9.Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ ,ОСӨЖ тапсырмалары
1. Тақырып мазмұны бойынша глоссарий жасаңыздар.
№4-Дәріс
1.Дәріс тақырыбы: Құндылықтар, көзқарастар, ықпал ету тәсілдері. Сыныптағы психологиялық ахуал.
2. Дәрістің жоспары:
1.Құндылықтың маңыздылығы туралы
2.Сыныптағы психологиялық ахуал
3.Педагогикалық қабілеттер
3.Дәрістің мақсаты: Студенттерге құндылықтар, көзқарастар, ықпал ету тәсілдерін және сыныптағы психологиялық ахуал ұғымдарының маңыздылыңын меңгерту.
4.Дәрістің мазмұны: Құндылықтар жүйесі – индивидтің өмір сүріп отырған қоғамдағы идеология мен мәдениетті бейнелейді. Құндылықтар адамның әртүрлі материалдық, моральдік, саяси және рухани құндылықтарға деген қатынасының ішкі негізін көрсетеді.
Қоғамдық құндылықтар біріккен, мағыналы іс-әрекет үрдісінде қалыптасады және топ мүшелерінің әртүрлі әлеуметтік объектілер мен құбылыстарға деген қатынасын анықтайды. Мемлекет дамуының өтпелі кезеңінде саясат, экономика, әлеуметтік психологиялық аймақтар өзгеріске ұшырауда. Нәтижесінде құндылықтардың иерархиялық құрылымдары да өзгеруде. “Құндылық” терминіне философияда, социологияда, этика мен психологияда көптеген әртүрлі анықтамалар беріледі. Біздің ойымызша келесі анықтама құндылық ұғымын толық ашатын тәрізді.
Құндылық – іс-әрекеттің әдісі мен құралдарын анықтайтын идеяның, көзқарастың және оларға сәйкес әлеуметтік психологиялық құрылымдардың жиынтығы [7]. Тұлғалық құндылықтар қажеттілікпен өзара әрекет жасай отырып, социогенез үрдісінде қалыптасады. Адам әлеуметтік тәжірибесін өзіндік құндылыққа айналдырады. Құндылықтар адамның мінезінің күрделі, тұрақсыз, түр өзгеріске ұшырап отыратын реттегіштері.Өткізілген сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың құндылық иерархиясын анықтауға мүмкіндік берді.Құндылық маңыздылығы оның қоғамдық қатынастар жүйесінде алатын орнына байланысты. Терминалды құндылықтар қатарында респонденттер: жанұя, адамға жақсылық жасау, денсаулық құндылықтары, алдынғы орындарға қойды. Респонденттің 48,9% өмірдегі ең негізгі құндылық жанұя дейді. Жанұя институты өсіп келе жатқан ұрпақтың нормативті-құндылықтық әлеуметтік мәдени үлгілерді өңдейді. Егер бұл фактіні психологиялық аспектіде қарастырсақ жанұя ошағы адамға қорғаныс, комфорт сезімін әкеледі. әлеуметтік аймақтағы өзгерістермен бірге жүретін экономикалық реформа жағдайында некелік қатынастың маңызы өте зор.Қазақстандықтардың құндылықтар жүйесінде ерекше орынды мінездің моральдік этикалық эталоны алады. Қазақстан Республикасы-полиэтникалық мемлекет және оның аумағында өмір сүретін халықтарға бір-бірінің мәдениетіне, дәстүріне, салтына деген толерантты қатынас тән. Сондықтан терминалды құндылықтар қатарында 42,2%-ды адамға жақсылық жасау құндылықтарды алғаны заңды.
Респоденттердің 39,5% тұлғалық маңызды құндылық ретіде денсаулықты атады. Денсаулық құндылықғының төменгі коэффициентін полиция, сот, прокуратура, ұлттық қауіпзіздік органдарының қызметкерлері көрсеткен [5].Жұмыс адам өміріндегі құндылық арасында алғашқы орынға шығарды. Жұмыс істеу және әлеуметтік статус адам өмірінде маңызды рөл атқарады.Педагогтың жұмысы өз әріптестерімен және оқушылармен өзара әрекет жасау үрдісінде өтеді. Педагогке мектеп бағдарға алған құндылықтар мен басшылардың тұлғалық позициялары мен көзқарастары әсер етеді. Мектепке қабылданған стильге байланысты жеке мұғалімдерде, индивидуалды құндылықтармен ұжымдық құндылықтар арасында туындаған конфликтілірге байланысты мәселелер пайда болады. Тұлғалық және ұжымдық көзқарастар арасындағы сәйкестік қолдаудан бастап келіспеушілікке дейінгі аралықты қамтиды.
1. Ұжым құндылықтарының жүйесін толық қолдау. Бұл жағдайда педагогтың пікірі аталған құндылықтарды қолдауға және дамытуға бағытталады.
2. Ұжым құндылықтарымен келісу. Педагог идеологияға түсіністікпен қарайды.
3. Ұжым құндылықтарымен келісу мүмкіндігі. Индивидуалды және ұжымдық көзқарастар арасындағы айырмашылыққа қарамастан, педагог белгілі бір жағдайларға байланысты ұжым құндылықтарымен келіседі.
Ұжым құндылықтарымен толығымен келіспеу жағдайында педагогтен оның моральдік принциптеріне қарама-қайшы құндылықтарды қолдауы талап етіледі. Құндылықтар арасындағы конфликтінің себебіне мәліметтің жеткіліксіздігі немесе түсініспеушілік жатады. Бұндай конфликтілер ұжымға және индивидке пайда әкеледі. Индивидтерге олар өзіндік тұлғалық құндылықтарын анықтауға және олардың арасындағы айырмашылықтарды айқындауға көмектеседі. Ал ұжым ұжымдық құндылықтар жүйесін қайта қарастыруға мәжбүр болып, маңызды құндылықтарды анықтау жолында жұмыс атқарады. Кейде мұғалім таңдау жасауда қиыншылықтарға кездеседі. Өз пікірін ашық айту жайсыздықтарға әкеледі, ал ұжымнан кету-көптеген перспективалар мен материалдық қиыншылықтарға ұрындыруы мүмкін. Ал бөтен позицияны қабылдау еңбек іс-әрекетіне және рухани тепе-теңдікке нұсқау келтіреді. Бұл жағдайдан шығу жолы – белгілі шешім қабылдап, оның нәтижесімен келісу. Ұжымның жұмысын анықтайтын және стратегиялық шешімдер қабылдайтын басшылар үшін тұлғалық құндылықтардың маңызы зор. Олардың жұмыстарында “дұрыс” немесе “бұрыс” шешімдері жоқ мәселелерді шешу талап етіледі. Бұндай шешімдер айқындалған құндылықтарға негізделеді [3].
Педагогикалық ұжым бірлігінің маңызды сипаттамасының бірі-мектеп ұжымындағы мұғалімдердің құндылықтарының бірлігі. Ұжым құндылықтар бірлігіне біріккен белсенді іс-әрекет нәтижесі арқылы жетеді. Құндылықтар бірлігі дегеніміз – іс-әрекет мақсаты және міндеттеріне жетудегі ұжым үшін маңызды адамгершілік және іскерлік аймағындағы позициялардың және бағалаулардың жақындағы. Мысалы, мұғалімдердің бір бөлігі мен директор белгілі нақты жағдайда, оқушыларды еңбекке тәрбиелеу мақсатында оқу-өндірістік базаны құндылық ретінде қараса, ал басқа мұғалімдер мен оқу ісінің меңгерушісі басқадай жұмыс түрлерін ұсынса, онда педагогикалық ұжымның құндылықтарының бірлігі болмайды.
Оқыту және тәрбиелеу ұжымындағы біріккен іс-әрекет педагогикалық үрдіс негізінде туындайтын өзара қарым-қатынастар біріккен іс-әрекеттің мақсатына, ұйымдастырылуына, құндылығына байланысты дейді. Мұғалім мен оқушы арасында әрқашан іс-әрекет нәтижелерімен алмасу жүріп отырады. Мұғалім іс-әрекеттің табыстылығы немесе сәтсіздігі оқушы іс-әрекетінің табыстылығынан немесе сәтсіздігінен көрінеді және керісінше оқушының білімділігі және тәрбиелілігі педагог еңбегінің педагогикалық эффективтілігінің көрсеткіші болып табылады. Оқыту тәрбиелеу үрдісінде туындайтын пәндік қатынастар педагогикалық ұжым тұрғысынан бағалаумен келісушілікті қамтамасыз етеді.
Топтық құрылымдық сипаттамасына топтағы индивидтің орны жатады. Көне рим философы Сенека: “Біздің әрбіреуіміз басқалар үшін ұлы театр болып табыламыз”, - деген қайталағанды ұнататын [1]. Шындығында да топтың барлық мүшелері белгілі рөлдерді орындайтын актерлер болып табылады. Рөл дегеніміз - әлеуметтік топта белгілі позицияны алатын индивидке тән күтілетін мінездік сипаттар жинағы. Рөл статуспен байланысты, сондықтан рөл кейде динамикалық аспект ретінде анықталады. Рөлді индивидке топ тарапынан берілген шынайы функциялар қатарымен сипаттауға болады. Жанұяның да әрбір мүшесінің белгілі статустық сипаттамасы болады. Адамдардан көптеген рөлдер жиынтығын ойнау талап етіледі. Мысалы, мұғалім өз жұмысында біршама рөлдер қатарын орындайды: оқушыларға білім береді, тәрбиелейді, дәптерлерін тексереді, олардың денсаулығына назар аударады, оқушылардың табысқа жетуіне үлес қосады. Жұмыстан соң - әкенің, шешенің, достың, спорт клубы мүшесінің рөлін атқарады. Бұл рөлдердің көпшілігі үйлесімді, ал басқалары конфликт туғызады. Адамдар өз еріктерімен немесе өз еріктерінсіз әртүрлі рөлдерді ойнауға мәжбүр болады және олардың мінездері ойнайтын рөлге байланысты екендігі мәлім болып отыр [6].
Ғалымдардың пікірінше педагогтың өзінің даму перспективасын анықтауда 3 мүмкіншілігі бар: бейімделу, өзін-өзі дамыту және іс-әрекетінің “құлауы”. Бейімделу рөлдік позицияларды меңгеруге, іс-әрекеттің барлық түрін меңгеруге, білім беру жүйесінің барлық талаптарына бейімделу мүмкіндігін береді. Өзін-өзі дамыту – педагогтың өзін профессионал ретінде толық жүзеге асыруын қамтамасыз етеді. Статация – педагог өз дамуын тоқтатқан кезде пайда болады және осы үрдіс нәтижесінде педагогтың кәсіби белсенділігі төмендейді, жаңалықты қабылдайды т.б. Педагогтың өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту мәселесіне анализ жасамастан бұрын оның тұлғалық ерекшеліктері, кәсіби компетенттілігі, іс-әрекетінің спецификасы сипаттамаларына тоқталайық.
Қазіргі кезде ғылымда педагог тұлғасының құрылымдық компоненттерін, оның іс-әрекеті мен қарым-қатынасын, кәсіби компетенттілігінің ерекшеліктерін анықтауда әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Педагог тұлғасының маңызды құрылымдылық компоненттеріне кәсіби педагогикалық бағыттылық, кәсіби белсенділік, кәсіби білімдер мен шеберліктер, кәсіби педагогикалық қабілет, ес, ойлау мен қиял, кәсіби өзіндік сана, құндылықтар қатары енеді [2].
Тұлғаның кәсіби – педагогикалық бағыттылығы - өзіне, іс-әрекетке, балаларға деген қатынастардың ерекше класымен анықталады. Кәсіби- педагогикалық бағыттылықтың дамуы төмендегі факторларға байланысты: педагогтың тұлғалық ерекшеліктері, оның қызығушылықтары, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс, басшылар тарапынан педагогикалық іс-әрекеттің ұйымдастырылу ерекшеліктері, ұжымдағы өзара әрекеттің ерекшеліктері т.б.
Кәсіби белсенділік педагогтың өзінің іс-әрекетінің аймағын кеңітуге деген ұмтылысымен, оқытудың жаңа формалары, әдістері мен құралдарын іздестірумен, әріптестермен, ата-аналармен, оқушылармен жақсы қарым-қатынаста болуымен, өзін-өзі тәрбиелеудің барлық амалдары мен құралдарын қолдана отырып, өзін-өзі дамытумен айналасуымен сипатталады. Қарастырылатын мәселелер контексінде кәсіби белсенділік - өзін-өзі дамытудың маңызды шарты болып табылады.
Кәсіби білімдер мен шеберліктер кәсіби даярлықтың мазмұнын құрайды педагогтың білімдері мен шеберліктері болмаса, ол өз функцияларын жүзеге асыра алмайды. Кәсіби білімдер алуан түрлі. Оларға өз пәнін білу, педагогика, психология, әдістемелері аймағындағы білімдер, өзіндік кәсіби мүмкіндіктерін білу жатады. Арнайы шеберліктерге: аналитикалық, проективті, рефлексивті, дамытушылық, коммуникативті, перцептивті шеберліктер жатады. Педагогтың меңгерген білімдері – оның компетенттілік деңгейін анықтайды.
Педагогикалық қабілеттер әрбір педагогтың тұлғалық потенциалын сипаттайды. Адамның өз бойынан педагогикалық қабілетті байқауы педагог болуға деген сәйкес кәсіби көзқарасты қалыптастырады.
Педагог бойынан табылатын маңызды қабілеттер қатары төмендегідей:
1.Академиялық – математика, физика, әдебиет, шет тілі сияқты ғалым аймақтарына сәйкес қабілет. Бұндай қабілет мұғалімнің ғалымға деген жоғары қызығушылығынан көрінеді;
2. Дидактикалық – оқушыларға оқу материалын түсінікті, ұғынықты, қызықты етіп беру. Бұл үрдіс нәтижесінде оқушылар білім жағынан жоғары нәтижелер көрсетеді;
3. Перцептивті – балалардың ішкі дүниесіне ену, баланың тұлғасын түсінумен байланысты психологиялық бақылығыштық қабілетінің болуы;
4.Коммуникативті - балалармен жасалатын продуктивті қарым-қатынас, сенімді өзара қарым-қатынас орнату қабілеті;
5. Сөздік – педагогтың өз ойын айқын, анық тілмен айтуы, сөйлеу мәдениетін меңгеруі;
6. Ұйымдастырушылық – оқушылар ұжымын бірлікке шақыру қабілеті, өзінің жұмысын ұйымдастыру, жұмысқа арналған уақытты дұрыс пайдалана алу шеберлігі;
7.Проективті – педагогтың, оқушылардың іс-әрекетін, сабақ сценариін, сыныптан тыс шараларды шеберлікпен құруы;
8.Авторитарлы – балаларға эмоционалдық-еріктік әсер ету, осы негізде авторитетке жету: педагогикалық қиял, өзінің және басқалардың әрекеттерінің нәтижесін алдын-ала көре білу шеберлігі.
Аталған қабілеттер педагогтың білімі, шеберлігі мен қабілетін толық ашып көрсете алмайды, бірақ олар туралы көзқарастар қалыптастырады.
Кәсіби өзіндік сананың объектісі кәсіби маңызды тұлғалық сипаттамалар мн ерекшеліктер болып табылады. Педагог тұлғасының құрылымдық компоненттерін қысқаша сипаттай отырып, олардың педагогтық индивидуалдылығын құрайтынын және қарым-қатынас пен іс-әрекеттен көрінетіндігін атап өткен жөн.
Педагогикалық іс-әрекеттің құрылымына келесі компоненттер кіреді:
1. Конструктивті - өзіндік іс-әрекеттің және білім беру үрдісіндегі басқа субъектілердің іс-әрекеттерінің әдістері, формалары, мазмұнын- жоспарлаумен байланысты іс-әрекет;
2. Ұйымдастырушылық – педагогтың ойлаған ойын тәжірибе жүзінде іске асыру қабілетінен, оқыту үрдісін ұйыдастыруынан көрінеді;
3. Коммуникативті – педагогтың балалармен қатынас жасау шеберлігімен байланысты іс-әрекеті;
4. Шығармашылық – педагогтың педагогикалық міндеттерді жаңаша шеше алу қабілеттілігі. Үрдістік көзқарас тұрғысынан қарастырсақ, педагогикалық іс-әрекет педагогикалық мақсаттар мен міндеттерді қоюды, оларды орындаудың құралдары мен амалдарын таңдауды, оқушылар мен өзінің әрекеттеріне баға беру мен анализ жасауды қамтиды.Алайда, қазіргі еліміздің өркениетті нарыққа бет алған кезеңіндегі туындаған экономикалық, әлеуметтік қиындықтар жастардың адамгершілік қадір-қасиетінің төмендеуіне, салауатты өмір сүру ережелерінің бұзылуына, адамдар арасындағы қатыгездік қылмыстың ең тұрпайы - айуандық, тағылық түрлерінің барған сайын дендеп, рухани жағынан құлдырау үрдісінің күшейе түсуіне әсерін тигізуде.Мұндай жағдайда жастардың қалыпты өмірін қамтамасыз етуге ықпал жасайтын адамгершілік адами қасиеттердің құндылықтарын бағалауда әлеуметтік мәдени ортаның рөлі ерекше.Адамның тұлғалық қалыптасуы әлеуметтік жағдайларға тәуелділігі ертеден-ақ дәлелденген. Бұл туралы психолог, педагог ғалым Л.С. Выготский өзінің зерттеулерінде ерекше мән берген. Ол адам- әлеуметтік ортаның негізгі бір құрамды бөлігі деп есептейді. Өз тарапынан орта мүлде өзгермейтін, қатып қалған, ешнәрсе әсер етпейтін дүние емес, ол үнемі адамдық ойлы қарым-қатынаста болатындығын айта келіп, орта, сайып келгенде, адам үшін әлеуметтік орта болып есептеледі де, адамға әлеуметтік тәжірибесімен табиғи ықпал жасайды деген пікірді ұсынады. Л.С. Выготский әлеуметтік ортаны шартты түрде адамдар қарым-қатынасының жиынтығы деп есептей келе, әлеуметтік ортаның ерекше өзгермелі жаңа мазмұны, түрлері тәрбиенің өте икемді, қажетті құралы бола алатындығын дәлелдейді.
Сонымен Л.С. Выготский әлеуметтік орта сансыз көптеген әртүрлі қырларымен, құрамды бөліктерімен үнемі үздіксіз диалектикалық тұрғыда дамып отыратын динамикалық үрдіс деп тұжырымдайды.Бұл пайымдаудан адамның ортамен қарым-қатынасы жай ғана қарым-қатынаста емес, белсенді іс-әрекетті сипатта болатындығын, сонымен қатар әлеуметтік орта үнемі адамның дамуына үйлесімді бола бермей, қарама-қайшылықтарда да өмір сүретіндігін аңғаруға болады.Осыған байланысты қазіргі кезеңдегі әлеуметтік тұрақсыздық жағдайындағы орта мен адам арасындағы байланыс бұл тек қана әлеуметтік маңызды мәселе болумен бірге, педагогикалық көкейтесті мәселеге айналып отыр. Болашақ ұрпақты қазіргі өте бір қысылтаяң экономикалық, әлеуметтік қиындық жағдайында, қарама-қайшылықты кезеңде өзіндік мәні бар әлеуметтік мәдениет тұрғысында тәрбиелеу- өркениетке бағыт алған тәуелсіз мемлекеттің өзекті мұраты.Әлеуметтік-мәдени ортаның болашақ ұрпақтың тәрбиесіндегі маңызы туралы әлемдік деңгейдегі көптеген ғалым-педагогтар, соның ішінде 20-30 жылдардағы қазақтың ұлы зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, М. Дулатов кеңестік дәуірдегі көрнекті ғалымдар Н.К. Крупская, С.Т. Шацкий, А.С. Макаренко т.б. сөз етіп, жеке тұлғаның қалыптасуындағы ортаның ықпалына зор мән берген. Мәселен, С.Т. Шацкий педагог пен ортаның өзара байланысы туралы былай дейді: «Педагогикалық еңбек қоршаған ортамен байланысты болады. Сондықтан бала мектепте оқығанда 2 ортада, 2 бағытты тәрбие алады. Бір жағынан, мектеп өзінің ықпалында тәрбиелесе, екінші жағынан, орта да оған ықпал жасайды. Ал екі ортаның мүддесі, бағыты бала тәрбиесінде көп жағдайда сай келмейді. Мектеп бір бағытта үйретіп жатса, ал орта оған қарама-қайшы бағытта ықпал етеді. Сондықтан сол ортада не болып жатқанын біліп, араласып отыру керек».
Философиялық, педагогикалық, психологиялық, тарихи, әлеуметтік әдебиеттер мен зерттеулерге талдау жасау барысында қазіргі кездегі өзгермелі әлеуметтік-мәдени орта жағдайында баланың тұтас тұлғалық адамгершілік қалыптасуына мектептің де, мұғалім мен ата-ананың да ықпалы шамалы екеніне, өйткені олардың нарық экономикасына дайындығы төмен болғандығына көз жеткіздік.Қазіргі жас ұрпақ өмірінің сан-салалы қиындықтары жағдайында әр түрлі әлеуметтік құрылымдардың, әлеуметтік ортаның субъектісіне айналып отыр.Жас ұрпақ бойында жалпы адамзаттық, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға отбасы, мектеп, ауыл-аймақ, кітапхана, жоғары оқу орны, театр, кино, ғылыми көпшілік ұйымдар, теле, радио хабарлары, туристік-спорттық мекемелер, көше, достары, құрбы-құрдастары әсер етеді және әрбір жеке адам үшін оны қоршаған басқа адамдар әлеуметтік орта болып есептеледі. Міне, бұлардың бәрі қосылып, жас ұрпаққа ықпал жасайтын әлеуметтік-мәдени орта болып табылады.Осы жоғарыда аталған әлеуметтік-мәдени орта әрбір жас өспірімнің балалық кезеңнен бастап тұтас тұлғалық бейнесінің болуына, өмірлік көз қарасына, дүниетанымына, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына қандай қатысы бар екендігіне байланысты жоғары сынып оқушыларына “Әлеуметтік-мәдени ортаға не жатады және оның қайсысы басым орын алады?” деген сауалдар қойылып мынандай жауаптар алынды:
- олардың басым көпшілігі отбасы ортасымен мектеп ұжымын, теледидар хабары мен бейнефильм, көпшілік әдебиеттерді атады;
- ең құнды адамгершілік қасиет сапалары - әр халықтың өзіндік салт дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен мәдениеті, ұлттық жеке ерекшеліктері сақталған және бірнеше тілді еркін меңгерген әлеуметті-мәдени орта;
- адамдардың әлеуметтік жағдайы, адамдардың бір бірінен, қоғаммен, табиғат пен қарым қатынасы;
- барлық тарихи, мәдени құндылықтарды білу, ғылымға білімге деген көзқарас.
Түйіндей келгенде, қазіргі әлеуметтік-мәдени ортаның жеке тұлғаның қалыптасуына ықпал жасайтын ең шешуші саласы – болашақ ұрпақтың адами тұтас тұлға болып қалыптасуына бағытталған және өрениеттілік негізге құрылған тәрбие беру.
Достарыңызбен бөлісу: |