Ынжықтық мінезді тәрбиелеу
Жасқаншақтықтан, жасықтықтан, сенімсіздіктен, қорқақтықтан, қолапайсыздықтан, қорғансыздықтан пайда болатын ынжықтық мінез жеке тұлғаның жан күйіне, «жаратылысына» байланысты.
Қарашадайынан қиғажу көрініп өскен адам жасқаншақ болады. «Ықаласты бол, ынжық болма» дейді қазақ. Кейде биязды мінез де жасықтық болып көрінуі мүмкін, бірақ биязы мінезді адамның сөзі қисынды, өзі сүйкімді болады.
Сенімсіздік сезім жеке тұлғаның сағын сындырып, бағын қайтарып, ынжықтығын арттырады. Өмірден соққы көрген адам, сол соққының заодабын тартып, ынжық болады.
Ынжықтық, көбінесе, білімсіздіктен пайда болады. Іс-әрекетті, әр құбылысты толық білмеген адам, ыңғайсызданып, ойын іске асыра алмайды да, ынжық тіршілік жасайды.
Өмірден секем алып сескенген, қорлығынан қорыққан адам өз мақсатын орындай алмай опық жейді. Қорқақ адам ынжық болып, қоғамдағы адами орнын олпыландырады. «Тәуекел түбі желқайық, жүзесің де, өтесің» дейді халық.
Қолы іске бара алмай, ойы ақылға жете алмай, қолапайсыз болған адам, тіршіліктегі «тіршілігін» көре алмай, ыңғайсыздықтан ырықсыздық жасайды.
Үйренер үлгісі, сенімді сүйеніші жоқ, қорғансыз адам өз ойын орайына келтіріп, ісін ретіне келтіре алмай, қиналады да ынжық болады.
Ынжықтық мінезді тәрбиелеу үшін қамқорлық, қажырлық, байыпты бағалау, үлгілі үйрету тәсілдері керек.
Іштарлық мінезді тәрбиелеу
Тарпейілділіктен, қызғаншақтықтан, қытымырлықтан, қараниеттіліктен, қарақандықтан, сараңдықтан, санасыздықтан пайда болатын іштарлық мінез – адамға қырсық.
Пейілі – тар, зейілі – зәр, адам ешкімге жақсылық ойламайды, қимайды, біреудің қуанышын көрсе, қуарып, табысын көрсе, тарынып, өскенін көрсе, өртеніп, кең дүниені тарылтып, талағынан жарылады да, көңілі көтерілмейді.
Іштарлық, көбінесе, қызғаныштан пайда болады. «Іші тар қатын ұл таппас» деп, халық іштарлықтың кесір-кесапатын кесіп айтады. Қызғанудан «іші күйіп, у жалайды».
Іштар адамның қолы - сараң, мінезі – қытымыр болады. Алуға – бар, беруге – жоқ берекесіз адам қытымырлықтың азабын тартады. «Береген қолым - алаған» деп, қазақ халқы қытымырлыққа ұрпағын қарсы тәрбиелейді.
Іштар адам – қараниетті, ол әркімге жамандық ойлайды, біреу - өлсе, «жері кеңіп қалғандай» сезімде болады, біреу жамандық көрсе, «сауап бопты дейді».
Іштар адам қарақан басын ғана ойлайтын өзімшіл, өнегесіз, көргенсіз болады. Оның жанына жаны ашымайды, ағайынға адам ретінде жақсылық жасауды білмейді де, өз қадірін өзі кетіреді.
Іштарлық мінезді үлгілеу, дәлелдеу, мойындату, шығарма талқылау, ұжымдық әсер тәсілдерімен тәрбиелеуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |