды – ақыл аялдайды» деп, халық қызу қанды адамның ашуланшақ болатынын, бірақ ақыл жеңіп «тез қайтып» құбылатынын дәлелдейді. «Ашу келсе, ақыл кетеді.»
Тез қатал тексіз мінез ой қисынын да әрекет шындығында бұзып, артынан өкіндіріп өрге бастырмайды да қызуқандық қырсығын көрсетеді. Кейде ол қырсықты түзей қиын болады да ер азаматтың есін аударады.
«Мен білемін, менікі дұрыс, мен сөйлеймін, мен жақсымын, мен....мен» деген ұғым өркөкіректікке ұрындырып, қызуқандылықты тудырады. Өркөкіректік өжеттік емес, ол теріс ойдың терісі. Ал өжеттік шындық қорғаушы.
Қызуқандылық көбінесе шыдамсыздықтан пайда болады. Байыптау, пайымдау, ойқисыны болмаған жерде «шыдам» тез таусылып, мінез иесінің мінін көбейтеді. «Жеңіл дене жерге тартады, жеңіл мінез көрге тартады» деп халық, шыдамсыздықтың зияндығын қатаң ескертеді.
Қызу қанды адамның ой жүйесі «шолақ» болады да, ұйғарым қисыны дұрыс болмай, ойлаушының «ашуын келтіредлі». Міншіл басшы –мінезі ащы деп, халық шолақ ойлайтын басшының қызуқандылығын қиып айтып, одан сақтандырады.
Жеңіл ойлап, жеңілдеу де көп қателікке ұрындырып, «өкініш өртеп» мінезді қызуқандылыққа апарады. «Қызуқандылық қылмысқа апарады» деп, халық жеңілтектіктен туатын қызуқандылықтың қылмысқа апаратынын дәлелдейді
Қызуқандылық қазақ ұлтына тән емес. Егер ол болса – тексіздік. Тексіз тегіне тартпай «кегіне тартады.
Қызуқандылық мінезді тәрбиелеу, мойындату, әрекеттендіру, өнеге үйрету тәсілдерімен тәрбиелеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |